Медиабілім беруді дамытудың негізгі бағыттары

Медиабілім беруді дамытудың негізгі бағыттары

 

Бүгінгі таңда білім беру үрдісін жаңа заманға сай нәтижелі ұйымдастыру – білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірі. Оқушылардың оқуға қызығуын арттыру үшін не істеу керек?

Бүгінгі ақпараттық-техникалық үрдістің даму барысында ақпараттық мүмкіндіктері мол жаңа техникалық құралдардың пайда болуы – заңды құбылыс. Бұрынғы дәстүрлі («мұғалім-оқушы-оқулық» жүйесіне жаңа буын компьютер, мектеп ұғымында – компьютерлік оқыту енгізіліп отыр. ЮНЕСКО-ның анықтамасы бойынша компьютерлік оқыту немесе оқытудың компьютерлік технологиялар дегеніміз – оқыту жүйесінде техникалық құралдардың бірі ретінде компьютерді қолдану.

Бүгіннің өзінде компьютер білім беру саласында кеңінен қолданылып жүр. Дербес компьютер оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында белсенді түрде пайдаланылады.

Қазіргі заманғы ашық, интеграциялы  және даралап оқытуға бағытталған білім беру жүйесінде жан-жақты ақпараттандыру шаралары жүзеге асырылуы тиіс. Басқаша айтқанда, ақпараттандыру – білім беру жүйесін модернизациялаудың маңызды бағыты. Оқытуды ақпараттандыру- сан салалы , кешенді, ауқымды үрдіс, оған оқушылар, мұғалімдер және мектеп әкімшілігі қатысады. Бұл үрдіс білім беру басқармасының  мектептерге кешенді бағдарлама енгізуі, мектепте, қалада, ауданда, елде бірыңғай ақпараттық білім беру кеңістігін құру, оқу пәндерінде ақпараттық технологияларды пайдалану, біріктірілген сабақтарды жоспарлау, жобалық қызмет, білім беру саласында интернетті пайдалану сияқты шаралардың жиынтығынан тұрады.

ХХІ ғасыр – ақпараттық қоғам ғасыры, бұл өркениеттің жаңа түрі десе де болады, сондықтан жаңа әлемге үлкен дайындықпен, біліммен және компьютерлендірілген өмір шындығын дұрыс бағалап, түсіне отырып аяқ басу керек. Ақпараттың дұрыстығы мен сапасына деген сенімді қалыптастыру кітапханашының жауапкершілігінде болмақ. Ал, бұл, ең әуелі, медиабілім берумен, сондай-ақ мектепте медиатека құрумен байланысты, Бұл шараларды қолға алатын уақыт жетті ме? Әрине, уақыты келді. Оған дәлел ретінде 2001-2005 жылдары бірыңғай білім беру және ақпараттық ортаны дамытудың мақсатты бағдарламасын алуымызға болады.

Жоғары сапалы  және жоғары технологиялы білім беру ортасын құру білім беру жүйесінің негізі болып табылады. Оны құру және дамыту күрделі және маңызды техникалық міндеттерді шешумен байланысты. Индустриялы қоғамның талаптарына сай білім беру жүйесін түбегейлі жаңартудың, білім беру жүйесінің технологиялық базасын құрудың, ақпараттық   білім беру технологиясына көшудің және ашық білім беру жүйесіне енудің бірден бір жолы осы. Ақпараттық білім беру орталығын құру және дамыту үшін еліміздегі білім беру саласында қалыптасқан ғылыми-әдістемелік, ақпараттық, технологиялық, ұйымдастыру және педагогикалық әлеуеттердің бәрін жұмылдыру қажет.

Заманауи қалаларда адамның бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы күніне 11  сағаттан асады,  теледидар үйлерде күн сайын орташа алғанда 7  сағат 38  минут қосылып тұрады,  ал екі жастан он екі жасқа дейінгі балалар орташа алғанда аптасына 25 сағат теледидар көреді екен. Отбасы қауымдастығы Ұлттық одағының деректеріне сәйкес кәмелетке толмаған аудитория жыл сайын орташа алғанда тиімді уақытының 154  сағатын ата-аналарымен бірге және 850  сағатын мұғалімдерімен бірге өткізсе, сонымен қатар балалар әр түрлі электрондық ақпарат құралдарымен байланысқа 1400  сағатын жұмсайтын көрінеді.

