Оқушылар дарынын дамытудағы домбыраның ролі

140

Оқушылар  дарынын  дамытудағы  домбыраның  ролі

 

 

Автордың  таңдаған  тақырыбы  бүгінгі  күннің  өзекті  мәселесінің  бірі — тәрбие  жұмысына  арналған.  Оның  ішінде  Қазақстанның  болашағы бүгінгі  оқушы, ертеңгі  жастарды  ұлттық  рухта  тәрбиелеудегі  ұлттық  аспаптардың  маңызына  ерекше  тоқтала  келіп,  әр  қазақ  отбасының  қасиетті  мүлкі — домбыра  аспабының  ұлттық  тәрбие  құралы  екенін  дәлелдеуге  жұмыстанған.  Осы ретте  өзі  жасаған  жоспары  бойынша   домбыраның  шығу  тарихын,   құрылысын  аңыз  әңгімелер  желісі  арқылы  шебер  суреттеген.  Автор  тақырыптың  мәнін  ашуда  қазақтың  мақал- мәтелдері мен  нақыл  сөздерін  орынды  пайдаланған.  Домбыраның  түрлері,  олардың  ерекшеліктеріне  тоқтала  отырып, ұлттық  мәдениетіміздің  даму  тарихына  да  ой  жүгірткен.

Домбыра  аспабына  оқушылардың  қызығушылығын  ояту  мақсатында ұлтық  өнеріміздің  мақтаныштары  Құрманғазы  мен  Динаның,  ұлттық  оркестріміздің  ұйымдастырушысы  Ахмет  Жұбановтың  өмірімен  қызметіне  тоқталуы  жұмыстың  мазмұнын  толықтыра түскен.  Автор  өзі  де  үйірме арқылы  оқушыларға  домбыраның  құдіретін  танытуға  жұмыстанып   отырғанын  тілге  тиек  етеді.  Осы  бағыттағы  тәрбиенің  пәрменділігін  арттырудағы  жұмыстарды  жақсарту  бағытындағы  ұсыныстарын  да  айтуды  ұмытпаған.

Қорытындыда  әр  қазақтың  үйінде  домбыра  ілулі  тұрса,  ол біздің  отансүйгіштігіміз,  елжандылығымыз,  ұлтжандылығымыздың  дәлелі  болатынын  айтып,  оқырманға да ой  тастайды.  Автордың  еңбегінің  тілі  жатық,  оқылуы  жеңіл,  мазмұны  тартымды.

 

 

 

Егемендi елдiң шаттық үнiне қазақ өнерiнiң үнiне қосылып, үйлесiмi жарасып, жалғасын тауып жатқаны да баршамызға белгiлi.
Дүние жүзiнде әртүрлi кезеңдер болып жатыр, «дағдарыстар келедi, кетедi, ал мәдениет-мәңгiлiк» деп Мәдениет және ақпарат министрi кезінде Мұхтар Абрарұлы Құлмұхамед нықтай атап өткен болатын. Сондықтан да мәдениет саласы өсiп, талаптанған тау асардың кебiн киiп, өркендеуiне ешнәрсе де кедергi болмасы айдан анық.
Мәдениет атам заманнан келе жатыр, «Балаға басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр», деген  нақыл өмiрiмiздiң куәсi iспеттес. Бiздiң де ата-бабалар осы мәдениеттiң айналасын шолып өткенi, сонау тарихи уақиғалардан оқып бiлiп жүрмiз. Мәдениеттiң бiр саласының ұшпағына қазақ салтында бiрге қайнасып, қиялына қанат бiтiрiп, арманның көкжиегiн алысқа жетелейтiн өлмес киелi өнерiмiз, қанымызбен бiрге сiңуде. Қазақ халқы да мәдениет пен тарихты егiз ұғымдай сезiнуде  үлкен бiр тағылымды, тәрбиелiк нышанды   үрдiс жалғасын орынды тауып келедi. «Құсты самғататын — қанаты, адамды самғататын — таланты» дегендей, әсiресе қазақ халқы өнер десе iшкен асын жерге қоятыны абзал, Абай атамыз айтқандай тарқатар болсақ, бiздер өлеңмен дүние есiгiн ашамыз, әрi соңғы сапарға да, әдет-ғұрыптың бiр белесi жоқтауменен шығарып саламыз.
Осы өнер демекшi, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны, соның iшiндегi ұлтымыздың көне аспаптарының бiрi – домбыра

