«Сыни тұрғыдан ойлауға оқыту» модулі сабақтар топтамасында

402

«Сыни тұрғыдан ойлауға оқыту» модулі сабақтар топтамасында

Ізденсе, талаптанса қолдан жасалмайтын шарт жоқ. Құнттамаған ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы еш уақытта берекелі болмайды.
Ж. Аймауытов
Алғы сөз

Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік.Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын оқу үрдісінде мұғалім басты роль атқарған болса, қазір оқушының  белсенділік көрсететін кезі туды. Сабақ мұғалімнің емес, оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық. Солардың бірі сын тұрғысынан ойлау технологиясы. Бұл технология Совет өкіметі кезінде 1973жылдан,  Қазақстанда 1997 жылдан бері таныла бастады. Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлау,яғни, RWCT жобасы 29 мемлекетте қолданылады.Технологияның негізін қалаушылар американдық ғалымдар Чарльз Темпл, Джон Дьюи, Мередит. Кезінде жоба ретінде ұсынылып, көпшіліктің қолдауын тапқан бұл технологияда  Выготский, Пиаже, Эльконин-Давыдовтардың,  басқа да ғалымдардың еңбектерінің ең құнды жерлері   көрініс тауып, идеялар тоғысып, біріктірілген іспетті.

Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтамасыз етеді. Бұл модуль оқушылардың да,мұғалімдердің да сыни тұрғыдан дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді.Сыни тұрғыдан ойлауға үйрену,ақпаратты өз бетінше ізденуге бағыттау,ой қорытуға дағдылану. Сыни тұрғыда ойлау Бағдарламаның өн бойында екі мағынада қарастырылады: оқушылардың сыни тұрғыда ойлауын дамыту және мұғалімдердің сыни тұрғыда ойлауын дамыту. Бағдарлама өзара бұл байланысты бұл үдерістердің екеуін де дамытуды қарастырады. Оқушыларға қатысты сыни тұрғыдан ойлау ақпарат пен идеяларды синтездеу қабілеті, ақпарат пен идеяның шынайылығы мен салыстырмалы түрде маңыздылығы туралы ойлана білу қабілеті, өзінің оқуына қатысты таңдау жасау және басқалардың идеяларына күмәнмен қарау қабілеті ретінде түсіндіріледі.

Мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауы өзінің жұмыс тәжірибесін, жаңа тәсілдерді қолдану және бағалау әрекеттерін сыни тұрғыдан бағалауды қамтиды.

Орта білім беру жүйесінің іргетасы бастауыш сыныптарда қаланады. Бұл – үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы маңызды сатысы.
Бастауыш білім беруде соңғы жылдары оқушы тұлғасын дамыту, бастауыш сынып оқушыларының оқу білігін қалыптастырып, олардың білім, білік, дағдысын жоғары деңгейге жеткізу мақсаттары қойылып отыр.Озық ойлы, тапқыр да, нәзік сезімтал, пайымды шәкірттердің іскерлігін, мүмкіндігін ескеріп, бағыт — бағдар беру, ой — өрісін дамытатындай логикалық ойтастау әрбір ұстаздың міндеті.Біздің міндетіміз – дүниежүзіндегі жаңалықтар мен дамуларды назарға ала отырып, одан да жақсысын, тиімдісін ұсыну. Өйткені ғасырымызда барлық салада даму өте жедел жүзеге асуда. Әрине, дамудың негізі – білімде.Әр бала жас кезінен еркін ойлауға, алдына қойған істі жоспарлап, оны соңына дейін жеткізуге, кедергілерге қарсы тұруға бейімделгені жөн.Сондықтан да әр сабаққа оқушылардың әр мәселеге сыни көзқарасын қалыптастырып, оларды ашық, еркін сөйлеуге баулу – әр ұстаздың міндеті.
Мен оқушылардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру, оқытудың жаңа әдіс — тәсілін қолдану сияқты мәселелерді басты міндетке қоя отырып, қазіргі заман талабына сай 2009 жылы «Сорос — Қазақстан» қайырымдылық қорының ұйымдастырған «Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» бағдарламасының курсына қатыстым. Осы курсқа қатысып, алған білімімді өз сыныбымда қолдануға тырыстым.
Сабақ процесінде ең басты тұлға «ОҚУШЫ» екенін түсіндім. Әрине,бұрынғы дәстүрлі әдістерге әбден қалыптасып қалған мұғалімге өзінің көзқарасын, философиясын өзгерту оңай емес. Сын тұрғысынан ойлау әдісін топпен жұмыс істеуді қолдана отырып, оқушылардың ойын, еркін сөйлеуін, тілін дамытып, бір — бірін тыңдай білуге, өзінің де басқаның да жауабын сын тұрғысынан баға бере отырып, құрмет көрсетуге бағыт беремін. Мен осы бағдарламаның стратегияларын меңгеріп, тәжірибе жүзінде қолдану барысында көптеген жетістіктерге жеттім.Осы бағдарлама бойынша атқарып жатқан тәжірибемді ортаға саламын.
Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан оқыту
Алға қойған мақсатым:
Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамытуға жұмыстар жасай отырып баланың танымдық белсенділігін арттыру, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға мүмкіншілік беру. Екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға, саналы шешім қабылдауға үйрету.

