ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕР АТАУЛАРЫ СЫР ШЕРТЕДІ

104

Баяндама тақырыбы: ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕР АТАУЛАРЫ СЫР ШЕРТЕДІ

 

Әрбір сауатты, саналы, парасатты деген азамат бір сәт артымызға ата-бабамыздың жүріп өткен жолына ой жіберіп қарайықшы. Әрине теп-тегіс жол көре алмас едік. Қазақ халқындай көп қиындық көрген, аласапыран жолдарды жүріп өткен халық жоқ-ау. Қазақ халқының жер бетінен ұлт ретінде жойылып кету қаупі қанша рет қайталанды. Дегенмен, бір жеңнен қол шығарып, еліміз бен жерімізді сыртқы жаулардан азат ету жолында ерен ерліктер көрсетті, ақыры бүгінгі тәуелсіздікке ұласты.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында «Қазақстан Орта Азия Барысына Айналады» деп атап көрсеткен. Ондағы мақсат: Барыс биік шыңдарда өзінің ірілігімен, терісінің бағалылығымен ерекшеленсе бұл қасиеті Қазақстанның ішкі байлығымен теңестіріледі. Табиғат байлықтары: жер асты, жер үсті байлықтары. Менделеев таблицасындағы 109 элементтің Қазақстан жер қойнауынан табылуы, (темір, күміс, алтын, хром, бром, мыс, мырыш, марганец т.б.) соның айғағы.

Ал барыстың тектілігі, маңғаздығы, ешбір аңға өздігімен шабуыл жасамайтыны, ал тиіскен аңды оңдырмайтын қасиеті Қазақстанның сыртқы саясатына теңестіріледі. Қазақ елінің о бастағы бабаларымыз салған сара жолы – ешкімге соғыс ашпау, ешбір жауға жерін таптатпау болса, бүгінгі күні ҚР Ата заңында көрсетілген «Қазақстан Республикасының жері біртұтас, ол бөлінбейді және ешкімнің қол сұғуына жол берілмейді» деп, атап көрсеткен. Және Қаз дауысты Қазыбек бидің «Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» деген сөзі де осының дәлелі болар. [1]

Зерттеудің мақсаты: Жергілікті жердегі жер атауларын анықтау, олардың тарихына үңілу.

Зерттеудің әдістемелік негізі: Жергілікті жердегі жер атауларына қатысты тың деректер іздестіріліп жинақтаалды. Бұл мәселеде көне көз қариялардың сөзіне көңіл аударылып, талдау жасалды. Зерттеуді жүргізу барысында журналистік әңгіме – сұқбат жүргізу әдістеріне қоса, түрлі мұрағат құжаттарына қатысты тарихи салыстырмалы, тарихи статистикалық және талдау әдістемелері қолданылды.

Зерттеудің жаңалығы мен дербестік дәрежесі: Жергілікті жер атаулары  тарихына қатысты бұрын – соңды белгісіз болып келген тың деректерді жариялау, көнекөз қариялардың естелік әңгімелерін беру зерттеудің басты жаңалығы болып саналады.

Зерттеу нәтижесі: №241 орта мектеп базасында тарих пәні бойынша өткізілген мектепішілік конференцияда аталған тақырып бойынша ғылыми – зерттеу баяндамасы жасалды. Облыстық «Он бірінші сынып» газетінде «Таштоп табиғаты», «Сексеуіл» атты тарихи танымдық зерттеу мақалалары жарық көрді.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы: Жергілікті жер атаулары зерттеу обьектісі ретінде алынып, тиісті қорытынды жасалды. Олар туралы тың деректердің бәрі зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығын айшықтай түседі. Бұл зерттеу еңбегі жалпы Сыр өңірінің тарихын зерттеушілер үшін аса құнды екенін атап айтуымыз керек.

«Таштоп» елді мекені жайлы терең мағлұмат ауылдағы көне көз қариялардың бірі Райымбеков Несіпбай ақсақалдың айтуымен жазып алынды.

 

 

1

1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқтала бере Жапон басқыншылары КСРО – ға Шығыстан шабуыл жасады. Жапон басқыншылары небәрі 3 айдың ішінде талқандалды. Соғыс тұтқындарын елімізге алып келіп, қара жұмысқа салды. Бір бөлігін «Тартоғай» жеріне алып келіп, кесек құйдырды, енді бір бөлігін «Таштоп» деген жерге алып келіп, сексеуіл дайындатты. Олар Қызылқұмның ішіндегі «Нарөлген», «Бәйтел», «Бабақұдық» деген жерлерде Таштопқа сексеуіл дайындады. Қаншама жапондықтар Қызылқұмда аштан өлді, бірлі – жарым қашып кеткендері де «Жүзбай», «Қарақуыс», «Сарыкөл» деген жерлерде адасып өлді. Сол Сарыкөлдің аяқ жағында «Қытай кеткен» деген жер бар.

