МҰРАЖАЙ МҰРАЛАРЫН СЫНЫПТАН ТЫС ЖҰМЫСТАРДА ПАЙДАЛАНУ

82

МҰРАЖАЙ МҰРАЛАРЫН СЫНЫПТАН ТЫС ЖҰМЫСТАРДА ПАЙДАЛАНУ

 

 

Алдабергенова Алмагүл Қажымұратқызы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және

әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының аға ғылыми қызметкері

Семей қаласы.

 

Қазақстанның білім беру және ғылым саласында жүйелі бірнеше ғылыми мекемелер еңбек етуде. Солардың қатарына мұражайлардың өзіндік атқарар ролі ерекше. Қазіргі кезде елімізде мұражай – ғылымның, білімінің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекеме. Мұражай, музей, (грек тілінде museіon – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқарады. Мұражай заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Ол ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Қазақ халқының болмыс-бітімін, асыл мұраларын, ұмыт болған тарихын қазіргі ұрпақтың жадында жаңғыртатын, санасына сіңіретін, сонымен қатар, ел тарихын барша әлемге паш ететін, шет елден келген қонақтарды өзінің әсемдігі мен жүйелілігі арқылы таңқалдыратын механизмнің бірі-мұражай болып табылады.

Осындай мекемелердің бірі — Семейдегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы. Қорық-мұражайдың негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығына және оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау.

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы қазақтың ұлы жазушысы, академик М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар кеңесiнің 1-сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазанда мереке үстінде ашылды.

Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады. 1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып қайта құрылды. Қазіргі кезде мұражай әдеби-мемориалдық музейден Республикадағы ірі қорық-мұражайларының біріне айналды.

Мұражайлар қызметінің негізгі бағыттарына: мұражай қорындағы құнды жәдігерлерді жинау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, қайта қалпына келтіру (реставрация), зерттеу нәтижелерін ақпарат жүйелерінде тарату, мұражайдың кадрлық жүйесін жетілдіру, мұражай жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне көрмелер, экспозициялар ұйымдастыру, ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, тақырыптық дәрістер, танымдық сабақтар өткізу, мұражайлық басылымдар шығару және т.б. сан-салалы қызметтер жатады.

Мұражайда көрсетілген мәліметтер мен заттар — тарих куәсі, оқу-тәрбие орталығы екендігін дәлелдейді. Қазіргі заманғы кез-келген түрдегі және бағыттағы мұражайлардың басым аудиториясы болып, мектеп жасына дейінгілерді қосқандағы барлық жастағы балалар болып табылады. Жас ұрпақ дүниетанымының дұрыс қалыптасуы, ой-өрісінің жоғары болуы мектепте оқытылатын пәндердің мазмұнына, оқу-әдістемелік жүйесінің ұйымдастырылуына байланысты. Әдебиетті оқыту тиімділігін арттыруда, оқушылардың ақыл-ойын, әдеби қабілетін дамытып жетілдіруге осы пәнге қатысты жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың үлесі ерекше.

Әдебиет пәнінен жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстарының алғашқы бастамаларын ұсынып, оның дамуына жол ашқан қазақтың тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің : «Оқу-білім беру жұмысын сабақ уақытымен ғана шектеуге болмайды, интернатта тұратын балалар үшін сыныптан тыс жұмыстар, өздігінен кітап оқу мәселелері жүйелі, жан-жақты жүргізілуі керек» — деген пікірі әлі де өз құндылығын жойған жоқ, тіпті осы заман талабына сай айтылғандай.

Мектеп оқушыларының оқырмандық қызығушылығын дамыта отырып, олардың бойында оқырмандық дағдыны қалыптастыру арқылы адамгершілікке тәрбиелеу мәселесі оқу-тәрбие үрдісіне үздіксіз, жүйелі түрде атқарылатын жұмыстарының маңыздысы әрі бастысы. Бұл жүйелі жұмыстардың бір саласы ретінде әдеби-мәдени орындардың қызметі зор. Мұражай қорында жинақталған мұралармен танысу, тәрбие, білім беру үрдісінде оқушыларға нағыз ұлттық білім негіздерін беруге мүмкіндік тудырады деп санаймыз. Ол мүмкіндікті, біз, мектеп пен мұражайлар арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижесінде пайдалана аламыз.

