Ұрпақ тәрбиесіндегі рухани — адамгершілік мәселелері

1248
Ұрпақ тәрбиесіндегі рухани - адамгершілік мәселелері
Ұрпақ тәрбиесіндегі рухани - адамгершілік мәселелері

 

Қай заманда, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақтың тәрбиесіне зор мән берген. Қазіргі қарыштап дамыған елде, ең алдымен, ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріліп отырғаны  белгілі. Себебі ұлттың бүгіні де, болашағы да өскелең ұрпаққа байланысты.  Осы тұста мектептің алдына қоятын басты мәселелерінің бірі – өркениетті, азаматтық – адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ұлттық құндылығын жоғалтпаған, бәсекеге түсе алатын биік, өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу.

Тәрбие – қоғамдық үздіксіз үрдіс, қоғам мен жеке тұлғаның қарым – қатынасындағы басты жүйе. Оның негізі өлшемі өмірге қажетті тұлғаның жеке қасиеттерін қалыптастыру. Оқушы бойында саналы тәрбие мен байыпты мінез қалыптастыру, рухани дүниесі бай  интеллекті тұлға тәрбиелеу ұстаздың мақсатқа бағытталған іс – әрекетіне байланысты.

Тәрбиенің негізгі міндеті— қоғамның қажетті талаптарын әрбір баланың бойында борыш, намыс, ар- ождан, қадір- қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.

Қазіргі таңда елімізде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени жаңалықтарға байланысты оқу үрдісін ұлттық сипатта ұйымдастыру – заман талабы. Әр халықтың өзіне тән дәстүрі, оның білім беру мәдениеті осы оқу — тәрбие үрдісіне тікелей байланысты.Қазақ халқы – өзінің бай тарихи мұрасын, өнері мен тілін, салт – дәстүрін, әдеп – ғұрпын, рухани – адамгершілік тағылымдарын ұрпағына мұра етіп қалдырған. Сондықтан оқу – тәрбие үрдісінде қолданылатын әдіс- тәсілдер, деректер ұлттық психология ерекшіліктерін ескеру қажет.

Халқымыздың ғасырлар бойы ұлан- байтақ жерін сыртқы жаулардан қорғауда ерлігімен көріне білген батырлары мен қолбасшыларын, халқының сөзін сөйлеп, ел қамын ойлаған шешен — даналарын мақтан еткен. Отанымызды қорғау, шежіреге толы тарихын білу, тілі мен дәстүрін сақтау, зерттеу – азаматтық борышымыз. Сондықтан бар халық мақсаты өзінің өскелең ұрпағына тәрбие беруде күнделікті тұрмыс кәсібін ұлттық арнада ұйымдастырып, рухани- адамгершілік тағылымымен ұштастыра білген.

«Адамгершілік» — адам бойындағы «ізгілік», «сыйластық», «инабаттылық», «кісілік» сөздерімен мәндес. Халықтық педагогикада адамның жағымды мінез – құлықтарын осы ұғымдардан таратады. Мінез – құлық пен қарым- қатынастағы келесі әрекеттерді атап өтуге болады: адамды сыйлау, ар- ұятын сақтау, мейірімділік таныту, кішіпейілділік көрсету т.б.

Рухани – адамгершілік тәрбие – белгілі бір мақсатқа қол жеткізе білетін мақсатты, жүйелі, ұлттық көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез- құлықтағы адами тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жалпы азамзаттық тәрбиенің құрамдас бөлігі. Адамгершілік тәрбиенің бүкіл жүйесі гуманистік мазмұнға толы, рухани негізде жеке адамның жан- жақты дамып жетілуіне бағытталған.

Адамгершілік тәрбие мәселесі негізінен ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, тәрбие берудің әдістемелік жолдарына негізделеді.

  • Ұлттық дәстүрлер арқылы оқу – тәрбие үрдісінде адамның рухани мәдениетін қалыптастыру.
  • Ұлттық дәстүрлер арқылы адамның психологиялық ерекшеліктерін зерттеп, дамыту.
  • Салт – дәстүрлер негізінде, ұлттық психологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, рухани – адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеу.

Бұл мәселеге байланысты елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «… жаңа жағдайларға байланысты бәрімізді алаңдататын мәселе – білімді, кәсіби даярлығы бар адам тәрбиелеу ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті, рухани және адамгершілік мүмкіндігі мол тұлға қалыптастыру болып табылады», — деп атап көрсетті.

