Пирамидалық қарым-қатынас арқылы қазақ тілін меңгертудің интерактивті тәсілдері

85

 

Ұсынылатын педагогикалық идеяның тақырыбы:

«Пирамидалық қарым-қатынас арқылы қазақ тілін меңгертудің интерактивті тәсілдері»

 

 

Түсінік хат

 

Бүгінгі таңда еліміздің әлемдік білім кеңістігінен өзіндік орын алуы үшін білім саласында елеулі өзгерістер  жүзеге асып жатыр. Білім ордаларында берілген сапалы білім мен саналы тәрбиенің нәтижесінде саналы, білімді, тәрбиелі, жан-жақты дамыған, өзіндік ой-пікірі, құзіреттілігі қалыптасқан жеке тұлға ұлтымыздың кемелдену тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырары сөзсіз. Мектептің жүрегі болып табылатын ұстаздарымыздың қолында тұтас мемлекеттің тағдыры тұрған заманда  білімнің нұрын төгетін шаңырақтардың бәрінде сапалы да терең білім берудің тиімді, ұтымды жолдарын қарастыру мақсаты тұр.

Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің осы мақсатқа жетуде көтерер жүгі ауыр да салмақты. Себебі, барлық ғылымдарға апарар қастерлі қақпаны оқушыға ашып беретін де, сол ғылымның биік шыңына жетелер баспалдақпен оқушының сенімді де нық көтерілуіне мүмкіндік туғызатын да осы тіл мамандары десем артық айтпаймын. Сөйлей білудің мәнері мен мәдениетін, қарым-қатынас жасаудың қыр-сырын, әрбір сөздің құпиясын жетік меңгерген адам дүниені өзіне бағындыра алары сөзсіз. Бала бойында Отанға деген ыстық патриоттық сезімді ұялататын да ана тілінің қадір-қасиетін мойындата білген тіл жанашырлары ғана.  Тіпті, туған халқының әдет-ғұрпымен, тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен, мәдениетімен, діні мен ділімен жете танысудың қайнар көзі – тек қана оқулықтарда, ғылыми еңбектерде, көнеден қалған асыл архивтерде. Оқуға деген шынайы құмарлық пен талпынысы бар баланың ғана бағындырар асуы алдында. сол қызығушылықты, талпынысты оятудың небір амал-тәсілдерін тек қана еңбекқор, ізденімпаз, шығармашыл ұстаз ғана ойлап табады. Бүгінгі тілмен айтқанда, оқытудың интерактивті тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, соның нәтижесінде жаңаша оқытуда өзіндік бір идеясын жарыққа ұсына алатын ұстаз еңбегі қашанда көп ұзамай жемісін береді.

Дәстүрлі оқытудан жалыққан оқушылар да, жаңылған ұстаздар да заман талабына сай білім кеніне ие болғысы келеді. Қытай халқының даналығында білімнің үздіксіз жүзеге асатын үрдіс екені айтылған. Осы тамаша ұғымды бүгінгі бала да, ұстаз да ұғынуы қажет-ақ. Әр алынған білім тек қана бүгінге ғана керек білім деген жаңсақ ұғымнан арылатын кез келген сияқты. Білім мәңгілік болуы тиіс. Білім тек оны меңгере алғанды ғана емес, оны қоршаған айналасын да қуаныш пен бақытқа жетелеуі керек.

Осы орайда қазақ тілі мен әдебиеті пәніне оқушының мотивациясын оятып, белсенді түрде сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында өзім «Пирамида» деп атаған жаңаша оқыту жолын ұсынамын.

Пирамида дегенде сізге алғаш не елестейді? Әрине, әлемнің жеті ғажайыптарының бірі – Мысырдағы Хеопс пирамидасы көз алдыңызға сағым сияқты мен мұндалайтын шығар. Несі бар?! Асқақ, биік, мәңгілік өмірдің символы. Ғылымға ең алдымен терең мән берген мысырлықтар дауасыз өлімге өнермен, біліммен қарсы тұруға болатындығын дәлелдеп кеткеніне қанша ғасыр өтті. Бір ғана пирамидасымен төрткүл дүниеге аттары аңызға айналды емес пе?

