ОҚУШЫЛАРДЫҢ БОЙЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМНІҢ НЕГІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

303

 

ОҚУШЫЛАРДЫҢ БОЙЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  ПАТРИОТИЗМНІҢ НЕГІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Кез келген мемлекеттің білім беру жүйесі сол мемлекеттің жүргізіп отырған саясатымен анықталады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті.

Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, туған өлке, халқы туралы түсініктер оқу – тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс – шараларда Отансүйгіштік сезімді дамыту, ұлттық салт – дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, ана тілін қадірлеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылады.

Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты.

Қазақстандық патриотизм – көп ұлтты Қазақстан халқының өзін-өзі  тануының күрделі жолы. Өзін — өзі тану — өзіндік өсу мен өзіндік даму процесі арқылы жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруге, бағалауға алып келеді. Ең бастысы – жас ұрпақтың бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру.

Қазақстандық патриотизмнің негізгі компоненттері:

  • Отанға деген сүйіспеншілік;
  • Отан тағдырына деген жауапкершілік сезімін арттыру;
  • Отан мүддесіне қызмет етуге дайын болу;
  • Отанды қорғау;
  • Отанның қол жеткен жетістіктерін ішкі және халықаралық аренада мақтанышпен көрсете білу;
  • Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйрену;
  • Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің құқықтарына құрметпен қарау;
  • Ана тілін білу;
  • Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің ұлттық салт – дәстүріне және әдет – ғұрпына құрметпен қарай білу;
  • Қазақстан халықтарының келісімі мен ұлтаралық бірлігін сақтау;

 

Қазақстандық патриотизмнің негізін қалыптастыру – мемлекеттің және барлық азаматтардың экономикалық өмірі мен қауіпсіздік жағдайын жасау болып табылады. Қазақстандық патриотизмнің ұлтшылдықтан айырмашылығы ол басқа халықтарға деген құрмет сезімінің, бүкіл адамзат туралы  адамгершілік түсінікке қайшы келмейтін  Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі бола алады.

Халқымыз ғасырлар бойы ұрпағын өз елін сүюге, ізгілікке баулып келеді. Бұл ұлтымыздың дәстүрлі ұлттық тәрбиесінің өзегі деуге болады.

Ұлтымыздың патриотизмге бай тарихын, жауынгерлер мен батырлардың ерліктерін, ата — бабаларымыздың өнегелі өмірін жас ұрпаққа жеткізу патриотизмге баулудың бірден – бір көзі. Бұл ретте аттары аңызға айналған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Наурызбай, Қарасай батыр сынды ерлеріміздің ерлігін баяндау осының куәсі.

Қазақ халқының біртуар ұлдары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиндер өз ұлтының нағыз патриоттары екендігін мойындатқан нағыз ұлы тұлғалар.

Отаншылдық сезім – адамға туа біткен қасиет емес. Ол адамның саналы өмірімен қабаттас қалыптасатын  психологиялық, саяси — әлеуметтік құбылыс. Патриоттық сезім жалпы адам баласының еліне, жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Осыған орай ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев патриотизмді «Әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау»- деп белгілеген.

Қазақ халқы  «Отан» деген ұғымды  бала бойына ерте бастан сіңіруге тырысқан. Сондықтан  да  соншама  кең  далада өмір сүрсе де, ата-бабаларымыз үшін атамекен ұғымы-әрдайым қастерлі де қасиетті ұғым.

Отан – патриоттық сезімнің қайнар көзі.

Жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуде мемлекеттік рәміздеріміздің орны ерекше.

Патриоттық тәрбие — Отан, туған жер, атамекен, туған ел деген адам санасында мәңгі өшпейтін ұғым.

Отансүйгіштік пен ұлтжандылық  — егіз ұғым.

«Патриотизм» ұғымының қазақшасы – отансүйгіштік, гректің патриотес – отандас деген сөзінен алынған.

Ұлтжандылық — жаңа қоғамдық қарым-қатынастың нәтижесінде туған тарихи саты.

Қазіргі таңда елімізде бұл екі ұғым жаңа мағынада айтылып келеді. Патриотизмді Қазақстандық патриотизм немесе Отансүйгіштік деп атайды. Оның мақсаты — Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір азамат тек осы Қазақстанды сүйіп, соның азаматы болу, Қазақстанды қорғау, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосу.

