ШЕТЕЛ ТІЛДЕРІН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

77

ШЕТЕЛ ТІЛДЕРІН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Бүгінгідей ғаламдық жаһандану кезеңінде, ғылым мен техниканың қарыштап дамыған ХХІ ғасырда әлемнің көшбасшы елдері мен алпауыт мемлекеттерінің жетегінде кетпес үшін,  жас тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде еліміздің экономикасын көтеріп, өндірістерін жандандыру маңызды болмақ. Ол үшін ең алдымен отандық білім және ғылымды дамыту қажет. Әрбір қазақстандық қызметкер, болашақ білікті кадрлар- бүгінгі студенттер, оқушылар мен жастар білімді болуы тиіс.

Білікті кадрлар- білімді жастардан шығады.

Осы орайда «Шетел тілдерін оқытудың өзектілігі қандай?»- деген орынды сұрақ туындайды. Елестетіп көріңіз.

Сіз еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкер не бизнесменсіз. Сізге жұмыс бабымен Америка немесе Европаға баруға тура келді. Ондағылардың барлығы ағылшын тілінде сөйлейді. Ал сіз- бұл тілде мүлдем білмейсіз. Не істер едіңіз?

Ал енді басқаша елестетіп көрейік:

Мысалы: Халықаралық ұйымдар өз бағдарламаларына сәйкес озық елдерде іс-тәжірибе алмасу мақсатында конкурс жариялады. Сіз сол конкурстың кандидаты болуға лайықты білімді, тәжірибелі болашағынан үміт күттірер білікті қызметкерсіз. Бірақ іріктеу турынан өтуге қорқасыз. Себебі сіз шет тілін білмейсіз. Не істеу керек?

Шет елде сізге кездескен ағылшын тілді жолаушының “I was wondering if you could possibly tell me the way to Hуde Park?”- деген сұрағына қалай жауап берер едіңіз?  Ымдап, қол сілтеп жауап бересіз бе?

Ондай кезде ағылшын тілін білген болсаңыз қорықпастан, батыл түрде “Sorry, I wouldn’t tell you, I don’t know”- деп жауап берген болар едіңіз.

Бұл жағдай шет тілін білмейтін жеке тұлғалардың басында кездесетін жағдай.  Міне,  осыдан-ақ шет тілін оқытудың бүгінгі таңдағы өзектілігін көруге болады.

Енді шет тілін оқытуды мемлекеттік тұрғыдан алып қарағанда қандай қажеттілігі бар, соған тоқталып көрелік.

Осы орайда 2002 жылдың қыркүйек айында қабылданған «Қазақстан Республикасы жалпы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында» көрсетілген: Шет тілі оқу пәнін оқытудың басты мақсаттары- оқушыларға шетел тілінде қарым-қатынас жасауды базалық деңгейде игерту. Осыған сәйкес оқыту мазмұнына қарапайым коммуникативтік біліктілікті, яғни шетел тілін қажетті жағдаяттағы ауызша және жазбаша (сөз, тыңдап түсіну, оқу, жазу) өзара мәдени қарым-қатынас процесінде қолдана алу қабілеттілігі мен дайындығын қалыптастыруды қамтамасыз ететін тілдік, сөздік, әлеуметтік-мәдени білім, білік, дағдылар жоғарыдағы мысалға жауап бола алады. [Қазақстан мектептеріндегі шетел тілдері, 2003, № 4, 22 бет]

Біріншіден, жас тәуелсіз елімізді әлем танып, абыройын мойындап отыр. Еліміз барлық сала бойынша әлем алдында өзіндік орны бар, саяси маңызы бар халықаралық ұйымдар мен әлемдік қауымдастық алдында саяси салмағын танытты. Саяси-экономикалық тұрақты елімізбен әлемнің көптеген елдері саяси-мәдени және экономикалық байланыс орнатуға қызығушылық танытып отыр.   Осы негізде заман талабына сай мемлекеттік немесе жеке тұлғалардың табысты әрекет етуінің негізгі факторларының бірі- шет тілін білуі болып табылатыны ақиқат.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында- Қазақстан дамуының басты шарты- қоғам мүшелерінің білім деңгейінің артуына тікелей байланысты екенін атап айтқан болатын. Жаһандану заманында интеллектуалды ұлт қалыптастыру Елбасы нұсқағандай, қатал бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ғана қатысты емес, оларды ел экономикасын алға тартатын күш ретінде орнықтыруға да байланысты.

Әлемнің дамыған елдерінде білім- экономиканың өндіруші саласы болып табылады. Нақтырақ айтқанда, білім мен ғылым өзін-өзі асырайды және елді де асырайды.

Мұны білім саласына байланысты қарастырсақ, еліміздегі әрбір оқу орны тапсырыс берушінің (ол мейлі мемлекеттің өзі бола ма, жоқ өз қаржысымен оқуға тілек білдірген жеке адам бола ма-бәрібір) қалағанынан, не күткенінен асып түсуі қажет. Сонымен қатар оқу орны тұтынушының бүгінгі мүддесіне ғана емес, келешек тағдырына (карьерасына, материалдық және рухани ынсап-берекесіне) ықпал етеіндей білім беруі тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, болашақ маманның сапасын оның білімділігі мен құзыреттілігі анықтайды. Еңбек базары осы қасиетті талап етіп отыр. Бұдан шығатын қорытынды: білім сапасы- өмір сапасының негізі.

Европа елдерінде әрбір европалықтардың кем дегенде халықаралық қолданыстағы екі шет тілін меңгерту- азаматтардың шет тілін меңгеру бағытындағы білім саласының ең басты бағытының бірі болып саналады. Ең алдымен экономикасының тасы өрге домалап тұрған елдердің тілін үйретуге ерекше назар бөледі.