Сын тұрғысынан оқыту дегеніміз не?
Сын тұрғысынан ойлау – ашық қоғам негізі. Ол – өз алдына сұрақтар қойып және оларға жауап іздеу, әр мәселеге байланысты өз пікірін айтып, оны дәлелдей алу, сонымен қатар басқалардың пікірлерін дәлірек қарастыруды және сол дәлелдемелердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді. Бұл оқыту «қарапайымнан күрделіге» деп аталады.
Сын тұрғысынан оқыту технология емес, ол бағдарлама. Бұл бағдарлама әлемнің түпкір — түпкірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі, мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген мазмұны сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға сабақтарда үйрету. «біздің елімізде Джорд Соростың ашық қоғам институты, «Сорос — Қазақстан» қоры арқылы келген бұл бағдарлама мектеп тәжірибелеріне ене бастады. Сын тұрғысынан ойлау — сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл құрылым үш деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің үлгісі. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып ішінен қажеттісін алуға үйретеді.
1-кезең-Қызығушылықты ояту. Бұл үйрену үрдісі. Оқушының бұрынғы білетіні мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Сондықтанда сабақта қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Бұнда ойды қозғау, ояту, ми қыртысына тітіркендіргіш арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет ететін стратегиялар «Жұпта талқылау» ,«Топтау», Түртіп алу», «Болжау», «Әлемді шарлау»т. б. әдістер .Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты — үйренушінің белсенділігін , ынта-жігерін арттыру. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады. Жұбымен, тобымен талқылайды.Оқушы ойын осылайша шыңдауға мүмкіндік туады. Және де жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады. Мысал үшін 3-сыныпта Ана тілі пәні бойынша қазақтың ұлы ақыны А. Құнанбаевтың Крыловтан аударған аудармасы «Шегіртке мен құмырсқа»мысалын өткелі отырғанымды хабарлаймын.Қызығушылықты ояту сатысы бойынша:- шегіртке мен құмырсқа туралы не білетіндерін сұрадым. Мұнда оқушылар екеуінің де жәндік екенін, далалық жерде тіршілік ететінін айтып, ойларын дәптерге жазып алды, жұпта талқылады, осылайша ойлары ашылып, жаңа білім жайлы ақпарат жинайды. Ойлану мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның 2-кезеңі «Мағынаны тану». Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетінше жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауға көмектесетін оқу стратегиялары бар. Соның бірі ІNSERT. Ол бойынша оқу тақырыбымен яғни «Шегіртке мен құмырсқа» мысалымен танысу барысында,
Y- білемін;
— — білмеймін;
+ — мен үшін жаңалық;
? –мені таң қалдырды;
белгілерін қоя отырып, мысал өлеңді оқу тапсырылады. ІNSERT- оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну күрделі жұмыс. Сондықтан да оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны тануды жоғарыдағыдай ұйымдастыру — аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі.
Үйренушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға , яғни байланыс құруға дағдыландырады.
Тақырып бойынша «Ой толғаныс»бағдарламаның 3-кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарау, баға беру назардан тыс қалып жатады. Одан гөрі үйге тапсырма беру, оны түсіндіру, баға қою сияқты шараларға уақыт жіберіп аламыз. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасында бұл сабақтағы аса қажетті мәнді, маңызды әрекет болып табылады. Дәл осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап , оны қандай жағдайда, қалай қолдану керектігін ой елегінен өткізеді. Белсенді түрде өз білімін үйрен жолына қарап, өзгерістер енгізеді, яғни нағыз білім шыңына көтеріледі, үлкен әлемге енеді. Сол білім арқылы өзінің өзгергенін сезінеді, өзіне өзгеше сенім, тәрбиелік, даналыққа бастау алады. Толғануды тиімді етуге лайықталған «Бес жолды өлең», «Венн көрсетілімі», «Еркін жазу», «Екі түрлі түсініктеме күнделігі», «Ойлану стратегиясы»т. б осы сияқты стратегияларды әр сабақтың ерекшелігіне қарай лайықты қолданамын.. Олар оқушылардың бір-бірімен ой алмастыруын, ой түйістіруін қамтамасыз етеді. Әр оқушы өз шығармашылығын көрсете алады.
Мен өз сабағымда «Ой толғаныс» сатысында «Екі түрлі түсініктеме күнделігі»стратегиясын пайдаландым. Яғни, шегіртке мен құмырсқа істеріне байланысты.Оқушылардан дәптердің бетіне не ортасына вертикаль сызықпен бөлуді сұрадым. Мәтінді оқу барысында олар:Бөліктің оң жағына:
