ОҚУШЫЛАРДЫҢ МОТИВАЦИЯСЫН АРТТЫРУДА ОҚЫТУ ҮШІН БАҒАЛАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

133

ОҚУШЫЛАРДЫҢ   МОТИВАЦИЯСЫН АРТТЫРУДА ОҚЫТУ ҮШІН БАҒАЛАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

БЕКСОЛТАНОВА Лязиза Жеңісханқызы

Астана қаласы, №58- мектеп –гимназисының

 математика пәнінің мұғалімі

ХХІ ғасыр жаһандық жаңалықтардың ғана емес, білімнің дәуірлеу ғасыры. Ол қазіргі кезеңде мемлекеттің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әлемдік қоғамдастықтағы орнын анықтап, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін көрсетуде маңызды рөл атқарады. Жаһандану дәуірі — әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі, сондықтан, білім – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

«Білім беруді дамыта алмаған ел ХХІ ғасырда күйреуге ұшырайды» деп Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жеделдетілген экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жолында» Жолдауында атап көрсетті.

Қазақстан Республикасының білім жүйесі дүниежүзілік білім жүйесіне сәйкес болуы тиіс. Біз соған ұмтылуымыз керек. Қазақстан Республикасының білім туралы заңы да осыны меңзеген.

Қазақстан  Республикасының  білім  беру  саласындағы  бүгінгі  басты  міндеттерінің   бірі – жастарға  терең  білім  беру және білім сапасын көтеру. Сондықтан да осы салада батыл қадамдар жасалып, өзгерістер енгізілуде. Ал, оның  негізі жалпы  білім беретін мектептердің оқыту үрдісін  жақсартуға  жаңа технологияларды  енгізу  болып   табылады. Жаңа бастамалардың бірі-Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін педагогтар біліктілігін арттырудың деңгейлік курстары. Бұл курс бағдарламасында оқытудың 7 модулі төңірегінде, яғни білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау,  білім беруде АКТ-ны пайдалану, талантты және дарынды балаларды оқыту оқыту, оқушыларды жас ерекшелеріне сәйкес білім беру, білім берудегі басқару және көшбасшылық жүйеленген. Оқу – тәрбие  үрдісіне  жаңа  инновациялық  әдіс  тәсілдерді  енгізу оқушылардың  білімге  деген  қызығушылығын,  талпынысын  арттырып  өз  бетімен  ізденуге  шығармашылық  еңбек   етуге  жол  салады. Оқушыларға   терең  де  жүйелі  білім беруде мұғалімнің жан – жақты білімді  және   әдістемелік  тәсілдерді жетік  меңгерген  болуы  тиіс. Пәндерді  оқытуда  тиімді  әдіс – тәсілдерді пайдалана  отырып,  сабақты  қызғылықты  да  тартымды   өткізу  мұғалімнің шеберлігіне   байланысты.

Жалпы білім білім беруде әр мұғалім көздеген мақсатына қол жеткізу үшін оқыту үдерісін жоспарлап, қолданысқа енгізгенде  оқушы жетістіктерін бағалауды басты назарда ұстау керек деп ойлаймын. Себебі, оқыту үшін бағалау сыныптағы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру жолдарына елеулі әсер етері сөзсіз.

Мен өз сабағымда оқушыларды терең ойлатуға және шығармашылық сипаттағы  тапсырмалар бойынша  жұмыс  жүргізуге  көп  көңіл бөлемін. Сабағымды жоспарлауда нақты мақсат қоя отырып, күтілетін нәтижені анықтауға басты назар аударамын. Өз тәжірибеме оқытудың жаңа әдіс- тәсілдері мен оқыту үшін бағалауды енгізе отырып, алдыма мынандай мақсат қойдым: Оқушыларының пәнге деген ынтасы мен қызығушылығын оқыту үшін бағалаудың әртүрлі тәсілдерін ұйымдастыру арқылы арттыру және сабаққа деген көзқарастарын өзгерту. Осыдан «Оқушылардың пәнге деген қызығушылығы мен белсенділігін оқыту үшін бағалаудың  түрлері мен тәсілдерін ұйымдастыру арқылы қалай арттыра аламын?»,- деген сұрақ туындады.

Осы сұрақ негізінде жұмысымның нысанын «Оқыту үшін бағалаудың әртүрлі тәсілдерін ұйымдастыру арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылы мен белсенділігін арттыру және сабаққа деген көзқарастарын өзгерте отырып, табысты оқуға қол жеткізуге бағыттау» деп қарастырып келемін.