2003 жылғы «Білім мен ғылым қызметкерлері съезіне» қатысушылар алдында  Елбасы сөйлеген сөзінде: «Білім мен ғылымды өз дәрежесінде меңгерген елдер ғана әлемдік дамудың алдында, озық көштің бұйда ұстар тұсында болады. Өйткені бүкіл рухани мұраттың материалдық базасы- экономиканы өркендету ісінде ғылым мен техниканың шешуші роль атқаратыны ақиқат. Ендеше біз халыққа білім беру және ғылымды дамыту, оларды реформалау ісін барынша қарқынды жолға қоюымыз керек. Бұл-жаңа ғасырдың, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған басты талабы»- деген болатын.

Екіншіден, Елбасы 2006 жылғы халыққа Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы » мәдени бағдарламасын ұсынған болатын. «Тілдердің үш тұғырлығы дегеніміз ол- мемлекеттік тіл- қазақ тілі, ұлтаралық тіл- орыс тілі, ал ағылшын тілі- жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»- деп анық та айқын атап көрсеткен болатын. Еліміздің тізгінін ұстар бүгінгі жастарымыз әлемнің кез-келген жерінде кез-келген қызметіне жарайтындай бәсекеге қабілетті маман болуы үшін шет тілін меңгерудің маңызы зор.

Қазақстан өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет. Оның ішкі және сыртқы саяси ағымына сай мамандандырылған іс жүргізетін мемлекеттік құрылымы қалыптасқан. Бұл келешекте де дами бермек. Білім дамыту институты мектеп мұғалімдерінің шет тілін оқыту барысы деңгейіне өз отанымыздың мәртебесін көтеру тұрғысынан қарайды. Шет тілін білу- қазіргі заманның ешкім шек қоя алмайтын талабына айналып отыр. Бір немесе бірнеше шет тілін еркін меңгерген бала кейін келе өмірдің кез-келген саласынан өз орнын табары сөзсіз.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Мемлекет басшысы білікті мамандар дайындау ісіне ерекше көңіл бөліп келеді. Кең байтақ елімізді дамыту, оның қойнауындағы жатқан ен байлықты тиімді игеру, дамыған елдердің озық технологияларын меңгеру жолында білікті мамандар ешқашан көптік етпейді. Ал шет елдердің даму тарихын, ондағы ғылым мен білімдегі жаңалықтарды үйренуге, озық инновациялық технологияларды меңгеруде шет тілін білу- отанымыздың әлемдік көштен қалмауға өз септігін тигізеріне ешкім дау айта алмас. Осының айқын дәлелі – Елбасының бастамасымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасы. Осы бағдарлама бойынша әлемнің озық мемлекеттерінде білім алған жастарымыз қазіргі таңда еліміздің түрлі саласында табысты қызмет атқарып, жарқын болашағына өз үлестерін қосуда.

Үшіншіден, еліміздегі білім саласындағы реформалардың жарқын айғағы — 12 жылдық білім беру жүйесін енгізу болмақ. Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес 12 жылдық мектеп 2020 жылы толыққанды жұмыс істей бастайтын болады. Еліміздің дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарында 12 жылдық мектепке көшу мерзімі 2015 жыл деп нақты көрсетілген.

12 жылдық білім жүйесіне көшкен кезде оқу ұйымдарында кей пәндер шет тілінде өтілетін болады. Білім жүйесінде ең маңызды буын- орта білім. Білген адамға орта мектеп- интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың негізі. Бір жағынан бұл буын қоғамның барлық мүшесіне қатысы бар. Сондықтан бұған әрбір отбасы алаңдайды. Екінші жағынан жалпы білім бастауын мектептен алады, ол оның қайнар көзі.

Жалпы әлемдік даму бәсекелестікке негізделген. Шынайы жарыс, адал бәсеке қоғамның дамуының кепілі. Әлбетте, бұл жарыстың уақыт пен жағдай анықтайтын өз межесі, өз бағамы бар. Сондықтан әлем айдынындағы тәуелсіз Қазақстан саясатта болсын, білім-ғылым ізденісінде болсын осы меже мен бағамның үдесінен шығуға мақсат ұстанатыны анық.

Елбасы Жолдауында аталғандай қоғамды сапаландыру бағытында білімнің басым бағыттарының бірі- әлемдік жаһандану кезеңінде жастарға берілер білімнің мазмұнын ұлттық құндылықтармен, мәдениетаралық түсінікпен, ақпараттық жетістіктермен, тілдік (ана тілі мен шетел тілдері) байлықпен толықтыру болмақ.

Қазақ бабаларымыздың сол кездердің өзінде болашақ үшін қам жеп, ұрпақтарына «Жеті жұрттың тілін білген, жеті жұрттың қамын жер»- деген қанатты сөзді бекер айтпаған болар.

Бірақ та есте ұстар жайт: жақсы меңгерген шет тілі өз ана тіліміздің абыройын асқақтату жолында қызмет етуі.

Осы жоғарыда айтылған факторлар бүгінгі таңда жас тәуелсіз еліміздің әлемнің саяси аренасында лайықты орын алуда- шет тілін жетік игерудің өзектілігін көрсетіп отыр. Сондықтан да шет тілін игеру еліміздің білім саласын дамытудың басым бағытының бірі болып қала бермек.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

 

  1. Қазақстан мектептеріндегі шетел тілдері. 2003 ж, № 4;
  2. Мектептегі шет тілі. 2003 ж, № 1
  3. Мектептегі шет тілі. 2003 ж, № 4
  4. Мектептегі шет тілі. 2003 ж, № 5
  5. «Сыр бойы» газеті. 2010 ж, № 45.

«Білімнің мемлекетшіл қуаты», Дархан Мыңбай.