Менің де мақсатым — оқушыларымды мәңгілікке жетелеу, мәңгі өмір беретін өнер әлеміне бастау. Өнер алды – қызыл тіл. Тілді меңгертудің тамаша «пирамидасын» қалағым келді.  Менің «Пирамидам» — белсенді білім алудың ең басты шарты болып табылатын – қарым-қатынастың пирамидасы. Қарым-қатынастағы пирамида тікелей қаржыға, желілік бизнеске ғана қатысы бар дүние болып келді. Ал бүгінгі аумалы-төкпелі заманда ақпарат айырбасын жасаудың жеңіл де қызықты жолдары көп емес пе?! Адамзат баласын қызықтырмайтын дүние жоқ. Нарықтық заманда әркім өз сұранысы мен талғамын қанағаттандыру  үшін әр түрлі ақпарат көзіне жүгінері сөзсіз ғой. Әсіресе, сол алынған ақпараттың анық-қанығына жету үшін өзінің ақпарат алу пирамидасын құрады. Сонымен, қарым-қатынас пирамидасы – оқушының білім алу жолының еркін траекториясы болып табылады. Қаржы пирамидасындағыдай тауар алмасуы емес, ақпарат айырбасы болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Пирамида» тәсілінің басты мақсаты  — оқушының білімге құмарлығын ояту. Пирамиданың шыңына тек көп ақпаратқа ие болған ғана шығады. Тек оның ғана есімі мектеп тарихында алтын әріптермен жазылары хақ. Осы құмарлықты ояту үшін мына міндеттерді жүзеге асыру қажет:

  • Ақпараттың қызықты болу жағын қарастыру
  • Меңгерілуге қажетті ақпарат мөлшерін анықтау.
  • Ақпараттың шынайылығына ақпарат көздері арқылы көз жеткізу
  • Ақпаратты таратуда пирамида принципін ұстану
  • Көп ақпаратқа ие болғандарды марапаттап отыру.
  • Олардың жаңа ақпарат таратуына да мүмкіндік беру.
  • Ақпарат сараптамасын жүргізу
  • Сынып жиҺазын ақпарат таратуға лайықтап қою.
  • Платиналық пирамидаға жетуге мүмкіндік жасау.
  • Платиналық пирамидаға жетудің жоспарын құру, мақсатқа жеткізетін міндеттерді айқындап, орындалысын бақылауға қажет үнемі күнделік толтыру.

 

Педагогикалық идеямның өзектілігі: Оқушы өзіне қажетті білімнің мәңгілік екендігін мойындайды. Мектеп қабырғасынан алынған білім оның алдағы өміріне қажет болатындай орнығады.

 

Ғылыми құндылығы: Баланың  үйрене отырып, өзгені үйрете алу принципімен тіл білімінің негіздеріне емін-еркін қанық болуы. Ақиқаттың шынайылығына көз жеткізу үшін ізденудің, талдау мен талқылаудың жан-жақты тәсілдерін жетілдіру.

 

Болжамы: оқушы заман талабына лайық қарым-қатынас жасай алады, өзіне қажетті білімді емін-еркін ешқандай мәжбүрлеусіз алады. Ақпаратты алғысы келмеген жағдайда оған ол білімнің аса қажет еместігін де байқауға болады.

 

Нәтижесі: Өз бетімен шешім қабылдай алатын, тіл білімінің негіздерін жетік меңгерген, өзіне де, басқаға да жақсылық жасай алатын, жетістікке жету жолындағы кедергілерге төтеп бере алатын, ең бастысы – еліне пайда келтіре алатын азамат тәрбиеленеді.

 

«Пирамида» педагогикалық идеясының құрылымы:

  1. Теориялық білімді алу пирамидасы.