Таштоп сол жылдары Өзбекстанға қарайтын. Таштоп мекемесі негізінен сексеуіл қабылдап, ол сексеуілді поез арқылы Шиелі теміржолына жеткізіп отырған.

Таштоп – «Ташкентское топливо» деген сөзден шыққан дейді.

Әлгі жапондықтар Таштопқа сексеуіл дайындаса, Таштоптағы жұмысшылар вагонға сексеуіл тиейтін. Таштопта 100 – ге тарта жанұя жұмыс жасады. Таштоп мекемесінде 30 урал машинасы, 2 трактор жұмыс істеді. Сосын дарияға паром салды. Қызылқұмнан алып келген сексеуілді паром арқылы арғы бетке өткізді. Шиеліде үлкен отын базасы болды. Ташкенттен арнайы вагондар келіп, отынды алып кетіп отыратын. Таштоптың кеңсесі қазіргі «Әдемі» тіс емханасының жанында болатын. Жер жағдайы, жол өте нашар болды. Құмда машиналар жүре алмайтындықтан, отынды түйемен тасып, оны машинаға артатын еді. Мекеменің 30 өгізі болды. Ол өгіздердің ірілігі сонша әр өгіз 1 тонна ет беретін және денесі піл сияқты үлкен болатын. 30 өгізді Клара дейтін неміс әйелі баптап қарайтын. Мақтаның шитінен дайындалған күнжара деген жем болады, сол күнжараны темір бөшкеге қайнатып, өгіздерге беретін. Әр өгізге ат қойып, сол аттармен Клара өгіздерді шақыратын. Клараның даусын естіген өгіздер шауып келетін. Өгіздер өте күшті болатын. Кейде ыспа құмдарда арбаның доңғалағы құмға кіріп кететін, сонда да өгіздер сүйреп жүре беретін. Арбаның ізіне қарасаң 30-40 см терең із қалдыратын.

Таштоптан   дарияға  дейін  темір  жол  салынған,  дариядан  ары қарай  тағы да  темір  жол  Шиеліге  дейін  тартылған. Паромның үстіне рельс орнатқан, бергі беттен тартып барған поровоз дариядан кейін қайтып отырған, арғы жағадағы поровоз ары қарай отын тиеген вагонды алып кететін еді. Бергі беттен 2 вагон тіркеп алатын поровозды «Кукушка» деп атайтын. Таштоптағы бөлімшеде май беретін және отынға накладной жазатын жұмыста істедім. Отын дайындау мекемесінде отынды кубтап алатын. Биіктігі 13 метр 20 см сексеуілге 5 сом 60 тиын төлейтін. Екі адам бір машина отын дайындайтын. Кейін құмның ішіне жол салынды, ол жолға, яғни шпал ретінде жерге сексеуіл төседі, сосын машиналар баратын болды. 1955 – 56 – 57 – 58 жылдары қатты су тасқынынан ар жақ — бар жақ болып, сексеуіл отыны Шиеліге апарылмайтын болды. Сонымен «Таштоп» отын дайындау мекемесі 1958 жылы маусым айында жойылды.[2]

Соғыс жылдарынан кейін отын дайындау мақсатында ашылған «Ташкентское топливо» мекемесі тек қана отын дайындап қана қойған жоқ. Сексеуілден көмір дайындаумен де айналысты. Ұлты армян Агабян деген маман келіп зауыт ашып, сексеуілді шала өртеп көмір жасап, сол көмірді түйелерге артып, Шоңбас деген жердегі орталық пунктке алып келіп, вагондарға артып Шиеліге жеткізіп отырған. Дарияның Қызылқұм бетіндегі темір жол Балғанбай, Балықты, Шыбықты, Сарымбет арқылы Шоңбас пунктіне жетіп тоқтайтын. Зауыт ашып көмір өндірген армян жігіті Агабянды жергілікті халық қазақшалап Ағажан деп атап кеткен. Қазір Қызылқұмның ішінде Бабақұдықта, Жыңғылдыда, Мәстекте Ағажан зауыты деген зауыттың орындары әлі бар.

«Ташкентское топливо» мекемесі 1958 жылдары жұмысын тоқтатып, оның орнына ЛЗУ (Лесозаготовительное управление) деген мекеме ашылып, орталығы Бәйгеқұм станциясы болды.

 

 

2

Енді отынды түйемен, вагонмен тасуды тоқтатып, машинамен таситын болды. ЛЗУ-ға мемлекет тарапынан батпақта, құмда жүретін Американдық судабэкер машиналары беріліп, отын тасу мәселесін оңтайландырды.

