Қазақ тілі сабағында оқушылардың қызығушылығын арттыру арқылы білім сапасын көтеру.

186

 

Тақырыбы:

Қазақ тілі сабағында оқушылардың қызығушылығын арттыру арқылы білім сапасын көтеру.

 

Жоспар:

 

  1. Кіріспе.
  2. Жалпы орта білім беретін мектептің мақсаты.
  3. Сабақтың сәтті өтуін қамтамасыз ету жолдары.
  4. Дамыта оқыту технологиясының құрылымы мен мақсаты.
  5. Сын тұрғысынан ойлау жобасының тиімділігі.
  6. Проблемалық оқыту технологиясының басты принципі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдарынан бастап білім беру ісіне аса мән берілуде. Бүгінгі ғаламдастыру дәуірінің талабына сай білім беру барысында оқушының жеке тұлғасын жан-жақты жетілдіруге, олардың танымдық әрекетін дамытумен қатар ғаламдық ой-санасын қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиясында болашақ қоғам мүшелері — жастар туралы айта келіп, «Біздің балаларымыз білігі жоғары жұмысшылар мен фермерлер, инженер, банкирлер және өнер қайраткерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, зауыттар мен фабрикалардың иелері және спортшылар болады. Олар мұнай, газ бен электр қуатын, тамақ өнімдерін өндіретін, әрі олармен әлемдік экономиканы қамтамасыз ететін болады» дегені бүгінгі мектепке үлкен жауапкершілік жүктелгенін көрсетіп отыр. Елбасының осы сөздері бүгінгі әлемдік ғаламдастыру жағдайына болашақ ұрпағымыздың қандай дайындықпен бару керектігін айтады.

Сонымен қазіргі мектептің оқушыларын жеке тұлға етіп қалыптастыруда адам бойындағы асыл қасиеттердің көзін ашып, оны қоғамның белсенді мүшесі етіп дайындау білім мен тәрбие және дамыту қатар жүргізілгенде ғана ғаламдық ойлауға бейімдеу өз дәрежесінде жүзеге асады. Жастардың болашаққа деген бағыт-бағдары отбасында, мектеп қабырғасында, қоғамда, яғни бүкіл қоршаған дүние ортасында қалыптасады. Бұл өсіп келе жатқан жастарымыздың бойында жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруды тек Қазақстандық білім көлемінде ғана емес, әлемдік өркениетті елдермен тәжірибе алмасу арқылы іске асыруды ғаламдық деңгейде ойлауды қажет етеді. Сондықтан оқушылардың ғаламдастыруға дайындығы, өмірге көзқарасын бейімдеу зор маңызды міндет болып табылады. Әрине, қоршаған дүниенің әр саласының көзқарасқа тигізетін әсері, беретін білім, тәрбиеге ықпалы әр түрлі. Мемлекетіміз осының бәрін ескеріп, білім беру жүйесін баса дамытуға, оны дүниежүзілік деңгейге котеруге мән беріп отыр. Осындай аса маңызды сенім жүктеліп отырған жастарымыздың болашақта мемлекеттік жауапты қызметтерді атқаратындай, өз мүддесінен гөрі халықтық мүддені дәріптейтін және ғаламдық деңгейде ойлай білетін жеке тұлға болып өсіп жетілуі оларға сапалы білім беру, саналылыққа тәрбиелеу, жеке бас құндылығын көтеру оқу-ағарту саласының үлесіне тиеді.

Осыған байланысты білімнің мазмұнын, оқыту әдістері мен сабақты ұйымдастыру нысандарын жетілдіруді нақтылай түсу қажеттілігі туындайды. Білімнің әрбір бөлігі оқушының ғаламдық ойлауға септігін тигізіп, олардың әлем туралы ой жүйесін дамытуға негіз салуы тиіс. Сондықтан орта білім стандартында «Мектептің әрбір саласында жеке тұлғаны дамыту міндетіне сай білім мазмұнының толық жүзеге асуын қамтамасыз ету» талабы қойылып отыр. Оқушының ғаламдық тұрғыдан ойлауын қалыптастыруға, ойлау әрекетін дамытуға алған жалпы білімдері тірек бола алады.

 

 

 

«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беру дамыту туралы тұжырымдамасының» басты мәнділігі — ол үздіксіз білім жүйесінің негізгі иедеялары мен қағидаларын XXI ғасыр талаптарына сәйкестендірудің және оны әлемдік білім кеңістігінің даму заңдылықтарына ұштастырудың жолдарын көрсетуге арналып отыр.

Тұжырымдаманың басты ерекшелігі мен артықшылығы білім берудің ұлттық жүйесін қайта құрудың принципті жаңа идеяларын ұсынуында болып отыр.

Бүгінгі қоғамда мектеп қабырғасында және жоғары оқу орнында оқып білім алып жатқан жас ұрпақ алдында «Қазақстан – 2030» бағдарламасында көрсетілген «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының артуы» сияқты ұзақ мерзімдік асыру стратегиясын үшінші мыңжылдықта жүзеге асыру міндеті тұр. Демек, бұл қоғамдық саладағы өзгерістерді сай жоғары талаптар қоя отырып, экономикалық бәсекелестік жағдайында сапалы мамандар даярлау қажеттігін алға тартады.

