МҰҒАЛІМ ТҰЛҒАСЫНА ҚОҒАМ ҚОЯТЫН ТАЛАПТАР – МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЛЫҒЫ

507

Г.А.Жулдузгалиева

«№19 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ, Сәтбаев қаласы

 

МҰҒАЛІМ ТҰЛҒАСЫНА ҚОҒАМ ҚОЯТЫН ТАЛАПТАР –

МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЛЫҒЫ

 

«Ұстаз … жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын … алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі …, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ .., жұрттың бәріне … жақсылық пен ізгілік көрсетіп … қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек».   Әл-Фараби

Мемлекет мәдениетінің айнасы-мектеп. Шын мәнісінде еліміздің әлеу-меттік,  мәдени, саяси, психологиялық жай-күйі халықтың білім жүйесінен, оның деңгейінен, ағартушылық іс-әрекетінен анық аңғарылады. Осы орайда, жазушы   Ә.Кекілбаевтың «Уақыттың жалғыз өлшемі бар ол-адам ғұмыры. Адам ғұмырының жалғыз өлшемі бар, ол – арттағы халықтың қамы үшін бітіретін іс» -деген сөзін еске алсақ, осындай үлкен іс атқарар бір сала – мектеп және оның мұғалімі.
Педагогикалық іс- өте нәзік, қасиетті іс. Ол тәрбиешіден сезімталдықты, балаға деген сүйіспеншілікті, бала жанын бірден танитын қырағылықты талап етеді.
Бүгінгі мектептің басты міндеті- өзіндік ой- көзқарасын ашық айта алатын, өмірге бейім тұлға қалыптастыру болса, оған мұғалімнің шәкіртіне деген сүйіспеншілігі, оны тұлға ретінде бағалауы баланың адамдық қасиеттерінің дамуына басты кепіл бола алады.
ХХІ ғасыр — қатаң бәсеке ғасыры. Бұл ғасыр – марғаулықты көтермейтін ғасыр. Демек, әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің қолымызға аманат ретінде тапсырылып отыр. Аманатқа қиянат жасамау-халқымның ізгі ұлылық дәстүрі.
Жаңа ғасырдың ақпараттық қоғамына қажетті жаңа тұрпатты мұғалім дайындау мәселесіне байланысты 2005 жылы 18 тамызда «Қазақстан Республикасындағы жаңа тұрпатты мұғалім даярлаудың үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасы» және «Қазақстан Республика-сындағы жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасының» жобалары ұсынылды. Осы екі жобаның біріншісінде жаңа тұрпатты мұғалімге – рухани жетілген, шығармашылық қабілеті жоғары, өзіне сын көзбен қарай алатын, кәсіби дағдылары, педагогикалық дарыны бар, жаңашыл-дыққа ұмтылатын тұлға ретінде  анықтама  берілген.                                                                                               Мұғалім идеалы – білімнің құндылығын айқын түсінетін, «мәдениеті жоғары адам», өз пәнінің жетік шебері, педагогика мен психологияны терең меңгерген, жеке тұлғаға бағытталған педагоги-калық әдістерді қолдана алатын, өзін жеке тұлға ретінде дамытып, рухани өсуге деген қажеттілігі мол болуы тиіс делінеді.
Кәсіпқой мұғалім өз пәнін жетік біліп қана қоймай, әрбір қатынасушының педагогикалық үдерістегі орнын білуі керек. Оқушылардың оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыра алуға қабілетті болып, оның нәтижелерін алдын-ала болжамдап көре білуі тиіс, болуы мүмкін ауытқушылық-тарды дер кезінде түзете алуы, яғни құзыретті тұлға болу керектігіне назар аударылады.
Жаңа тұрпатты мұғалім үш түрлі құзыреттілікке ие болуы тиіс: әдіснамалық, жалпымәдени, пәндік-бағыттылық. Педагогикалық қызметтің шығармашылық бағытталуы, біріншіден, мұғалімге мамандығы үшін мәні бар күшті және әлсіз жақтарын (өзін-өзі тануын, эмоционалдық қалпын, коммуникативтік және дидактикалық қабілеттерін және т.б.) бағалай алуы; екіншіден, зияткерлік мәдениетін (ойлау, ес, қабылдау, зейін), мінез-құлық, қарым-қатынас, соның ішінде педагогикалық қарым-қатынасты меңгеруі; үшіншіден, қазіргі интеграциялық үдерістер, әлемдік білім берудің даму тенденцияларын бағдарлай алу сияқты мәселелерді қарастырумен байланысты.

