Әдепті бала — арлы бала

Әдепті бала — арлы бала

Тәрбие сағатының тақырыбы: Әдептілік әліппесі
Тәрбие сағатының мақсаты: Балаларды кішіпейілділікке, үлкендерді сыйлауға, көмектесуге үйрету, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, жаман қасиеттерден жирену сезімін дамыту. Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды айыра отырып әдеп әліппесін бойына дарыту, тіл байлығын, таным белсенділігін арттыру. Оқушыларды әдептілікке, сыпайылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Мақал-мәтелдер, нақыл сөздер жазылған плакаттар, тірек сызбалар
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім:Бүгінгі тәрбие сағатымыз әдептілік тақырыбында өтіледі.
Әдептілік- адамдардың өзара жақсы қарым-қатынасының, жүріс- тұрысының ережесі.
Осы әдептілік ережесін сақтау керек. Бүгінгі заман адамы сегіз қырлы, бір сырлы болып өсуі керек.
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та бар қалан»деп Абай атамыз айтқандай кішіге мейрімді, досына қайырымды, еңбексүйгіш, шыншыл да қамқор болсаң өсе келе ата- анаңның, Отаныңның мақтанышы боласың.
Адам болатын бала-барлық жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез, жаман әдеттерден аулақ болуға тырысуы керек. Ендеше әдепті, ақылды балалардың қандай болуы керек екенін мына өлеңдерден тыңдайық.

1- оқушы
Ата- ананың тілегі- адам болып өскенің,
Адамдықтың тірегі – адал болып өскенің.
Әдептілік дегенің- әрқашанда керегің,
Әсемпаздық дегенің- әуре сарсаң әлегің.
2- оқушы
Тәртіпті бала сүйеніш,
Төбең бір көкке жетеді.
Ұрыншақ бала жанында,
Ұрыс пен керіс айқай шу.
Ұстамды бала маңынан,
Ұнамды қылық байқайсың.
3- оқушы
Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса
Үлкен болған кезінде
Сыйлы болмақ өзі де.
4- оқушы
Сыйла үлкен кісіні
Қамқорлыққа ал кішіні.
Сақтап көше тәртібін,
Бағдаршамның ал тілін.
Әдет қыл бұл ісіңді,
Тазалап жүр тісіңді.
5-оқушы
Қарсы ал ерте күн көзін,
Төсегіңді жина өзің.
Асықпай іш тамақты,
Жалама аяқ-табақты.
6-оқушы
Пышақты ұста оң қолмен,
Шанышқыны сол қолмен.
Нанды үгітпе, қадірле,
Қабығымен бәрін же.
Саусағыңды сормағын
Салыр салақ болмағын.
7-оқушы
Сыйлап сәлем беремін
Көршілерді көргенде.
Ізетпен бас иемін,
Үйге қонақ келгенде.
Әдепсіз деп сөкпесін,
Анама айтып өкпесін.
8- оқушы
Атам маған қашан да,
Кішіпейіл бол деген.
Ата сөзі санамда,
Мақтанбауды жөн көрем.
9- оқушы
Өзгелерден өзімді,
Санамаймын жоғары.
Артық айтып сөзімді,
Желпінгенім жоқ әлі.
10- оқушы
Атам маған қашан да,
әділетті бол деген.
Ата сөзі санамда,
Жүрем тура жолменен.
11- оқушы
Қалдыратын ұятқа,
Жалған сөзге төзбеймін.
Жеткізетін мұратқа,
Тек шындықты көздеймін.
12- оқушы
Ізетті бала
Ерлан қандай елгезек,
Берді ағайға жол кезек:
-Ағай ғафу етіңіз!
Алға қарай өтіңіз.
-Оқасы жоқ, ұланым,
Ізетіңмен ұнадың.
Деп ағай да Ерланды
Жақсы көріп нұрланды.
Ән: «Не деу керек?»
«Жалғастыр» ойыны:
«Не істеуге болмайды?» деген сөзді мұғалім айтады, оқушылар әрі қарай өздері жалғастырады.
1. Үлкендердің алдын-
2. Кішкене баланы-
3. Құстарды-
4. Қыз баланы-
5. Сабақтан-
6. Үйге жүгіріп-
7. Үлкен кісіні-
8. Оқу –құралдарын-
9. Сыныпта айғайлауға-
10.Ысқыруға-
11.Құстың ұясын-
Не істеу керек?
— Үлкендерді сыйлау керек
— Ата- аналардың тілін алу керек
— Тәртіпті болу керек
— Оқу құралдарын күтіп, таза ұстау керек
— Сабақты жақсы оқу керек
Мұғалім: Ал енді балалар, кезекті мақал- мәтелдерге берейік.
«Жақсыдан үйрен,
Жаманнан жирен» деген мақалды қалай түсінесіңдер?
Оқушылар хормен:
Аулақ жүріп жаман қылық, әдеттен,
Үйренеміз жақсы мінез әдептен.