«ХХІ ғасырда білімді дамыта алмаған мемлекет тоқырауға ұшырайтыны сөзсіз… Барлық нәрсе мектептен басталады. Сондықтан 2008 жылдан бастап, біз 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшіп, мұғалімдердің кәсіби деңгейін, оқулықтар мен оқыту бағдарламаларының сапасын көтеруіміз қажет», — деп Елбасымыз Н. Назарбаев өз сөзінде айтқан еді.

Білім берудің мақсаты, оның ұйымдастырушылық құрылымы, технологиялық жағынан жабдықталуын, оқыту әдістемесі қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындайды. Бұған дейін білім беру үрдісінің негізгі бөліктері:

Мақсат               мазмұн                форма                 әдіс                оқыту көрнекілігі болса, бүгінде жаңа технология бойынша оқып үйрену          меңгеру           өмірге ендіру

дамыту болып өзгерген.

Егемен еліміздің экономикасы мен саясатының, білім мен ғылымның тұтқасын өзге емес, өз еліміздің азаматтары ұстауы керек. Оның негізі бүгін қалануы тиіс. Бұл міндетті шешетін — болашақ қазақ мектебі. Құрғақ қиялдан болашаққа нақты ұсыныс керек.

Ақын қоғам қайраткері М.Жұмабаев «Қазақтың ұлттық мектебі қандай болуы туралы терең пайымдау қажет, қазақтың тағдыры, келешегі, мектептің қандай негізде құрылуына барып тіреледі.

Мектебіміздің саулық, өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізін құра білмесек, келешегіміз күңгірт» деген еді. Осы бір ұлағатты ой шәкірттерге білім берудің бүгінгі күн талабына сай келетіні даусыз.

Болашақ Қазақ мектебі ұлтқа, оның мүддесіне қызмет етуі керек. Олай деуге негізі, бір халықтың болашағы мен ертеңін екінші бір ұлт ойлауы да, дамытуы да мүмкін емес. Солай екен, қазақ балалары өз ата-бабасының өткен тарихын, тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін, жерін қастерлей білуге тәрбиеленіп өсуі қажет.

Қазіргі кезде жалпы орта білім берудің мақсаты мен міндеттері, іс мазмұны едәуір өзгеріске ұшырап, жаңаша мәнге ие болды. Сондықтан сабақтарды жаңадан ұйымдастыру қажет деп ойлаймын. Қалай да оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, ынтасын ояту керек.

Сабақ — мұғалімнің ізденісінің нәтижесі. Күнделікті сабақтағы бір сарындылық оқу — оқушылардың пәнге деген қызығушылығын жоғалтады. Сондықтан сабақты ыңғайына қарай түрлендіріп өтсе, сабақтың мазмұнын аша түседі. Оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырудың бір жолы сабақты жаңа тәсілмен өткізу болып есептеледі.

Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушының болуы.

«Қызығу — әр қырынан алып қарауға болатын күрделі ұғым, адамның белгілі бір объектіні ұнатып, білуге ұмтылған іс-әрекетіне қуаттандыратын психикалық ерекшелік» деген пікір айтады ғалымдар М. Беляев, Н. Морозова, С.Рубинштейн. Қызығу адамды жаңаны білуге, әрекеттің жаңа әдістерін іздестіруге құмарландырады. Сондықтан адамның қызығуы бір іспен шүғылданғанда, әр түрлі әрекеттерде көрініс табады.

Елбасының білім және ғылым қызметркелерінің II съезінде «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр» деген сөздері әрбір мұғалімнің жолбасшысы болу керек деп ойлаймын.

Білім беру саласындағы қазіргі оңды өзгерістер әрбір мұғалімнен өз ісіне мұқияттылықты талап етеді. Жоғарыдағы ұстанымдардың орындалуы үшін әр мұғалім өзі мен оқушының терең дәрежеде екенін естен шығармай, оны жеке тұлға ретінде қабылдап, оған беретін сабақтың оқыту әдістерін түрлендіріп жетілдіруі қажет. Үйреншікті, дайын әдіс-тәсілдер бүгін баланы қызықтырмайды. Сондықтан қайткенде баланың ойына, сезіміне серпіліс ендіруді мақсат етіп кою керек. Сан алуан әрекет арқылы ақыл-ойды ұштау, жетілдіру, жеке тұлғаның өзіндік идеясын, көзқарасын, сенімділігін, жауапкершілігін біртіндеп дамыту жолдарын іздестіру — осының бәрі бүгінгі қажеттілік.

Нағыз өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге ие бола алады. Ал білікті маман болу үшін көп ізденіс керек екені даусыз.

 

Сабақтың сәтті өтуін  қалай  қамтамасыз  етуге  болады?

