Оқушылардың жеке тұлға болып қалыптасуына қоғамдық –көпшілік жұмыстардың ықпалы

БАЯНДАМА:

 

«Оқушылардың жеке тұлға  болып   қалыптасуына  қоғамдық –көпшілік  жұмыстардың ықпалы»

 

Бүгінгі таңдағы әлемдік  білім беру жүйесі өзінің жылдам өзгеруімен, жаңашылдығымен ерекшеленеді. Ал білім беру жүйесіндегі жаңалықтың  негізі – әрбір білім  алушыны жеке тұлға  ретінде қабылдай отырып, оның  тұлғалық ерекшеліктерін  ескеріп, оларды болашақ өмірдегі бәсекеге қабілетті тұлға  етіп тәрбиелеу.

Адам болашағын шешетін де тәрбие екендігі ежелден белгілі, көңілде жатталған ұлы  түсінік болғанымен, оны педагогикалық – психологиялық тұрғыдан келгенде  қалай  жүргізу  керек, қалай  ұйымдастыру керек деген мәселе  күн тәртібінен түспейтіні  ақиқат. Адам өмірінде тәрбие  мәңгілік  категория болса, оны ұйымдастыру, жүзеге асыру  еш уақытта ескірмейтін, қайта  уақыт  озған  сайын жаңарып, әрбір кезеңнің  өз талабына лайық  жетіліп  отыратын үзіліссіз  құбылыс деп  түсінеміз. Демек, осы  үрдісте жеке тұлғаның физиологиялық және  психологиялық  даму  ерекшелігіне  жете көңіл бөлу қажет екенін ғалымдар дәлелдей отырып, ұлттық  құндылықтар  негізінде балаға  тәрбие  беру  мәселесі  қазіргі  таңда өзекті  болып  отырғанын  қатаң  ескертеді.

«Тәрбие адамды  қалыптастыратын және жетілдіретін үйлесімді  процесс» деп Коменский  тәрбие мақсатын төмендегідей негізгі  элементтерге бөлді:

  • Адамға барлық заттарды  білгізу – «ғылыми білім»;
  • Заттардың және өзінің қожасы ету – «адамгершілік»;
  • Құдайға , заттарға құлшылық ету – «діни тәрбие»;
  • Тән саулығы –  «дене тәрбиесі».

Неміс  педагогы А. Дистервег  педагогикалық  мәселелерді шешуде  «Мектептің  міндеті – азаматты және өз  халқын  сүйетін саналы  азаматтарды  тәрбиелеу» — деген.

А. С. Макаренко  «Тәрбиенің  негізгі  мақсаты баланы  жан-жақты дамыту»  деген  ұсынысты  қолдады, В.А. Сухомлинский оны  жүзеге асырды.

Сонымен  дәстүрлі  педагогикада жас  ұрпақты тәрбиелеудің  негізгі  мақсаты «жан-жақты үйлесімді  дамыған  жеке тұлғаны  қалыптастыру »  деп жазылды.

Оқыту мен  тәрбиелеу  процесінде  оқушының  жеке  тұлға  болып  қалыптасуына  қоғамдық-көпшілік  жұмыстарының  ықпалы басым. Қоғам  қашан да қабілетті  адамдарға  мұқтаж. Қоғам  барған  сайын күрделене  түсуде. Қазіргі кезде мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, ерекше ой қызметін, өзін қоршаған түрлі жағдайларға тез  икемдеп қана қоймай, оқушыны неге қабілеттілігін анықтайды.

Мектептегі қоғамдық –көпшілік  жұмыстар  болашақ ұрпақтың келбетін айқындай  отырып,  біздің  абыройлы қызметімізге де үлкен міндет жүктейді.

Осыған  орай  мектебіміздегі  қоғамдық –көпшілік  жұмыстар деп  мыналарды атап көрсетуге болады:

  1. «Болашақ» ұйымы жұмысы
  2. «Жігер» ұлдар ұйымы жұмысы
  3. «Қызғалдақ » қыздар ұйымы жұмысы
  4. Оқушылар комитеті  жұмысы
  5. Алдын алу кеңесі жұмысына — құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысы, Психолог кеңесі, жағдайсыз отбасы балаларына қайырымдылық көрсету,  наркологиялық бекет жұмысы жатады. (Наркологиялық бекет мектебімізде 2.09.2011 жылы ҚР  Білім және  ғылым министрлігінің 14.03.08. №119 хатына, ҚР Денсаулық  сақтау министрлігінің 21.03.08. № 150 бұйрығына сәйкес нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы әрекет жөніндегі жұмысты үйлестіру үшін мектепте наркологиялық бекет құрамы құрылды)
  6. Мектепішілік арнайы жоспарланған іс-шаралар
  7. Кітапханамен байланыс жұмысы
  8. Үйірме, факультатив, спорттық секциялар
  9. Мерекелік кештер
  10. Апталықтар
  11. Салауатты өмір салтын  қалыптастыру — медбике ісі
  12. Аудандық, облыстық, республикалық жарыстар
  13. Ақбота, кенгуру, золотое руно интеллектуалдық марафондары
  14. «Жас ұлан», «Жас қыран» тобы жұмыстары.
  15. Ашық тәрбие сағаттары

Бұл жұмыстарда  жекеленген тәрбие  мақсаттары жатыр. Тәрбие дегеніміз – адамды қайда жүрсе де өз орнын таба алатын, өз мүмкіндігін көрсете білетін, ойын ашық айтып, тыңдай алатын, ықпал ету, көмек көрсету, жанашырлық  таныту сияқты адами мүмкіндіктерге ғана қол жеткізу емес, сондай –ақ, өзі өмір сүрер ортада тұлға ретінде танылып, бақытты өмір сүретін адам дайындау. Сонымен қатар, тұлға- рухани адамгершілігі жоғары сезімдері дамыған талғамы биік, өзінің іс-әрекеттеріне  мақсат қоя білер адам – қоғамның ажырамас бөлігі.

Адам баласы туғаннан бастап, есейіп ер жеткенге дейін тәрбиенің ықпалында болса, кейінгі уақытта ол өзін-өзі тәрбиелеу мен жалғасып отырады.

 

Тәрбиелеу барысында қойылған мақсаттың нәтижесін көбінесе жуық арада байқауға болмайды. Өйткені әрбір жеке тұлғаның мінез-құлықында дара ерекшеліктері, қабілеттері, дүниетанымы бірыңғай қалыптасып дамымайды. Оған ішкі және сыртқы факторлар дың әсері мол.

Қазіргі заманда мектеп оқушының оқу үлгерімін ғана емес, оның тұлғалық  даму процессінің маңызды жақтарын қарастырады, яғни мектептің басты міндеті — әр оқушыны тәрбиелеуде мақсатқа бағыттай тәрбиелеу. Оқытуда білім, білік және дағдыны қалыптастыру тәрбиенің негізгі құралы болуда.

Сондықтан тәрбие мынадай жоғары сапалық қасиеттерді қалыптастырудан тұрады:

-жоғарғы адамгершілік тәртіп;

-жалпы мәдениет;

-шығармашылық инициатива;

-әлеуметтік дағды;

-білімін пайдалану қабілеттері.

Біздің   мектебімізде төмендегідей тәрбие жүйесі қалыптасқан.

Жүйедегі  негізгі  мақсат – оқу тәрбие принциптерін басшылыққа ала отырып,

кешенді тәрбие  әдістері арқылы жан-жақты сауатты, дені сау, салауатты, ұлтжанды, мәдениетті азамат тәрбиелеп шығару

Осыған байланысты төмендегідей жұмыстар жасалды (шолу).

Бұл біздің, біздің  мектебіміздің жылбасынан бергі қоғамдық-көпшілік жұмыстарымыз. Және де бұл шаралардың оқушыларға берер ықпалы қаншылақты деңгейде екені көрініп тұр. Мұның бәрі мұғалімдеріміздің тынымсыз еңбегінің жемісі деп бағалаймын.Бұл біздің жоспарланған арнайы шараларымыз бен тәрбие сағаттарымыз .

Енді  тағы да бір қоғамдық жұмыстарға негіз болатын факультатив, үйірмелер (жұмыстарына тоқталу).

Міне, осындай   ғылыми қоғам жүйесін жандандыруымыз керек.

Заман ағымымен ілесе жүруге ынталы, кәсіби біліктілігі жоғары, белсенді, білімі кемел, жаңаша ойлайтын тұлға қалыптастыру – қоғам талабы. Осындай тәрбиелік істің орындалу барысын қадағалап қоймай, мүмкіндігімізше мектеп игілігі үшін белсенді жұмыс жасайтын оқушылардың  қатары көбейсе демекшіміз. Бұл тәрбиелік шаралардың нәтижесі аталып, өтілуінде емес, қоғам талабының орындалуынан көрініс табуы тиіс.