Өскелең ұрпақты, жастарды, болашақ мамандарды кез-келген жағдайда ерлік, отаншылдық істерге баруы үшін, оған алдымен рухани жағынан дайын болуы керек. Отаншылдыққа тәрбиелеу ұлттық ерлік дәстүрлерге сүйене отырып, жастардың ішкі жан дүниесі — ой-санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға бағытталуы керек. Бұл ретте Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақтың ұлттық сана сезімін дамыту, «қазақ» деп аталатын таңғажайып, әрі бай тарихи және мәдени байтаққа өз қатысының барын сезіну» — дегенді, біздің ұстанып отырған пікірлерімізді қуаттай түседі.

Жастардың патриоттық іс-әрекетін ұйымдастыру және өзін-өзі тәрбиелеуін, не істесе де Отаны, ұлты, халқының мүддесін көздеу  деп санаймыз. Өз мүддесін көздеп орындаған жұмыстарының саналы болуының өзін Отанға қосқан үлес ретінде қарастырудың да маңызы зор. Осыны әркімнің санасына сіңірген күнде ғана біз нағыз патриоттар тәрбиелей аламыз.

Патриоттық сана ұлттық және жалпы адамзаттың мүдделер тұрғысынан қарастырғанда Отанға деген көзқарас құндылықтарының жиынтығы болып табылады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей ұрпағын өз халқының патриоты етіп  тәрбиелеу – қай халықтың болмысын тәрбиелеу жүйесінің негізгі талаптарының бірі.

Халық батыры Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтықпен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы-тұл, келешегі-тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы — батыр халық».

Олай болса, Отанымыз аумағының бүтіндігін сақтау, халықтың тыныштығын алатын лаңкестермен қарсы ұйымшылдықпен күрес, мемлекеттерге қауіп төндіретін кез келген сыртық және ішкі күштерге қарсы тұрудың өзі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу міндетін жүктейді. Патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан, оқушылардың бойындағы Оанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық санасын дарытуда халқымыздың біртуар ұлы, даңқты қолбасшы, Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырған өсиеттері мен ерлікке толы шығармаларының орны ерекше.

Бауыржан Момышұлы шығармаларды әскери-патриоттық тақырыптарда жазды.

Ал Бауыржан Момышұлының ерліктері туралы қаншама ақын-жазушылар қолына қалам алды десеңізші?! А.Бек батырдың ерлікьері жайлы, «Арпалыс» атты романын жазса, Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын, М.Қалдыбаев «Ұмытылмас кездесулер» естеліктерін, З.Ахметова «Шуақты күндер» естелік- эссесін жазды.

Бауыржан Момышұлы «Соғыс психологиясы» еңбегінде патриотизмге төмендегідей анықтама береді:

Патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман– саулығының қоғамдық – мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз – жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды жеке адаммен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді.

Ерлік дегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін, осындай адамгершілік теңдікті өзіңмен сайысқа түсе отырып тұтас ұжым өмірінің игілігіне ғана емес, оның қауіп қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға – жанмен, қанға — қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарды қауіпсіздік етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу.

Батылдық – қимыл, әрекет есебін тәуекелдеумен үйлестіре алушылық.

Табандылық – батырлардың қалқаны.

Өжеттілік, қайсарлық – адамның тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс.

Бауыржан Момышұлының өзі де ұлтжанды азамат екенін артында қалдырған қанатты сөздерінен көрініс табады. «Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қаңғыбас», «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды».

Бауыржан Момышұлы туралы айтылған ойлар мен пікірлер оның батырлығын, ерлігін суреттейді. Кез келген адам батыр болмайды. Батыр бойында қайрат, күш-жігер, қайсарлық молынан көрінеді.

Тәрбие үдерісінде жазушы, ержүрек қолбасшы Бауыржан Момышұлы шығармаларын пайдалану — патриоттық тәрбие берудің қайнар көзі.

Білім берудің сапасы жастарымыздың Отан алдындағы азаматтың парызын сезінуімен, өзіндік көзқарасымен, халықтық бағытына рухани және материалдық құнды қазынаны сақтап қалуға ұмтылуымен де өлшенуі тиіс.

Бүгінгі Қазақстан жағдайындағы ұлттық патриотизмнің басты көрінісі — қазақтың ана тілінде сөйлеуі, ас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруі, ұлттық мінез бен болмыс қалыптастыру, ізеттілік, құрметтеу, қайырымдылық, мейірімділік сынды сезімдерін дамытуы.

Өскелең ұрпақ — болашақ Қазақстан азаматы. Олар өзімізді қоршаған ірі өркениет орталықтарын, түрлі мәдениетті меңгеріп, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары, білімді де білікті жаһандану заманына сай болуы шарт.

