Бастауыш сыныптарды жаңа технологияға бағыттап оқыту әдістемесі

 

Бастауыш сыныптарды жаңа технологияға бағыттап

оқыту әдістемесі

 

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасында білім беру «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді стратегиясының маңызды басымдықтарының бірі болып танылды. Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізу туралы міндет қойған болатын. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады – деп атап көрсеткен [1].

Қазіргі таңда сапалы білім беру мәселесі қоғамды толғандырып отыр. Себебі, қарыштап дамып келе жатқан технологиялық прогресс кезеңінде өскелең ұрпақтың білім деңгейі  замануи талапқа сай болуы қажет. «Неге оқыту керек?», «қалай оқыту керек?», «не үшін оқыту керек?», нәтижелі қалай оқыту керек?», — деген сұрақтарға жауап іздеген ғалымдар оқыту үдерісін «технологиялық» жолмен жүруге әрекет жасады. Оқытуды нәтижесінде кепілдемесі бар өндірістік технологиялық процеске айналдыру, осыған байланысты педагогикалық технологиялар бағыты пайда болды. Педагогикалық әдебиеттерде «технология» түсінігі әр түрлі сөз тіркестерінде қолданылады: педагогикалық технология, ақпараттық технология, компютерлік технология, білім беру технологиясы, тәрбиелеу технологиясы, біртұтас педагогикалық процесті жүзеге асырудың технологиясы, оқытудың дәстүрлі технологиясы және т.б олардың даму динамикасы сол құбылыстың эволюциясында көрініс табады.

Педагогикалық технология ұғымы ғылымға бірнеше жылдар бойы ене бастады. Технология (гректің techne-«өнер», «шеберлік», «икемділік» және logos-ілім) қандайда бір процестегі іске асырылатын әдістердің жиынтығы болып табылады.

Ұсынылып отырған тақырып мақсаты  М. М. Жанпейісованың модульдік технологиясы бойынша қазақ тілі сабақтарында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру  болып табылады. Автормен бұл тақырып бойынша ғылыми және әдістемелік әдеби шолу жасалынды,осы тақырып өзегінде жұмыс жасайтын  зерттеушілердің ой-пікірлері келтірілген, модульдік технологияны қазақ тілі сабағында қолдану әдістері көрсетілген.

Бастауыш сыныптарда қазақ тілі пәнінің мақсаты оқушылардың қарым-қатынас біліктілігін қалыптастыру және дамыту, яғни тілдік  және танымдық біліктілікпен қамтамасыз ету екендігі Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің мемлекеттік стандартында көрсетілген.. Тілді оқыту жүйесінде талаптар жалпы білім беру саласындағы жаңа қағидаларға сүйеніп негізделді. Тіл – адам жанының тілмашы ретінде адамды әлеуметтік ортамен байланыстырушы дәнекер әрі баланың жалпы дүниетанымын  қалыптастыратын танымдық іс-әрекеттердің ең мағызды құралы. Қазақ тілін оқытып, үйрену – көптеген  ізденістерді, жаңа технологияны қолдануды керек етеді.

Педагогикалық технологиялар оқытудың мақсатына  жетудің тиімді, нақты жолдарын көрсетеді.  М.М. Жанпеисованың модульдік технологиясын таңдап алып, саралап, теориялық негіздерін оқып-үйреніп, қазақ тілі сабағында қолдана бастадым. Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың коммуникативтік қарым-қатынас жасауы төмен сатыда болды, ол сөз қорының аз екендігін көрсетеді. Қазақ тілі сабақтарындағы қиыншылықтар, балалардың еркін сөйлеу, аудару, сөйлем құрастыру деңгейлерінің төмендігі, мені көптеген ұсынылған технологиялардың арасынан М.М. Жанпеисованың модульдік технологиясын таңдап алуға себепкер болды. Осы технологияны таңдап алудың себептері мынандай:

  1. модульдік технология оқушының танымдық, өз бетімен білім алуға деген құштарлығын, жалпы жеке тұлғаның қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді.
  2. оқу үрдісінде сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасауға бағыттайды.

Оқу пәнінің білім мазмұнында тілдің коммуникативтік қызметі, грамматикалық жүйесі модульмен оқыту арқылы бір-бірімен тығыз байланыстырып меңгерту міндеті айқындалады.

Мұнда басты мәселе – сөйлеу әрекеттерінде балалардың жас ерекшеліктерін ескеру және жалпы дидактикалық ұстанымдарды тілді оқытудың әдістемелік жүйесімен ұштастырып отыру.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінде тарихи қалыптасқан бастапқы қағидалар бар.Олар: оқу материалын саналы меңгеру, дидактиканың жүйелік және жалғастық ұстамдары, жеңілден ауырға деген  ұстамы, теория мен тәжірибенің байланыстығы, көрнекілікті тиімді қолданылуы және тағы басқалар.