 

Оқытуды  ұйымдастырудың  негізгі  түрі – сабақ.  Сабақ — оқу  үрдісіндегі  шешуші буын, күрделі еңбекті  ізденуді  талап  ететін  іс, сан  алуан  қызмет атқаратын  педагогикалық  үрдіс.

Оқу  үрдісін  талапқа сай жүргізуде  мұғалім — басты  тұлға. Сондықтан да  шығар  қазіргі  сабақ  қандай  болу керек, оның  қандай  жақтары  жеткіліксіз, қай  саласына  көп  мән  бөлу керек, күнделікті  сабақтың  сәтті  өтуін  қалай  қамтамасыз  етуге  болады  деген  сан  алуан  сұрақтар әрқайсымызды  толғандырып  жүргені  сөзсіз.

Сабақты  сәтті  ұйымдастырудағы  басты  мақсат — оқушының  сабаққа  деген   қызығушылығын  арттырып, бүгінгі  заман  талабына  сай  білім  беру. Сабақтың  сәтті  өтуі  біріншіден, мұғалімнің  біліміне, іскерлігіне, тәжірибесіне  байланысты  болса,  екіншіден,  сабақ  материалына,  ал  үшіншіден,   сынып  типіне,   төртіншіден  мұғалім  мен   оқушының  көңіл – күйіне  де  байланысты .

Сабақты  тартымды  әрі  сәтті  өткізе  білу  мұғалімдер  қауымынан  көп  ізденуді, білімділікті, қабілеттілікті және  тапқырлықты қажет  етеді. Менің  ойымша,  сабақты сәтті  ұйымдастырудың  бірнеше  алғышарттары  бар. Олар:

— Сабақтың тақырыбына  сай сабақ  жоспарын  жасау.  Сабақ  жоспары   нақтылы  жүзеге  асатындай  етіп  жасалынуы  қажет.  Дұрыс  құрылмаған  сабақ  жоспары  жақсы  нәтиже  бермейді.

— Тақырыпқа  сай  сабақ  түрін,  оның  әдіс-тәсілдерін  түрлендіріп  отыру.

— Қосымша  материалдарды  тақырыпқа  сай  шығармашылықпен іріктеп  ала  білу.

— Дидактикалық, техникалық  құралдарды, электрондық  оқулықтарды  мақсатқа сай,  оқушы сезіміне әсер  ететіндей  тұрғыда  пайдалану.

— Сабақта алдыңғы қатарлы  озық  іс-тәжірибелер  мен  жаңа  технологияларды  пайдалану.

Қазіргі таңда оқудың интерактивті әдіс-тәсілдері өте көп. Педагогикалық ғалым мен озық тәжірибенің  бүгінгі даму деңгейінде белгілі  болған оқыту әдіс-тәсілдерінің бәріне де еркін игеріп, әрбір нақтылы жағдайларға орай ең тиімдісін таңдап алу және олардың бірнешеуінің жиынтығын түрлендіре тиімді, үйлесімді, әрі шығармашылықпен қолдану — cабақтың сәтті өтуінің кепілі.

 

  1. Мұғалім сәтсіз өткен сабақтарға өзіндік талдау жасап өз кемшілігін іздеуге әрекет жасау керек.
  2. Білім мен тәрбие берудегі ізгілендіру, жариялылық, педагогикалық ынтымақтастық, ғылыми-әдістемелік, тың ізденістерге сүйене отырып жаңашылдыққа талпыну қажет.
  3. Мұғалім күнділекті әр сабағына шығармашылықпен дайындалуы керек. Өйткені, сабақ — мұғалімнің өнері, шығармасы. Сондықтан әр сабақты тиімді ұйымдастыруда оқушыны жалықтырмайтын, қабілетін арттыратын жағдай туғызуға ықпал етуміз керек деп ойлаймын.

 

 

Оқу үрдісінде оқыту әдістерін тиімді қолдану

 

Оқыту әдісі — оқушыларға білім беру және оларды дамыту мақсатында мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жасайтын қызметі мен қарым-қатынасының тәсіл-амалдары — деген де пікір айтылады.

Оқыту әдістері — оқытушы мен оқушылардың жұмыс істеу әдісі, оның арқасында білім, іскерлік, дағды қалыптасып, оқушылардың дүние танымдылығы мен қабілеттілігі артады.

Оқыту әдістері — мұғалім мен оқушылардың бірлесе жасайтын әрекеті.

Оқыту әдістері — мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің барысында білім алу жолдары.

Оқыту әдістері — мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным процесін жетілдіру.

«Әдіске» қатысты анықтамаларда бәріне ортақ пікір: «белгілі бір мақсатты көздеген мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас және іс-әрекет».

Мұғалім оқытудың нәтижесін арттыруда оқыту әдістеріне қатысты амал-тәсілдерімен қатар оның құралдарын да пайдаланады.

