Тіл – мәдениет айнасы

62

Ана  тілің -арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

( Қ.Мырзалиев)

 

Тіл – мәдениет айнасы. Тіл арқылы тек қана адам және оның қоршаған ортасы, өмірінің әлеуметтік жағдайы ғана емес , сонымен қатар халықтың қоғамдық танымы, діні, ұлттық мінезі, өмір сүру тәсілдері, адами құндылықтары мен дүниетанымы көрінеді.

Орыс сыныптарында қазақ тілін үйрету үшін оқушылардың сол тілде сөйлесем деген талпынысын тудырып, сол мақсатта сан алуан әдістерді қолдануға болады. Әр ұстаз шәкіртінің сабаққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында технологиялық құрал-жабдықтар мен көрнекіліктер әзірлеп, ойын элементтерін пайдалана отырып, сабақтың мазмұнын түрлендіріп отырады.  Оқыту жүйесін заман талабына сай үйрету де кәсіби шеберлікке жатады.

Тілді меңгеруде сол тілдің грамматикасын, теориясын меңгеру жеткіліксіз, менің мақсатым – оқушыларды қазақ тілінде сөйлеп, жаза білуге талпындыру, тілді құрметтеуге тәрбиелеп, қазақ елінің салт-дәстүрімен, мәдениетімен, тарихымен таныстырып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.

Қазіргі заманның басты мәселелерінің бірі- басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлей білуі. Орыс тілді оқушыларға қазақ тілін үйрету көп кәсіби шеберлікті талап етеді. Қазақ тілін оқыту — қиын да, қызықты жұмыс. Біздің міндетіміз- педагогикалық шеберлігімізді пайдалана отырып, жаңа технологиялық әдістерді қолдану арқылы сапалы білім беру. Мысалы, интерактивтік тақта  өте қолайлы , жеңіл, тиімді, сонымен бірге оқушылардың қызығушылығын арттыру. Сабақтардың барысында Ж.А.Қараевтың жаңа технологиясын, Ж.Б.Жеткізгеннің тірек — сызбаларын көп қолданамын. Әрбір сабақты мазмұнды , қызықты өткізу, әртүрлі әдістерді қолданып, уақытты дұрыс пайдалануға үйретеді.

Қазіргі қоғам сұранысына сай білімді, шығармашылықпен айналысатын, өзін     – өзі дамытып жетілдіре алатын жеке тұлға тәрбиелеуге аса назар аударылған.

Менің шығармашылық тақырыбым : « Ұлттық салт –дәстүрді сабақ үрдісінде пайдалану арқылы оқушылардың елге деген сүйіспеншілігін тарттыру»

   Сол шығармашылық жұмысыма тоқталатын болсам…..

Д.Шоқпарұлы жырлағандай:

Халқымыздың дәстүрі төл өнері,

Кәсібім – атамұра қолөнері.

Жинадым әдет- ғұрып, салт- дәстүрін,

Елімнің көзге ыстық көнелері.

Қай заман, қай уақыт болсын адамзат алдындағы  ұлы мақсат –өз ісін, өмірін жалғастыратын саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал болашақ азаматтарды жан –жақты, қабілетті адам етіп тәрбиелеудегі халықтық салт-дәстүрдің тәрбиелік ролі ерекше. Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай ел. Бұл оның мәдениетті әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Белгілі қоғам қайраткері Н.Шайкенов : « Ұлт дәстүрі – заңнан биік»,-деген. Демек, салт- дәстүрлі ел- мықты әрі тұғыры берік ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына дәстүрді мирас етіп қалдырумен қатар, сол арқылы ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген.

Сабақ беру үйреншікті жай ғана шеберлің емес, ол- жаңадан жаңаны табатын өнер. Сондықтан қазіргі педагогика жаңалықтарын пән ерекшеліктеріне қарай қолдану керек.

Мен өз сабағымда өзге ұлт өкілдеріне халқымыздың салт-дәстүрін таныстырумен, үйретумен қатар оларды әдептілікке, осы ұлттық мінезге тәрбиелеумен қатар еліміздің өткен тарихымен байланыстырып, насихаттауды әдетке айналдырдым.

Қазақтың ұлттық ойындарына байланысты сабақ үрдісінде сұрақ- жауап түрінде жауаптар алынып, қосымша түсініктер жүргізіліп, бекіту ретінде оқушылардың қабылдаулары бойынша суреттер салғызып, салт – дәстүрді құрметтеуге, бағалай білуге тәрбиелеп келемін.

Тағы бір мысал: 5 –сыныпта ұлттық ойындарға байланысты « Ханталапай», «Тоғызқұмалақ» т.б мәтіндер бар. Осы мәтіндерді түсіндіру барысында көрнекілік ретінде асықтар әкеліп, сабақтың барысында ойнатып, қызығушылықтарын арттырумен қатар көшбасылыққа тәрбиелеймін.

Шығармашылық жұмысыммен ұштастыра отырып, 10-шы орыс сыныптарына көмекші құрал ретінде « Диктанттар жинағын» құрастырып, « Ақтау қалалық білім үйлестіру » орталығына тапсырдым. Бұл диктанттың ерекшелігі – қазақ халқының болмысын ашатын мәтіндерден құралған және оқушылардың аудармашылық қабілетін, синтаксис бойынша теориялық білімдерін шыңдау мақсатында тапсырмалар берілген.

Мен ұстанған бірінші бағыт- теориялық білімімді тәжірибеммен ұштастыра отырып, педтехнологияның негізінде оқушыға тиянақты да сапалы білім беру, яғни негізгі мақсат –оқушыларды ауызекі тілде сөйлеуге құлшындырып, сауатты жазуға талпындыру, тілді білсем, үйренсем, білсем деген ынтасын арттыру.

Екінші бағыт- бала тәрбиесі. Мектептегі әрбір оқушымен тіл табысып, жүрегіне  сенім ұялату, әр тәрбиеленушінің мінез-құлқын игеру, жеткіншек бойындағы қабілет көзін ашып, іске қосу- күрделі де жауапты іс жетекшілік ететін сыныбымда күнбе-күн өтіп жатқан тәрбиелік шаралар өз нәтижесін бермей қойған жоқ.

5-10-шы сыныпқа дейін жетелеп келген оқушыларым мектепішілік, қалалық іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, жүлдегер атанған сайын қуанасың. ҰБТ бойынша да 59%- ды көрсетіп, мектеп ұжымы мен ата-аналардың еңсесін бір көтеріп тастады.

Үшінші бағыт – мектеп өмірі. 2004 жылы « Ертегілер еліне  саяхат » атты ашық сабағым болып, мектеп ұжымы мен әріптестерімнің ризашылығына ие болдым.