Міне, осы тұста қоғамға жан- жақты білімді, жоғарғы мәдениетті, еңбекқор, іскер ізденімпаз, қабілетті, шығармашыл тұлға қажет. Ондай тұлғаны орта және жоғарғы оқу орындары тәрбиелейді.

Аламгершілікке тәрбиелеудің маңызды педагогикалық шарттары – оқушылардың белсенді өміршіл, саналық көзқарасын, сөз бен істің бірлігін адамгершілік нормаларынан ауытқуларына жол бермеуді қалыптастыру. Ол баланың жеке басының қалыптастырушы дамудың аса маңызды бір саласы. Бұл арқылы Отанға, еңбекке қатынасын айқындайды. Тәрбиелі ұстаз шәкірттерге жан- жақты тәрбиені осы адамгершілік тәрбиесінен  бастайды. Себебі бұл оның адамгершілік сезімін, сенімін белгілі бір мақсатқа жетелеу іс –әрекетін ұйымдастыруды жетілдіреді.Сонда ғана ұстаз шәкірттерінің ізгілігін, адалдығын, кішіпейілділігін қалыптастырады.

Ізгілік отбасынан бастау алады, оған ата- ананың берген тәрбиесі, тұрмысы ықпал етеді. Халықтық мақал «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» адамгершілік тәрбиенің негізгі отбасында қалыптасатынын көрсетуде. Халық, жанұя құндылықтарын ауызша халық шығармашылығы арқылы тапсырады,  мысалы, аңыз ертегілерді, ырымдарды, салттарды қолданады, дін арқылы, әртүрлі қоғамдық ұйымдар арқылы т.б. Халық ауыз әдебиеті адамгершілік –эстетикалық тәрбие беруде баланың ой- өрісін дамытады. Олардың тіл байлығы және шексіз шешендік мүмкіндіктерін арттырады.

Оқушыларды кішіпейілділікке, адамгершілікке тәрбиелеуде қазақ халқының тәлімдік тиімді құралының бірі – ертегі . Оларда халықтың тыныс- тіршілігі, әдет- ғұрыптарының дәстүрлері, бақыт жолындағы күресі, баланың өзара қарым- қатынастары – өз халқына, Отанға, туған жеріне, оның табиғатына сүйіспеншілігін бейнелеген. Мәселен:

«Жақсы сөз – жарым ырыс»,— деп адам қасиетін білдірсе,

Ұлық болсаң – кішік бол, — деп кішіпейілділікті,

Әдепті бала- арлы бала,

Әдепсіз бала – сорлы бала,- деп көрегендікті,

Шешеннің тілі ортақ,

Шебердің қолы ортақ, — деп адам бойындағы өнер жалпы халықтың қазынасы екендігін уағыздайды. Мақал бойындағы тапқырлық пен өткірлік, дәлдік қазақтың тәлім- тәрбиелік құралы ғана емес – дауға да тоқтам салған қаруы болған. Балалардың мінез-құлқы, бойындағы шынайы қасиеттері туралы берілген жаңылтпаштар, жұмбақтар да баланың зерделеуге қабілетін жетілдіреді.

Оқушыларды рухани адамгершілік тәрбиелеу мәселесі әрбір ата- ананың, қоғамның және жалпы мемлекеттің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі, себебі қоғамда жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мәселесіне қатысты күрделі проблемалар қалыптасты. Қазіргі таңда өскелең ұрпаққа арналған нақты өмірлік бағдарламаның болмауы, қоғамдағы рухани- адамгершілік ахуалдың төмендеуі, балалармен бос уақыттағы мәдени жұмыстарының әлсіздігі,балалардың физикалық дайындығының нашарлауы және тағы басқа мәселелер өзекті болып отыр. Білім беру жүйесі тұлғаның рухани дамуына жоғары деңгейде кепіл бола алмайды, өйткені тәрбие – бұл күнделікті өмірдегі адамның әрбір адамға деген құрметі мен сыйластығы негізіндегі басқа адамдарға деген қарым – қатынасын анықтайтын тұлғаның сапасы.

К.Д. Ушинский: «Тәрбиелеудің басты міндетін адамгершілік әсер етуден құрайды»,- десе, дана Абай: «Ақпейіл және ықыласты жүрек адамды жетелеуі тиісті,сонда ғана оның еңбегі және табыстылығы ерекше мәнге ие болады. Адам болып дүниеге келу жеңіл, бірақ адам болу қиын»,- деген болатын. Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ  ұрпағымыз тәрбиеден ғана  рухани байлық алып, тәрбие арқылы  ғана  Адам болып қалыптасады.