Елінің көркеюіне үлес қосып, ұлттық рухымызды асқақтатып, өзге ел алдында бәсекеге қабілетті ел болу үшін қажымас еңбек ету, іздену, саналы білім алу – жас ұрпақтың басты міндеті. Дағдарыстан дамуға бағыт алған кеменің алдында ескек ұстаған жас ұрпақтың мақсаты да осы…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан –2030” жолдауында: “Оқушыларды Қазақстандық патриотизмге, шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптасуымыз керек,” – делінген.

Ендеше тәрбие жұмысында төмендегідей қасиеттерді қалыптастыру керек:

—   өзгеріп жатқан өмір жағдайларына бейімделе білу;

—   әлеуметтік-саяси жағдайда, өз көзқарасы мен сеніміне, идеалына және ізгіліктік құндылықтарға сүйене отырып мақсат қоя білуі керек;

—   ұлттық санасы, азаматтылық отангерлік қасиеттері болып елінің экономикалық және мәдени дамыған, әлемдік қоғамда сай орны бар зиялы мемлекет болып қалыптасуына қатысуға талпынуы керек;

—   заңды сыйлап және әлеуметтік жауапкершілікті болуы қажет, азаматтық ерлігі, ішкі еркіндігі мен өзіндік ар-намысы болуы керек;

—   өзін объективті бағалайтын және өзін дамытатын қабілеті болып, өз потенциялын (қабілеті, мүмкіншілігін) сезініп, оны іске асыра білуі керек, өздігінен шешім қабылдап, оны шеше білуі керек, алдына мақсат қойып қажет және не нәрсенің алдын ала білуі қажет;

—   өмірде бар жағынан жоғары әлеуметтік белсенді болуы керек, жаңаны іздеуге өмірлік және кәсіптік мәселелердің стандартты емес шешімдерін табуға, әлеуметтік-экономикалық жағдайда бәсекелестікке қабілетті болуы керек;

—   жанашыр, өнегелі, парасатты, басқа ұлтты, басқа діндегі, басқаша ойлайтын адамға шыдамсыздық пен жаугершілік көрсетпейтін қабілеттері болуы керек;

—   өз денсаулыған қалпына келмейтін өмірлік ресурс ретінде бағалау;

әлемдік және ұлттық мәдениет байлықтарын бағалай білуі керек.

Өткен ғасырдағы көрнекті ағартушы-педагогтарының, соның ішінде Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсаринның, халық қаһарманы Б.Момышұлының шығармалары, ой-тұжырымдамалары жастарды тәрбиелеуде үлкен ой тастайды.

Қорыта келгенде,  оқушыларды қоғамдық-көпшілік жұмыстарға   тәрбиелеудегі алға қойған мақсат-  жеке тұлғаны  адамгершілікке , Отанды сүю, кішіпейілділік, жаман әдеттен аулақ болуға тәрбиелеу.

Әрбір мәдениетті, білімді адам өзінің кәсіптік, дүниетанымдық деңгейін ұлттық мәдениетпен ұштастыра білуге міндетті. Мәдениетті болу үшін білімді болу міндет. Білімді болғанмен ұлттық мәдениетті игермеген болса, ондай тұлға ұлт алдында мәңгүрт, мәдениетсіз болып көрінеді де, халықтың наразылығына ұшырайды. Кәсіптік-мұрагерлік әдеп (мәдениет) сақталған жерде дамыған дарынның мәдени жемістері көрінеді.

Білім беру мен тәрбиелеудің мақсатын айқындау үшін қазақ білімпазы Ж.Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн. Ол “Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек” деген екен.

Ойымызды қорыта келе, құрметті ұстаз қауым Бала бидің сөзін естері4ізге түсіргім келеді:

“Жерден ауыр дегенім – ақыл-білім,

Судан терең дегенім – оқу-ғылым,

Оттан ыстық дегенім – адамның өмірі,

Көктен биік дегенім – шәкірттің көңілі!” – осы ойды дамытуда ақиқат шындықпен іштей бірлік тауып, үйлесімді жұмыс жүргізілсе, сіз жүргізген тәлім-тәрбие, білім нәтижелі болмақ. Ұстаз үшін еңбегінің жемісін көруден артық бақыт жоқ!

 

Әбдіжәмиева Зәмзәгүл –

директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.