Мәтінде қатты әсер еткен тұстарды, үзінділерді жазды.Бұл тақырып бойынша әлбетте оқушылар шегірткенің пайдасыз іспен айналысып, ала жаздай ән айтып, би билеумен жүріп, жаз артынан қыс келетінін ойламағандығы туралы жазды.Бөліктің сол жағына:Сол мәтінде өздеріне әсер еткен үзінділер туралы жазады.Олар бұл тапсырмалар бойынша «шегіртке уақытын босқа өткізбей, ол да құмырсқа сияқты қысқа дайындалу керек еді»дейді. «Қыстың қамын жаз ойла»деген мақалды еске түсіреді.Әр оқушы мәтінмен танысып, күнделікті толтырып біткен соң жұпта, топта талқылау ұйымдастырылады. Жұмыс аяқталған соң , қорытуға арнап әкелген сұрақтарды оқушыларға қойып, жауаптарын алдым.
Мысалы:
1. Сіздің ойыңызда не сақталып қалды?
2. Автор оқырманды қалай қызықтырды?
3. Кейіпкерлердің іс-әрекетін сіз қалай бағалайсыз?
Бұл әдіс те оқушыларды ұжым болып жұмыс жасауға үйретеді. Ақпараттарды өз бетінше меңгеруге жағдай жасайды. Сөз астарын, құдіретін түсінуге машықтанады. Сондай-ақ, әдістің тиімділігі сабақтан тысқары қалатын оқушы болмайды, оқыған мәтінді түсіну, оны түсінікті етіп айтып беру, оған қатысты ойын, пікірін білдіру арқылы сауатты оқырман қалыптастыру мүмкіндігі туады.
Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына шараларды орындауы шарт:
1. Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін уақыт керек.
2. Оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру.
3. Әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау.
4. Үйрену барысында оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау.
5. Кейбір оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сыныныңдәлелді, дәйекті болуын талап ету.
6. Сын тұрғысынан ойлауды бағалау.
Ал, оқушыларға байланысты:- сенімділікпен жұмыс жасау;
— бар ынтасымен оқуға берілу;
— пікірлерді таңдау, құрметтеу;
— өз пікірін ашық білдіруді талап ету қажет.
Тек сонда ғана олар:
— мен осы мәселе туралы не ойлаймын?
— осы мазмұннан алған ақпарат менің бұрынғы білетініме сәйкес пе?
— маған бұл жаңа ойлар қаншалықты әсер етті деген сауалдар төңірегінде ойлауға үйренеді. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясының басты мақсаты –оқытуды оқушыға бағыттау. Осы орайда ең бастысы оқыту философиясы түбегейлі өзгереді. Оқыту үрдісінде алдымен оқыту мақсаты, оқыту мазмұны және сабақ құрылымы мен формалары өзгереді.
Және де Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы бойынша оқыту үрдісінде оқушыны-басты тұлға деп алып:
— оқытуды оқушының дамуына бағыттай ұйымдастырамын;
— Оқыту мазмұнына байланысты мақсат пен міндетті дұрыс қоямын, нәтижеге жетемін,
— жеке тұлғаның танымдық әрекет иесі болуы;
— мұғалім мен оқушы арасындағы тең құқылы қарым-қатынасты қолдаймын;
— кәсіби деңгейім дамып, жаңашыл мұғалімнен зерттеуші ұстазға айналдым;
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы бойынша оқытудағы өзгерістің нәтижесі мынадай болды:
— сабақ түбегейлі оқушыға бағытталады;
— ұжымдық ынтымақтастық қатынас орнады;
— бұрынғы білімдеріне білім қосады;
— микроклимат өзгереді;
— оқушылардың жауапкершілігі артты;
— күтпеген өзгерістер болу үшін стандартты емес тәсілдер қолдандым;
— мен күтпеген өзгерістер болды;
— проблемалық ситуациялар туғыздым;
— оқушылар жоғары деңгейдегі сұрақтар қоя бастады;
— өзім де өзгердім, көп оқимын, балалардан үйренемін, бірге жауап іздеймін, бірге оқимыз, бірге дамимыз.
Әрине, әр сабаққа дайындық керек, оқушыларға шығармашылық бағыт-бағдар бере отырып, үздіксіз іс-әрекетке жетеледім. Бұл бағдарламаны оқып , үйреніп оны өз жұмысымда қолданып мұғалімдік кәсіптің қыр-сырына тереңдей түстім. Бағдарлама стратегиялары оқушылардың бірін-бірі тыңдап, құрметтеуіне үйретті. Қуанышпен айта кететін жайт , бұрын үндемей отыратын балалардың сабаққа қызу араласуы. Жай уақытта олар өздерін бұлай көрсетуге бара қоймас еді. Сабақтарды ерекше , жаңа технология жобасымен өтуі оларға еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізуге, сыншыл көзқарас байқатуларына мүмкіншілік туғызғандай. Бүгінгі қоғамға да, мектепке де керегі осылар. Білім берудің маңызды шарты оқу үрдісінде оқушылардың қызығушылығын арттырып, өздігінен білім алуға құштарлықтарын дамыту болып табылады. Ендеше,  дәстүрлі сабақта  оқушы мұғалімнің көмегімен білім алса;