Оқыту үрдісінде оқушыларға ғылым негіздеріне сай терең де тиянақты білім беру, оларды адамгершілік рухта тәрбиелеу және дамыту міндеттерін шешудегі мұғалімнің басшылық ету тәсілдері, амалдары мен құралдарының біртұтастығын оқыту әдістері демекпіз.

Мұғалімнің сөзі әсерлі, тартымды, сенімді, сондай-ақ дауыс ырғағы мен мимикасы мәнерлі және бай болғаны қажет. Бұл ойымыз дәлелді болу үшін Ы. Алтынсаринның пікірін келтірейік: «Мұғалім балалармен істес болады: егер олар бір нәрсені түсінбесе, онда мұғалім шәкірттерді кінәламай, оларға дұрыс түсіндіре алмағаны үшін өзін-өзі кінәлауы керек. Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлылықпен сөйлеп, шүбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру керек».

 

Жаңашыл   әдіс-тәсілдер

 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.

Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуды, мұғалім іс-әрекетін жаңаша түрғыда ұйымдастыруды талап етеді.

Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің  инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі — маңызды мәселелердің бірі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда Ш. Қаланованың, Ж. Қараевтың, Ш. Таубаеваның, Қ.Қабдықайыровтың, С. Лактионованың, М. Жанпейісованың, Ә. Жүнісбек пен Қ.Нағымжанованың, С. Көшімбетованың, т.б. ғалымдардың зерттеулерінде оқытудың жаңа технологиялары жан-жақты қарастырылады.

Бүгінгі мақсат — әрбір оқушыларға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.

«Инновация» ұғымын анықтайтын нақтылы анықтама әлі де жасала қойған жоқ. Ш. Таубаева мен Қ. Құдайбергенованың берген анықтамасына сүйенсек «инновация» — бұл нақты қойылған мақсатқа жетуде ойға алынған жаңа нәтиже. Нақты мақсат дегеніміз не? Нақты мақсатқа қандай әдіс-тәсілдердің көмегімен жетуге болады? Оқу мақсатының жүйесінде берілген мақсаттың негізгі категорияларын пайдалана отырып, педагог өз еңбектерінің нәтижесі туралы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Демек, мақсат пен нәтиже — жаңалыққа бет бұрудың кілті.

Инновациялық үрдістің негізі — жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Кез келген жаңа әдіс жекелік, сондай-ақ уақытша жоспарға жатады. Бұл яғни, бір мұғалім үшін табылған жаңа әдіс, жаңалық басқа мұғалім үшін өтілген материал тәрізді.

Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады.

Жаңа технологияны қолдану төмендегідей кезеңдер арқылы іске асады:

I кезең — оқып үйрену; II кезең — меңгеру; III кезең — өмірге ендіру;

IV кезең — дамыту.

Жаңа технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегідей алғы шарттар қажет: оқу үрдісін интенсивтендіруді жаппай қолға алу; оқушылардың сабақтастылығын болдырмау шараларын кешенді түрде қарастыру. Оның ғылыми-әдістемелік, оқыту-әдістемелік, ұйымдастырушылық себептеріне үнемі талдау жасап, назарда ұстау, жаңа буын оқулықтарының мазмұнын зерттеп білу, пәндік білім стандартымен жете танысу, білімді деңгейлеп беру технологиясын игеру арқылы оқушыларға білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде игертуге қол жеткізу, оқыту үрдісін ізгілендіру мен демократияландыруды үнемі басшылыққа алу. Өйткені оқыту — тәрбиенің негізі.

Оқу-тәрбие үрдісінде қолданып, айтарлықтай нәтиже беріп жүрген жаңа педагогикалық технологиялар мыналар: дамыта отырып оқыту әдістемесі (Л.Занков, Д.Эльконин, В.Давыдов, В.Репин, В.Левин); оза отырып оқыту (С.Лысенкова); іс-әрекетті бағалау (Ш.Амонашвили, И.Волков); тірек және тірек конспектілері арқылы оқыту (В.Шаталов); саралап оқыту; шоғырландырып қарқынды оқыту жүйесі; деңгейлік тапсырмалар арқылы дамыта оқыту; жобалап оқыту технологиясы.

Дамыта оқыту — күрделі құрылымды, біртұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушының өзін-өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдайлар жасалады.

 

 

 

 

 

 

 

Дамыта оқыту технологиясының құрылымы.

 

Кіріспе кезең Негізгі кезең Қорытынды кезең — мұғалім
Ой тастау Бағыт қолдану Тапсырма таңдауын бағалау
Бағыт беру Талдау (анализ) Дәлдігі
Проблема қою Жинақтау (синтез) Шығармашылығы
Іздену Ұсыну Танымдығы
Өзіндік жұмыс Ізденушілігі
Пайымдау Айқындығы
Бағалау

 

Дамыта оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы: көздеген мақсатында, мәнінде, мазмұнында, дамытудың негізгі факторында, мұғалімнің рөлі мен атқаратын қызметінде, әдіс-тәсілдерінде, оқушының білім алу белсенділігінің түрінде, оқу үрдісі мүшелерінің әрекеттестік ерекшеліктерінде, олардың қарым-қатынас сипатында, танып-білу үрдісін ұйымдастыру түрлерінде, т.б.