Адамның адамгершілік негіздері болмаса, ол еркінен, өмірлік бағдарынан  тез айырылып, тағдырдың ойыншығына немесе қылмыс әлемінің құрбанына айналады. Ондаған, мыңдаған нашақорлар, маскүнемдер, қаңғыбастар, қамқорсыз балалар, жетімдер – бұл күннің шындығы. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер кері жолға бейім болады.

Әрине әр адам өз өмірінің қожасы және ол өз өмір жолын өзі таңдайды, басқа адамдармен қарым – қатынас жасайды, қателіктерге бой алдырады. Сені қоршап тұрған жағдайды өзгертуге болады, бірақ өзіңнің ішкі әлеміңнен қашып құтыла алмайсың. Сонымен қатар, егер адамның жаны немесе рухы сырқат болса, онда ешқашан сау бола алмайды. Сондықтан адамның қандай рухани құндылықтарды игергені өте маңызды. Адамгершілік тәрбиесі оқу тәрбие үрдісінің барлық саласында, оқыту, білім беру және еңбекке баулу үрдісінде жүзеге асады. Тәрбиелі болу үшін адамгершілік қасиеттерді жатқа білу жеткіліксіз, оның терең ой елегінен өткізу, бастан кешіру, мінез- құлыққа бекіту керек.

Тәрбие ісі нақты кезеңнің ерекшеліктерін сақтай отырып, болашаққа бағдар береді, жеке тұлғаны соған дайындайды. Жеке тұлғаның адамгершілік құндылықтары өмірге келген күнінен басталады. Мектепке дейінгі жаста балалардың бастапқы адамгершілік қасиеттері мен ұғымдары, мінез –құлықтың қарапайым дағдылары қалыптасады. Баланың мектеп жасына дейінгі қалыптасқан мінез –құлықтары болашақта ересек қоғамда және құрбы-құрдастарымен қарым – қатынасқа түскенде көріне бастайды. Бастауыш сыныпта адамгершілік көзқарастардың, мінез –құлықтардың, сезім мен сананың жаңа түрлері одан әрі дамытылады.

Мектеп оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу – ең алдымен оқыту үрдісінде қалыптасады. Әр түрлі пәндерді оқыту кезінде бастауыш сынып оқушыларының достық, жолдастық, өмірге деген белсенді көзқарас, Отан туралы ұғымдары қалыптасып дамиды. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ата- аналарды қадірлеу, еңбектенуге үйренеді. Бұл жаста балалар сапалы тәртіпке, жолдастық өзара көмекке, адамның көңіл- күйін түсіне білуге дағдыланады. Олар мектептегі оқу әрекетіне деген өзіндік қатынастарын, отбасында, қоғамда өзін – өзін ұстауды біледі. Соның нәтижесінде бастауыш сынып оқушыларында дербес және қоғамдық мінез – құлық, адамгершілік қарым- қатынасы дамиды.

Жас жеткіншектер 5-9 сынып оқушылары өздерін ересектер қатарына қосып, өз бетімен тіршілік етемін деп қиял жетегімен кетеді. Бұл жастағы оқушылардың дамуына ұйымшылдық, тәртіптілік, қамқорлық, құнттылық, т.б. қасиеттер әсер етеді.

Жасөспірімдердің немесе 10-11 сынып оқушыларының ғылымға, мамандықтаңдауға ынталары артады. Бұлар әділеттілік, борыш, ар- намыс, ұят, адалдық сынды моральдық ерекшеліктерге көңіл бөледі. Олар үлкендермен қарым – қатынас жасауда өзін- өзін тәрбиелеуді қажет етеді. Сондықтан бұл жаста көбірек ерік берген жөн. Өскелең ұрпақтың адамгершілік тәрбиесін іске асыруда  қоршаған ортаның ықпалы орасан зор. Оқушылардың бойына тәрбие негіздерін дарыту мектепте оқытылатын барлық пәндерге бірдей жүктеледі. Әсіресе, оқушының адамгершілікке тәрбиелейтін пәннің бірі- тарих. Ол шәкірттердің бойында отансүйгіштікті, ұлтжандылықты,сенімділікті қалыптастырады. Қазақ халқындағы хандар мен билердің, шешендер мен жыраулардың орны бөлек. Тарих пәні  оқушылардың рухани дүниесін байытып, өзінің қоғамдағы орнын табуға, ұрпақтың батырлығына көмек көрсетуді тудырады, олардың ізгі талап – тілектерін оятады. Сонымен бірге, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін, оқушылардың моральдық қасиеттерін қалыптастырады.