      Домбыра — қазақтың халық аспабы. Домбыра — қазақ халқының әрбір үйінде болуы міндетті және қажетті аспап болып есептелген. Бұл музыкалық аспаптың пайда болу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді. Ежелгі Хорезм қаласының қазбаларынан  археологтар екі шекті құралдарда ойнап тұрған музыканттардың терракотты бейнелерін тапқан. Ғалымдар бұның Хорезмдік аспаптардың бұдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген көшпелі сақ тайпаларының музыкалық аспабы екенін белгілеген. Бұл ежелгі екі шекті аспаптардың қазақ домбырасымен ұқсастығы көп және оның прототипі болып табылады. Осылайша, археология арқылы домбыраның ерте кезде пайда болғандығы анықталды. Домбыраның екі түрі бар — батыстық және шығыстық. Бұл орындалу дәстүрінің екі түрлілігімен ерекшеленеді. Орындалуы тез, виртуозды төкпе күйлерді орындау үшін сол қол домбыра жалымен еркін жылжуы керек. Сондықтан, батыстық домбыра жалы жіңішке және ұзынша болып келеді. Шығыстық жуан және қысқа жалды домбыраларда мұндай техникалық әдіс қолданылмайды. Аспаптар көлемі мен қалыбының түрі дыбысталу күшіне әсер етеді: көлемі үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады. Дыбысталу сипатына оң қол техникасының әсері бар: төкпе күйлерде дыбыс қол білезігін күшті сілку арқылы екі ішекті         қағумен       алынса,     шертпе күйлерде      дыбыс жекелеген        қол саусақтарымен шектерді      шерту арқылы     берілген. Осылайша домбыра мен күйдің, олардың орындалуы арасында     тығыз байланыс бар. Домбыра   тек   екі шекті ғана емес, үш шекті   де   болып келеді. Өткен кезеңде үш шекті домбыра Қазақстанның әртүрлі аймақтарында кездескен,     қазіргі кезде   бұл   аспап түрі     тек     Семей облысында сақталған..
Домбыра аспабының шығу тегін зерттеуде аңыз-әңгiмелерге жүгінуге [1,30б.]
«Ертеде бiр хан қызының кедей жiгiтпен көңiл жарастырғанын сезiп қалады да жiгiттi дереу дарға астырады. Екi қабат болып қалған қыз мезгiлi жетiп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпiр егiз баланы көз көрмес, құлақ естiмес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып iлiп кетедi. Сәбилердiң көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегi тоқтаған нәрестелермен бiрге ағаш та қуарады.
Қаңқу әңгiме халық арасында жата ма, оны естiген ана егiзiн iздеп, жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбiне келiп демалады. Сол кезде құлағына күмбiрлеген сарын естiледi. Қайдан шығатын әуен екенiн бiлгiсi келiп ағаш үстiне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетедi. Ағаштың түбiнен басына дейiн iшi қуыс екенiн көредi.
Екi басында бұтақтан-бұтаққа керiлiп қалған iшектердi көредi. Екi iшек самал желмен тербелiп, одан әуен шығады екен. «Егiз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған iшегi бостау, шығысқа қараған iшегi қаттылау керiлген екен. «Астыңғы iшек — жiңiшке дауысты қызым Зарлық, ал, үстiңгi iшек — бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екi iшекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен» дейдi аңыз-әңгiме туралы еңбегiнде этнограф Өзбекәлі Жәнiбеков.
Домбыра дыбысының ерекшеліктерін анықтау үшін, музыкалық аспап ретінде эталондық үлгі даярлау, алдымен оның және басқа да қазақ ұлттық аспаптарының акустикасын зерттеу керек. Зерттеушінің айтуынша, қойдың немесе ешкінің ішектерінен жасалған ішектерде серпінділік қасиет басым. Сол себепті ұлттық қасиетті қоңыр үнді бірқалыпты (құлақ күйін) ұстап тұруға осындай ішектерді пайдаланған тиімді және табиғи қоңыр үнді осы ішектер ғана бере алады.
Қазақтың мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институтының акустика және музыкалық технология лабораториясының меңгерушісі Жұмагелді Нәжімеденов, ұлттық үннің еуропалық үннен ерекшелігін алғаш рет компьютер арқылы шкала диапозонында дәлелдеген. Өнер зерттеушісі «Домбыраның қоңыр үні» деп аталатын ғылыми еңбегінде домбыраны геометрия, физика, математика, химия, тарих, археология, музыкатану ғылымдары тұрғысынан жан-жақты саралап береді. Домбыра туралы  тағы аңыз әңгімеге  кезек берсек ол  былай баяндалады.Жаумен күрестен, ұзақ жолдан шаршап -шалдығып келе жатқан батыр жолда кездескен ауылға тоқтап, дем  алмақшы болады. Жар жағасындағы көлеңкеге отырған батыр ағаштың бөлігін кесіп алып, оған аттың қылын тартып, өзі жасаған аспаптан дыбыс шығармақшы болады. Бірақ аспап дыбыс бермейді. Оны батыр қасына қояды да, ұйықтап қалады. Бір кезде оянса, аспаптан өздігінен дыбыс шығып жатыр екен дейді. Аспапты қолына алып қараса, домбыраның басына, шектің астына салынған ағаш кертпені көреді де, мұны шайтанның ісі деп шешеді. Сонан бері, халық арасында бұл «шайтан тиек» деп аталып келеді. Ат қылынан тартылған шекті, тиексіз аспаптар ерте кезде қолданылған.[2, 25б.]
Қазақ эпосы мен фольклорының барлық түрі музыкамен тығыз байланыста. Салт-дәстүрлік, тұрмыстық және тарихи әндермен қоса, ірі эпикалық поэмалар да ақынның өзі таңдаған әуенмен домбыра арқылы орындалған. Қазақ фольклорындағы әуеннің ролі осы күй — аңыздарда ерекше байқалады, ол оқиға мен сезімді жеткізу құралы ретінде қолданып, сюжеттік сипатты береді. Әдетте, домбырада, сыбызғыда немесе қобызда күйші (әуенді шығарушы немесе ойнаушы) орындалатын күйдің мазмұнын қысқаша баяндайды да, оны дәстүрлі: «ал, енді мұны домбырадан тыңдаңдар», — деген сөз тіркесі мен аяқтайды. Авторы беймәлім «Бозторғай» атты ежелгі күй- аңызда өз балапандарын жыланнан қорғап, жанын қоярға жер таба алмайтын бозторғай туралы әңгімеленеді. Әуендік пьеса домбыра даусымен бозторғайдың қорқынышы мен жан арпалысын, балапандардың бейкүнә дауыстарын, ана- бозторғайдың ұяны жыланнан қорғауға тырысып, аластау жолындағы қанаттарының қағысын домбыра даусымен береді, күй бозторғайдың балапандарын құтқару үшін жылан аузына түскен өлім алдындағы шарасыздығымен аяқталады [ 3, 10б].