Бұдан күтілетін нәтиже: Мұғалім бағалаудың тиімді әдіс-тәсілдерін пайдалана  отырып, оқытуды өзгертеді, оқытуда заманауи әдіс- тәсілдердің мүмкіндіктердің өз тәжірибесінде қолданады, оқушылардың өзін- өзі бағалай алуына жағдай  тудырады. Оқушының оқуға көзқарасы, сабаққа ынтасы, қызығушылығы, белсенділігі артады және сыныптағы  әр оқушы сабаққа белсене қатысады, топпен бірлесе жұмыс жасайды, бірін- бірі сыйлайды, қолдау көсетеді, тыңдап үйренеді, ұйымшыл болуға қалыптасады. Білімді  бірлесіп  алуда  немесе   пікір   алмасу  барысында   тең   құқылы болады.

Әр сабағымды  ең алдымен оқушыларды ойландырып, әр түрлі тәсілмен 4-5 топқа топтастырудан бастап және топ басшысына лайық оқушыны тауып отырамынм. Мысалы топқа сандарды табу арқылы бөлуде, бірінші болып топтасқан топты «Жарайсыңдар!», «Керемет!» деп мадақтап, бағалап отырудың артығы жоқ. Топ ережесін сақтап отыруға да оқушыларды дағдыландыра бастадым. Сабаққа қызығушылықты ояту мақсатында  сабақтың 1-2 минутын қызықты тренингтер мен сергіту сәттеріне арнауды естен шығармаймын, кейде қызықты логикалық есептерді шешуді ұсынамын.

Мұғалімге арналған нұсқаулықта бағалау- одан арғы білім алу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жинақтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин болып табылады делінген. Сондықтан оқушылардың өз білімін өзі бағалауы мағызды деп ойлаймын. Оқыту үшін бағалау- бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында түрғанынын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі.

Оқушылардың жаңа тақырыпты қаншалықты игеріп, меңгергендігін анықтау үшін және сабақтың әр кезеңінде тапсырмаларды орындауда оқыту үшін бағалаудың түрі  «бағдаршам» арқылы бағалауды қолданған ыңғайлы. Әр оқушының алдында бағдаршам белгілері болады. Түсіндім  –жасыл, сенімді емеспін, әліде сұрақтарым бар- сары, түсінбедім- қызыл түсті белгілермен көрсетіледі. Жаңа сабақты қаншалықты түсінгенін «бүгін сабақта не үйрендің?, не білдің?, толық түсіндің бе?» деген сұрақтар қоя отырып, қол белгілері арқылы, яғни бармақпен бағалауды да қолданған оқушының сабаққа қызуғушылығын арттыратыны сөзсіз. Сыныпта кейбір оқушылар оқыту үшін бағалау кезінде  кейде өз –өздеріне сенімсіз болды. Сондықтан алдағы уақытта  бағалаудың түрлерін мейілінше тиімді пайдалана отырып, бағалаудың түрлерін түсіндіру жұмыстарын жасау керектігін түсіндім.

Топтық тапсырмаларды орындауда  әр топ бір –бірінің жауабын тыңдай отырып, «екі жұлдыз, бір тілек» немесе «екі жұлдыз, бір ұсыныс» айту   және мадақтау, қол шапалақтау арқылы бағалаудың өзі оқушының мерейін, оқуға ынтасын арттыруда көп көмегін тигізуде.

Білім алушылар өз білімін арттыру үшін бағалауды үйренуі қажет, сондықтан оқушыларға өзінің оқуын жақсарту үшін кері байланыс арқылы алынған ақпаратқа сәйкес жұмыс істеу қажет. Бұл олардан түсінушілікті, қызығушылықты және ықыласпен әрекет етуді қажет етеді. Көрсету, түзету, оқытуды бағалау сияқты әдіс — тәсілдердің көмегі оқушыларға  білім  беруде  жаңаша  идеяларды  ұсынады Сабақ соңында ұсынылытын кері байланыс арқылы (рефлексия, эссе жазу)   оқушының сабақта не үйренгенін, алдағы уақытта нені білгісі келетінін анықтап отыруға, келесі сабақты жоспарлауға септігін тигізетіндігі айдан анық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» Алматы,2013ж
  2. А.Құсайынов «Білім реформасы- дамыған елдер тәжірибесі» Этнопедагогика 2007ж , №1, 8-13 бет
  3. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Қоғамдық- гуманитарлық бағытта бейінді оқытудың әдістемелік ерекшеліктері». Әдістемелік құрал, Астана 2013ж.
  4. Интернет ресурстары.
  5. Мұғалімге арналған нұсқаулық, 1 -деңгей