Анықтама, ереже, түсініктер жиынтығының таралу траекториясын белгілеп алу қажет. Тақырыптың ауқымына қарай ірі не кіші пирамидалар тобын құру.

 

 

 

 

  • Ірі пирамида тобының схемасы:

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  • Кіші пирамида топтарының схемасы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

М-мұғалім

О-оқушылар

 

  1. Теориялық білімнің анық-қанығына көз жеткізуде кедергілерге төтеп беру, ақпарат көздерін іздеу, ақпаратты өңдеу, күнделікке түсіру.

Күнделік толтыру үлгісі:

Ақпарат алған күн, ай, жыл, уақыт.

Қандай ақпаратқа зәру едің?

Алынған ақпарат не жайлы?

Ақпараттың реттік номерін міндетті түрде жазу қажет.

Ақпаратты жеткізген кім және ол қалай жеткізді?

Ақпараттың анық-қанығына қалай көз жеткізе алдың?

Қандай қосымша ақпарат көздерін пайдаландың?

Бұл ақпарат саған келешекте не үшін қажет деп ойлайсың?

Осы ақпаратты басқаларға қалай жеткіздің?

Енді қандай ақпаратқа зәрусің?

Осы күні сен қанша ақпаратқа ие болдың?

 

  1. Меңгерілген ақпаратты қайтару траекториясы. Төменнен жоғарыға талпыныс. Соңғы ақпарат алушылар, ақпараттың анық-қанығын тексеріп алған соң, сол ақпаратты өздеріне жеткізгендерге қайтарады. Ақпарат жеткізушінің ақпаратты ақиқатқа лайық не лайық емес бергеніне қарай сараптама жұмысын жүргізеді. Ақпарат жеткізуші ақпарат алушының білімді қаншалықты меңгеріп, талдай алғанына мінездеме жазып, мұғалімге ұсынады.

 

«Пирамида» педагогикалық идеясындағы марапаттаулар:

  1. платиналық пирамида иегерлері
  2. алтын пирамиды иегерлері
  3. күміс пирамида иегері
  4. құм пирамида иегері
  5. пирамида мүшесі

 

Марапаттық лауазымдарға ие болғандардың білім пайызын меңгеру көрсеткіші:

 

 

Платиналық пирамида иегері 100 пайыз Сұранысқа ие
Алтын пирамида иегері 90% Сұранысқа ие
Күміс пирамида иегері 85% Сұранысқа ие
Құм пирамида иегері 80% Анда-санда
Пирамида мүшесі 80%-дан төмен кейде

 

 

 

 

Платиналық пирамида иегері атану үшін жоспар құрылу қажет.

  1. Алынатын білім көлемін байқап алу.
  2. Әр ақпаратты алу күндерін белгілеп алу.
  3. Өзіңнің кімнен ақпарат алғанды қалайтыныңды анықтап алу.
  4. Өзің алған ақпаратты кем дегенде 15 адамға жеткізуге талпыну қажет.
  5. Мақсатыңа қалай жеттің? Немесе неліктен жете алмадың? Сараптама жасау.

Кез келген бала өз жеңісіне, жетістігіне сенімді болу керек. Ұмтылу керек, тырысу керек. Ақиқат жаңылыс берілсе, фактілер арқылы ақпарат берушіге дәлелдей алуы қажет.

 

Пирамидалық қарым-қатынас жасаудың қағидалары:

Уақытты тиімді пайдалану

Серігіңнің жеке басын қадірлеу

Ақпаратты түсінікті, дәлелді, әр түрлі формада жеткізуге тырысу керек, тыңдарман келесіде сенің түсіндіргеніңді қалайтындай болу керек.

Ешқашан дауыс көтермеу, дөрекі сөйлемеу, «Жоқ, білмеймін» деп айтпау.

Көп сөзділіктен аулақ болу

Көрнекілік пайдалану жағын қарастыру.

Басқалардан көбірек білуге, басқаға көбірек үйретуге асығу керек. Оны күнделікке түсіру.