Қазақ тілін модульмен оқыту – жаңа әдістемелік жүйе.Сондықтан модульмен оқыту теориясы өзіне тән ұстамдар жүйесіне негізделеді.Оқу технологиясының бір ерекшілігі- оның білімді меңгеруге емес, тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерді: яғни жадының алуан түрлері (есту, көру, қимыл және т.б.) ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілеттерін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, сондай-ақ тұлғаның қауіпсіздігін, өзін-өзі өзектілендіру, өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға; белсенді сөздік қорын (ауызша және жазба тілінде) дамытуға бағыттайды.

Жоғарыда аталған мақсаттарға бағытталуы оқу процесін мұқият құра білген жағдайда оқушылардың білім сапасын едәуір артыруға және білім стандарты бекіткен оқу материалын барлық оқушылардың жүз пайызға меңгеруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Оқу модулі құрамдас үш бөліктен тұрады.

Олар:

  1. кіріспе бөлім
  2. Сұхбат құру, сөйлеу бөлімі
  3. Қорытынды бөлім.

Оқу модулінің ерекшелігі модуль қанша сағаттан тұрса да, кіріспе мен қорытынды бөлімге 1-2 сағат мөлшерде уақыт бөлінеді. Кіріспе бөлімде оқушылардың осы модуль бойынша алатын негізгі ұғымға, іс-әрекеттерге айрықша мән беріп, негізі ұғымдардың модуль ішінде алатын орнына көңіл бөлулерін сұраймын. Кіріспе бөлім мынандый оқу әрекеттерінен тұрады:

  • оқу-проблемалық жағдаятын жасау;
  • оқу мақсатын қалыптастыру;
  • өзін-өзі бақылау, мүмкіншілігін бағалау арқылы модульдің тақырыптарын меңгеруге дайындау;
  • модуль бойынша жұмыстарды жоспарлап, бірге талдау;

Қалған уақыт түгел сөйлеу, сұхбат құру, сұрақ жауап бөліміне беріледі. Бұл барлық оқушылардың үш деңгей бойынша өзінің дайындық оқу қабілетіне байланысты әр оқушының өз деңгейінде оқу материалдарын меңгеруін қарастырады. Барлық тақырыптар бойынша оқушылар оқып, сөйлеу, тындау,жазу, көру дағдыларын барлық модульдерде қолдана беруіне болады. Білім алуда жайдан күрделіге жоғарлау оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ашып, оқу материалын түсініп, қолдана білу сатысына көтерілуіне себепкер болады. Осы жағдай оқушыларды сынып ішінде бірнеше шағын топтарға бөліп сұхбат, монолог құру, пікірталастар, диспуттар арқылы ойын технологиясын жағдаят жасау әдіс-тәсілдерін қолдану  арқылы жетуге болады.

Оқушылар қандай да бір деңгейдегі тапсырмаларды өзінің орындау мүмкіндігіне қарай тандауға еркін.Оқу модулінің сөйлесу бөлімінің тағы бір ерекшелігі бар.Оқытудың белсенді және ойын формаларын кеңінен қолдану оқушылардың оқу материалына бірнеше мәрте 13-тен 24 ретке дейін – қайта оралып, жұмыс істеуне  мүмкіндік береді. Оқу материалын меңгеру оған 7 мәрте қайта оралып, пысықтағанда ғана жүзеге асатынын психологтар дәлелдеп отыр. Сөйлесу бөлімі оқушылырдың өзін-өзі оқытуына және бірін-бірі оқытуына құрылады. Бұл әрбір оқушы үшін тек үш деңгейлі тапсырма емес, олардың үлгі жауаптарын да даярлау арқылы іске асырылады.

Бұл технологияның маңызды шарты – оқушылырдың кез келген ғылыми көздерді, оқулықтарды, оқу құралдарын пайдалануға болатындығы, сондай-ақ ұйымдастырушы, көмекші ретінде мұғалімнен жедел кеңес ала алатындығы.Сөйлесу бөлімі сабақтарының ұйымдастырылу формасы бойынша әр оқушы өзінің қалай және немен шұғылдану тиіс, сабақ барысында не істеу керек екенін біледі, өйткені мұғалім балаларды сабақтың құрылысымен  және жүру барысымен алдын ала таныстырады.

Негізгі бөлімде әр оқушы бір-біріне мәтінді оқып береді, танысады, негізгі ұғымдарды ажыратады. Әр деңгейге қойылған сұрақтарға жұппен бірге отырып жауап береді. Сонымен осы бөлімде оқушылардың мәтінді қаншалықты түсінгені анықталады. Бірінші, екінші сабақтарда оқушылар жаңа білім алады. Негізгі сұхбат бөлімде модульді әр түрлі бөлімдерге бөліп, саралап, жеңілден күрделіге өту жағы қарастырылады. Оқу материалдарын оқушыларға белгілі бір мөлшерде беріп отырамын. Оқу материалдарын үш деңгейде дайындаймын: жеңіл, орта, жоғары деңгей.