Осылайша бұқаралық ақпарат құралдары жыл өткен сайын адамдардың өмірінде және білім беру үрдісінде үлкен роль атқарып келеді. Осыдан келіп бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарының негізі болып табылатын медиабілімнің жүйелі дамуының маңыздылығы туындайды. Ресей педагогикалық энциклопедиясында оқушылар мен студенттердің «бұқаралық коммуникацияның заңдылықтарын» (баспасөз,  телевидение,  радио,  кино,  видео және т.б.)  үйренуге бағытталған медиабілімді педагогиканың бір бағыты ретінде көрсетеді.

Медиабілімнің негізгі бағыттарына:

а) қазіргі ақпараттық жағдайда жаңа ұрпақты өмірге дайындау;

ә) әр түрлі ақпаратты қабылдауға, оны адамның түсіне білуіне;

б) зардабының жүйкеге әсерін түсіне білуіне;

в) техника құралдарының көмегімен қарым-қатынас жасау қабілетін игеруге үйрету сияқты мәселелер жатады .

Еуропа Одағының құжаттарында «медиабілім» (media education)  алынған ақпарат негізінде өздерінің ой-пікірлерін айтуға қабілетті,  ақпарат құралдарына сыни және өзіндік көзқарасы бар отандық азаматтарды тәрбиелеу мақсатында медиақұзыреттілікті дамытуға бағытталған оқу ретінде айқындалады.  Бұл оларға қажетті ақпаратты пайдалануға,  оны талдауға,  сондай-ақ ақпаратқа қатысты экономикалық,  саяси,  әлеуметтік немесе мәдени мүдделерді үйлестіруге мүмкіндік береді.  Медиабілім адамдарды хабарламаларды жасауға,  коммуникацияға мейлінше тиімді ақпарат құралын таңдауға оқытады.  Медиабілім адамдарға өздерінің ойларын және ақпаратты еркін білдіру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл олардың жеке дамуына ғана әсер етіп қоймай,  сондай-ақ,  олардың әлеуметтік тұрғыда белсенді атсалысуын және интербелсенділігін күшейтеді. Бұл тұрғыдан алғанда медиабілім демократиялық азаматтыққа және саяси түсіністікке дайындайды.  Демек,  адам өмірінің барлық ағымында оқыту тұжырымдамасының бір бөлігі ретінде медибілімді дамытқан тиімді болып табылады. Ең беделді медиапедагогтардың және медиатеоретиктердің бірегейі Л.Мастерман (L.Masterman)  қазіргі әлемдегі медиабілімнің маңыздылығы мен басымдығын айқындайтын жеті себебін негіздеп берді:

  1. Медианы тұтынудың жоғары деңгейі және қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарының шектен тыс көптігі.
  2. Медианың идеологиялық маңыздылығы, өнеркәсіптің саласы ретінде олардың аудиторияның санасына ықпалы.
  3. Медиаақпарат санының жылдам өсуі, оны басқару және тарату тетіктерінің күшеюі.
  4. Негізгі демократиялық процестерге медианың ену интенсивтілігі.
  5. Барлық салада визуалды коммуникация мен ақпарат маңыздылығының артуы.
  6. Болашақ талаптарға сәйкес бағдарланған оқушыларды, студенттерді оқытудың қажеттілігі.
  7. Ақпаратты жекешелендіруде ұлттық және халықаралық процестердің ұлғаюы.

«Медиабілім беру» түсінігі 1973 жылы ЮНЕСКО мен Кино және телеарнаның халықаралық кеңесінің ақпарат секторының бірлескен кеңесінде тұжырымдалғанына қарамастан, ғалымдар әлі де болса осы күрделі пәнаралық құбылыстың анықтамасын зерделеуде.