 

Ақыл құсым адаспай аспандаса, менің бұл ұсынып отырған «пирамидалық қарым-қатынас технологиямның » ұтымды жағы мол.

 

Енді жаңа технологияммен құрылған сабақ үлгісін назарларыңызға ұсынбақпын.

 

Сабақтың тақырыбы: Тұрақты тіркестер. 5 – сынып.

Сабақтың мақсаты: Оқушыларға тұрақты тіркестер, олардың ерекшеліктері жайлы ақпарат беру.

Міндеттері: Тұрақты тіркестердің ең басты ерекшеліктері жайлы ақпарат беру, ақпараттың бұрыс-дұрыстығына көз жеткізу, тұрақты тіркестерді ажырата білу, тұрақты тіркестердің синонимдерін  табу, оларды қолдана білу, күнделік толтыру.

Көрнекілігі: интерактивті тақта

Сабақ барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Сабақты белсенді, саналы түрде меңгертуге алдын-ала дайындық кезеңі:

  • Балалар, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы — тұрақты тіркестер. Тұрақты деген сөздің мағынасын маған кім түсіндіреді?
  • Қалыпты, ауыспайтын, алмаспайтын деген мағынаны білдіреді.
  • Тұрақты деген сөзбен тіркес құрайық:
  • Қай бала тұрақты сөзімен тіркесті бәрінен көп құрса, сол бала ең бірінші болып менен тұрақты тіркестің не екенін біліп алады.

(Қандай да болмасын бала осы кезде елең ете қалады. Неге сол бірінші бала мен болмасқа немесе шынымен де мұғалімнің жаңа ақпаратына ие болу мүмкін маған бұйырып қалар…тырысып көрелік. Бәсекелестік осы тұстан басталды дей беріңіз…)

 

  • Сен қанша тіркес құрдың? Ал сен ше? Сенікі көбірек екен. Оқи ғой.

Алдыңғы екі баланы жаныңа шақырып, қалған балаларға осы тіркестермен сөйлем құрғызасың.

 

Балаға ақпаратты жеткізудің жолдары:

1 сурет арқылы

2 кесте арқылы

3 өнер арқылы

 

Сурет арқылы жеткізелік:

 

Қазан мен сол қазанның құлағын тістеген адамның суреті салынған (қырық қазанның құлағын тістеген – қыдырымпаз кісі туралы айтылады)

Бір адамның екі иығына екі кісі отыр (екі иығына екі кісі мінгендей – еңгезердей кісі туралы айтылады.)

Аузын ашып, көзін жұмған адамның суреті (аузын ашып, көзін жұмды – таңдану)

 

  • Балам, мына суреттерде қыдырымпаз, еңгезердей дәу, таңданған адамдардың бейнесі салынған. Қалай ойлайсың, қайсысы қыдырымпаз, қайсысы дәу, қайсысы таңданып тұр? Бала жобалап көрсетеді. Жарайсың. Енді мен осы суреттерге байланысты тұрақты тіркестерді айтайын, сен дәптерге жазып ал:

екі иығына екі кісі мінгескен —

қырық қазанның құлағын тістеген —

аузын ашып, көзін жұмды —

Қасына тура мағынасын өзің жазып шық. Сонымен, тұрақты тіркес жайлы алғаш не ойладың?

  • Тұрақты тіркестер ауыспалы мағынада айтылады екен. Олардың тура мағынасы болады екен.
  • Құрамында неше сөз тіркескен?
  • Бір сөзден артық, бірнеше сөз бір-бірімен тіркеседі екен.
  • Міне, сен тұрақты тіркестердің екі белгісін тауып бердің, қалған екеуін мен айтайын:

Тұрақты тіркестердің құрамындағы сөздердің орнын ауыстыруға болмайды.

Тұрақты тіркестердің құрамындағы бір сөзді екінші сөзбен алмастыруға болмайды.