 

Дамыта оқыту технологиясының жалпы мақсаты.

 

Шығармашыл тұлға тәрбиелеу
Тұлғалық байланыс
Интеллектуалдық қор
Өзін-өзі басқару тұтастығы
Жан-жақты дамыған тұлға (индивид, субъект)

 

Оқытудың бұл түрі оқушылардың теориялық ойлау қабілеттерін дамытуды негізгі мақсаты етеді. Ал енді теориялық ойлау – оқушының бір нәрсе, құбылыс туралы, олардың жаратылысы, мән-мағынасы, қасиеттері туралы зерттеулерінің сөз арқылы көрініс табатын іс-әрекеті. Теориялық ойлау диалогиялық әңгіме, пікірталас арқылы қалыптасады, сол арқылы жарыққа шығады. Құбылыс, зат туралы таным үлкен ақыл-ой еңбегін қажет етеді. Сондықтан да дамыта оқыту, ең алдымен, оқушылардың санасын, ойлау іс-әрекетін дамытуды көздейді. Дамыта оқытудың ерекшелігін төмендегідей саралауға болады:

  • білім ғана емес, оқушылшардың абстрактілі ойлау іс-әрекеттері, ғылыми танымы, тұлғалық қасиеттерін дамытудың алдыңғы кезекте тұруы;
  • оқушы – субъектінің білімді өз ізденісі, жетістіктері арқылы алуы;
  • сабақтың барлық кезеңдерінде ол – белсенді тұлға (зерттеуші, өнім беруші, өз іс-әрекетін талдаушы);
  • мұғалім — әр баланың танымдық түйсігін оята отырып оларды даму аймағына кіргізуші;
  • дамыта оқытуға негізделген сабақ ұжымдық ойлау іс-әрекеті, диалог, пікірталас, іскерлік қарым-қатынастармен ерекшеленеді
  • мұғалім оқушыларға дайын білім емес, проблемалық сұрақпен келеді, берілетін білім проблемалық баяндау негізінде болады. Оны шешу, мақсатқа жету оқушының өз іс-әрекеті арқылы жүреді. Оған жетудің әдіс-тәсілдерін, жолдарын өзі табады. Модель, жоба жасау, оны қорғау – дамыта оқытудағы басты әдіс-тәсіл. Дамыта оқыту оқушылардың шығармашылық ойлауын дамытады.

 

Дамыта оқытудағы оқушы мен мұғалімнің іс-әрекеттері:

 

Оқушы іс-әрекеті Мұғалім іс-әрекеті
Проблеманы шешуі. Оқушылардың дербес таным іс-әрекетіне кіргізуші, оған түрткі жасаушы.
Әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы іздеуші, табушы. Тапсырмалар, сұрақтар әзірлеуші. Ақылшы, көмек беруші. Бірлесіп іздеуші, керегінде олармен пікір таласына, диалогиялық әңгімеге кіруші.
Ұжыммен қарым-қатынасқа түсуші (жоба, модель, ереже, сұрақтар дайындаушы) Психологиялық жағымды ахуал, жағдай туғызушы.
Керегінде мұғалімді де пікір таласына шақырушы. Оқушылардың ізденісін қолдаушы, мақұлдаушы.
Өз еңбегін саралаушы, қорытындылаушы. Қол жеткен нәтижені саралаушы, коррекция жасаушы.

 

Дамыта оқытуда мұғалім қызметі төмендеп тұрған жоқ. Оқытудың қай түрі болмасын мұғалім – ол мұғалім. Бірақ оқытудың бұл түрінде мұғалім дәстүрлі оқытудағыдай барлық іс-әрекетті өз мойнына алмайды. Мақсатқа тек өзінің белсенділігімен жетпейді. Белсенділік оқушыға жүктеледі. Дамыта оқытуда да мұғалім-оқушы іс-әрекеті бірлікте, бір бағыт, бір мақсатқа бағытталады.

Бүгінгі таңда білім беру қызметін көрсетуде бәсеке күшейіп отыр, тұтынушылардың дайындық деңгейіне деген талаптары өсуде. Осындай кезеңде өз өмірін сақтап қалуы үшін мектеп үздіксіз өз қызметін жақсартуға және қайта құруға, оқу-тәрбие үрдісін жетілдіруге мәжбүр.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Сын тұрғысынан ойлау» жобасының тиімділігі.

 

Білікті арттыру жүйесінде соңғы уақыттарды отандық педагогикалық технологиялармен қатар шет елдік, олардың ішінде әлемдік озық идеялар негізінде жасалған жобаларды қолдану жақсы нәтижелер беруде. Солардың Ж.Пиаже мен Л.С. Выготскийлар жасаған «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы».