Мұнан да күрделі мазмұнды күй -аңыз «Көбік — шашқан» деп аталады. Оны XIX ғасырда Каспий теңізінің жағалауындағы су тасқынына байланысты атақты күйші Құрманғазы өмірге әкелген. Бұл шығармада күй ел басына төнген апатты, адамдар мен жануарлардың жан айғайларын берумен ғана шектеліп қалмай, халықтың мұңы мен зарын тасқын төңірегінен алып

шығып, тарихи тағдырының да тасқын сияқты ауырлығын көрсетеді. Мұндай музыкалық шығармалар авторларына тек композитор ретінде бір жақты қарауға болмайды. Олардың әрқайсысы осы әуенге сәйкес аңыз- әңгіме де шығарады. Мысалы, авторы беймәлім «Қара жорға» күй — аңызында Абылайханның қазақ -қырғыз ұрысында қалмақтардан тартып алған жүйрік ат туралы тамаша аңыз бар. Сондай-ақ, «Ақсақ құлан, Жошы хан» күй -аңызының ерекшелігі бар. Жошы хан аңға кеткен баласы қайтпаған соң, хабар беруді талап етеді. Бірақ, ханның жалғыз ұлын өлді деп хабарлауға батылы барған кісінің көмейіне балқытылған қорғасын құятындығын мәлімдейді. Хан қаһарынан қорыққан қарт күйші оның өлімін күй арқылы жеткізеді. Жошы хан домбыра үнінен баласын ақсақ құлан өлтіргенін біледі. Өз сөзінде тұру үшін сонша қайғы- қасіретті жеткізген домбыра шанағына қорғасын құюды бұйырады. Сондықтан, қорғасынмен күйген домбыранаң шанағында дөңгелек тесік қалды, — дейді аңыз. Саймақтың «Сары-өзен» күйі де жан — дүниені ерекше баурайды. Қалмақ тұтқынынан қалмақ қызымен қашып шыққан Саймақ туған аулының орнын сипап қалады, өз қайғы -мұңын домбырамен білдіреді. Атақты Құрманғазының да әрбір күйі оның өз жанынан шығарған аңыз- әңгімесімен әдіптеледі. Мысалы, «Кісен ашқан» күйі оның патша түрмесінен қашқандығы туралы баяндаса, «Лаушкин» тұтқында болған кезінде орыс қызы Лавочкинаның өзіне көмектескендігін, оны сүйгендігін әңгімелейді. Күй — аңыздарда қазақ фольклорына тән сипаттамалық белгілемелер араласып келеді. Олар: аң -құс туралы ертегі («Бозторғай»), тарихи ән («Көбік шашқан»), жоқтау («Сары өзен»), және естірту («Жошы хан») және т. б. болып келді.  Қазақ фольклорының бұл түрінің маңыздылығы сол, есте сақталатын сазды әуенмен қоса бүгінгі күнге дейін айтулы аңыздардың, өткен күндер бейнесі мен оның авторларының атын жеткізгендігінде дейміз. Ән мен сөз өнерін бір жерге тоғыстыру, оны үндестік заңына бағындыру — қазақ өнерінің тарихи жолындағы аса сирек құбылыс ретінде бағаланады [4, 22б].

Оқушыларды  домбыраның  құдіретті  күшімен  таныстыруда  атақты  күйшілердің  өнері  мен  өмірін  таныстырудың да  маңызы  ерекше.  Бұл  орайда  оқушыларыма  сабақта  және   сабақтан  тыс  мезгілдер де  күй  атасы  Құрманғазының,  оның  шәкірті  Дина  әжеміздің,  қазақтың  ұлттық  аспаптар  оркестрін  алғаш  ұйымдастырушы  Ахмет  Жұбановтың  шығармашылықтарынан  мағұлматтар  беру  орынды  деп  есептеймін.

