Өзін-өзі тану — өмір тану

Өзін-өзі тану — өмір тану

Ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын «Бөбек» қорының президенті С.Назарбаеваның  «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының оқу-тәрбие үрдісіне енгізілуі жақсы бастама десек қателеспейміз. Бұл пәннің негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны танып, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі тану негізінде, адамгершілік – рухани әлеуетін көтеру, баланың өзіндік «Менін» қалыптастыру.

Бала – кең әлемдегі ең пәк, ең таза асыл жан. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы оны қоршаған ортаға байланысты болмақ. Бала осы ортаны қалай қабылдап, танып білсе, оның алдынан кең әлемнің есігі де солай ашылмақ.

Мектеп – білім ошағы, тәрбие ортасы, тағылым табалдырығы. Осы ұлағатты ұяда жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы руханилық – адамгершілік тәрбие берудің ошағы «Өзін-өзі тану» пәні десек өте орынды.

Пәннің әр тарауы, әр тақырыбы болашақ ұрпақтың бойында рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпыадамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптері мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатыг тұлға қалыптастыруға негізделген.

«Өзін-өзі тану» сабақтарының өзіндік ерекшелігін байқататын «Шаттық шеңбері», «Армандайық», «Өзіммен-өзім», «Әңгімелесейік», «Сергіту сәті», «Сахналау», «Ойын-Жаттығу», Жүректен –жүрекке шеңбері» балалардың дамытушы ортасын құруға ықпал етеді.

«Шаттық шеңбері» әрбір балада өзі өзгелерге сенетін және өзі де сенімге ие болатын үлкен достық шеңберіне қабылдануы ретінде түйінделеді. Шеңберге тұрып Жер анаға, Аспан атаға өз мейірімін төккені үшін ризашылығын білдірумен бірге, бір-біріне деген риясыз шын жүрегінен шыққан тілектерін айтуы,жылы лебіздерін білдіруі – рухани дамудың негізін қалауға ықпал ететінін байқадық.

Ал «Тыныштық сәті» балаларға жағымды ойларға берілуге мүмкіндік жасайды. Олардың ойларына тіпті ересек адамдар ойламайтын қызықты бейнелер елестейді. Тыныштық сәті аяқталғаннан кейін балалар өздерінің санасында, қиялында ойлап тапқандары жайлы әңгімелеп, суреттейді. Оларды тыңдап отырып бала қиялының қаншалықты бай екенін көресің.

«Өзін-өзі тану» сабақтарында ұсынылып отырған ойындардың басым көпшілігі балаларды мейірімділікке, достыққа, сүйіспеншілікке, сыйластыққа үйретуді көздейді, яғни сабақтардағы ойындардың өздері бала бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіруді көздейді.

«Жүректен-жүрекке» кезеңінде сабақ үстіндегі алған білімдерін, жаңа ақпараттарын қорытындылай келе ой бөлісіп, жылы тілектер жүректен – жүрекке ұштасып жатады.

Адамзат табиғаттың ажырамас бір бөлшегі, адам табиғатта тіршілік етеді, оның мөлдіреген суын, биік тауларын, әсем бұлттарын, әсем де ерекше жыл мезгілдерін тамашалай отырып, осы кең байтақ жерімізді аялауға, кәусардай мөлдір суын ластамауға баулуымыз керек деген тәрбиенің қайнар көзі — осы «Өзін-өзі тану» пәні десек қате емес.

Туған ел, туған жер, өскен орта  туралы түсініктерін кеңейту, туған елге деген сүйіспеншілік, құрмет сезімдерін дамыту, туған тілін сүюге, елжандылыққа тәрбиелеу – пәннің негізгі мақсатының бірі.

«Өзін-өзі тану» пәні сабағында көзделген мақсат әрбір баланың өз бойындағы шығармашылық әлеуетін тани және аша білуге, өзінің эмоциялық көңіл күйі мен мінез-құлық мотивтерін ұғына білуге, бағалай білуге мүмкіндік туғызу. Мұғалім балалармен жеке тұлға ретінде қарым-қатынасқа түсе отырып баланы өзі туралы айтуға, баға бере білуге, өзінің сезімін, мінез-құлқын, әдет дағдысын бақылай және басқара білуге, сонымен бірге жанындағы адамдарды табиғи болмысымен қабылдау, ізгі ниет, ықылас таныта білуге үйретуді көздейді.

Осы  пән арқылы  оқушы бойына мейірім мен рахымшылдықтың, адамгершіліктің, әділдіктің, шынайылықтың дәнін себуге болады. Болашақ ұрпақтың бойына рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіншілігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін, ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді.

Әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап, оның  шетсіз шексіздікті үйренсем деген ұмтылысына уақытында көңіл бөліп, демеу жасасақ, қуаттандырсақ жүрегі нұрға толы, жан-жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, жерін, тілін. отбасын сүйетін,  еңбекқор, адал адам тәрбиелеп шығарымыз сөзсіз.

Ал «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілікке баулитын сабақты беретін мұғалім қырандай қанаттанған, жанарынан шуақ тамған, жалындай лаулап, балаларды баулап алуы керек. Тылсым дүниеден жан тербеген рахат, мейірім, қуаныш сезіміне бөленетіндей шапағат сыйлай білу керек. Сонда ғана бала жүрегі шешек атады. Басқаға жан жылуын жеткізе алады. Бойында барын ортаға салады. Өзін танытады, өзгені де бар күйінде мойындайды, кешірімді болады.

Міне, осындай үйлесімділік болған жағдайда бүгінгісін ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік азамат тәрбиелеуге болады. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік сабағы – сол көздеген нысанаға жетелейтін шамшырақ іспетті пән.