Қызылқұмда отын дайындайтын топтар құрылып, отын дайындап, машиналарға артып беру жұмыстарымен айналысты. Бұл жұмыс 1963 жылдарға дейін жалғасты. Менің атам Ізмәмбет, әжем Заhира осы жұмыстарға қатысып еңбек еткен. Отын дайындайтын топ басшысы Жаңбырбай деген кісі болған. Ол кісінің балалары Авангард (Ақмая) елді мекенінде тұрып жатыр. Бәйгеқұмдағы ЛЗУ мекемесі 1962-1963 жылдары жұмысын тоқтатып, жаңадан орман – тоғай шаруашылығы мекемесі ашылып, Шиелі ауданының орталығына көшірілді. Күні бүгінге дейін осы шаруашылық мекемесі жұмыс жасап отыр.[3]

Таштоп – Сырдарияның түстігінде, дария жағалауынан әлде қайда биіктікке орналасқан. Таштоп мекемесі орналасқан жердің сыртына өзен жеткен. Үстірттен қараған кісіге оң жағында кітапхана, бұрынғы «Қызыл отау» үйі әлі күнге дейін сақталғаны көрінеді. Қызыл отауды 1960 жылдары атақты ақын, жазушы, сөз зергері, үлкен аудармашы Қ. Әбдіқадыров құрған екен. Қызыл отау сол жылдары малшыларға қызмет еткен.

Таштоп табиғаты жанға жайлы, ауасы таза. Айналасы қалың шеңгел мен жыңғылға сіресіп тұр. Алыстан дария жағалай өскен тораңғыл мен жабайы талдар ығыса бұтақ жайған. Мал жаюға ыңғайлы, шөбі шүйгін. Негізгі өсетін шөптері: раң, селеу, қызыл мия, ажырық, қара өлең.

Емдік қасиеті мол мия шөбі Таштоп тұрған жердегі өзекті бойлай тұнып тұр. 1968 – 1970 жылдары Тәжікстанға қарасты «Чорджоу» мекемесі келіп, осы жерден дәрілік шөп, мияның тамырын жинатқан екен. Күздің аяқталар шағында әлі мал аяғы бара қоймаған тоғай маңындағы  жантақ шөбі қызыл сөктен басын алмай тұр. Өзектің арғы бетіне бару үшін көкірек тұсынан келетін мия шөбін жарып өту өте қиын соқтырады. Арырақ дария жағалай жүрсеңіз әрбір жыңғылдың түбі жидеге бергісіз биік, әрі жуан қарақусақ жыңғылдарының бір түбін 1 машина отын болар деп жобалайсыз.

Дарияға жақын топ – топ жиденің сәні де, мәні де бөлек. Мәуесі баданадай ірі – ірі, жауған жауынмен жібіп, ауызға салсаң тәттілігі тілді үйіріп еріп кетеді. Негізі шөлді жерден гөрі сулы жердің өсімдіктері бойлы, жайыла өсетіні байқалады. Аяққа тапталып жатқан ажырықтың тығыз өскендігі сонша киіздей болып, жұмсақ топырақты жауып қалыпты.

Қазір Таштопта малдың жайымен 2 – 3 үй тұрады. Осы кісілердің айтуынша: қысқа шөп жинамайды, тоғайы жылы қора, үйден шыға тұнып тұрған шүйгін шөп, сиырларының сүті майлы да, маңызды, уақ малдары күйлі көрінеді.

Қызыл отаудан былайырақ құм үлкен жал болып жатыр. Құмды бауырлай сексеуіл ағашы шоқ – шоқ болып орналасыпты. Сексеуілдері өте ірі, биік, әрі жуан. Отырықшы кісілер бұл сексеуіл, жыңғылдарға тиіспейді екен. Өйткені сол 2 – 3 үйге сән беріп тұрған мұндай дала шөптерін отырықшы тұрғындардың өздері де мақтан тұтады екен.

Қалың тоғайға аяқ бассаңыз алдыңыздан пыр ете қалған қырғауыл, үрке қашқан қоянды жиі кездестіресіз. Тоғайдағы әртүрлі құстардың көптігі соншалық , олардың аты – жөнін зерттеу, олардың тіршілігін зерттеу өзінше бір жұмыс. Жері құмшауыт Таштоп жері жаңбыр жауса ширап шаңбасты болып, ағаш жапырақтары шаң – тозаңнан арылып, өзгеше бір күй кешеді екен. Жабайы жемілген, қоянсүйек, қырықбуын, адыраспан дария жағасындағы исі аңқыған жалбызы айтса айтарлықтай екен. Сол жердің тоғайын аралай жүріп біз құрқылтайдың ұясына кез болып, бірнешеуін алып келдік. Табиғаты тамаша Таштоп жерінің құпиясы әлі де көп сияқты. [4]