Кұрманғазы Сағырбайұлы (1848-1889) — композитор-күйші, қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі. Құрманғазы Қазақстанның музыка мәдениетінде айрықша орын алады. Егер сіз қазақ даласының тынысы мен жүрек соғысын, шексіз өлкедегі алып-қашпа жел әнін білгіңіз келсе, ат тұяғының дүбірінен қуаныш тасқынын сезгіңіз келсе, қазақ халқының рухани күшін биіктігін, мықтылығын танығыңыз келсе — Құрманғазы күйін тыңдаңыз. Оның «Сары — Арқа», » Балбырауын», «Серпер», «Адай» сынды күйлері -қазақтарда Отан, ел  деген ұғымдармен астасады.Қара халықтан шыққан Құрманғазы өмір бойы қазақ байларының заңсыз іс-әрекеттеріне қарсы күресіп, жай адамдар құқығын қорғап келген. Үкіметтің қудалауы, жазықсыз айыптаулар, түрме — осының барлығы күйші сағын сындыра алмады. Айналасында болып жатқан оқиғаларға аса мән бере отырып, Құрманғазы қазақ халқы өмірінің айшықты суреттемесін жасады. Оның «Сары-Арқа», «Алатау», «Бұлбұлдың құрқұры» атты күйлері туған жер сұлулығын көрсетсе, «Кішкентай», «Төремұрат»,»Адай» күйлері батырлар бейнесін «Қайран шешем», «Қызыл қайың», «Кісен ашқан» күйлері күйші өміріндегі нақты оқиғаларға арналған. Құрманғазының көптеген күйлері мінезді, шапшаң ырғақты, кең көлемді, домбыраның барлық мүмкіндігіне шақталған болып келеді. Күйші батысқазақстандық күй өнері мектебінің негізін салушылардың бірі. Ол өз күйлерінде осы аймаққа тән батырлық тақырыпқа да баса назар аударған. Құрманғазы шығармашылығын халық жақсы сақтаған, қазір 60-тан аса күй көпшілікке мәлім. Ұлы күйшіге құрмет ретінде халық аспаптарының Мемлекеттік академиялық оркестрі Алматы мемлекеттік консерваториясына балалар музыкалық мектебіне жас орындаушылар сайысына оның есімі берілді. «Аңыздар» тарихында Құрманғазының «Сары-Арқа» күйінің шығу тарихы берілген.

Нұрпейісова Дина (1861-1955) — дәстүрлі өнер өкілі, композитор және орындаушы, ұлы Құрманғазының шәкірті, ҚазССР-нің халық артисі. Динаның шығармашылығы қазіргі мен өткенді жалғастырады. Оның өнер жолы екі кезең аралығындағы байланыстырушы буын болып табылады. Бұл өтпелі кезең күрделілігімең қарама-қайшылығымен, халық өміріндегі қоғамдық -саяси ірі оқиғалармен (1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысы, революция, Ұлы Отан соғысы, соғыстан соңғы қалпына келтіру) ерекшеленеді. Дина өзінің ұстаздарынан үйрене отырып, домбыра шеберлігін соғыстан соңғы бейбіт кезеңдегі ұрпаққа үйретеді. Дина өз шығармаларында күй тақырыбын оның түрінің ерекшеліктерін дәл сақтайды, сөйте тұра музыкалық бейнелерді күйге ендіре отырып, оны шымыр ырғақты мәнерде орындайды. Динаның өмірі ұзақ және қиын болды. Бірақ, қуаныш та, қайғы да оның азаматқа тән мәрт көңілін сындыра алған жоқ. Қандай қиыншылық жағдай болмасын, ол «ескі досы» домбырадан айрылмады. Өмір бойы ол шеберлігін шыңдаумен болды және көздеген мақсатына жетті де. Динаның шығармалары классикалық қазақ домбыра өнерінің өміршең негізіне айналды: «Бұлбұл»,»Көген түп»,»Байжұма», «16 жыл», «Әсем қоңыр»,»Той бастар»,»Ана жазасы»,»Сауыншы»,»8 наурыз» және тағы басқа «Аңыздар» тарихында «16 жыл» күйінің шығу тарихы жақсы баяндалған.

 

Тілепбергенұлы Қазанғап (1854-1927) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері – арал көлінің жағасы, Құланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Топырақ бұйырған жері – сол Ақбауыр маңы, Айшуақ ауылының іргесі. Шыққан тегі – Ұлы жүз құрамындағы байырғы тайпалардың бірі — Шанышқылы. Шежіре дерегі бойынша, Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұрпақтың бірі Кейкі би, одан Төбей туған. Төбейден Майқы, Қоғам, мекіре, Құйылдар деген төрт ұл туады. Осылардың Қоғамынан Қаңлы мен Шанышқылы туған. Шанышқылыдан Қорбақа, Дархан, Қырықсадақ, Бектау деген төрт ұл туады.Осылардың ішіндегі Қырықсадақтан Қазанғаптың аталары өрбіген. Кіші жүздің Ресейге бодан болуы ел ішіндегі әлеуметтік-саяси құрылымға ертерек өзгеріс енгізіп, бұрынғы ру аралық пәтуә- бірлік шырқының ертерек бұзылуына себепші болды. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім – түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке-шешесінен рұқсат алады. Доңызтау-Аққолқада – Төреш, Бесқалада – Орынбай, Құрманияз, Орынборда – Үсен төре сияқты әйгілі домбырашылармен кездеседі. Арал алабын, Үстірт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңірегін шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкірегін армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынның жарқырай көрінуіне, шабыт тұғыры болуына себепші болады. Қазанғап қарақалпақтар ортасында болған кезінде Балжан деген қызбен көңіл жарастырып, бас құрауға уәде байласады.Алайда, жоқ-жітік тірлік кешкен қарт әке-шешенің жағдайымен Қазанғап уәделі уақытта Балжанға келе алмайды. Кейін тағдыр айдап, тұрмысқа шыққан Балжанға келе алмайды. Сонда Балжан: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Уәдеде тұра алмаған айып-шамыңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» — деп, ашық мінезбен ағынан жарылады.Қазанғап адалдық пен сұлулық айғағындай Балжан аруды өмір бойы күй арқауы , шабыт тұғыры етіп өткен. Қазанғап шығарған күйлердің ішінде Балжанға арналған күйлер циклі қазақ күй өнерінің ең бір шуақты шоғырына жатады.       