Әдептілік жайлы мақал- мәтелдер айту.
Әдепті бала- арлы бала,
Әдепсіз бала- сорлы бала.
Әдептілік белгісі,
Иіліп сәлем бергені.
Ашу- дұшпан, ақыл- дос,
Ақылыңа ақыл қос.
Сіз деген- әдеп,
Біз деген- көмек.
1. Ұлық болсаң- кішік бол.
2. Кішіден ізет- үлкеннен құрмет
3. Әдепті бала ата- анасын мақтатар,
Әдепсіз бала ата- анасын қақсатар.
1. Жақсы адам ай мен күндей
Әлемге бірдей.

1. Әдепті бала кездессе,сәлем берер бас иіп,
Әдепсіз бала жолықса, өте шығар кекиіп.
Сұрақ- жауап: «Сен маған, мен саған»
1. Мектептен үйге қарай жүгіріп келе жатқаныңда алдыңнан бір үлкен кісі шықты. Сен не істер едің?
2. Өзіңнен үлкен кісілер әңгімелесіп отырған кезде сен не істеуің керек?
3. Үлкен кісілермен қалай сөйлесу керек?
4. Үйге қонақ келгенде бала не істеу керек?
5. Әдептілікті бізге кім үйретеді?

Мұғалім: «Әдеп» деп «әдептілік» деп қандай мінез бен іс- әрекетті айтамыз?
1-оқушы: Әдептілік деп үлкенді сыйлауды, достарды, айналадағы адамдарды құрметтеуді айтамыз. Әдепті адам басқадан сыйласым күтпей- ақ алдымен өзі басқаны құрметтеп, ардақтай біледі, көпшілікке өзінің әдептілігін көрсетеді.
2-оқушы:Сонымен әдептілік дегеніміз әдеп, ізет, инабат, сыйласым, құрмет, қамқорлық деген сөздерді білдіреді екен. Тағы да бір айтатын жағдай бір- бірімізге кешірімді болу керек, ол да- әдептілік. Кейде кешірмейтін мінез құлықтар да болады. Ондай теріс мінезді тезге салып, тез түзеу керек.

Жас- кәріге сіз деген
Жақсы үлгі іздеген.
Дос боламыз біз деген,
Ізетті ұл мен қызбенен.
Көрініс: Байлық пен ақыл
Ізеттілік, әдептілік, адамгершілік жөніндегі сұрақ- жауап
Сыйлап үлкен ағаны
Сәлем берген баланы
Кім дейміз?
Әдепті екен бұл дейміз.
Кітап, дәптер, қаламы
Кір шалмаған баланы
Кім дейміз?
Ұқыпты екен бұл дейміз.
Таудай биік талабы
Жақсы оқитын баланы
Кім дейміз?
Үлгілі екен бұл дейміз.
Әдептілік сөзін топтастыру.

Мұғалім: Балалар, бүгін біз сіздермен әдептілік жайлы білдік. әр адам өзін кез-келген жағдайды кез-келген жерде тәртіпті ұстап, әдепті де әдемі сөйлей білуі керек екен. Әдепті адам жамандықты жақсылыққа баурап, өзінің ақылдылығын таныта білуі керек.

 

 

 

 

 

 

Әдептен озбайық!
Мақсаты: оқушыларды қоғамдық ортада өзін — өзі ұстай білуге, ізеттілікке, мәдениеттілікке, үлкенді сылауға, кішіге үлгі бола білуге, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу.
Түрі: әңгіме
Көрнекілігі: күннің, бұлттардың макеті, суреттер, нақыл сөздер

