Еңбек тәрбиесі

Еңбек тәрбиесі- өмір кілті, бақыттың тұтқасы. «Еңбексіз адам өзінің бар адамдық қасиетінен және барлық құнынан айырылады. Адам өзінің жеке еңбегінсіз бір адымда алға ілгерілей алмайды; бір жерге тұрақтап тұрып қалуға да тиісті емес; ол адам қайта кері кетеді», -дейді К.Д.Ушинский.

Мектепте еңбекке тәрбиелеу- тәрбиенің жалпы жүйесінің құрамды бөлігі. Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсіптік бағдар, мектеп оқушыларының қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген саналы көзқарасты тәрбиелеудің, азамат болып өсудің, жеке адамның адамгершілікке және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Осымен қатар мұны еңбек тәрбиесінің мақсаты деп түсінуіміз қажет. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер барысында еңбек тәрбиесі мәселесі ең негізгі көкейкесті проблемаға айналып отыр. Оған себеп-адам, қоғам, табиғат заңдылығымен санаспау салдарынан туған келіспеушілік.

«Еңбек тәрбиесі тәрбиенің басқа салаларымен тығыз байланыста, біртұтастықта құралуы тиіс». Еңбек адамның өзін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Еңбек тәрбиесі туралы қазақ және орыс тілінде шыққан оқулықтардың бәрінде жазылған. Біз оларды жоққа шығара алмаймыз.

Тәрбие- халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттердің жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру.

Тәрбиенің негізгі мақсаты-дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу. Тәрбиенің мақсаты төңірегіндегі пікірталас ежелгі дәуірдің өзінде-ақ басталған. Ежелгі ойшылдар тәрбиенің мақсаты ізгі, рақымшыл азаматтарды тәрбиелеу деп түсінді. Сократтың түсінігінше, тәрбие заттардың табиғатын зерттеу емес, өз-өзіңді тану, аса құлықтылықты жетілдіру. Сократтың шәкірті Платон ақыл-ой және сезімді тәрбиелеуге көп ықылас білдірген.

Мәшһүр –Жүсіптің көркем шығармаларының негізінде адамгершілік, рухани, еңбек тәрбиесі жөнінде педагогикалық идеялар қойылған. Ол еңбектерінде еңбексүйгіштікке маңызды орын береді. Ойшылдың педагогикалық тұжырымдарында «еңбек» деп аталатын ұғым ерекше орын алады. Оның ойынша еңбек тек адамды өмірге дайындап қоймай, оның ақыл-ой күшімен адамгершілігін дамытуға ықпал етеді. «Адал еңбек мал таппақ, жұртқа жақпақ»,-деп қандай еңбекті дәріптеу керектігін байқатады. Тіптен ақынның адал, шынайы еңбектің адам өмірінде зор орын алатындығын қозғамайтын шығармасы жоқ деп айтуға да болады. Өйткені, ол еңбек адамның азамат ретінде қалыптасуы үшін рухани тұрғыдан да, парасаттылық тұрғысынан да басты қызмет атқарады деп есептеген. Сондай-ақ ақын еңбек кісінің жан дүниесін мейірімділікке бөлейді ал, оның қадірін білмейтін жалқаулар көбіне теріс қылықты болып келеді деген тоқтамға келеді. Ақын еңбек адамдарды еркіндікке, бақытқа қолын жеткізеді деп біледі, ал игіліктерге қол жеткізер еңбек, бейбіт өмір, қайырымдылықпен әділет, білім салтанат құрған қоғам оның әлеуметтік арман-мүддесі болды.

Балалар, жалқау болма, шабан тартып,

Арқаны кедейліктің – еріншектік

Желкеңнен жібермейді мықтап тартып.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы мінез-құлық қасиетке мән бере отырып:

Бойыңа жалқаулықты үйір қылсаң,

Жүрерсің көрінгенге көзің сүзіп,-дейді.