ЮНЕСКО-ның бастамаларына сәйкес,  медиабілім беру (media education)  астарында педагогикалық теория мен практикада ерекшелік және автономдық білім беру салаларының бір бөлігі ретінде қаралатын қазіргі заманғы бұқаралық ақпарат коммуникацияларын меңгеруде теория мен практика дағдыларына оқыту деп түсіну керек.

Қазіргі заманғы мектептерде білім берудің жаңа технологияларына  қызығушылық артып отыр. Ол оқушылардың  оқу-танымдық әрекеттерінің мотивациясының артуына ықпал етері сөзсіз:

– мектепте медиабілім берудің белгілі салаларын тереңдетіп оқыту үшін факультативтер ұйымдастыру («Медиа мәдениет негіздері», «Компьютерлік графика, дизайн» т,б);

– оқыту мақсатында түрлі медиа-ресустарды пайдалану, жаңа ақпараттық мәдениетті құру және дамыту;

– информатика кабинеттерін компьютерлендіру, бағдарламалық қамтамасыз ету, интернетке қосу үрдістері жүзеге асырылуы тиіс;

– мектеп баспасын – видео, веб-парақ, мектеп сайтын құру;

– мектептен тыс уақыттарда жаңа педагогикалық технологияларды- қашықтан оқытуды, тестілеуді пайдалану.

Медиабілімнің БАҚ-ты білім берудің басқа салаларында, мысалы, тарих, құқық, физика, математиканы оқытуда көмекші оқыту құралдары ретінде  пайдаланудың айырмашылығын білу қажет.

«Медиабілім» термині 1970 жылдардың  басында пайда болды, сонымен бірге «визуалді сауаттылық» тұжырымдамасы  қалыптасты. Тұжырымдама авторлары оқушылардың бойында кешенді біліктіліктерді қалыптастыру қажет деп есептеді, оған келесі біліктіліктерді жатқызуға болады:

– түрлі әдебиеттерден қажетті ақпаратты табу;

– ақпаратты сыни тұрғыдан саралау, негізгі мәнін түсіну, ақпараттың бағыты мен мақсатын түсіну;

– берілген белгілері бойынша ақпаратты жүйелеу.

Оқу пәні мен «сыртқы» ақпарат ағындары арасындағы байланыстарды тауып, нақтылы берілген оқу материалына сәйкес келетін есептерді шығару керек.

Медиатекаға тоқталатын болсақ, аталмыш терминнің нақтылы және ортақ анықтамасы жоқ.

Медиатеканың құрамдас бөліктері төмендегілер:

– кітапхана-мәтіндер сақтау орны;

– фонотека-механикалық, сөйлеу, магнитофондық және электрондық-оптикалық дыбыс жазбалары;

– фильмотека-бейнетаспалар;

– ойын (игротека)-ойын залдары, ойындар, автоматтар.

Медиатека  бірінші кезекте көпсалалы кеңістікті «орналастыру» міндеттерін іс жүзінде шешу үшін қажет. Медиабілім беруді енгізу үшін мектепте не қажет?

1990 жылдардың басында  мектептерге медиатека қажет болды, сол жылдардың соңында мектептерде медиаорталықтар құрылды, ал ХХІ ғасырдың басында мектептердің өзінің арнайы құрылымдық бөлімшелері-ақпараттық және мультимедиалық технологиялар қызметін қалыптастыру қажеттілігі туындады, яғни кітапхананы, медиатеканы, радио тораптарды, т.б. дамыту  мектептерде бірыңғай ақпараттық білім беру кеңістігін құруды қажет етті.

Білім беру үрдісіне қатысушылардың атқаратын қызметтерінің  түрлері мынадай:

Пән мұғалімдері:

– педагогикалық және әдістемелік әдебиеттер туралы ақпараттар алады, оқытуға арналған интернет-ресурстар;

– білім беру жобаларына, сайыстарға, викториналарға қатысуда мектептің жұмысын ұйымдастырады;

– виртуалдік МББ аясында оқыту әдістемесі бойынша ақпарат алмасады-веб парақтар, сайттар құрады және басқа аймақтардан қолжетімді жаңаша білім беру  ресурстарын алады, педагогикалық интернет-бірлестіктің жұмысына қатысады.