Қазақ тілі сабағында жаңа материалды оқушылардың көңіліне мықтап ұялатып, саналы түсінік беру үшін оларды сабаққа қызықтыра білу аса маңызды. Оқушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында өзара коммуникативтік қарым-қатынас жасау үшін міндетті түрде әр сабақта М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы» бойынша жүргізілетін оқыта – үйрету ойындарын қолданамын. Оған «Өз жартыңды тап», «Мені түсін», «Сандарды есте сақтау», «Сиқырлы сандықша», «Сөз жарысы», «Білімпаздар» ойындары жатады. «Шеңбер бойынша әңгімелеп беру» ойынын қақақ тілі сабақтарында тиімді қолдануға болады.. Ойынның мазмұны: бастаушы оқушы көзін жауып ортада тұрады. Орнынан айналып кез келген адамды көрсетеді. Көрсеткен адам мәтінді әңгімелей бастайды. Бұл ойын әсіресе бастауыш сынып пен орта сыныптарда қызықты өтеді. Жас ерекшеліктеріне байланысты осы сынып оқушылары өздерінің білімдерін көрсетуге құмарлықтары артады. Жалғасын сағат бойынша басқа оқушылар жалғастырады. Осы ойын оқушының есте сақтау қабілетін, тілін, ел алдында сөйлеу қабілеттерін арттырады. Сабақтарда қолданылатын тағы бір ойын «Даналық ағаш» деп аталады.Ойынның шарты: оқушылар мәтінді жылдам, бірақ мұқият оқып шығуы тиіс. Енді әрқайсысы мәтін бойынша бір сұрақ құрып, қағазға жазады. Жүргізушінің қолында сандықшы болуы тиіс. Соған оқушылар кезегімен өз сұрақтарын салады. Мәтінді тағы бір рет жылдам оқып шығу керек. Әр оқушы сандықшадан сұрақ жазылған қағаз алып, дауыстап неғұрлым толық жауап беруі тиіс.Бұл ойын оқушылардың оқу материалына бірнеше мәрте қайта оралып есте сақтауына,басқалармен қарым-қатынас жасау,басқаларды тындауға, кезкелген жауапқа сыйластық, түсінікпен қарауға мүмкіндік береді.

Модульдің 3-ші бөлімі қорытынды бақылау бөлімі. Қортынды бөлімде оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс.

Оқушылардың білім-білік дағдыларын тексеруге арналған бақылаудың бірнеше түрлері ұйымдастырылады.Олар:

  1. Тест
  2. Диктант, мазмұндама, шығарма
  3. Нәтиже сабақтары (Сайыс, әр түрлі интеллектуалды ойындар).

Қорыта айтқанда, М.М.Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясы оқушының мұғалімнен қабылдаған білімін шығармашылықпен жеткізуге үйрететін әдіс болып табылады; эмоциялық сезімге бойлап, әсерлі сезімде болуға жетелейді; ойын түрлері арқылы баланың қиялын дамытады, зейінін тәрбиелейді, халықтық педогогикамен қаруландырады, терең білім береді; оқушылардың   сөйлеу  дағдысын  қалыптастырады, осы сатыға жеткізуші дәнекер-ойдың модулі деп түйіндеуге болады. Бұл әдіс оқушыны ізденімпаздыққа, өз бетімен білімін жетілдіруге баулып, шығармашылық қабілетін дамытады.

Бастауыш сынып –оқушы тұлғасының қалыптасуы мен дамуының басты баспалдағы.  Бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс істеу үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы.

Сабақ беруде пәндерді оқыту технологиясынын жан-жақты қолдану- ұстаз білігі мен шеберлігі. Яғни, тәуелсіз елдің талапты ұрпағын тәрбиелеудегі жауапкершілік.

Ұстаздың міндеті –жеке тұлғаның өзіне, қоғамға қажетті қабілеттерін қалыптастыру, дамыту және өз бетімен білім алуына, өзін –өзі дамытуға қолайлы жағдай жасау. Осыған байланысты әр педагог сапалы білім мен саналы тәрбие берудің тиімді жолдарын іздестіру қажет, себебі ХХІ – ғасыр – білім беру жүйесін ақпараттандыру ғасыры.
Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Артықова Т., Жақанбаева А., Төлеуова М.Алматы: Атамұра, 2006
  2. М.М.Жанпейісова модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. Алматы, 2002 жыл
  3. “Қазақстан мұғалімі” жұрналы, 2002-2005 ж.ж