Жас ұрпақты  патриотизмге тәрбиелеу мәселелерін зерттеген ғалымдардың еңбектерінің корытындылары мен тікелей мектеп практикасындағы мұғалімдердің іс-тәжірибелерінің корытындыларына сүйене отырып, мектептегі патриотизмге тәрбиелеу — оқушылардың нақты іс-әрекеті, мінез-құлқын ұйымдастыру, оған бағыт беруді негізге алу қажет деп шешті. Патриотизмге тәрбиелеу үрдісінің танымдық мәнін естен шығаруға болмайды, бірак ол әрбір оқушыда патриоттық сана, патриоттық сезім қалыптастырудан бастау алғанда ғана тиімді болмақ.

Қазіргі қоғамның әлеуметтік сұранысын мектепке койып отырған талап тұрғысынан қарастырғанда, патриоттық білім беру маңызды мәселе болып отыр. Патриоттық білім ол қоғамда білімнің тез және шапшаң қарқынмен дамуына байланысты туындауда. Өйткені оқушылардың мектепте алған білімдерімен шектеліп қалуына болмайды.

Әрбір оқушы білімді өздігінен ізденіп, ғылыми және техникалык ақпараттардың ағымына бағдар ұстау дағдысын қалыптастыру қажет. Бұл патриоттық білім үрдісін оқушы тұлғасын қалыптастыруға бағыттау үшін қажет. Патриоттық білім — оқушылардың іс-әрекет тәсілдерді меңгеруі мен білім алуы, іскерлік пен дағдыны игеруге даярлау. Патриоттық білім қасиеттілігі осы заманда ақпараттық алмасу үлгісінің қарқындығымен құнды.

Ақпараттандыру — бұл адамзат өмірінің барлық жағына ақыл-ой, қызметтің интеллектілік құндылығы мен ықпал етушілік дәрежесінің артуына байланысты туатын объективтік үрдіс. Осыған орай білімді ақпараттандыру бүгінде оқушылардың жан-жақты дамуының басты шарты болып табылады». Бүгінгі таңда білімді ақпараттандыру нарықтық қарым-қатынас жағдайында оқушыларды өмірге жан-жақты даярлауды талап етеді.

Қазақстандық патриотизм өткен замандағы қоғам құндылықтары: тұлға, отбасы, білім, еңбек, Отан, Жер бетіндегі бейбітшілік. Бүгінгі таңдағы патриоттық тәрбие жекелеген бағыттарға ғана емес, қоғам құндылықтарына қарай бағыт ұстайды. Өйткені патриоттық сезімнің басты нысанасы — Отан, оның мазмұны: туған жер, табиғат, дін, тіл, дәстүр, тарих, әдебиет, өнер. Олар жеке тұлғаны ерекше жылылық, сүйіспеншілік сезіміне баулып, патриоттық сезімнің негізі болады.

Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге құрмет, патриотизм — тұлғаның дамуындағы ең жоғарғы деңгейді сипаттайтын аса маңызды рухани игіліктердің бірі. Ол адамның Отан игілігі үшін қызмет етуінен, қажет болса, сол мақсат жолында ғұмырын құрбандыкка шалуға дейін баруынан көрінеді.

Біз баршаға мүмкіндік беретін қоғам: әрбір адамның жеке басы мен бостандығын құрметтейтін, өзіне-өзі қызмет етуге жағдайы жоқ жандарды қамқорлыққа бөлейтін, қандай еңбекті болса да қадірлейтін, ана мен баланы қорғайтын, зейнеткерлерге қамқор болатын, ардагерлер мен отан қорғаушыларды ардақ тұтатын қоғам құруды аяқтауға тиіспіз. Бұл — Қазақстанның шынайы патриоттарының басты ісі. Сондай-ақ «Қазақстандық патриотизмді» еліміздің әрбір азаматының санасына сіңіру кезек күттірмейтін мәселе. Ұлтына, нәсіліне, сенімі мен нанымына, саяси көзқарасы мен ұстанған бағыт-бағдарына, т.б. ерекшеліктеріне қарамастан, Республикамыздың әрбір азаматы өзі өмір сүріп, ауасын жұтып, игілігін пайдаланып отырған мемлекетін «Туған елім, Отаным» деп тануы қажет. Мемлекетке есімін беріп отырған ұлттың салт-дәстүріне құрметпен қарау, оның тілі мен дінін сыйлау, заңдарына бағыну, рәміздерін ардақтап, жетістіктеріне шаттану — қоғамның әрбір мүшесінің басты міндеті.

Тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда жоспарға сай топта «Қазақстан, мәңгілік бағың жансын!», «Тәуелсіздік тірегі – төл теңге», «Біздің бір ғана Отанымыз — Қазақстан», «Батырлық пен қайсарлық» тақырыптарында жүргізілген тәрбие сағаттары мен жыл сайын мектеп бойынша өткізілетін «Талантыңмен таныл» байқауы, «Тілі басқа, жүрегі бір» өнер фестивалі, «Жырлаймын туған елімді» патриоттық әндер мен көркем сөз оқу сайысы оқушыларды патриоттық сезімге тәрбиелеудің көзі.