 

  • Балам, енді тұрақты тіркеске кластер толтырайық:

 

 

  • Сонымен тұрақты тіркес дегеніміз не екен?
  • Құрамындағы сөздерін ауыстыруға не алмастыруға болмайтын, сөздері жеке мағына бермей, тіркесіп келіп бір мағына беретін, бірнеше сөзден тұратын тіркестерді тұрақты тіркес дейміз,- деп бала өзі қорытынды шығарады.

 

Кесте арқылы:

 

Тұрақты тіркестер Мағынасы Мысалы
Бармағынан бал тамған өте шебер Ол бармағынан бал тамған адамға шәкірт болуды армандады.
Ет жүрегі езілді Уайымдады Майдандағы баласын ойлаған ананың ет жүрегі езілді.

 

 

Мен өлеңмен жеткізер ем:

 

Ит тұмсығы батпайтын

Ну орманға тап болдым.

Жүрек жұтқан батыр ем,

Сауысқандай сақ болдым.

 

Осы өлеңдегі асты сызылған сөздердің мағынасын түсіндің бе? Бұлар -тұрақты тіркестер. Әр тіркестің берер тура мағынасы бар:

Ит тұмсығы батпайтын – қалың

Жүрек жұтқан – батыр

Сауысқандай сақ болу – сезімтал, сергек болу.

Тұрақты тіркестің не екенін білу үшін оның басты ерекшеліктерімен таныс болайық:

 

Бірнеше сөз тіркесіп,

Бір мағына береді.

Сол тіркестер тұрақты

Үнемі болып келеді.

 

Қас пен көздің арасы –

Лезде деген болды ғой,

Көз бен қастың арасы –

Шықпады бір оңды ой.

 

Ит өлген жер дегенің-

Өте алыс болғаны

Мысық өлген жер десең,

Миыма еш ой қонбады.

 

Міне, енді білдің бе

Тұрақты тіркес қырларын

Фразеологиялық сөздіктен

Меңгерерсің сырларын.

 

Орамды оны қолдансаң,

Бұзбай болмыс-бітімін.

Шешен де көсем өзіңсің

Білер сөздің күтімін.

 

Ақпарат берудің жолдарына қарай сабағың қызықты болмақ. Сондықтан ең тиімді, ең оңтайлы, ең қызық жолын таңдай алғанға не жетсін.

 

Мұғалімнен тұрақты тіркес жайлы мағлұмат алған балалар ол ақпаратты басқаларға тезірек жеткізуге асығады. Олардың  әрқайсысы қасына екі-үш бала жинап, оларға ақпаратты таратады. Осылай ақпарат лезде барлық сыныпқа тарап үлгереді. Тұрақты тіркес жайлы ақпарат алған балалар енді сол ақпараттың дұрыс-бұрыстығын тексереді. Ақпаратты өңдеу жұмысысының жүргізілу барысын бала күнделігінен байқауға болады:

 

Оқушы күнделігінен:

Сәлем, күнделік! Бүгінгі күн мен үшін өте ерекше. Себебі, мен тұрақты тіркес жайлы білдім. Ит арқасы қиянда, сауысқандай сақ болу, ит тұмсығы батпас, бармағынан бал тамған сияқты көптеген тұрақты тіркестермен таныс болдым.Осыған байланысты алған ақпаратымның мөлшері мынау:

Тұрақты тіркес екі не одан көп сөздердің тұрақты тіркесінен жасалады.

Әр тұрақты тіркестің құрамындағы сөздер жеке-дара мағына бермей, тіркесіп келіп бір ғана мағына береді екен.

Құрамындағы сөздердің орнын ауыстыруға не басқа сөзбен алмастыруға болмайды екен.

Осы ақпараттың қаншалықты ақиқат екендігіне мен қалай да көз жеткізуім керек:

Алдымен оқулықтардан ізденіп көрейін, сосын оқулықтағы жаттығуларды орындап көрейін, соңында сөздікпен жұмыс істеймін, интернетке кіріп көремін.

 

 

Бала оқулықтағы анықтамамен танысады. Жаттығулар орындайды.