       Қазанғапұлы Тəттімбет (1815-1860)Қазақтың  күйші  —  композиторы,  шертпе  күй  орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі Тəттімбет Қазанғапұлы.

Тəттімбет  күйлері  бұл  күнде  тек  Қазақстан  аймағына  емес  бүкіл тыңдаушыларына, тіпті Европа, Азия, Америка елдеріне де мəлім. Қазақ  халқының  аса  бай,  əрі  өзіндік  ерекшелігі  мол  музыкалық фольклорында ХIХ  ғасырда өмір  сүрген халық композиторы Тəттімбет шығармалары  ерекше  орын  алады,  оның  есімі  халық  композиторлары Құрманғазы, Дəулеткереймен бірге аталады. 1815  жылы  Қарқаралы  ауданының  Абай  атындағы селолық  окрунің  Қызылжар  қыстауында  орташаруа  жанұйясында  дүниеге  келген. Күйшінің  əкесі  Қазанғап  орта  дəулетті,  ел  жұртына  қадірлі  инабатты  адам  болған. Сондықтан  Тəттімбет  тұрмыстан  кемшілік  көрмей  өседі.  Бұл  жағдай  оның  күйшілік өнерге  жастайынан  бой  ұрып,  талантының  ерте  қалыптасуына  жағдай  жасайды. Тəттімбетке домбрашылық өнер өзінің арғы тегінен бастап дарыған. Тəттімбет шыққан Қаракесектің Шаншар  руында  Битен, Шитен  сияқты  сөзге  шешен,  өнерпаз  күйші  — серілер  өткен.  Бұлар  өнердің  қай  түрінен  болмасын  құр  алақан  қалмаған. Күй  тартуды  ол  бала  жасында  əлі  домбрашыдан  үйренеді,  анасы  Ақбөпе  /Қалайы/ баласының күй шертіп үйренуіне ықылас білдірді. Ел  ішін жиі  аралап,  қалың  көпшіліктің  тұрмыс жағдайына,  дəстүр-салтына  көзі қана  жүріп,  ер  жеткен  Тəттімбет  Балқантау,  Қарқаралы  төңірегіндегі  күйші-домбрашылар өнерімен етене танысады. Сөйтіп, өсе келе ол бүкіл Сарыарқадағы Орта жүзге мəлім күйші атанды. Туған  өңіріндегі  қалың  елді  тəнті  еткен  Тəттімбет  «Сары  өзен»,  «Қосбасар», «Сарыжайлау»,  «Теріс  қақпай»,  «Сылқылдақ»,  «Былқылдақ»,  «Бес  төре»,  «Азамат», «Алшағыр»,  «Көкейкесті»,  «Боз  айғыр»,  «Бос  торғай»,  «Қорамжан»,  «Ерке  атан», «Ноғай қазақ», «Кер киік», «Сары қамыс», «Қашқан қалмақ», «Қара жорға», «Азына», «Балбырауын»,  «Жетім  қыз»,  «Сал  қоңыр»,  «Қош жанаған»,  «Шəйір  қалды»  барлығы қырықтан астам күйлердің авторы. Тəттімбет  күйлерінде  негізінен  өмір  тартысы,  тағдыр  тауқыметі  суреттеле отырып,  адамдардың  сұлулыққа  құштарлығы,  алыс  қалған  арманы,  сайраған  үміті, өкініш сарыны баяндалады. Композитор шығрмаларының ең биік шыңы — «Көкейкесті» күйі.  Бұл  күйді  Тəттімбет  өміріның  соңғы жылдарында  науқастанып жатып  тартады. Мұнда  халық  шежіресінің  ұлылғы  мен  ұлағатты  ақыл-ойдың  парасаты  толғанады. Тəттімбет күйлерінде  тілмен  айтып жеткізе  алмайтын  асқан  əсемділік пен музыкалық ой-дүниесінің жарасымдылығының  сыры  оның  орындаушылық,  яғни,  домбраның  қос шегін  шерту  тəсілдерінің  неше  алуан  түрлерімен  өрнектелуінде,  оның  асқан талантының,  тамаша  дарынының  өзіндік  ерекше  қырын  танытатын  шығармасы  — «Сылқылдақ»  күйі.  Бұл  күйді  композитор  өзімен  өнер  сайысына  күй  төгілген домбрашы қызға арнап тартады. Тəттімбеттің «Қосбасар» күйінің бір түрін бірінші рет нотаға  түсірген  белгілі  этнограф,  музыка  зерттеушісі,  қазақтың  500  əн-күйлерін жинақтап, тұңғыш жарыққа шығарушы А.В.Затаевич. Тəттімбет  тек  асқан  күйші  ғана  емес,  сонымен  бірге  сөзге  де  ұста,  шешен, шыншыл,  əділетті  көксеген,  ақын  жанды  адам  болған. Ол  реті  келгенде  жерде  жуан таяқ бай-манаптарды өткір тілмен өріп, олардың дөрекі мінез, ожар қылықтарын бетіне айтудан тайсалмаған. Тарихи  құжаттарға  қарағанда,  1855  жылғы  24  наурызда  Россия  патшасы  II Александрдың  таққа  отыруымен  байланысты  болған  тойға Тəттімбет  өнерпаз  ретінде Арқа  қазақтарының  өкілдерімен  бірге Петербургке  барады. Осы  сапарында  қос шекті домбырада өзінің тамылжыта тартқан күйлері арқылы Тəттімбет өнер сүйген қауымның назарын ерекше аударып, сыйлық ретінде күміс медальға ие болады.

