Өз бетінше орындалатын жұмыстардың маңызы

90

 

Өз  бетінше  орындалатын  жұмыстардың  маңызы

 

Қазақ мектебінің бүгінгі жайы мен ертеңі, оқушылардың білімділік және тәрбиелік деңгейі шешуші дәрежеде мұғалімге байланысты, мұғалім ізденісіне байланысты. Бастауыш сыныптарға арналған бағдарламалар педагогикалық үрдісті жаңаша қарауды талап етеді. Педагогика ғылымында баланы оқыту мен тәрбиелеудің мақсаты – жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру болса, оқытудағы негізгі мақсат — өздігінен дамуға ұмтылатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Жеке тұлғаның дамуында маңызды роль атқаратын оқушының өз бетінше жұмысын тиімді ұйымдастыра білу; сол арқылы материалды саналы меңгертудің жүйесін жасау; оқушының түрлі дара қабілеттерін арттыру.

Өз бетінше жұмыс қазіргі жеке тұлғаны қалыптастыру және тәрбиелеуде, білім берудің приоритетін түбегейлі өзгертуде, яғни бұрынғыша оқушыны пәндік білім, біліктердің белгілі бір жиынтығымен қаруландыруды түбегейлі өзгертуде. Оқушының жалпы және психикалық дамуының жеткілікті деңгейіне қол жеткізуде ӨБЖ  орны ерекше. Сондықтан ӨБЖ ұйымдастыру мәселесін көптеген педагогтар кең көлемде зерттеген.

Оқушының өз бетінше ізденіп оқуын жетілдіріп отыру бағытында   Л.С.Выготский, А. Н. Леонтьев, В. В. Давыдов, Л. В. Занков, Н. А. Менчинская,

А.А. Люблинская  т.б. ғалымдардың еңбектері бар. Осы еңбектерге талдау жасай отырып, қысқаша түсінік берсек:

    Л. В. Занков. Оқытудағы өз бетінше жұмыстың жетекші ролін көрсетеді. Ақыл – ой қызметінің көрсеткіші өз бетінше жұмысты істеуді іске асырады: байқампаздық, өз ойын еркін жеткізе білуі, практикалық іс — әрекеттер атқара білу қабілетінің артатынын көрсетеді.

    Г. Я. Мор. Өз тәжірибесін жүргізу арқылы жеткен нәтижесі: бала ӨБЖ арқылы білімді игереді, басқаға үйретеді, өзін тексереді, нәтижесін өз бетінше тексеріп қанағаттанады.

    А. Байтұрсынов. Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек деген пікірге сүйенеді.

    Р. Г. Лемберг. ӨБЖ ұйымдастыру шарттарына тоқталған. Олар:

— нақты тапсырма беру;

— тапсырманы орындау, аяқтау уақытын белгілеу;

— мұғалім басқаруы мен оқушының дербестігінің байланысы;

— жұмысты өз еркімен, қалауымен істеуі.

Я. А. Каменский. Оқушының өз бетінше әрекеттенуінің кезеңдерін белгілеген:

— автопсия (өзіндік бақылау)

— автопрасия (практикалық жүзеге асыру)

— автохресия (алған білім, білік, дағдыны жаңа жағдайда қолдану)

— автолексия (өз іс — әрекеті нәтижелерін өз бетінше баяндауы)

М. Бельферд. Оқыту үрдісінде пайда болатын тура жауаптарды бермеу, соңғы нәтижеге оқушының өз бетінше жетуі керек деп тұжырымдайды.

К. Д. Ушинский. ӨБЖ ұйымдастыру туралы еңбегінің дидактикалық маңызы ерекше. Оқушының жас және жеке ерекшелігін ескеруді ұсынады. Ұйымдастырылған оқу-тәрбие үрдісіндегі өз бетінше жұмыста ғана бала белсенді дамиды: саналы мақсатқа ұмтылады, білім игеруге талпынады, білімді пайдалана біледі.

     Е. Я. Голант. ӨБЖ – нің негізгі 3 элементін ажыратты:

— ұйымдастыру техникалық дербестік (оқушының жоспарлауы, уақыт бөлуі, жұмыс орынын ұйымдастыруы т.б.)

— ойдың дербестігі (материалды іріктеуі, жүйелеу, салыстыру, қорытынды тексеру, оны жаңа мәліметпен бекіту, тұжырым жасау)

— іс — әрекеттің, қимылдың дербестігі.