Мұражайда білім беру процесінің мәні сәл өзгеше: мұражайға келуші енді тәрбие құралы емес, тең дәрежедегі пікірлесуші, яғни аудиториямен әңгімелесу диалог формасына ауысты. Мұражай мен оған келушәлердің өзара қарым-қатынасының жаңа әдістеріне байланысты «мәдени-білім беру қызметі» термині пайда болды. Мұндағы «білім беру» ұғымы кең ауқымды, адамның интеллектісі мен ой-өрісін дамыту, оның жан дүниесі мен жеке қасиеттерін, қарым-қатынастарын дамыту. Мәдени-білім беру қызметінің теоретикалық дәне әдістемелік негізі мұражай педагогикасын құрайды; ол мұражайға келушілермен бірге жасалатын жұмыстың жаңа әдістері мен бағдарламасын құрайды, мұражайдағы көпшілікпен жасалатын жұмыстар түрлі формаларда жүргізіледі. Олар – экскурсия жүргізу, лекция оқу, сыныптан тыс жұмыстар, танымдық сабақтар өткізу және т.б.

Сабақ оқытуды ұстаз шеберлікпен түрлендіріп отырса, оқушылардың белсенділігімен қызығушылығы да арта түсері анық. Оқушылар топтарда жұмыс істеп, ойын еркін жеткізе білуге үйренуі қажет. Сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамыту жұмыстары арқылы оқушылардың білімі мен біліктілігі дами түседі. Абай қорық-мұражайынның ғылыми қызметкерлері де осы қағиданы басты назарға алып, мұражай педагогикасын дамытуға өз үлестерін қосуда.

2011 жылдан бастап өтетін Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында жаңа оқу жылына орай «Абаймен кемел білімге» атты білім апталығы өткізіледі. Апталықтың басты мақсаты – Абай шығармашылығын келер ұрпақ жүрегіне сіңіріп қана қоймай, сол арқылы өскелең ұрпақты білімге, өнерге баулып, болашаққа жол көрсету. Сол арқылы Абай шығармашылығына оқушылардың қызығушылығын арттыру. Уақыт өткен сайын қадір-қасиеті арта түсетін даналар болатындығын жұртшылық ежелден-ақ мойындаған. Абай сол тұрғыдан дара адам. «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ…» — деп Абай еңбектеріне бойлаған сайын бүгінгі ұрпақ ұлы ұстаздың білімге шақырған ұранды үнін ғана емес, оның оқыту саласындағы даналық ақылын терең меңгеріп, нұсқаған тағылымдарындағы теориялық ойларға қаныға береді.

Мұражай қабырғасында ғана емес қорық-мұражайының ұйымдастыруымен қала мектептерінде де лекциялар оқылып, танымдық сабақтар өткізіледі. Танымдық сабақтар мен лекциялардың тақырыптары Абайдың өмірі мен шығағармашылығына қатысты алынады. Мысалы:

  1. Абай мұражайының тарихы.
  2. Абай Құнанбайұлының өмірі һәм қызметі.
  3. Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы.
  4. Құнанбай қажы.
  5. Абай және оның ақын шәкірттері.
  6. Абай және Семей қаласы.
  7. Абайдың табиғат лирикасы.
  8. М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы.
  9. М.О.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясы.
  10. Абайдың аудармашылық шеберлігі.
  11. Абайдың қарасөздері.
  12. Абайдың қоғамдық өмірі.
  13. Абай және әлем әдебиеті.
  14. Абайдың талантты ақын шәкірті – Уәйіс ақын.
  15. Абайдың «Жаз» өлеңі
  16. Абай заманындағы жәдігерлер және т.б.

Сыныптан тыс өткізілетін жұмыстар болып саналатын танымдық сабақтардың негізгі мақсаты – әр тақырыпқа байланысты арнайы дайындалған слайд, жәдігерлер, мұражай экспозициялары арқылы жас ұрпақты Абай әлеміне жетелеп, 72 жылдық тарихы бар Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының тарихымен таныстырып, мұражай қоры мен экспозициясындағы құнды жәдігерлер жайлы құнды да қызықты мағлұматтар беру.