 

 

 

 

 

 

 

 

Сұрақ қою

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сын тұрғысынан  ойлау бағдарламасында 100-ге жуық стратегиялар бар. Қазіргі кезде мен қолданып жүрген стратегиялар Венн диаграммасы, «Т» кестесі, эссе, ой қозғау, инсерт, шығу парағы,  кубизм, дискуссиялық өрнек,  кластер, ішіне сыртына , синквин,  т.б.

Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқу мен жазу дамыту технологиясын сабақ үстінде қолдану барысында  төмендегідей тиімділіктерге қол жеткізуге болады.

  1. Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау.
  2. Сенімділікке тәрбиелеу.
  3. Қиялын дамыту «менің ойымша» деген жауапқа алуға жағдай жасау.
  4. Әр түрлі жауапты соңына дейін тыңдау.
  5. Жауап беруге тілек білдірмеген баланы өз еркінсіз, қинап сұрамау.
  6. Баланың дүниетанымының кеңіп, рухани өсуіне, әр сабақта жағдай жасау.
  7. Жеке тұлға ретінде «мен» деген рөлін көтеру, өз пікірін қалыптастыру.

 

Күнделікті сабақтарда оқыту мен үйретудің үш тәсілі қызығушылық ояту, мағына ажырату, ой толғаныс кезеңдерінде тиімді стратегиялар қолданудың да маңызы зор.

«Сын тұрғысынан ойлау» сабақтарының  алғашқы бөлігі міндетті түрде қызығушылықты оятуға арналады (сұрақ қою), екінші  «мағынаны тану» кезеңінде (жауаптар іздеу, мәселені зерттеу) мәтінді жан-жақты  және әр тұрғыдан талдау жұмысы жүреді.

Үшінші, білім «ой толғаныс» арқылы жалпылама жүйеленеді (ойлау  үрдісінің ең жоғарғы сатысында мәселені талқылау). Яғни, мұғалім оқушыларын ойлауға тұрақты түрде үйретеді.

«Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы сабақта үнемі қолдану барысында, бұрын сәтсіздіктен қашып, оқуға талаптанбайтын, ғылымның маңызын төмен санап, білімнің қажетін ескермейтін, құнды ақпараттарды енжар қабылдайтын оқушылар, әсіресе үлгерімі орташа деңгейдегі оқушылардың сабаққа ынтасы өзгерді. Ал үздіктер мен оқу екпінділерінің көпшілігі не жазаланбау үшін, не мадақтау үшін, не өзгелерден жоғарырақ болу үшін оқып келсе, енді қызықты ақпараттарды  өз бетінше іздеп тауып, өзгерлермен ой бөлісуге асығатын  болды. Мұның бәрі олардың табысқа жиі жетіп, өз күшіне сенуінің  арқасында болып жатқан өзгерістер. Оқушылар жүргізілген сауалнамаларға берген өз жауаптарында жұмысты жоспарлау, жағдайға бейімделу, нәтижені нақты бағалау сияқты қабілеттерді,  табандылық, сынға төзімділік сияқты қасиеттерді жиі көрсете бастады.

 

Проблемалық оқыту технологиясының өзіндік ерекшелігі мен маңызы.

 

Проблемалық оқытуда оқушылар бейтаныс, белгілі емес мәселелерді өз беттерінші шешуге жұмылады. Проблемалық ситуацияны шешу арқылы оқушылардың шығармашылық ойлауы дамиды. Проблемалық оқытуға негізделген жұмыстар, тапсырмалар оқушылардың ғана өзіндік ойлауына, өзіндік ізденуіне бағытталады, білімді өз беттерімен алуға жол ашады.

 

Проблемалық оқытудың басты белгілері:

 

1. Білімді проблема негізінде баяндау 1. Мұғалім сабақты жай хабарлап, не баяндап түсіндірмейді. Проблема қоя отырып түсіндіреді. Оқушылардың таным белсенділігін арттыру, біріге отырып оны шешу жолдары мақсат етіледі. Оқушыларды іздендіруге, табуға жұмылдырады.
2. Оқушыларды зерттеу, іздену іс-әрекетіне кіргізу. 2. Мұғалім оқушылар алдын.да проблема қояды, ол проблемаға балалардың назарын аударады, сабақ түсіндіру барысында сұрақ-жауап, басқа да өнімді тәсілдер арқылы оны шешуге түрткі жасайды.
3. Оқытудың зерттеу әдісі. 3. Оқушылар проблеманы шешу үшін болжам жасайды, дәлелдеу, салыстыру, қорытынды шығару тәсілдерін, амалдарын іздестіреді. Өз беттерімен, өз ізденістерімен мақсатқа жету үшін еңбектенеді.

 

Проблемалық оқытудың тиімділігі де сол – ол оқушының өз дербес іс-әрекеті арқылы проблеманы шешуі, сол жолдағы ізденісі, шығармашылық өнімге қол жеткізуі.

Проблемалық оқытудағы оқушының шығармашылық іс-әрекетін былай тұжырымдауға болады:

  1. Оқу материалының мазмұнын талдау, саралау;
  2. Проблеманы ашу, өнім жасау, шығармашылық еңбекке қол жеткізу;
  3. Қорытынды жасау, өзіне өзі баға беру.