Патриоттық сана — сабақта және сабақтан тыс іс-шараларда Отанды сүю, елін қорғауға байланысты басты ұғымдарды ашып көрсету арқылы қалыптасады.

Елімізде болып жатқан шын мәніндегі тарихи өзгерістер, ұлттық сана-сезімнің өсуі, ұлт арқылы қатынастар үрдісі Отанымыздың ортақ тағдыры үшін жауапкершілікті сезінетін патриоттар тәрбиелеуді ерекше талап етеді. Осыған байланысты мектеп ұжымдарының жас ұрпақтың патриоттық санасын қалыптастыру үрдісіндегі іс-әрекетіне қажетті, адамгершілік ұстанымдар мен тұжырымдардың мәндерін тереңірек анықтау қажет.

Мемлекеттік рәміздер Ту, Елтаңба, Әнұранда халқымыздың өткен өмір тарихы, бүтінгі игілікті істері айшықталған. Осы Мемлекеттік рәміздерден басталған тәрбие тұлғалардың қоғамдық бағыт-бағдарын анықтайды, адамгершілік құндылықтарын қалыптастырады, әлеуметтік белсенділігін жоғарылатып, өз іс-әрекеттеріне жауапкершілігін арттырады және Отан игілігі жолында қызмет етуге ұмтылдырады. Сондай-ақ қазақ халқының озық гуманистік құндылықтары негізінде жалпы ұлтжандылыққа, қазақстандық патриотизмге, отансүйгіштікке, жастарды ашық пікірталасқа, сөз бостандығына тәрбиелейді.

Баланың әрбір даму кезеңінде жетекші іс-әрекеті болады, мұндай іс-әрекет өзінің мақсаттары, мотивтері және орындалу тәсілдерімен сипатталады.

Патриоттық іс-әрекет — тұлғаның мұқтаждарын қанағаттандыру мен таным немесе психикалық үрдістерін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекет.

«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол — Тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Ол үшін әрбір азамат еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан – тәнімен сезінуі керек» — деген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың  сөзі партриоттық ұғымның, ел мен жердің бүтіндігін сақтау, халықтар достығы мен бірлігі екенін нақтылай түседі.

Қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық татулықтың әдіснамасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тарихи еңбектері.

Жас ұрпақтың бойында ұлттық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін әр ұлттар мен ұлыстар тек өз мәдениетін ғана танып білуі жеткіліксіз, сонымен қатар олар бір — бірін танып біліп, құрметтеуі тиіс. Мектеп оқушылары  қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, өз болмысында еш бұрмалаусыз танып, білуі шарт.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы
  2. Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарында 2006-2011 жылдарға арналған кешендi тәрбие бағдарламасы
  3. Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

«Қазақстан кәсіпкері – Профессионал Казахстана»  журналы. №9, 2008 ж.

  1. С.А.Мұсаева, Т.Б.Бегалиев. Жас ерекшелік педагогикасы. «Фолиант» баспасы, Астана, 2006 ж.
  2. Б.Момышұлы. Шығармалар жинағы. Алматы, 2000 ж.
  3. Б.Момышұлы «Қанмен жазылған кітап» Алматы, «Жазушы», 1991 ж.
  4. Б.Момышулы «Психология войны» Алма-Ата «Казахстан», 1990 г.
  5. «Қазақстан мектебі» журналы. №10, 2001 ж.
  6. «Қазақстан мектебі» журналы. №1, 2006 ж.
  7. «Тәрбие құралы» журналы. №5, 2001 ж.

 

 

 

 

 

 

ТІРКЕУ ФОРМАСЫ

 

 

  1. Тегі, аты-жөні (толығымен) Баекеева Шарбану Толыбайқызы

 

  1. Оқу орнының атауы №8 кәсіптік лицей

 

  1. Мекен жайы (индексі көрсетілуі міндетті) 120409 Қызылорда облысы

                                                                                 Қазалы қаласы Жамбыл көшесі, 24-үй

 

  1. Телефон (халықаралық байланыс кодымен) 8(724-38)-5-13-61

 

  1. E-mail (міндетті) sharbanu_78@mail.ru

 

  1. Мақала тақырыбы Оқушылардың бойында қазақстандық патриотизмнің

                                                          негізгі құндылықтарын қалыптастыру

 

  1. Секция атауы Орта кәсіптік маман дарлаудағы патриоттық

                                                           тәрбие беру мәселелері