Б. П. Есипов. Теориялық – қолданбалы сипаттағы дидактикалық міндеттерді ажырата білді:

— оқушының меңгерген білімінің беріктілігі мен саналылығын арттыру;

— бағдарлама талабына сай іскерлік пен дағдыны қалыптастыру;

— меңгерген білім, білік, дағдыны пайдалана білуге оқушыны үйрету;

— ақыл – ой және дене еңбегі мәдениетіне баулу;

— өз бетінше мәселені шешуге, еңбек етуге үйрету;

— болашақта өз бетінше өз білімін көтеру үшін тиімді еңбек етуге оқушыны даярлау.

Өз бетінше жұмыстың белгілі бір түрлерін ажыратты:

— жаңа тапсырманы қабылдау және түсіну ұғымы;

— білімдерді бекіту және жетілдіру;

— білім, іскерлік, дағдыны қалыптастыру, бекіту, жетілдіру;

— білімдерді шығармашылықпен қолдану, іскерлікті дамыту;

— білім, іскерлік, дағдыны тексеру.

А. Н. Лук. Өз бетнше жұмыс жасауды көрегендіктен, қырағылыққа балайды; ақылдың алғырлығы, әрекетті сынай – бақылай білу қабілетін, болжай іздене білу қабілеттерін атайды.

Соңғы уақыттары ӨБЖ туралы Ж. Махимова, М. Мұсабеков, А. Мүбараков,  Ж.Сардарова, С. Қаңтарбаев, А. Арымова т.б. педагогтардың мақалалары жарық көруде. Бұл мақалаларға, педагогикалық әдебиеттерге  талдау жасап, ӨБЖ жасау шарттарын теориялық тұрғыдан меңгере келе оқушыларға ӨБЖ орындатуда бастауыш сынып пәндерінің мүмкіндігі бар екендігі анықталған.

Бастауыш сыныпта оқушылардың ӨБЖ жасау дағдысын қалыптастыруды үш бағытқа топтадым:

  1. ӨБЖ ұйымдастыру технологиясын енгізу.
  2. Сол технология негізінде ӨБЖ жасауға бағытталған өзіндік жұмыстар ұйымдастыру.
  3. ӨБЖ жасаудың нәтижелі болуына оқытудың түрлі формаларын енгізу.

Бірінші бағытты іске асыруда В. Т. Беспалько, В. В. Фирсов, В. М. Монахов,

Ж. А. Қараев еңбектерінде зерттелген деңгейлік саралап оқыту технологиясын басшылыққа алдым, өйткені бұл технологияның өзіндік ерекшеліктері бар:

* оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастырады; оның жас, жеке ерекшелігі, қабілеті, сұранысы ескеріледі;

* оқушыны өз бетінше мақсат қойып, өз бетінше білім алуына ыңғайлы жағдай туғызады;

* оқушының ашылмаған қабілетін ашуға мүмкіндік жасалады;

* дамыта оқыту деңгейлік саралап оқыту негізінде жүргізілсе, оқушы білім алу жолында ізденеді, табады, негіздейді, анықтайды, өмірге енгізеді;

* оқулықтағы материалды оқушыға дайын күйінде ұсынбай, оқулықты әңгімелесуші, бағыттаушы құралға айналдырудың тиімді тәсілін ұсынады;

* тілектің іске асырылуын бекітетін мотивтері қозғаушы күшті оятады.

Бұл технология деңгейлік тапсырмаға ерекше мән береді. Деңгейлік тапсырма беру – балаға шамадан тыс жүктеме беру емес, керісінше оқушы біліміне, мүмкіндігіне, сұранысына, қабілетіне сәйкес дайындалған сатылы жұмыстар жүйесі.

І деңгей – үлгі бойынша ӨБЖ ұйымдастыру (бағдарламаға сай)

ІІ деңгей – алгоритмдік (бірте-бірте күрделенген)

ІІІ деңгей – жаңалық ашатын (жаңа ұғым қалыптастыру)

Оқушылардың тапсырмаларды орындау дәрежесін диагностикалау негізінде оқытудың түрлі формаларын тиімді пайдалануға болады. Ол үшін оқытудың жеке, топтық, жұптық, ұжымдық формалары тиімді. Топтық жүйедегі жұмысты үш әдіспен жүргізуге болады:

  • оқушының білім дәрежесіне қарай араластыра бөлу;
  • білім деңгейлеріне қарай бөлу;
  • қабілетіне, жеке ерекшелігіне қарай бөлу.

Тиімділігі: бір-біріне достық қатынасы нығаяды; бір-біріне  көмектесуге  бейім болады, үйрете  жүріп, өзі  үйренеді, ұйымдастырушылық  қабілеті  артады,  өз  бетінше  ізденіс  туындайды, өзінің  және  жолдасының  білімін  саралайды, бағалайды.