 

Проблемалық оқыту технологиясынан дұрыс іздене білгенде ғана ол тіл дамытуда өнімді, нәтижелі қорытынды береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сабақтың тақырыбы: Сан есімнің мағыналық түрлері.

Есептік сан есім.

Реттік сан есім.

 

Сабақтың мақсаты:

Сөз таптарын оқыту барысында логикалық ойлау қабілетін дамыту.

а) Білімділік – сан есімнің мағыналық түрлерімен таныстыру, есептік, реттік сан есімдерді түсіндіре отырып, бір-бірінен ажырата білуге үйрету, сан есімнің мағыналық түрлері жөнінде білім беру.

ә) Дамытушылық – оқушының тіл байлығын жетілдіру, танымдық қызығушылығын дамыту.

б) Тәрбиелік – сөйлеу мәдениетіне, ұқыптылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, тірек сызбалар, бағалау парақтары, оқулық.

Пәнаралық байланыс: қазақ әдебиеті, математика, тарих.

Сабақтың түрі: жаңа сабақ.

Сабақтың әдісі: топпен жұмыс, ой тастау, сұрақ-жауап, проблемалық сұрақ.

Сабақтың формасы: ұжымдық, топтық, жекелей.

Сабақтың барысы:

І кезең: Ұйымдастыру кезеңі;

ІІ кезең: Үй тапсырмасын тексеру;

ІІІ кезең: Білімді тексеру (сөз таптары бойынша алған білімдерін тексеру);

ІV кезең: Жаңа сабақ.

V кезең: Жаттығумен жұмыс.

VI кезең: Сергіту сәті.

VII кезең: Қорытынды. Венн диаграммасы. «Бәйге» сұрақтары.

 

  1. Ұйымдастыру кезеңі.

а) оқушыларды түгелдеу;

ә) оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру;

б) оқушыларды 3 топқа бөлу. Әр топбасшы өз тобын таныстырады.

І-топ – «Бірліктер». Ұраны – «Бірлік болмай тірлік болмас»;

ІІ-топ – «Жүздіктер». Ұраны – «Жүз тенгең болғанша жүз досың болсын»;

ІІІ-топ – «Мыңдықтар». Ұраны – «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар».

 

  1. Үй тапсырмасын тексеру.

Өткен сабақтағы тапсырма үш топқа үш түрлі болатын. І топ мақал- мәтел ІІ топ жұмбақ, ІІІ топ киелі сандарға байланысты ұғымдарды  жазып келу керек болатын. Ол халық ауыз әдебиетінің үлгісінде  сан есім болуы тиіс.

 

Жауап тыңдалады.

І-топ: Мақал – мәтелдер.

  • «Ауыз біреу, құлақ екеу»
  • «Би екеу болса, дау төртеу»;
  • «Алтау ала болса ауыздағы кетеді,

төртеу түгел болса төбедегі келеді»;

ІІ-топ: Жұмбақтар.

  • «Таң ертең төрт аяқты, түсте екі аяқты, кешке үш аяқты»;
  • «Басы да екеу, аяғы да екеу»;
  • «Кездеспейді екеуі,

Көк аспанда мекені»;

 

ІІІ-топ: Киелі сандар (3,7, 40).

  • Үш арсыз (ұйқы, күлкі, тамақ);
  • Үш жұрт (жігіттің өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты);
  • Жеті ата (әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат);
  • Жеті қазына (ер жігіт, сұлу әйел, берен мылтық, жүйрік тазы, қыран бүркіт, жүйрік ат, өткір пышақ, );

 

Топ басшылар бағалау парақтарына бағалап отырады.

 

ІІІ-кезең:       Қызығушылықты ояту. Ой шақыру.

Білімді тексеру (сөз таптары бойынша алған білімдерін тексеру);

І-топ: Зат есім. ІІ-топ: Сын есім. ІІІ-топ: Сан есім.

Топтастыру стратегиясы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ-топ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІІ-топ.

Сан  есім.

 

Тұлғасына қарай Құрамына қарай
негізгі туынды дара күрделі
Бір Бірінші Үш Үш жүз
Үш Үшінші Алты Бес алты
Жүз Жүздей Сегіз Сегіз мың

 

ІV-кезең: Жаңа сабақ.

Диагностика сәті.

Сан есім туралы не білеміз?

І-топ. Сан есімнің мағыналық түрлері.

Тақырыпты өз бетінше меңгеру.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ-топ. Есептік сан есім.

Анықтамасы – Есептік сан есім заттың нақтылы санын білдіреді.

Сұрақтары – қанша? неше?

Мысалы: бес, он екі, жүз, жиырма сегіз, тоғыз жүз бір, …

 

ІІІ-топ. Реттік сан есім.

Анықтамасы – Реттік сан есім заттың саналу ретін (қатарын) білдіреді.

Сұрағы —  нешінші?

Жұрнағы — —ншы, -нші, -ыншы, -інші.