 Жұбанов Ахмет (1906-1968) — композитор, дирижер музыкатанушы, этнограф, ҚазССР-нің халық артисі, өнертану ғылымының докторы, ҚазССР ҒА-ның академигі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1932 ж. Ленинград консерваториясының тарихи -теориялық факультетін бітірген. 1932-1933 жж..- өнертану Академиясының аспиранты. 1934 ж. қазақтың халық аспаптары оркестрін ұйымдастырды (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі). А. Жұбанов Алматы мемлекеттік консерваториясын басқарды, оған Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармониясын ашу миссиясы жүктелді. Ол республикалық Ғылым Академиясының негізін салушылардың бірі, кейін М. О. Әуезов атындағы өнер мен әдебиет институтының құрамына енген өнертану секторын ұйымдастырды.Жұбановтың ұйымдастырушылық, шығармашылық, ғылыми, педагогикалық, қоғамдық қызметі Қазақстанның музыка мәдениетінің қалыптасу тарихында тұтас бір кезеңді қамтиды. Ол кәсіби музыкалық білім берудің, музыкалық шығармашылық пен музыкалық ғылымның ірге тасын қалады. Академик- композитор Жұбановтың есімі қазақ музыка мәдениетінің негізін салушы тұлғалардың көш басында тұр. Ол Л. Хамидимен бірлесіп, «Абай» және «Төлеген Тоқтаров» операсын, «Құрманғазы туралы естелік маршын», «Жез киік» симфониялық шығармаларын, қазақтың би сюитасын, «Саранжап», «Көроғлы» фортепьяналық шығармаларын, хорлар, әндер, романстар, театр мен киноға арналған музыкалар, «ХІХғ. мен ХХғ. басындағы қазақ халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы», «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары», «Мұқан Төлебаев», «Құрманғазы» этнографиялық зерттеулерін жазды.

Ерназарұлы Дайрабай(1860-1937)  Қарағанды облысы, Жаңаарқа аудажеріндегі  Атасу  өзенінің  бойында  дүниеге  келіп,  1937  жылы Шымкент  облысының  Қызылқұм  ауданына  қарасты  Шəуілдір кентінің  маңындағы Шілікті  деп  аталатын  қыстауда  дүние  салған. Шыққан  тегі  бойынша,  Дайрабай  – Орта  жүз, Арғын,  оның  ішінде Мейрамсопыдан тарДайрабай  азаттық  сүйгіш,  жүйрік  ат,  қыран  құсқа  құмар,  сері көңіл  жан  болған.  Бұған  қоса  табиғат  оған  əншілік,  ақындық,

күйшілік  сияқты  ғажайып  қасиет  дарытқан.  Содан  да  болар,  ол  Тоқа,  Ықылас,

Қыздарбек,  Əбди  сияқты  күйшілермен,  Жарылғапберді,  Ғазиз,  Иманжүсіп,  Үкілі Ыбырай, Төлебай сал сияқты əйгілі өнерпаздармен дəм-тұзы жарасып, қадірлес-сыйлас болған. Оның есесіне Дайрабай заманымен тіл табыса алмай, Қазан төңкерісінен бұрын да, кейін де қуғын-сүргінді көп көрген. Дайрабай күйлері бітім-құрылысының мінсіздігімен, əуен-сазының мейлінше бай нақыштарымен,  сондай-ақ,  айтар  ойының  сергек  те  сезімталдығымен  дараланады. Оның  күйлері  аз  аяда  аста-төк  ойды  сапырып,  тыңдаушы  рухын  аспандатып,  өмірге ғашық етіп үлгереді. Сөз жоқ, бұл біртуар дарынның ғана қолынан келер құдірет. Ерназарұлы  Дайрабайдың  күйлері:  «Əтеген-ай»,  «Дайрабай»  (4  нұсқасы  бар), «Қоштасу», «Қыр», «Сыр», «Сырдың суы», «Шəуілдір» т.б. Ең  алғаш  «Дайрабай»  күйін  республика  жұртшылығына  таныстырған  адам қарағандылық  Байсейітов  Ыбырай.  Бұл  кісінің  тартуында  Қарағанды  облыстық радиосы жазып  алған  «Дайрабай»  күйі  республикалық  радиодан  отызыншы жылдары берілді.  Кейін  «Дайрабай»  күйінің  əсем  нұсқалары  Ə.Хасенов,  М.Хамзин, М.Тілеуханов сияқты белгілі домбырашылардың тартуында хатқа түсті. Белгілі  композитор  Е.Рахмадиев  «Дайрабай»  күйінің  негінде  1951  жылы «Дайрабай» атты симфониялық күй жазды.