Бұдан  басқа  оқушылардың  өз  бетінше  жұмысын  ұйымдастырудың  неғұрлым  сапалы  нәтижесіне   жету  үшін  мынадай  басты  қағидаларды,  шарттарды,  әдістерді  басшылыққа  аламын:

Басты  қағидалар:

  • мадақтауға таршылық жасамау;
  • оқушы арасындағы  пікірталаста  мәселе  шешімін  өзім  айта  салмау;
  • сатылы мәселе  тудырып  отыру (ойлан, ізден, үйрен);
  • сабақта оқушы  қызығушылығын  артырып,  алға  талпынуын  көздеу;
  • барлық оқушының  бір  пікірге  сүйеніп  қалмай,  басқаша  ойлауға  баулу;
  • оқушының әр  ойын  назардан  тыс  қалдырмау;
  • оқушы ойын  «қате»  деп  тыйып  тастамау;
  • оқушының асығыс  берген жауабына  бірден  келіспеу,  дәлелдеуді  талап  ету.

Өз  бетінше  жұмысты  ұйымдастыруда  басты  назарда  болатын  негізгі , қажетті  шарттарды  мұғалім  үшін  және  оқушы  үшін  деп  екіге  топтауға  болады.

Мұғалім  үшін:

  • оқушыға нақты  тапсырма  беру;
  • оны орындауға  уақыт  белгілеу;
  • мұғалім басқаруы мен оқушының  дербестігі  арасындағы  байланыс;
  • ӨБЖ орындауға  жағдай  жасау;
  • ұйымдастырылған оқу — тәрбие  үрдісінің болуын  қамту;
  • қойылған мақсатқа жету  үшін  бағыт-бағдар  беру;
  • жас ерекшелігіне  сәйкес  оқушының  өзіндік  ерекшелігін  ескеру;
  • білім алудың, білудің   қажеттілігін  ұғындыру;
  • оқушы еңбегін  мадақтау, марапаттау;
  • ӨБЖ орындалуын  қадағалау;
  • пәнішілік, пәнаралық байланыстың  болуын  есте  сақтау;
  • нәтижені уақытында  тексеру, әділ  бағалау, қатені өзіне  жөндету,  өзін-өзі  бағалануына  жағдай  жасау.

Оқушы  үшін:

  • алдымен берілген  тапсырмаға  талдау  жасау;
  • мақсатты айқын түсіну;
  • өткенді еске  түсіру,  әдіс-тәсілдерді  анықтау;
  • орындауға жоспар жасау  (білімін, іскерлігін, дағдысын жаңа  жағдайда  қолдану);
  • жоспар бойынша  тапсырманы  орындау;
  • өзін-өзі тексеру, өзіндік  бақылау;
  • өз еңбегін бағалау;
  • өз әрекетінің  саналы ,  жүйелі орындалуын  ой  елегінен  өткізу;

Оқушының  өз  бетінше  жұмысының  сапасы ол  орындаған  оқу  жұмысының  тегіне,  түріне, мазмұнына, көлеміне  байланысты  сапалылығы   оқытудың  түрлі  әдіс-тәсілдерін, ақыл-ой  операцияларын  тиімді  пайдалануға  да  байланысты. Осы  тұрғыда  өз  тәжірибемде  басты  назарда  ұстайтын  әдістер  жиынтығы  төмендегідей:

  • ойын (ұлттық , дидактикалық, танымдық т.б.);
  • салыстыру (ұқсастығы  мен  айырмашылығын  анықтау);
  • дәлелдеу (өз ойының  дұрыстығына  өзгенің  көзін  жеткізу);
  • талдау (тұтасты бөлшектеу);
  • жинақтау (бөлшектерді біріктіру);
  • бағалау (өзін, досын, топты, сыңарын т.б.);
  • эврестикалық (жаңалық ашу, іздену, зерттеу);
  • көрнекілік (сызба, сурет, альбом, кеспе қағаз, видео т.б.);
  • сұрақ-жауап;
  • ой шақыру.

Өзіндік жұмыс – оқушының  ойлау  қабілетін,  ақыл-ой  және  іс-тәжірибесінен  туындайтын  оқу, тану  әрекеті. Осыған байланысты  өз  тәжірибемде  қолданып  жүрген  ӨБЖ  әр  түрлі  жіктеулерін  келтіруге  болады.

