Отбасындағы тәрбиенің ерекшеліктері

81

                Отбасындағы тәрбиенің ерекшеліктері
Мақсаты:Ата-ана — отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген. Мектеп, ата-ана, ұстаз болып бірігіп, сапалы білімді, саналы тәрбиелі, салауатты ұрпақ тәрбиелеу.

Түрі:              пікірталас

Көрнекілігі: слайд, ата-анаға, бақытқа байланысты нақыл сөздер
Сонымен, солай дейік…. ток шоу тележоба бойынша пікірталас

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады.Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу,зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді.Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.
Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз?!Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақты жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырған аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады.Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала — әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.Шәкәрім атамыздың « Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады,олар барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл,таза жүрек.Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» дегеніндей, құнды қасиеттерге не рухани адамды қалыптастыру — шынында да оның туған кезінен басталса керек.Ал адамның адам болып қалыптасуында ата-анамен қатар тәрбиеші мен мұғалімнің де рөлі бар.Қарапайым мысалға жүгінсек,мектепке келген кезінде сондай сүйкімді, тілалғыш, жүрегі таза, сезімі пәк жас бүлдіршін орта немесе жоғары буынға келгенде неге өзгеріп сала береді? Сондықтан мына бала қандай еді,қалай өзгеріп кетті? Мынадай жаман әдеттерді қайдан үйреніп ала қойды? Неге озбырлық жасуға бейім болып алды ?-деген сияқты сауалдар алдыңнан кесе-көлденеңдейді. Әрине, оның себептерін жан-жақтан іздеуге болады. Ата-анасын жүрген ортасын қосқанда оның тәрбиесіне мұғалімнен басқа бірнеше адамның қатысы бар. Балаға жүрек жылуы қашан да қажет және ол ешқашан артық болмайды.Ата-анасынан көрмеген сүйіспеншілікті мұғалімнен көрген бала менің ата-анам да осындай болса,деп армандауы мүмкін. Мұғалімін тек жақсы қырынан таныған оқушы үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді. Баласын қалай жақсы көретінін дұрыс білдіру кез келген ата-ананың қолынан келе бермейді.
Біреу жақсы киіндіріп қояды, біреу тамағы тоқ болса болды деп, қалтасына ақшасын салып бергеніне мәз. Біреулері өте қатал, айтқанын орындатады. Бала қорыққаннан уақытша тыңдайды, бірақ ата-анасының уысынан шыққан соң өзін- өзі ұстай алмайтын жағдаға жетеді.Мұғалім оқушыға материалдық жағдай жасағанмен, оның өміріне азық болар ең қымбат асыл қасиеттер: адамзаттық құндылықтармен, біліммен қамтамасыз етіп, қаруландырады. Алтын бесік — отбасы болса,алтын ұя — мектеп.Иә, олардың алтынға балануы неліктен? Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі.Өйткені, отбасы Адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп ақалы мен білімі адамзаттық құндылықтармен толысқан, жан-жақты жетілген,өз бетімен өмір сүруге бейім, қоршаған ортамен тікелей байланысқа шыға алатын, толыққанды Адам етіп тәрбиелеп шығарады. Осы екі ортаның да мақсаты — ортақ, міндет — біреу. Демек , мұғалім мен тәрбиеші қаумының қиындықтарға жиі кездесіп, үнемі толғаныста жүретініде содан. Сондықтан кез келген мұғалім баламен байланысқа шықпас бұрын, оқу-тәрбие жұмысындағы қызметін өзін-өзі танудан бастағаны жөн.Өзіңнің бала болғаныңды, өзіңнің ата-ана екеніңді, өзіңнің ұстаз екеніңді ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырсаң,өзге алдындағы жауапкершіліктің сыры бірден айқындала бастайды. Ғұлама Әл-Фараби «Дүниедегі ең оңай нәрсе ақыл айту,ең қиыны өзіңді өзің түсіну» десе,К.Маркс «Өзіңді өзің тану даналықтың бірінші белгісі» деп ескертеді. Ең бастысы,баланың жан азығына зәру екеніні еш уақытта ұмытуға болмайды.Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады.Біріншісі — ішсем,жесем,ұйықтасам деп туады.Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды,hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі — білсем екен деп ұмтылып,одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене ?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді ?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі « жан құмары,білсем екен,көрсем екен,үйренсем екен.»деген үлкен пәлсопалық ой жатыр. Яғни,балаға туғаннан тән азығы — тамақ қандай қажет болса,жан азығы — жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет.Ал оның қажетін қанағаттандырмай, түпкі мақсат ешқашан орындалмайтыны белгілі жәйт. Мұны мұғалім де, ата-ана да әсте естен шығармағандары жөн.

 

 

Міндеттер:

-Балаңызбен мүмкіндігінше көбірек сөйлесіңіз

-Балаңыздың айтатын сөзін толық тыңдаңыз

-Балаңызбен кем дегенде күніне бір рет әңгімелесіңіз

-Балаңыздың достарын,олардың атa-анасымен танысыңыз

-Балаңыздың қазір мектепте не өтіп жатқанын біліңіз

-Балаңыздың ұстаздары жөнінде көбірек білуге тырысыңы

АТА-АНАҒА КЕҢЕС:

-Балаңызды жиі мақтаңыз,өзін өзі сүйе біліге баулыңыз

-Сіз балаңызға ашуланбай сабыр сақтап асықпай жаймен сөйлесіңіз

-Балаңызға әділ болыңыз,оған толық сенетініңізді сезінсін

-Осы ережені сақтай отырып,балаңыздың санасына өзіне сенімділігін және өзін өзі құрметтеу сезімін біртіндеп сіңіре бересіз

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылай   отырып жиналыс қаулы етеді.

ҚАУЛЫ:

1)Отбасындағы бала тәрбиесіне көңіл бөліп,іске асыру ата-анаға міндеттелсін

2)Мектептегі ата-ана міндетін орындау,ұстаз бен тәрбиешімен тығыз байланыста болу міндеттеу