Еңбек оның ойынша адамгершілік тәрбиесінің әрекетті құралы болып табылады, өйткені еңбек іс-әрекеті процесінде жастардың бойында жалпы адамзаттық маңызы бар еңбексүйгіштік қалыптасады. Оның пікірінше еңбексүйгіштік адамның еңбек еткісі келумен, оң нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылысымен, берілген іске жауапкершілігінің болуымен, тиянақтылығымен, істеген ісіне қанағаттанумен сезім алуымен сипатталады. Ең соңында еңбексүйгіштік еңбек дағдысының бар екендігін білдіреді. Ағартушы жастардың бойында еңбексүйгіштікті, жатып-ішерлік пен бекер уақыт өткізуге жиреніш сезімін тәрбиелеуге ұмтылды. Еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді адамгершілікке қажеттілік деп қарастырады. Мәшһүр-Жүсіп Көпееев ғылымды, еңбекті, ағартуды қандай болмасын жақсылықтың, сәттіліктің қайнар көзі деп есептеді.

Ертеден келе жатқан еңбек тәрбиесінің әдіс-тәсілдері еңбек тәрбиесінің құралы болып табылады.

Еңбек –жеке адамның өркендеуіне, санасы мен қайратының қалыптасуына әсер етеді, адам баласын рухани байытып, оның өмірінің мол қазынасын жасайды.

«Еңбек етпеген ішіп-жемейді», «Еңбек түбі береке» деп халқымыз еңбек ету арқылы мәнді де сәнді өмір сүруге болатынын ескертеді. Сондықтан еңбекке деген қажеттілікті, дағды мен іскерлікті, еңбекқорлықты, өзгенің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеуді бастауыш сыныпта үйретіп бастауы керек.

Тәрбие бағыты жөніндегі Руссоның негізгі педагогикалық талаптары-баланы қадірлей отыра, оның қызығушылықтары мен тікелей талаптарын зерттеу. Еріктілік, баланың табиғатын білу, баланың өзіндік әрекетін дамыту тәрбиенің негізіне айналуға тиіс. Джон Локтың ұсынған тәрбиесінің мақсаты-өз ісін ойластыра отырып сақтықпен жүргізе алатын, өз мүдделерінің реттілігін қамтамасыз ете алатындай етіп жасөспірімді тәрбиелеу.

Адам баласы қоғам дамуның қандай кезеңінде де өмір сүрмесін азық-түліксіз, киім кешексіз, т.б. материалдық игіліксіз күн кеше алмайды. Сол себептен адамдар ерте кезден-ақ өмір сүру қажеттігі үшін керекті заттарды тек еңбек ету арқылы ғана тгілікке асыратындығын түсінген.

Еңбек тәрбиесі мазмұнына баланың Отанға, адамдарға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу жатады. Ол үшін балалардың ата-анасына, үйіне, туған-туысқандарына, дос-құрбыларына деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу қажет. Сонымен, бұл тәрбиеге достық рухта тәрбиелеу де жатады. Бастауыш мектепте көптеген ұлттың балалары бірдей тәрбиеленіп, бірдей қамқорлыққа бөленеді. Осының өзі балалардың бір-біріне жолдастық, достық сезімін тәрбиелеудің ең қолайлы жағдайы.

Сондай-ақ еңбек тәрбиесінің мазмұнына баланың адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу де жатады, әсіресе олардың үлкенді сыйлау сезімін тәрбиелеу сәбилік шақтан басталады. Үлкенді сыйлау- асыл сезім. Үлкендердің беделін мойындау, тыңдау, көңіл бөлу, құрметтеу, қамқорлық жасау сияқты балалардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру, бұл сезімнің көрініс табуы-жақсы тәрбиенің белгісі.

Жас ұрпақ бойында өнерге деген қызығушылықты қалыптастыруда көркемдік білім беру жүйесінің заман талабына сай педагогикалық, әдістемелік бағыттарын жасау, оқу-тәрбие мазмұнын жаңарту қазіргі кездегі бастауыш мектептің аясында атқарылатын өзекті істердің бірі.