  1. Оқушының ізденімпаздық дәрежелеріне байланысты  жұмыстар.
  2. Білім материалы бойынша : оқулықпен  және  оқу  әдебиеттерімен  жұмыс, шешу  және  салыстыру; лабораториялық  және  графиктік  жұмыстар.
  3. Дидактикалық мақсат бойынша жұмыстар: оқып — үйренетін ,  тексеретін, алған білімді баянды  ететін.
  4. Даралау дәрежесі бойынша  мазмұны  әр  түрлі,  бірақ  бірдей  тәсілмен  орындалатын ; мазмұны  әр  түрлі  және  әр  түрлі тәсілмен  орындалатын.

Осы  жіктеуге  байланысты  оқу  процесінде  өзіндік  жұмыс  түрін  төрт топқа  топтауға  болады:

  • үлгі бойынша  орындалатын (орындаған кезде  оқушы  көрсеткен  үлгі  бойынша, белгілі  бір  іс-әрекеттің  жолын ұғынады; тапсырманы нұсқау  тәртіп  бойынша  орындайды);
  • реконструктивті – вариативтік (оқушылардың  алған  білімін қолдануға  ынталандырады,  білімі  тереңдей  түседі);
  • жаңалық ашатын;
  • шығармашылық өзіндік жұмыстар  (оқушы  ойын  кеңейтеді, өзіндік  қолтаңба  қалдырады).

ӨБЖ – ты  сабақтың  барлық  процесінде  іске  асыруға  болады. Тек  оны  ұйымдастыру  кезінде  мұғалім  алдына  айқын мақсат  қоя  білуі  керек. Мысалы:

  • өткенді қайталау  (еске  түсіру, есте сақтау  қабілетін  тексеру);
  • меңгеру деңгейіне қарай топтау  (топішілік  пікірталасты  дамыту);
  • үй жұмысын  орындау  (сыныпта  алған  білімді  өз бетінше  қолдану);
  • шығармашылық ізденіс (әр еңбекке өзіндік  қолтаңба қалдыру);
  • жаңа тақырыпты  бекіту;
  • жаңа тақырыпты игеру  (жаңа тақырып  мазмұныны  ашу);
  • топта, ұжымда  жеке  жұмыс  жасай  білу  қабілетін  арттыру;
  • өткенді бекіту.

Осы  негізде  жүйелі  жұмыс жүргізу  барысында мына  нәтижелерді көруге болады:

  • оқушыда өз бетінше  білім  алу  қажеттілігі  пайда  болады;
  • оқушы өз деңгейін  өзі  аңғарады;
  • оқушы алдына мақсат-міндет  қоя  біледі;
  • алған білім,білік , дағдыны  іс-тәжірибеде  қолдана  біледі;
  • нәтижені талдай  алады, өзін-өзі  бағалайды;
  • өз ісін  жоспарлай  алады;
  • мәселелік сұрақтар  арқылы  белсенділігі  артады;
  • оқушы іздену үстінде  жаңа  ұғымды  меңгереді;
  • оқытуды дербестендіру, деңгейлік  дифференциалдау  ерекше  орын  алады;
  • әр түрлі  бейнелермен операциялар  жасап,  тапсыраманы  орындауда  оны  көрнекі  түрде  елестете  алады.

Қорыта  келгенде,  дамыта  оқыту  идеясына  негізделген жаңа  буын  оқулықтарында  бастауыштан  бастап,  ӨБЖ  жасауды   үйрету  көзделеді. Сондықтан  баланы  жеке  тұлға  ретінде  өздігінен дамуға  итермелеуіміз  керек. Себебі   жаңа  білім парадигмасы  бірінші  орынға  баланың  білім  алу  арқылы  өз  бетінше  дамуын  қойып  отыр. Бұл  мақсатқа  жетуде  өз  бетінше  жұмыстардың  алар  орны  ерекше.

 

 

Пайдаланған  әдебиеттер:

  1. Бабанский Ю. К. Научная организация педагогического процесса на основе его интенсификации и оптимитизации. Москва. Педагогика. 1988 г.
  2. Бастауыш мектеп. Алматы. Дәуір. Универсал-фото. 2004-2008 жылдар.
  3. Есипов Б. П. Самостоятельная работа учащихся на уроке. Москва. Педагогика. 1961г.
  4. Кобдикова Ж. У. Оқыту процесін технологияландыру. Алматы. Ақжелкен. 2000ж.
  5. Қазақстан мектебі. Алматы. Дәуір. 2004-2006 ж.
  6. Ушанский Л. И. Технология организаторской деятельности школьников. Москва. 1980 г.