Барысы:
І. Кіріспе
Бүгінгі сынып сағатымыз «Әдептен озбайық» деген тақырыпта болғандықтан әңгімеміз әдептілік, мәдениеттілік, ізгілік жайында болмақ.
Әдептілік, ар, ұят
Адамдықтың белгісі.
Әдепсіз өскен адамнан,
Тәртіппен өскен тал жақсы,-
дегендей, әдепті болу деген сөздің мағынасы өте кең. Олай дейтініміз, адамның әрбір іс — қимылы, жүріс — тұрысы, сөйлеу мәнері, өзін — өзі ұстай білуі оның әдептілігінен, мәдениеттілігінен хабар беріп тұрады. Енді қазір мен сендердің осы әдептілік жайлы ойларыңды тыңдағым келіп тұр.
1. Әдептілік деген сөздің баламаларын табыңдаршы.
2. Әдепті адам, әдепті бала, әдепті қыз. Оларды қалай тануға болады?
3. Әдептілікті бізге кім үйретеді?
ІІ. «Ой жалғастыру» ойыны.
Бастапқы сөздері жазылған ойды өздерің ойланып аяқтаңдар.
1) Әдепсіз болмаймын десе, не істеуге болмайды?
2) Әдепті бала деген атқа сай болу үшін, не істеу керек?
ІІІ. Тіршілік оянудан басталады. Таңертең оянған әдепті адам қуанады, жақындарымен амандасады.
Әдептілік сәлемнен басталады. Сәлемдесу – ізеттілік қағидасы. Ал ізеттіліктен әдептілік туындайды. Ол адамдардың мейірбандық белгісі.
1. Сәлемдесудің қандай түрлерін білесіңдер?
Дауыстап сәлем беру, қол алысып амандасу, иіліп сәлем беру, алыстан қол көтеріп амандасу, қас — қабақпен, қимыл, іс — әрекеттермен, ыммен сәлем, ізет көрсету.
2. Амандасу үшін айтылатын сөз: сәлеметсіз бе, ассалаумағалейкум, қайырлы таң, қайырлы күн, кеш жарық.
3. Кім бірінші амандасады? (амандасу тәртібі)
Үлкендермен жастар бірінші болып амандасады.
4. «Сәлем» деп кімдерге айтқан жөн?
Тең қатар құрбыларға, жолдастарға.
5. Қол беріп амандасу кімге тән?
Ер адамдарға, үлкен кісілерге.
6. Алыста кетіп бара жатқан адамдармен қалай амандасу керек?
«Сәлеметсіз бе» деп айқайлаудың қажеті жоқ, ол сені көрсе, басыңды иіп амандас.
Түйін: «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені» дегендей, халқымыз адамгершіліктің басты қағидасы ретінде амандасу ережелерін қояды. Достығына, жаттығына қарамастан сәлем береді, амандасу – адамдық парыз, борыш деп саналады.
ІҮ. 3 топқа ойталқы беру. Тақырыптар тақтаға жазылған, тақырыбын өздері таңдайды.
1. Қоғамдық көліктегі әдептілік
2. Үстел басындағы әдептілік
3. Кітапханадағы әдептілік
(оқушылар өз ойларын білдіреді, әркім әртүрлі жауап айтады)

— Енді, балалар, осы айтқандардан қорытынды шығарып, ереже жазыңдар.
І. 1) Көлікке итермей кіру керек
2) Жол ақысын төлеу
3) Үлкендерге орын беру
4) Кәрі кісілердің мініп — түсуіне көмектесу
5) Көлік ішінде дауыс көтеріп сөйлеспеу
ІІ. 1) Үстел басында өзіңді дұрыс ұста
2) Қолыңды жуып, сырт киімді шешіп келу
3) Ауызыңды тамаққа толтырып, қасыңдағы адамдармен сөйлеспе
4) Амандасу үшін тағам тұрған үстелдің үстінен қол созу дұрыс емес
5) Пышақты оң қолға, шанышқыны сол қолға ұстау керек.
ІІІ. 1) Кітапханамен дос бол, оған жиі баруды әдетке айналдыр
2) Тыныштық сақтау
3) Алған кітаптарыңды ұқыпты пайдалан
4) Кітап бетін жыртуға, сызуға болмайды
5) Кітапты уақытында өткіз
Ү. Мен қандай болуым керек?
1) Мейірімді – күншіл
2) Кішіпейіл — өркөкірек
3) Еңбекқор – жалқау
4) Кеңпейіл – қызғаншақ
5) Өзгені сыйлай алатын – менмен
6) Сөзінде тұратын – жауапсыз
7) Адал — өтірікші
— Балалар, мынаған қараңдаршы, өте жақсы адам болу үшін өз бойымыздағы жақсы қасиеттерді дамытып, жаман қасиеттерді жоюымыз керек. Мына жерде тұрған бұлттар жақсы қасиеттерімізді көлеңкелейді, осылардың бірін алып тастайық, яғни тек осының жақсысын ғана қатыстырып қысқаша эссе жазайық.
ҮІ. Тренинг
Оқушылар орындарынан тұрып, бірге шеңбер жасап, қол ұстасып тұрады. 1 — оқушы
2 — ші оқушыға қарап: «Мен сені жақсы көремін» деп күлімсірейді. Ол басын изей күлімсірей сол сөзді қайталайды. Ол оқушы келесі оқушыға дәл сол сөзді қайталайды.

Мұғалім: Не ұқтыңдар?
Түйін: Көрдіңдер ме? Өз ниетің түзу болса, біреуге жақсылық жасасаң, жылы сөз айтсаң, өзіңе қайтып келеді екен. Әрқашан бір — бірімізге жылы сөз айтып, өзімізде соны естіп жүре берейік.

Қорытынды:
Ақыл, сана, біліммен,
Өнеріме сенемін.
Арым таза, ақ көңіл,
Адалдыққа сенемін.
Абыройлы ақ ниет
Адамдыққа сенемін! –
дей келе, адам әрқашан да бет сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен де әдемі. Сендердің де әдепті оқушы болып өсетіндеріңе сенемін.

Үйге «Әдепті бала – көпке үлгі» тақырыбында шығарма жазу тапсырылады.