 

 

3

Қызылқұм мен сұлу Сырдың екі арасын жайлаған Қарғалы елді мекені табиғи байлық көзіне өте бай. Біздің мақтанып айтатын байлығымыз, ол емдік қасиеті мол ыстық суларымыз. «Жыңғылды», «Қараой», «Жалтыр», «Батырбек» сынды ыстық су ағып тұрған құбырларымыз бар. Солардың ішінде өзінің ерекше емдік қасиетімен танылған «Батырбек» су құбыры. Сонау ХХ ғасырдың 60 – 70 жылдары барлау экспедициясы қазып, жер бетіне шығарып, арнайы ғылыми – зерттеу орталығына жіберіп, емдік қасиетінің мол екенін анықтап, құбырды жергілікті халық пайдалансын деп ағызып беріп кеткен.

Бұл құбырды кезінде Коммунизм (қазіргі Н. Бекежанов) ұжымшары өздерінің жаз жайлауы ретінде пайдаланып, басына аудан басшыларына өтініш айтып 4 үйлік там салдырып, қой фермасының қырқым алатын орталығына айналдырған. Кейін 1973 жылы «Қарғалы» қаракөл қой совхозы орнап өздерінің фермасын ашып,сол жерден қырқым пункітін салып, басындағы тамдарға күрделі жөндеулер жүргізіп, сонымен қатар ауыл тұрғындарының ем алуына жағдай жасаған. Батырбектің ыстық суы негізінен жел ауруларға ем. Буын ауруы сарып, құяң, асқазан аурулары да жазылып кеткені ел ішінде айтылып жүр. Алладан перзент сұрап, бір перзентке зар болып жүрген аналардыңда осы суға түсіп, ана деген ардақты атқа ие болғаны жайлы да ел аузында жиі айтылады.

Осындай адам денсаулығына пайдалы табиғи байлықты тиімді пайдалану жолын қарастыру баршамыздың адамдық парызымыз деп ойлаймын. Қоршаған ортаны ластап, ауаны, суды уландырып, адам денсаулығына зиянды жер асты байлығын (уран) өндіруге есепсіз ақша жұмсап жатырмыз. Ластанған ауаны жұтып, суды ішіп, денсаулығын бұзып алған аудан халқына осы Батырбектен емделетін шипажай ашып берсе билік басындағыларға рахметтен басқа айтарымыз болмас еді.

Қазір «Батырбек» су құбыры қараусыз қалған. Басындағы 4 там ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті десек болады. Бұл игі істі аудан көлемінде көп болып қолға алсақ дұрыс болар еді.

Батырбекке облыс орталығы Қызылордадан, Ақтөбеден, Шымкент, Түркістан, тіпті Жезқазғаннан да науқас адамдар келіп ем қабылдап, мақтап кеткенін ауыл тұрғындары айтып отыр.

Жалпы жұмысымды қорытындылай келе, туған өлке тарихын насихаттау оқушылардың ой – өрісін дүниетанымын кеңейтіп, өлкенің тарихын, мәдениетін тануға, білуге үйретеді деп, мынадай ұсыныстар жасағым келеді:

Жергілікті жер атауларын зерттеу жұмысы ары қарай жүйелі түрде жүргізілсе;

Жергілікті жердегі жер асты су көзі «Батырбек» суының емдік қасиетіне байланысты медициналық кешенді орталық ашылса;

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

4

Сілтемелер

 

  1. Дүйсенбиева Г. Тарих сабағын жергілікті жер материалдарымен байланыстыра оқыту. Қазақстан тарихы әдістемелік журнал. №1. 2005 жыл. 69 — бет
  2. Райымбеков Нәсіпбай ақсақалдың аузынан жазып алынды.
  3. Мәмбетов Пернебайдың аузынан жазып алынды.
  4. Айдарова Г. Таштоп табиғаты. Он бірінші сынып. №1. 2006 жыл. 4 – бет
  5. Мәмбетов Пернебайдың аузынан жазып алынды.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Айдарова Г. Таштоп табиғаты. Он бірінші сынып. №1. 2006 жыл. 4 – бет
  2.   Ахетова Н. Сексеуіл. Он бірінші сынып. №7. 2006 жыл. 2 – бет
  3.   Дүйсенбиева Г. Тарих сабағын жергілікті жер материалдарымен байланыстыра

оқыту. Қазақстан тарихы әдістемелік журнал. №1. 2005 жыл. 69 — бет

  1. Райымбеков Нәсіпбай ақсақалдың аузынан жазып алынды.
  2. Мәмбетов Пернебайдың аузынан жазып алынды.