Жаңа тұрпатты мұғалім ұғымының теориялық еңбектерде қарастырылу жайы, айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін жаңа тұрпатты мұғалімді қалыптастыруда ақпараттық технологияларды да қолданудың дидактикалық шарттары, ақпараттық технологияларды қолдану мазмұны сынды мәселелер өз шешімін  табуды көздейді.
Білім беруді дамытудың  2005-2010 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша бакалавриаттың халықаралық бағдарламаларының құрылымы мен мазмұны үйлескен білім беру бағдарламалары жасалып, оқытудың кредиттік және қашықтықтан оқыту технологиялары жүзеге асады. Білім берудегі осындай өзгерістерге сәйкес жаңа тұрпатты мұғалім дәстүрлі оқыту формаларын ақпараттық-коммуникациялық, басқа да жаңашыл технологиялармен үйлестіріп жүргізе алуға қабілетті болуы керек деп есептеймін.
Қазіргі білім беру саласындағы басты міндет — білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын жаңашыл мұғалімдерді даярлау.                                                                                                 Жаңашыл мұғалімдер «педагогикалық қызметтің барлық түрлерін зерттеп, кез-келген педагогикалық жағдайда өзінің білімділігі, парасаттылығы, ақылдылығы, мәдениеттілігі, іскерлігі, шеберлігі арқасында шеше алатын, педагогикалық үдерістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын жаңашыл әрі шығармашылықпен жұмыс істей алатын  жеке тұлға болуы керек».
      Жаңа тұрпатты мұғалім ұғымын психологиялық-педагогикалық әдебиеттерден жаңа типті мұғалім, жаңа буын мұғалімі терминдері түрінде кездестіріледі.
Жаңа тұрпатты мұғалім анықтамасы 2005 жылғы 18 тамызда жарияланған «ҚР жаңа тұрпатты мұғалім дайындаудың үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасы» және «ҚР жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасында» бір мәселеге деген екі түрлі көзқарас көрсетілген. Екі тұжырымдама авторлары бір мәселені екі түрлі шешуді ұсынады.
     Дегенмен, бұларда бірін-бірі қайталайтын тұстар да баршылық. Жаңа тұрпатты мұғалімдерге қойылатын талаптардың «Жоғары педагогикалық білім» және «Жоғары педагогикалық білім беру құрылымы» бөлімдерінде олар бір-бірін қайталаған. Егер бірінші тұжырымдама негативті факторлар ретінде «бірін-бірі жалғастырып жататын білім беру стандарттары мен бағдарлама-ларын құруға ғылыми негізделген ұстанымның болмауын» атаса, екінші тұжырымдама авторлары «стандарттардың, типтік оқу бағдарламаларының жетілдірілмегендігін…» атайды. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан, осы екі тұжырымдама негізінде біреуін жасау қажеттігі сөзсіз.
Педагогикалық білім берудің ең жоғарғы мақсаты — жаңа тұрпатты мұғалімнің жалпы және кәсіби дамуының үздіксіз жүргізілуі. Бұл мақсатты жүзеге асыру кезінде маман-адам, азамат пен оның кәсіби білімі, іскерліктері мен дағдылары арасындағы үзіліп қалған байланыс қайта жалғасын табуы керек. Болашақ маманның жеке тұлғалық позициясын, оның кәсіби білімі мен іскерліктерін біріктіру жүзеге асуы жөн. Бұл біріктіру жалпы қосынды емес, сапалық жағынан жаңа құрылым болып, тұтастығы мен ішкі құрылымы жаңа типті мұғалім даярлау мен қалыптастыру мақсатын қоюға болады. Педагогикалық білім беру мақсаты, мұғалім тұлғасы мен кәсіби қызметінің инвариантты, идеалданған көрсеткіштері біліктілік сипаттамасының негізіне қойылатын профессиограммада ашылады. Біліктілік сипаттамасы типтік кәсіби педагогикалық міндеттер жүйесі түрінде құрылып, мұғалім тұлғасы мен кәсіби қүзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптарды құрайды.
Шебер мұғалім, біріншіден, халқымызға тән жастарымыздың бойында бар адамгершілік сипаттағы дүниетанымына, өз мәдениетіне, әдет-ғұрып, салт-саналарына, қол өнері мен педагогикасына арқа сүйейтіндігіне және ашық-жарқындығы мен бауырмалдылығына, яғни қазақ ұлтының басқа халықтардың құндылықтарын сіңіре алушылық қабілетіне ерекше назар аударған жөн. Екіншіден, өзі оқытатын пәнді терең меңгеруге міндетті. Үшіншіден, өздігінен білім алуға ынталы болуы керек. Мұғалімнің жеке басының үлгісі — кәсібилікпен біте қайнасқан қасиет болуы керек. Себебі, кез келген ұжымдағы қарым-қатынас мұғалімнің жеке басының үлгісімен тығыз байланысты.
Сонымен жаңа тұрпатты мұғалім ұғымы соңғы жылдары жарияланған шетелдік және қазақстандық педагогика оқулықтарында, ғылыми зерттеулерде «жаңа типті мұғалім», «мұғалім идеалы», «шебер мүғалім» түрінде берілсе, «жаңа тұрпатты мүғалім» термині терең қарастырылмаған. Жаңа тұрпатты мұғалім дегеніміз – кәсіби білім мазмұнын үздіксіз жетілдіріп отыратын, оқу үдерісін басқару қабілеті, сондай-ақ тұлғалық және кәсіби сапасы жоғары, озық технологияларды меңгерген, оны қалауынша пайдаланатын құзыретті тұлға.
     Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді, әрі өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Яғни жаңа технологияларды меңгеру жаңа тұрпатты мұғалімді қалыптастыру-ға қойылатын негізгі талап болып отыр.

Білімді ақпараттандырудың негізгі мақсаты – «оқушыларды ақпараттық қоғам жағдайында тұрмыстық, қоғамдық және кәсіби салалардың іс-әрекетіне толық,  тиімді араластыру» болып табылады.
Жоғары мектеп педагогикасы теориясында зерттеуді қажет ететін мәселелердің бірі – педагогикалық модельдеу мәселесі. Жоғары білім беруді модернизациялау ең алдымен оның мазмұнын терең жаңартумен байланысты. Тек қана информатика пәнінің мұғалімі ғана емес, сонымен бірге кез келген пән мұғалімінің ақпараттық технологияны меңгеруі – жаңа тұрпатты мұғалімге тән басты белгі деп айтуымызға болады.
       Жаңа тұрпатты мұғалімнің ақпараттық технологияны меңгеруі жоғары оқу орнында қалып-тасатын болғандықтан, оқытушылардың ақпараттық сауаттылығы, олардың кәсіби деңгейінің заманауи талаптарға лайық болуы, студенттердің ақпараттық құзіреттілігін қамтамасыз ету, олардың барлық оқу формалары бойынша іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру қажеттігі туындайды.