оқушы                    мұғалім                     білім

сыни тұрғыдан  ойлау  сабағында  оқушы білімге өзі жетеді, мұғалім тек бағыт беруші.

мұғалім              оқушы             білім  

СТО мен дәстүрлі сабақтарды салыстырсақ:

СТО  сабақтарда Дәстүрлі сабақтарда
Оқушылар жекелей, жұппен, топпен жұмысты жақсы ұйымдастырады. Оқушы  бірден жұмысқа кірісіп кетпейді.
Өз беттерімен жұмыс істеу қабілеттері, белсенділіктері  басым. Белсенділік орташа, мұғалімнің көмегін керек етеді.
Шығармашылық қабілеттері артады, топтағы әр оқушының жауапкершілігі басым. Шығармашылығы бірқалыпты,ынта-ықыластарын білдіре қоймайды.

Сыни тұрғыдан ойлау технологиясын қолдануымен жүргізілген сабақтың жоғары деңгейде өтуінің алғы шарты оның қағидаларында,яғни, стратегияларында.  Стратегия дегеніміз — философия, әдістемелік ұстаным. Мұғалім мен оқушы кез келген стратегияның әдіс-тәсілін, қыр-сырын жетік түсіне білуі қажет. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Стратегиялар оқушыларды шығармашылықпен әрекет етуге,  ізденімпаздыққа баулиды, еркін, терең, жан-жақты ойлауына,  үздіксіз жұмыс жасауына жол ашады, стратегияның 80-нен аса түрі бар. Жұмыстың ыңғайына  қарай стратегияларды өзгертіп те жіберуге болады.   СТО технологиясын пайдалана отырып, сабақ құрылымын жоспарлауға шығармашылықпен қарау, әдістемелік  лабораторияны жинақтау секілді мүмкіндіктерге қол жеткіздім. 2,3- сынып оқушыларының  жас ерекшеліктерін ескере отырып, жазу мен оқу арқылы сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін арттыру мақсатында қолданып жүрген стратегиялардың мүмкіншіліктеріне тоқталайын:

Мен оның 15 пайдаланудамын.
Сабақта пайдаланатын стратегиялар түрі:
1. Негізгі ойды суреттеу                                    1. Негізгі ойды суреттеу
2. Топтастыру                                                     2.Топтастыру
3. Бес жол өлең                                                   3.Бес жол өлең
4. Эссе жазу                                                         4.Эссе жазу
5. Болжам кестесі                                                5.Болжам кестесі
6. Галереяға саяхат                                             6.ЖИГСО-1
7. РАФТ                                                               7.ЖИГСО-2
8. Блум жүйесі                                                     8.Инсерт
9. ЖИГСО – 1                                                      9.Венн диаграмасы
10. ЖИГСО – 2                                                    10.Кубизм
11. Қазымыр оқушы                                            11.Бағытталған оқу
12. Автор орындығы                                           12.Кідіріспен оқу
13. Инсерт                                                            13.Жуан,жіңішке сұрақтар
14. Венн диаграмма                                            14.Ой қозғау
15. Кубизм                                                           15.Қосжазба күнделігі
16. Бағытталған оқу
17. Кідіріспен оқу
18. Әдебиет үйірмесі
19. Жол қалдырып жазу
20. Қос жазба күнделік
21. Авторға сұрақ қою
22. Үш қарамды сұхбат
23. Әлемді шарлау
24. Ой қозғау      25. Оқиға желісі
Ең бастысы – оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, олардың бір — бірімен пікір таластырып ашық сөйлеу, еркін сөйлеу дағдылары қалыптаса бастады. Өздеріне сенімсіздік білдіріп, бұйығы отыратын оқушылар өз ойларын аз да болса жүйелеп, еркін айта бастады.
Бұрын шығарма, мазмұндама жұмыстарында оқушылар өз ойын білдіруге, әңгіме құрауда көптеген қиындықтарға кездесетін.
Қазір күнде өтілген әңгімеден соң оқушылар ой — толғанысын жасап өз ойын жазбаша білдіреді, кейде мәтіндегі ойға байланысты мақал да кірістіріп жазады.
Оқушылар жазған шығарма үлгілері:
Тақырыбы:     Ана – өмірдің шуағы.
Мен – өз шығармамды мына сөздерден бастағым келеді.
Анам менің ардақты.
Әкем менің салмақты.
Бұл екеуі өмірде,
Бәріңнен де қымбатты.
Әр адам өз анасын сүйеді. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Аналар туралы көптеген өлеңдер, тақпақтар. Әндер бар. Мен өз анама гүл сыйладым. Анам оны жақсы көреді. Оқушылармен қойған концертте мен мынадай тақпақ айттым:
Анамызды сыйлайық.
Жақсы оқушы болайық.
Жақсы оқып сабақты.
Кілең бестік алайық.
Мен анама өтірік айтпаймын. Менің анам сұлу, мейірімді, еңбекқор. Анасыз өмір жоқ. Дүниенің барлығы анадан жаратылған. Әр адам анасын реңжітпеуге тырысу керек. Анасы бар адам бақытты.
Камзина Альбина
Ой толғанысында оқушылар өтілген мәтіннен не әсер еткенін, қандай ой түйгенін жазуға үйренді. Әрине, алғашқыда оқушылар мәтіннің мазмұнын жазып жүрді.
Оларға: — Осы мәтінді оқығанда не әсер етті? Осы әңгімеден не үйрендің? – деген сұрақтар қоя отырып бағыт бердім.
Сонда оқушылар осылай жаза бастады:
Мысалы: Мұхтар Шахановтың «Достық өлкесінің заңы» өлеңін оқығаннан кейін.
— Менің ойымша бұл өлеңдегі баланың жағдайы қиын. Ол біріншіден, әжесінің көңіліне қарады, екіншіден, досын сатқысы келмеді. Әрине досты сатуға болмайды, бірақ өтірік айтуға тағы да болмайды. Досын сатқан адам өз Отаның сатып жіберуі мүмкін. Менің ойымша оған әжесіне шындықты жайып тастау керек еді. Әжесі түсініп оны кешірер еді.             Расол Ақмарал
Ыбырай Алтынсаринның «Баланың айласы» әңгімесін оқығаннан кейін:
— Жамандыққа жақсылық бар ма? – деген сұраққа Нұрсолтан Ақылбек мынандай жауап берді:
— Жамандыққа жақсылық әрине бар. Жамандыққа жамандық жасамай, керісінше оған жақсылық жасауға тырысу керек. Жамандық жасаған адамды әрқашанда тәрбиелеу керек. Меніңше жақсылық жамандықты әрдайым жеңе алады.
ЖИГСО әдісінде мәтінді топқа бөліп оқу оқушылардың жауапкершілігін арттырады. Оқығаның айтып беру үшін әлсіз оқушылар да әрбір сөйлемге мән беріп оқитын болды. Басқа жолдастарындай сезінуге, өз ойын ашық жеткізе білуге үйретті.
Оқушылар «Топтастыру», «Бес жол өлең», «Венн диаграммасы», «Кубиз» әдістеріне қызыға кірісті. Бес жол өлең құраудың пайдасы қазақ тілі сабағында өте зор.
Мысалы:
Тоқылдақ,
Пайдалы, нәзік.
Емдейді, ұшады, тоқылдатады.
Ағаштарды емдейтін құс.
Нөсерқан Шуақ
Тігінші.
Өнерлі, еңбекқор.
Ояды, тігеді, әшекейлейді.
Әдемі көйлектерді тігетін өнерпаз.
Сағынаева Малика (дүниетану сабағында)
Венн диаграммасы бойынша оқушылар кейіпкерлерді, жануарларды салыстырады.
Бұл стратегияларды сабақта қолданып, белгілі бір нәтижеге жету үшін мұғалім сабақ жоспарын құру барысында қай жерде қай стратегияны қолдану жолдарын, тапсырманы дұрыс ұйымдастыру жолдарын қарастыруы тиіс. Тапсырманы оқушылардың жас ерекшелігіне қарай нақты беруге тырысу керек. Әр стратегияға уақыт өлшеніп берілуі тиіс. Жүйелі, толық жауап алу үшін оқушыларға нақты уақыт беріп, қысқа әрі нұсқа сөйлеуге немесе жазуға, өз ойларын ашық, еркін беруді талап ету керек. Оқушылардың арасында бас кезде сәл қиналып, ойларын жинақтай алмай, біраз әбігерге түсетіндері бар. Жаттыға келе кейін үйреніп, бұл стратегияларды тез меңгеріп алады.
Топтастыру – оқушыларды еркін ойлауға және тақырыпты ашық талқылауға бағытталған оқыту стратегиясы. Бұл — жаңа идеяларды жинақтап бір — бірімен сабақтастыру үшін қажетті құралым. Топтастыру қызықтыруды ояту үшін, ой тудыруды күшейту үшін қолданылады.