Елімізде рухани адамгершілік тәрбиені жетілдіру мемлекеттік міндет деңгейінде көтеріліп отыр. Бұл міндеттің практикалық шешімі  — «Өзін – өзі тану» пәнінің енгізілуі, оның авторы С.А. Назарбаева. Өзін – өзі тану пәнінің басты міндеті- өзінің дүниетанымына үңілу, өзіңді сүю мен сыйлай білу, өз ісіне жауапты болу, өз арыңмен келісімде өмір сүру, өзіңнің жанына жақын іспен айналысу, адамдарға мейірімділік таныта білу, ізгілікті болу. Тәжірибе көрсеткендей, өзін- өзі тану білім берудің құнды мәнін нығайта отырып, тұлғаның шексіз сүю, өз ісіне және жеке күшіне сену, ізгілікті іс жасау, көп білу және өзін –өзі жетілдіру, физикалық, психикалық, рухани дамуда үйлесімдікке қол жеткізу дағдыларын қалыптастырады.Бұл пән балалардың өзара қарым – қатынасын дамытуына ғана емес, сондай –ақ баланың өзін – өзі тануына адамгершілік негіздерін жинақтауына, сана- сезімінің қалыптасуына, қоршаған ортамен махаббат, ізглік және өзара түсіністік негізінде өзара қарым – қатынас құра білуіне, бір тұтас тұлғаның қалптасуына әсер етеді.

Мектеп оқушыларына тәрбие беру тек жеке пәндерде ғана емес, сыныптан тыс іс- шараларда,үйірме жұмыстарында рухани құндылықтарға баулуға болады. Мұндай жұмыс түрлеріне сынып жетекшінің эстетикалық әңгімесі, түрлі ой жарыстары, пікір таластарын  жатқызуға болады.

Жасөсіпірімдерді адамгершілікке тәрбиелеуде өмірде кездесетін түрлі жағымсыз жағдаяттардан сақтану мәселесі де ескерілуі қажет. Көбіне көптеген отбасыларда күнделікті тірлік қамымен балалардың рухани қажеттіліктері ескерілмей, екінші орынға жылжиды. Бала дұрыс, адамгершілік іс- әрекеттерді, салауатты өмір салтын, жақсы мен жаманды айыра білу, өзін — өзі жетілдіруге деген ынтасын қалыптастыруы керек, қажет кезде өз бетімен шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасауы үшін кішкентайынан өз дегенін іске асыруға баулу керек. Ал бұл дағдылардың барлығы жанұяда қалыптасады.

Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде ата- ананы оқу –тәрбие үрдісіне қатыстыру, олармен тығыз байланыс орнату мәселесі негізгі мәселе болуы тиіс.

В.А. Сухомлинский: «Егер баланы тәрбиелеген дәрежеге жеткізудің сәті түссе, адамгершілік тәрбие жеке адамды жетілдіруге тиімді ықпал жасайды» дей отырып, «Егер біз балаға қуаныш пен бақыт бере алсақ, ол бала дәл сондай бола алады»,- деген болатын.

Рухани дүниесі бай, қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы, ой-өрісі кең адамдарды толық қалыптасқан, мінезі тұрақты адам дейміз. Мінездің тұрақтылығы адамның рухани-адамгершілік түсініктерінен туындайды. Ендеше, оқушыларды рухани-адамгершілік тәрбиесі арқылы толыққанды жетілген азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың басты мақсаты. Рухани-адамгершілік тәрбиесінде мұғалім оқушыны тұлға ретінде танып біліп қана қоймай, оның дамуында кешегіні, бүгінгіні, болашақты көре білуі қажет.

Түйіндей келе, адамгершілік тәрбиесі – бұл адамның туғаннан басталатын және өмір бойы  жалғасатын, адамдардың  мінез- құлық нормаларын игеруіне бағытталған үздіксіз үрдіс. Оның мазмұны оқушының жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасу шеңберінде дамиды. Сондықтан оқу – тәрбие жұмысын ұйымдастыруда оқушылардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеру маңызды орын алмақ.

Пайдаланған  әдебиеттер тізімі:

  1. С. Ғ.Тәжібаева  Мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастыру технологиясы. Оқу құралы. Алматы,Білім,2008
  2. О.К. Трубецкая Балалардың рухани- адамгершілік құндылықтарын қалай жетілдіруге болады // Сынып жетекшінің анықтамалығы №12(48) 2012
  3. Л. Омарова Адамгершілік тәрбиені қалыптастыру мәселелері // Бастауыш мектеп № 2 2004