Бастауыш сыныптардағы көркем еңбек жүйесі өзінің ерекшеліктерімен оқушы қиялына әсер ете отырып, олардың шығармашылық қабілеттерінің артуына ықпал жасайды. Сондықтан көркем еңбек – оқушының еңбек қабілетін дамытудың негізгі факторы болып табылады.

Еңбек тәрбиесі қоғамдағыбарлық әлеуметтік тәрбие институттарының мақсатқа бағытты іс-әрекетін біріктіру негізінде жұргізілуі керек. оқыту және тәрбие барлық адамға берілуі керек дей отырып, Песталоции қоғамды қайта құрудың негізгі құралдарының бірі –мектеп деп есептеледі. Адамды дамытудың, тәрбиелеудің басты құралы еңбек деп санады. Еңбек адамның күшін ғана дамытып қоймайды, оның ойын дамытып, мінез-құлқын қалыптастырады. «Еңбек тәрбиесі-қоғам мүшесі болып табылатын оқушының жалпы тәрбиесі барысының саласы». Мұның мақсаты еңбекке орынды қатынасты дамыту, қоғам байлығына үнемі қамқорлық сезіміне тәрбиелеу, еңбек тәртібін бекіту. Еңбек тәрбиесі тәрбиенің басқа салаларымен біртұтас жүзеге асырылады. Еңбек барысында қоғамдық борышты саналы, тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен қарау, ұжымшылдық және тәртіптілік сияқты құлықтық қасиеттер дамиды. Еңбек тәрбиесі қоғамдағы барлық әлеуметтік тәрбие институттарының мақсатқа бағытты іс-әрекетті біріктіру негізінде жүргізілуі керек.

Жасөспірімдерді еңбекке тәрбиелеудің жалпы міндеттері бірнеше жеке міндеттерді орындау арқылы іске асырылады. Олар: балаларды еңбекке психологиялық және практикалық тұрғыдан даярлау;оқушылардың еңбек дағдыларын қалыптастыру; еңбек мәдениеті дағдыларын дамыту, оқушылардың ынтасын және қабілетін дамыту.

Еңбек етуге әдеттену-бұл жәй ғана еңбекке үйрену емес, бұл адамгершілікті тәрбиенің жоғары деңгейі, еңбек процесіне құштарлық, еңбек етуге әзірлік, жұмысты істей білу,-дейді Н.К.Крупская, демек өз күшіңді және басқалардың күшін және жұмыстың жағдайын есептей білу.

Чернышевскийдің көрсетуінше, адамның рухани бейнесін сипаттайтын мінез-құлықтың, адамгершілігінің, басқа да қасиеттерінің өзгешелігі оның тұқымынан емес, адамның еңбегі мен өмір жағдайлары және тәрбиенің әсерінен болады.

Жеке адамның дамуында еңбектің рөлі өте күшті, адам еңбексіз дамымайды, азғындайды, кері кетеді. Еңбек туралы қазақтың тамаша мақалдары бар: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар, кісінікі дегенде, анау-мынау ісім бар».

Білім, іскерлік, дағдыны қалыптастыру үшін, әрине адамның еңбекке деген қызығушылығын, құштарлығын, өзіне пайдалы жағын дамытып, содан қоғамға қажетті жағы бар екенін түсіндіріп, еңбектің өнімділігін, еңбектің нәтижесі бар екеніне көз жеткізу керек.

Еңбек тәрбиесінің педагогикалық негіздерін зерттей келе, алғашқы қауымдық құрылыстағы қарапайым еңбек құралдарынан бастап қазіргі кездегі жетілген өндіріс құралдары мен технология жабдықтарының жасалуы және қолданыста болуы дәлелденеді. Сондықтанда, ең алдымен, адамның еңбек тәрбиесін, адамгершілік парызын қалыптастыру келелі мәселелердің бірі болып саналады.