Келесі сабақта балалар өз білгендерін талқыға салады. Әр бала өзіне ақпарат берген адамның маңына жиналып, өздері тындырған жұмыстарын талқыға салады. Ақпарат берушілер мұғалімге әр баланың орындаған жұмысы жайлы есеп береді. Мұғалім балалардың күнделігін жинап алады. Келесі сабаққа анализ жасап келеді. Сондай-ақ, қосымша қорытынды тапсырма, тест, ойын, үлестірме қағаздар әзірлеп келеді.

 

Соңғы сабақта мұғалім анализі ортаға салынады. Қорытынды бақылау, бағалау жұмыстары жүргізіледі.

 

Балаларға берілген тапсырмалардың үлгілері:

Фразеологиялық сөздіктен ең тамаша, ең керемет, ең қажет алған ақпаратыңды сыныптастарыңмен бөліс. Мұнда да ақпараттық пирамида жүзеге асады.

 

Оқушы күнделігінен:

 

Мен «Фразеологиялық сөздік» арқылы мына тұрақты тіркестер арқылы сөздік қорымды молайттым:

Абайдың басын берсін

Жамбылдың жасын берсін,

Сәкеннің сәнін берсін,

Күләштің әнін берсін.

Махамбеттің тілін берсін,

Құрманғазының күйін берсін,

Ыбырайдың күрегін берсін

Тоқтардың жүрегін берсін!  Бар өнер, бар жақсылық өзіңе болсын деген ниетте айтылады екен.  Мұны мен достарымның туған күніне барғанда қолданатын боламын.

 

Сыныптастарымнан  «Әбілхаят суы дегеніміз не?» дегенде, ешқайсысы жауап бере алмады. Мен фразеологиялық сөздіктен Әбілхаят суы дегеннің не екенін білдім. Мифологиялық ұғым бойынша мұхиттың қиыр шетінде тұңғиық үйірім болады, мұның суын ішкен адам өлмейді-міс, мәңгі өмір сүреді-міс. Мейілінше асыл, қымбат су екен. Араб, иран тілдерінде аб-су, хаят — өмір деген сөз екен. Мен әке-шешеме Әбілхаят суын ішкізгім келеді. Әрине, оған қол жеткізгенше, мен оқуымды жақсы оқып, оларды қуантып, өмірлерін ұзартамын.

 

Мал айдап бара жатқан адамға «Айдар көбейсін!» деп мал басы мол болсын деген жақсы тілек айтуға болатынын білдім.

 

Мына тұрақты тіркестердің тура мағынасын тап:

Ағайынды қоңыр қаз                                          Даңқы жер жарды

Айы оңынан туды                                               Қатар құрбы, замандас адамдар

Алтын жаға сөгілді

Аз да болса, көптей көрді                                    Жолы болды

Айды аспанға бір шығарды                                 Көл-көсір молшылық болды

Ақ түйенің қарны жарылды                             Барына қанағат етті

Ағаштан бал, шөптен сүт ағылды                      Бірлік-берекеден айырылды

 

 

Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қой:

Аяғанды  …………  жесін. Айдаһардай    ………………. . Аюдай  …………….. .Айрандай ……………. .

Керекті сөздер: ақырды, ысқырды, ұйып отыр, ит,

 

Қызықты сұрақтар:

Шешен адамды қалай сипаттауға болады? Айтушы ердің ұстасы, тілінен бал тамған

Ұзаққа созылып, майдалап жауатын жаңбырды қалай атайды?  Ақ жауын.

Сөз ұқпайтын адамды қалай атайды? Ақпа құлақ

Ақсақ қой қашан маңырайды? Түстен кейін

Көктемде қарды алатын жылы желді не деп атайды? Алтын күрек

Жалқауды не деп атайды? Жатып ішер, арам тамақ

 

Қымбатты, әріптестер! Менің педагогикалық идеяма байланысты  ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз болса,  сіздер мына электронды адреске хабарлай аласыздар:  darkenbaeva75@mail.ru