Сабақ –оқыту мен тәрбиелеудің негізгі формасы  мен орталығы. Өткізілген сабақтың сәтті болып шығуының түрлі шарттары бар. Оның ең негізгісі – ұстаздың білімі мен жан-жақтылығы. «Ұстаз –мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз жалын иесі» — дейді А.Каменский. Бұған қоса ұстазға шыңдалған әдістемелік шеберлік қажет. Білім негізінің іргетасы қаланатын, еліне тұғыр боларлық жан-жақты жетілген азаматтарды оқыту мен тәрбиелеудегі маңызды буын ол – ұстаздар. Сабақты жоспарлау, өткізу, ұйымдастыру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан педагогикалық білімімен әдістемелік шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, білім мен тәрбие негіздерін балаларға ең тиімді әдіс-тәсілдер арқылы жеткізудің жолдарын іздестіріп, Абай мұражайының ғылыми қызметкерлері тәжірибе алмасу мақсатында мұражай педагогикасының дамуына үлкен септігін тигізетін шет елдік іссапарларға да жиі шығып тұрады.

Сабақ өткізу барысында мұғалім алдында мынадай міндеттер тұрады:

-Оқушы сабақ кезінде қажетті мәліметтерді, өлең, фактіні алуға және есіне сақтауға

міндетті;

-Оқушының қабілетін арттырып отыру.

-Оқушының дүниетанымын, еңбексүйгіштігін, патриотизмін-елжандылығын, адамгершілігін арттырып отыру.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Біздің міндетіміз бәсекелестікке лайық ұрпақ тәрбиелеу», — деген пікірі жастарға Абайша білім алу, Абайша ойлау дегенді ұқтырады. Өйткені Абай шығармалары ұлттық өнерді дамытудың жаңа бағыты ретінде қызмет атқарып келеді. Ақын және оның ақын шәкірттерінің шығармаларынан оқушылар үлкен үлгі-өнеге алады. Олар ғылым-білімге, ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды жастарға өсиет етті.

Абай Құнанбайұлы жырлағандай:

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан! – деп, ел болашағы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, өмірдегі орнын табуға дәнекер болған. Абай өнегесі, Абай тәлімі, Абай ұсынған дидактикалық пайымдаулар – адамдық жолын көрегендікпен нұсқаған даналық ойлар.

Қорыта келгенде Абай қорық-мұражайы қорындағы құнды мұраларды сыныптан тыс жұмыстарда пайдалану мақсатында көрнекіліктерді пайдаланудың маңызы зор. Мәселен, сабақ жоспарына қатысты ұйымдастырылған жылжымалы көрмелер, суреттер, фотоальбомдар, буклеттер, аудиотаспаға жазылған Абайдың өлеңдері, қарасөздері, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында түсірілген бейнефильмдер, слайдтар, Абай және оның ақын шәкірттерінің әндері, Ұлы ақын-жазушыларымыздың туған жерлері жайлы мағлұматтар, Абай ауданының ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты бар жерлердің картасы, бас мұражайдың негізгі қорынан мәлімет беретін плакат-сызбаларды көрсетіп, оушыларды мұражай мұралары арқылы ізденушілік, зерттеушілікке баулу. Нәтижесінде мұражай мұраларын сыныптан тыс жұмыстарда пайдалану арқылы оқушылардың мұражайға деген көзқарастары өзгеріп, қызығушылықтары артып, қорық-мұражайдың иелігіндегі тарихи орындарға саяхат жасап, Абай, Шәкәрім, Мұхтардай ұлылардың туған жерлерін өз көзімен көруге ынталары арта түседі деп сеніммен айта аламыз.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

  1. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. –

Алматы:          «Жазушы». – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. —  1995.

  1. Қ.Бітібаева. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы: «Мектеп», 2002.
  2. Қазақ тілі мен әдебиеті.

Республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналы. №12, 2004.

  1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: «Аруна», 2005.
  2. Абай мұражайының хабаршысы. №3-4 (04) 2011.
  3. Қазақ тілі мен әдебиеті.

Республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналы. №3, 2007.

  1. Қазақ тілі мен әдебиеті.

Республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналы. №11, 2007.

  1. Социалистік Қазақстан // 24.07.1975.
  2. Мәдени мұра / №5 (26) 2009.
  3. Буклет. Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

қорық-мұражайы. (Жаңа басылым) 2010.

  1. Қазақ тілі мен әдебиеті.

Республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналы. №3, 2008.

  1. Қазақ тілі мен әдебиеті.

Республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналы. №11, 2008.