Оқушылар:

– оқу міндеттерін шешу мақсатында ақпараттарды іздеп табады;

– олимпиадаларға, викториналарға , сайыстарға, жобаларға қатысады;

– қашықтықтан тестілеуге қатысады;

– қолда бар білім беру ресурстарын оқу әрекетінде пайдаланады (тренажерлер, репетиторлар, энциклопедиялар, анықтамалық т.б);

– құрбы-құрдастарымен хат алысады.

Мектеп әкімшілігі:

– мектеп қызметкерлерінің бірлескен қызметін  ұйымдастырады, ортақ жоспар құрады және оны жүзеге асырады;

– әр түрлі ұйымдардың жетекшілерімен  және басқа қызметкерлерімен  байланыс орнатады;

– жұмыс     нәтижелерін мектеп  сайтында жариялауды  ұйымдастырады;

– мектепке арналған құрал-жабдықтарға, оқу-құралдарына, білім беру материалдарына  тапсырыс береді.

Техникалық мамандар:

– мектептің локалді желісінің қызметі мен интернет-қызметті қамтамасыз ету;

– ақпараттың сенімді сақталуын, сондай-ақ мектептің жергілікті желісінің антивируспен қорғалуын қамтамасыз ету;

– барлық жұмыс орындарынан интернетке шығу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Ата-аналар:

– өз балаларының     білім алу барысы мен  мінез-құлқын білуі тиіс;

– балалардың оқу жобаларымен танысу;

– нормативтік, медициналық және педагогикалық  ақпараттармен танысу;

– сынып жетекшісімен электрондық пошта арқылы байланыс жасау.

Мектептің  ақпараттық кеңістігінің негізі – жұмыс орындарының компьютерлендіріліуі, бірыңғай интернет    желісіне бірігуі. Бірақ, әзірше мектептерде  интернет желісіне қол жеткізу күрделі мәселе.  Бірінші мақсат- мектепте медиатека құру.

Медиатеканы құрудың мақсаты – білім беру үрдісінде  қатысушылардың ақпаратық  қажеттіліктерін  қанағаттандыру.

Медиатеканы ұйымдастырудың қағидалары – қолайлы ақпараттық орта қалыптастыру.

Медиатека дегеніміз – мектептегі білім беру үрдісіне қатысушылардың түрлі ақпарат  иелерінің ақпараттық ресурстарына қолжетімді болу үшін құрылған ақпарат орталығы.

Медиатеканың  материалдық –техникалық  базасы төмендегідей болады:

– кітапхана – кітапханашының тұрақты жұмыс орны, ол компьютерлік каталогі бар компьютермен  және көшірме техникалармен  жабдықталуы тиіс;

– видеотека – оқу бейне таспаларының қорын  қалыптастырады және  бейнеақпараттармен дара және топтық  жұмыс орындарын  ұйымдастырады, бейнемагнитофондармен , бейнекамералармен, теледидармен қамтамасыз етіледі және  оларды пән кабинеттеріне қосады;

– фонотека – магнитафон жазбаларының,  СД дискілер, тыңдау аппаратуралары қорын құрады, дара және топ бойынша (наушникпен) тыңдау жұмыстарын ұйымдастырады;

– диатека – диафильмдер мен диапозитивтер (слайдтар) көрсетіледі, топтық және дара көрсетілімдерге   арналған орындармен жабдықталады;

– компьютерлік жұмыс аймағы – оқушылардың немесе мұғалімдердің компьютермен дербес жұмыс істеу орны.

Ақпараттық технологияны  оқыту технологияларының бір түрлі ретінде оқу үрдісінде  оңтайлы  пайдалану  тиімді және ол бүгінгі  күннің  қажеттілігі. Дегенмен, ақпараттық  технологияны басқа  технологиялармен бірге кешенді түрде пайдаланғанда  ғана қоғам талабына сай жеке тұлға  қалыптастыруға болатындығын естен шығармау қажет.