«12 жылдық білім беруге көшудегі эксперименттік іс әрекеттерді ұйымдастыру.»

41

«12 жылдық білім беруге көшудегі эксперименттік іс әрекеттерді ұйымдастыру.»

 

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арналған Жолдауында «XXI ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» дей келе 12 жылдық жалпы орта білімге көшудің керектігін айқын көрсетті.

Осыдан-ақ, мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарына ұмтылуына байланысты әлемдік білім кеңістігіне кіру қажеттігі туындап отырғанын көруге болады. Мұның өзі егемен еліміздің білім мазмұны мен құрылымының әлемдік елдер деңгейіне сай болуын меңзейді.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының мақсатында көрсетілгендей, әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру үшін білім беруді дамытудағы стратегиялық басымдықтарды белгілеу болып табылады.

Қазіргі таңда қоғам алдына қойылып отырған басты міндеттердің ең бір өзектісі — бүкіл білім жүйесін түбегейлі жаңартып, дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетін, жастарға сапалы білім беруге жағдай жасайтын және олардың үйлесімді дамуына, жеке бастың тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған жаңа үлгідегі мектеп кұру болып отыр. Бұл мақсатты орындау орта білімнің 12 жылдық мерзімге өтуімен астасып жатыр.

Еліміз 12 жылдық орта білім беруге көшу мәселесін шешуде алыс-жақын шетелдердің іс-тәжірибелеріне және соңғы кездегі педагогика мен психология ғылымдарының алдыңғы қатарлы зерттеу нәтижелеріне сүйенуде. 12 жылдық орта білімге көшу аз уақыт ішінде, жеңіл түрде іске аса қоятын мәселе емес. Бұл білім беру орындарының үйлесімді дайындығын, әрбір мұғалімнің өз ісін қайта қарауды, білімінің теориялык және әдістемелік тұстарынан жетілдіруді талап ететін мәселе. Сонымен қатар, 12 жылдық орта білімге көшу осыған байланысты жарық көретін әрбір мемлекеттік құжаттар талаптарының өз кезінде орындалуын және мұғалімдер мен оқушылар қауымына ұсынылатын оқулықтардың, оқу құралдарының педагогикалық, әдістемелік, психологиялык, тұрғыдан негізделуін керек етеді.

Осылардың негізінде ғана 12 жылдық орта білім бағдарламаларын, сапалы  оқулықтарды, оқушылар белсенділігін тудыратын жаңа технологияларды, әдістемелерді, көмекші құралдарды яғни, оқу-әдістемелік кешендерді өз дәрежесінде дайындау мүмкіндігі тумақ.

12 жылдық орта білім мазмұнының ең алғашқы бастамасы бастауыш буында жүзеге асатыны белгілі. Себебі бастауыш буында жоғары сыныптарда оқылатын бүкіл пәннің іргетасы қаланып қана қоймайды, сонымен қатар білім алуға талпынушылық, яғни балалардың оқу әрекеті, танымдылық белсенділік, жеке бастың адами қасиеттерінің негізі осы кезеңде қаланады. Сонымен қатар осы кезеңде баланың белсенділігі, оның рухани және дене күші де дами бастайды. Осы жасқа лайықты мазмұн мен оны оқытудың әдісін саралау, бала жанына жақын қарым-қатынас арқылы оларды дамыту мәселесін ғылыми жолға қою оңай мәселе емес.

Осыны ескере отырып, 12 жылдық мектептің бастауыш буын бағдарламасында әр пән бойынша дайындық кезеңі жеке қарастырылып, оған арнаулы сағат бөлініп, ерекше көрсетілді. Мұндағы мақсат — психологиялық тұрғыдан мектепке жаңа келген алты жасар баланың ойын әрекетін жалғастыра отырып, біртіндеп оқу әрекетіне көшуін қамтамасыз ететін әдістерді қарастыру. Алты жасар бала үшін жаңа рөл-оқушы, жаңа әрекет — оқу болса, осы мәселелерге олардың шаршамай, жалықпай, қызығушылықпен араласып кетуіне, маңайымен қарым-қатысының күшеюіне жағдай жасау мұғалімнің шеберлігін және осы жастағы оқушының психологиялық ерекшелігін жете білуін керек етеді.

Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы  №1 орта мектепке 2004- 2005 оқу жылының қыркүйек айында 12 жылдық оқуға көшуге байланысты тәжірибелік – эксперимент алаңы мәртебесі берілді.

12 жылдық жалпы білім беру мектебінің негізгі идеясы – «Жеке тұлға жетістігі». №1 мектептегі эксперимент аясында мыналар сынақтан өткізілуде:

  • эсперименттік оқу бағдарламалары;
  • эксперименттік базистік оқу жоспары;
  • оқу- әдістемелік кешені;
  • оқу үрдісін ұйымдастыру формасы;
  • 1-4- сыныптарға арналған «Алматыкітап» баспасынан шыққан байқау оқулықтары;
  • Жаңа технологиялар (зерттеушілік, жобалау);
  • Оқушының жеке жетістіктерін бағалаудың жаңа формасы – «портфолио» технологиясы.

 

Мектепте эксперимент шеңберінде 3 сынып қызмет жасайды. Экспериментке тікелей жауапты педагогтар саны – 13.

№1 мектепте эксперимент өткізуге жоспарланған тәжірибелік – эксперимент жұмысын ұйымдастыру алты кезеңнен тұрады: диагностикалық, болжау, ұйымдастырушылық, практикалық, жинақтау, енгізу.

 

 

 

 

2007 – 2008 оқу жылынан бастап мектептегі эксперимент жұмысы жинақтау кезеңіне енуде.

Қазіргі кездегі білім беру сапасы оқушылардың әр түрлі қызметтер саласындағы проблемаларды өз бетінше шешу мүмкіндігін қамтамасыз ететін қалыптасқан құзыреттіліктерді игерту арқылы көрінеді.

 

Бастауыш сынып түлегінен осындай құзыреттіліктерді игеруді талап ету бастауыш сынып мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.

Бастауыш мектепті бітіргенде 9 (тоғыз ) жастағы бала XX ғасырдағы өзінің замандастарымен салыстырғанда оқу, ойлау, қарым-қатынас сияқты іс-әрекетінің жоғары деңгейімен, білімді өздігінен ізденуге ұмтылушылығымен, өзін-өзі дамытуға икемдігімен, адамгершілік және отанжандылық құндылықтарының жоғарылығымен, яғни тұлғаның барынша жан-жақты даму үрдісін сезіну біліктілігімен ерекшеленуге тиіс.

Сондықтан бағдарлама талаптары тек жеке пәндерден білім беріп қана қою емес, оқушылардың жалпы дамуына жол ашуға бағытталған.