 

ншы, -нші,

Реттік сан есімнің жасалу жолы:

 

= реттік сан есім
 -ыншы, -інші

 

 

 

 

 

 

 

Мысалы: екінші, тоғызыншы, алтыншы, отыз бесінші.

V-кезең: Жаттығумен жұмыс.

Семантикалық карта. Фонетикалық талдау.

І-топ.

162 жаттығу. Мәтінді оқып, құрамындағы есептік сан есімдерді теріп жазыңдар және олардың құрамын анықтаңдар, сұрақтарынг айтыңдар.

Үлгі: екі жүз тоғыз – есептік сан есім, құрамына қарай күрделі, сұрағы – қанша?

Қосымша тапсырма: «үшінші»  сөзіне фонетикалық талдау жаса.

ІІ-топ. Семантикалық карта.

165 жаттығу. Сөйлемдерді оқып, реттік сан есімдердің қалай жасалғанын және сұрақтарын айтыңдар.

                     Жұрнақтары

 

 

 

 

Реттік сан есімдер

-ншы -нші -ыншы -інші

 

Қосымша тапсырма: «жүзінші» сөзіндегі дыбыстардан сөз жасаңдар.

ІІІ-топ. Мәтінмен жұмыс.

Мәтінді түсініп оқып, есептік сан есімдерді теріп жазыңдар және олардың құрамын анықтаңдар, сұрақтарын айтыңдар.

Проблемалық сұрақ.

Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп өркендеуіне сендер қандай үлес қосар едіңдер?

 

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздік алып, еркіндікке қол жеткіздік, Әнұранымызды асқақтатып шырқап, Туымызды биікке көтердік.

Бүгінгі таңда Қазақстанды әлемнің 120 мемлекеті танып, осы 18 жыл ішінде тәуелсіз мемлекетімізде көптеген өзгерістер енді. Білім саласында жаңа типті мектептер, лицейлер, гимназиялар мен колледждер ашылды.

Біздің Отанымыз – Қазақстан. Аумағы батыстан шығысқа 3000 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке дейін 1700 шақырым. Қазақстан  Республикасының жер көлемі жөнінен дүние жүзінде 9 орында.

Қазақстан Республикасының ұлттық құрамы әр алуан. Қазақстанда 130 ұлт өкілдері тұрады. Негізгі ұлт қазақтар республикада 52 пайызды құрайды.

 

Қосымша тапсырма: 9 санын септеңдер.

 

VI-кезең: Сергіту сәті.

Сөзжұмбақты шешу.

Сөзжұмбақ «Сан есімдер»

 


 

  1. Балалар ойыны. (асық)
  2. Ел Ордасы. (Астана)
  3. Ең сүйікті адам. (ана)
  4. Ұрпақ. (немере)
  5. Нәрестенің төсегі. (бесік)
  6. Өзен аты. (Еділ)
  7. Қазақ батыры әрі ақыны. (Махамбет)
  8. Құс аты. (бөдене)
  9. Қоянның баласы. (көжек)
  10. Ұлттық саз аспабы. (домбыра)


 

 

 

 

 

 

 

VII-кезең: Қорытынды.

Венн диаграммасы.

 

 

«Бәйге» сұрақтары.

І топ.

  1. Заттың сынын білдіретін сөз табы (сын есім);
  2. Тасты, құмды сөздері сын есімнің қай түріне жатады? (қатыстық);
  3. Қазақ тілінде неше сөз табы бар? (9);
  4. Заттың санын білдіретін сөз табы. (сан есім);

ІІ топ.

  1. Заттың атын білдіретін сөз табы (зат есім);
  2. Байжан, Ақтөбе, Бадам сөздері зат есімнің қай түріне жатады? (жалқы есім);
  3. Не істеді? Не қылды? сұрақтарына жауап беретін сөйлем мүшесі? (баяндауыш);
  4. Қандай? қай? сұрақтарына жауап беретін сөйлем мүшесі (анықтауыш);

ІІІ топ

  1. Түбір сөзге жұрнақ жалғау арқылы жасалған сөз ( туынды);
  2. Отыз екі, елу сегіз деген сан есімдерінің құрамдық түрін анықта (күрделі);
  3. Көзге көрінбегенмен, адамның ойлауы нәтежиесінде танылатын құбылыс, ұғым атаулары (дерексіз зат есім);
  4. Күзетшілік тұлғасы жағынан қандай сөз? (туынды сөз)

 

Ә) Оқушыларды бағалау. Жеңімпаз топты анықтау.

Б) Үйге тапсырма: 163, 164 жаттығулар.

 

 

 

Пайдалынылған әдебиеттер:

 

  1. 12 жылдық білім. Журнал. 2006 ж. №8.
  2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
  3. Әдістемелік журналдар:

«Қазақ тілі мен әдебиеті». 2009 ж. №3., 2010 ж. №№3,8.

  1. Қазақ тілі әдістемесі. №9-10, №11-12. 2010 жыл. Алматы қ.
  2. «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» . Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2010 жыл.