РАФТ  Бұл стратегияны «кейіпкерге хат»  деп алса да болады. Формасын түрлендіруге  мүмкіндік бар: хат,  хабарландыру, жеделхат, өтініш, бұйрық, жарнама. Оқушы жұмысқа кіріспес бұрын мәтіннің мазмұнын жетік түсінуге тырысады, ол үшін оны бірнеше қайтара оқып, ой елегінен өткізеді. Рафт оқушылардың тілін дамытады, қиялын өрбітеді, өз ойларын қағаз бетіне түсіру арқылы эссе  жазуға жетелейді, ресми іс қағаздары жөнінде түсініктері қалыптаса түседі.

Жуан-жіңішке сұрақтар: оқушылар мәтінмен жұмыс істей отырып, мәтін мазмұны бойынша өздері тың  сұрақтар құрастырады. Бұл дегеніміз, оқудың барлық әдістерін меңгеру болып табылады. Өйткені, оқушы алдымен қатесіз, түсініп оқуға тырысады, қойған сұрағына  өзі жауап  беруге дайын тұрады, басқа балалардың сұрақтарын мұқият тыңдап, сұрақ құрастырудың қиын жұмыс екенін біліп, ең үздік сұрақтарға ілтипат білдіреді.

Қосжазба күнделігі: мәтінде берілген оқиғаларға өзінің пікір жазады, ендеше, оның сөздік қоры молаяды, кейіпкердің жан дүниесін түсінуге тырысады.Осындай жұмыстар арқылы ең әуелі оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артады, бір-бірімен пікір алмасып, сөздік қоры молаяды, еркін сөйлеу, өз ойларын жеткізе білу дағдылары қалыптасады, оқулықпен  жұмыс істеуге, бір-біріне жүйелі сұрақ қоя білуге дағдыланады.  Бұл кестедегі көрсеткіштер арқылы СТО технологиясының мүмкіндіктері негізінде оқушының субъект ретінде қаншалықты өскенін аңғаруға болады.

Сабақты қорытындылау үшін сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін басшылыққа ала отырып,оқушылардың алған білімдерін түйіндеп,пікірін ортаға салу үшін «INSERT» стратегиясы бойынша жұмыс жүргіздім.

Білемін Білдім Білгім келеді

Мен өз тәжірибемде көбінесе оқушылармен бірлесіп, ұйымдасып, топтасып жұмыс істеуіне көңіл бөлемін. Топта жұмыс жасауда алғашқыда оқушылар бір — бірін тыңдамай, сыныпта шу болатын. Барлығы да жазғандарын сабақтан соң топ мүшелері өз ойларын, жазған жұмыстарын талдау барысында жақсы жазылған жұмысты таңдай алатын болды. Бір — бірінің пікірін мұқият тыңдауға үйренеді.Оқушыларды топқа бөлу барысында мынандай жетістіктерге жетуге болады:

1.Оқушылар бір-бірімен пікірлесе отырып,ортақ қорытынды шығарады.

2.Тақырыптың түсініксіз жерлерін айқындайды.

3.Топтардың сұрақтарына жауап береді.

4.Барлық оқушылар жұмыс істей бастайды.

5.Қорытынды шығарады.

Осындай топта бірлесіп жұмыс істеп үйренген оқушылардың білімдері нәтижелі болады, шыңдалады.Оқушылар жұмыс жасау барысында бір — біріне көмектесіп, ойларын ортаға салады, ынталарына күш — қуат бере отырып, өздерінің білім алуын көтермелейді, оқуға, жазуға, тыңдауға, сөйлеуге кең мүмкіндіктер беретін ортада оқушы өз пікірлерін еркін жеткізуіне жағдайлар жасайды. Топ мүшелері өз ойларын ортаға салып және сол ойларды кесте арқылы көрсетеді. Шамалары келгенше қорғап шығуға тырысады. Ашық сабақтар мен тәрбие сағаттарында осы бағдарламаның әдістерін қолдандым. «Сын тұрғысынан ойлау үшін оқу мен жазу» бағдарламасының қай әдісін алсақ та оқушының белсенділігін, ойлау қабілетін, шығармашылығын жан — жақты дамытатынын байқадым. Аталған стратегияларды пайдалана отырып мен көп жетістіктерге жеттім.

2009 жылы :Апысбайұлы А «Аудандық пәндік олимпиадада»  дүниетану пәні бойынша 1-орын,Тоқтарқанов С  математика пәні бойынша 2-орын,Болатов Даулет,Манасова Фариза ана тілі және қазақ тілі пәндері бойынша 3-орын. 2011 жылы:Аудандық ақындар айтысы «Бас жүлде» Нөсерқан Шуақ            2012 жылы: «Облыстық интеллектуалдық малахит олимпиадасында» 2-орын Бақытов Әрсен;  «Аудандық Абай оқуы»  2-орын Нөсерқан Шуақ                   2013жылы: «Аудандық пәндік олимпиадада» математика пәні бойынша Бақытов Ә. және  Смағұлова М.дүниетану пәні бойынша 1-орын, «Облыстық пәндік олимпиада» Бақытов Ә,Сағынаева М сертификатпен марапатталды. «Аймақтық пәндік олимпиада» қазақ тілі пәні бойынша Камзина Альбина 3-орын иегері. Қорыта айтқанда, педагогикалық жаңа технологиялардың барлығы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына, өздігінен шығармашылықпен жұмыс істей білу қабілетін және біліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін, нәтижелілігін қамтамасыз етуді көздейтін, берілген материалды жедел, әрі сапалы меңгертуге бағытталған.

 

 

 

 

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.С.С.Мерсеитова «Сыртқы әлем: күнделіктіні академиялықта қолдану»  Алматы

2.С.С.Мерсеитова «Азаматтықты дамыту:патриотизм,мораль және білім беру миссиясы»    Алматы баспасы

  1. С.С.Мерсеитова «Становление и развитие философии учителя: гуманистическая парадигма» Алматы баспасы

4.журнал: Бастауыш сыныпта оқыту (барлық пәндер бойынша) №3 2011жыл