Əбікен  Хасенов  –1892  жылы  Қарағанды  облысы Шет  ауданында  туып,  1958

жылы  25  қазанда Алматыда  дүниеден  озды. Қазақтың  күйші,  домбырашысы, шертпе күйдің  шебері,  ҚазССР  нің  еңбек  сіңірген  əртісі  (1945).  Домбырашылық  өнерге баулыған  əкесі  Хасен  жəне  Мақаш  Садуақасұлы  мен  Ақмолда  болды.  Күйші домбырашылар Баубек пен Қыздарбектен Тəттімбет күйлерін үйренді.  Əбікен  Хасенұлы  1934  жылы  Сəкен  Сейфуллиннің  айтуымен  Алматыға шақырылып,  қазақ  драма  театрына  орналасты. Ол  өмірінің  соңына  дейін  осы  театрда  актерлік  қызмет  атқарды.  М.Əуезов  пен  Л.С.Соболевтің  «Абайындағы»  —  Құнанбай, Ғ.Мүсіреповтің  «Қозы-Көрпеш  –  Баян  сұлудағы»  —  Қодар,  С.Мұқановтың  «Шоқан

Уəлихановындағы»  —  Мұса,  Ə.Тəжібаевтың  «Майрасындағы»  —  Тайман, М.Ақынжановтың «Исатай мен Махамбетіндегі»  — Балқы сияқты  толымды бейнелерді

бедерлеуде Əбікен өзіндік ерекшелігімен көрермен ілтифатына бөленген.  Театр  сахнасында Əбікен  домбырашылығынан  бір  сəт  қол  үзбеген.  Тəттімбет, Тоқа, Қыздарбек жəне арқа өңірінің басқа да күйші композиторлардың күйлерін үздік орындап ел арасына насихаттады. Жеке концерт берді. Əбікен Тəттімбеттің күйшілік мектебін жалғастырушы,асқан шебер домбырашы. Əбікеннің  тартуында  біршама  халық  күйлері  жəне  ондаған  Тəттімбет  күйлері  күй табаққа  жазылған.  Олардың  ішінде  «Саржайлау»,  «Сылқылдақ»,  «Қосбасарлар»  т.б. бар. Əбікен тартқан Тəттімбет күйлері өзінің тарихи нұсқасына жақынырақ, шертпе күй дəстүрінің о бастағы саз-сарынын көз алдымызға əкеледі.

        Қаршыға  Ахмедияров 1946 жылы наурыздың 25-інде Атырау облысы, Махамбет ауданының Таңдай ауылында дүниеге келді. 1972 жылы Алматы консерваториясының халық аспаптары факультетін бітірді. Қали Жантілеуов, Құбаш Мұхитов, Уәли Бекенов сияқты күй майталмандарынан дәріс алып, үлкен өнер жолына түседі. 1967 жылдан бастап Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, концертмейстер қызметтерін атқарады. Қ.Ахмедияровтың репетуарында қазақтың халық сазгерлерінің күйлері, орыс және Батыс Еуропа сазгерлерінің белгілі шығармалары орын алды. 1974 жылдан Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданады, домбыра кафедрасын басқарады. Ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысып, ол өңдеген қазақ сазгерлерінің шығармалары музыкалық оқу орындарында және концерттерде орындалды. Қ.Ахмедияров тек шебер орындаушы ғана емес, ол зерделі зерттеуші, 60-тан астам күй шығарған талантты композитор ретінде де танылған тұлға. Оның «Шашақты найза, шалқар күй» атты кітабы, «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Нұрғиса», «Қыз-ғұмыр», «Аққайың», «Желдірме», «Алтын ұя» және т.б. күйлері елге кеңінен танымал. «Атырау», «Сарыарқа», «Жігер», «Әсем қоңыр», «Шынар», «Табыну» атты күйлер жинағы жарық көрді. 500-ден аса күйлері радио, теледидар мұрағаттарында сақтаулы.Талантты музыкант гастрольді сапармен дүние жүзінің көптеген елдерінде болып, қазақтың қара домбырасының әсем сазын танытты.Қазақ музыка өнерін дамытудағы жоғары шығармашылық жетістіктері үшін Қ.Ахмедьяровқа 1982 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы, 1992 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі атақтары берілді. 2000 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.

Домбырамен  сүйемелдеудегі  дәстүрлі ән айту  арқылы  жас ұрпақтың  дүние танымын  қалыптастыру  да  ұлттық  тәрбиенің  негізгі  қағидаларының    бірі.  Өткен ғасырдың аса құндылығы ән-күйлері, термесі, жыры, қисса мен халықтың музыкалық шығармашылығының негізінде  жас ұрпақты адамгершілік рухта, музыкалы-эстетикалық нәзік сезімге тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып отыр.

«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…»,

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойныңа кірер денең…», — деген жолдарында, ұлы Абай әннің өмірдегі орнын нақ суреттегендей, қазақ халқы ән-күйді жанындай жақсы көріп, рухани жан-дүниесін ән арқылы шебер бейнелей білген.Ән — поэзиялық шығарма мен музыкалық әуеннен туған вокалды музыкалық шығарманың сазы. Ерте заманнан бері халық арасына кең таралып, халықтың өмірін, қуанышын, мұңын, табиғат құбылысы мен махаббатты жырлайтын ерекше жанр.Әншілік өнер мен музыкалық өнері, әр ұлттың ертеден келе жатқан мәдени талғамының бір арнаға құйылып, асқақты күйімен дамып отыратын көптеген ғасырлар үнінің жемісі.Әншілік – жалпы өмірдің бүкіл дүниенің қимыл іс-әрекетін, образды бейнелейтін диалектикалық құбылыстарды адам сезімімен қабыстырып, өмір қайшылықтарының,  әсерлі дыбыстарының,  әуендерінің жиынтығы. Әннің қоғамдық әлеуметтік сипаты, тәрбиелік мәні елдің санасынан бір сәт тысқары қалмаған. Кең далада желдей есіп, ауыздан-ауызға тарап, толассыз кезіп жүретін ән мен күйді халық  жан дүниесінің ең асыл мұраттарындай дәріптеп, таратып отырған. Халықтың рухани байлығы, ғасырлық мәдениетіміздің көркем формасының бірі, заманымыздың тарихи шежіресі. Әнді  негізінде  шығарушы да, шырқатып салушы да – халық. Әннің қасиетін қазақ халқы қадірлей біліп:

«Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер»,

«Ақылың болса жыр тыңда…» — деген сөздер арқылы жақсы айтқан.

Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ата-баба сұлу ән, асыл сөздің кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой санасын игі адамгершілікке жетеледі.  Ең кереметі сол, ән қанатында халық ойының тереңдігі, шексіз қиялы, кестелі, орамды шешен тіл берік сақталып заманның алдын орап, кейінге тарады. Мұның өзі отбасынан Отан тұтастығына дейін тамырын үзбеген дәстүрге айналды.

Сондықтан, дәстүрлі айтыстар, «Тойбастар», «Беташар», той-думандардағы қыз-жігіттердің ән-күй сайысы, лирикалық, тұрмыс-салт жырлары, аспаппен сүйемелдеп айтылатын аңыз-ертегілер — халықтың ежелгі мәдениетінің осынау баға  жетпес мұрасы — жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыру  үшін таптырмайтын құнды материал деуге болады. Кеңес өкіметі жылдарында бұл қазынаны барша қауым жинастырылып, осы заманғы дыбыс техникасының барлық түріне салды. Осының арқасында сонау тұңғиық заманында жарық көрген ән, өлең мен жыр қазақ халқының күнде көріп, қалауынша естіп, рухани ләззат алып отыратын асыл қорына айналды.Сонау Сыр бойынан Алтайға дейін, Алатаудан Жайыққа дейінгі ұшан-теңіз даланы жайлаған қалың халық ғасырлар бойы жасаған музыка мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, байыта берді, олардың мәдениеті алдағы елдердегідей нотаға жазылып, дыбыс құралына түспей-ақ халықтың ауыз әдебиеті сияқты біреуден онға, оннан мыңға тарап, өлмес-өшпес халық қазынасына қосылып жатты. Қазіргі таңда жас ұрпаққа халқымыздың рухани мұралары арқылы әлемнің тынысын байқау, баланың сана-сезіміне әсер етіп, оларды білгірлікке, тапқырлыққа, өнерге деген сүйіспеншілігін одан ары тереңдетіп, адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеп, өмір шындығын сезінуге, елін, жерін, отанды сүю сезіміне баулу мәселесі бүкілхалықтық іс болып отырғаны баршамызға мәлім. Сондықтан, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруда,  іс жүзіне асыруда домбырамен дәстүрлі ән айтудың үлкен маңызы бар. Ән айтудың ерекшелігі — балалардың санасына ғана емес, сезіміне де, ой-өрісіне де әсерін тигізетіні анық. Ән үйренер кезде  өлеңнің мазмұнын түсінуге, тәрбиелік мәнін саналы түрде меңгеруіне мүмкіндік беріледі. Қазақ халқының ән айту мектебі бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді. Халқымыздың дәстүрі бойынша әнді домбыраның сүйемелімен және сүйемелсіз жеке де немесе бірнеше кісі қосылып та орындаған. Әсіресе домбырамен жеке ән салу дәстүрі мол тарап, ғасырдан-ғасырға, атадан-балаға жалғасып тауып, дамып келеді.

Домбыра – ертеден келе жатқан қазақ халқының музыкалық аспабы, қазақтың қасиетті дүниесі. Өскелең ұрпақтың жан-жақты білімді болуы, эстетикалық талғамының жоғары болуына, жалпы адамгершілік, имандылық  қасиетінің дамуына бұл аспаптың тигізетін әсері мен рөлі өте зор. Оны тарта алмаса да, қадірлей білу керек. Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын, дүниетанымын сіңіру домбырадан басталады. Осы мақсатта  домбыра         аспабын  үйрету  сабағы  мектеп  бағдарламасына  да  енгізілген.  Мысалы: 1-  сыныпта  «Домбыра  аспабы  туралы  түсінік,  оның  құрылысы,  дыбыс  бояуы»  деген  тақырып  бар.  Ол  сабақты  төмендегі  жоспар  бойынша  өткіздім.

Мақсаты: а) білімділігі: Домбыра  аспабының  құрылысын,  дыбыс  бояуын

түсіндіріп,  күйдің  түрлерімен  таныстыру.

 

б)  тәрбиелік:  Оқушыларды  ұлттық  өнерді  сүюге,  ұлттық

аспаптарды  қадірлеуге  үйрету.  Ұлттық  өнерге

бейімдеу.

в)  дамытушылық:  Ұлттық  аспаптар  туралы   ұғымын

кеңейту, ұлттық  аспаптардың  тарихын  білуге

деген  қызығушылығын  ояту.

Әдісі:   Жартылай  эвристикалық  сұхбат,  әңгіме,  өзбеттерімен  жұмыс,

топтастыру  стратегиясы.

Түрі:  Кіріктірілген  сабақ (сабаққа  ауданымызға  танымал  күйші  Света

Ақтаева шақырылды).

Көрнекіліктер:CD  диск, компьютер,  интерактиті  тақта слайдтар,  портреттер,   суреттер,  домбыра аспабы.

  Сабақтың  жүрісі:  а)«Ақсақ  құлан»  мультфильмін  көрсету.

ә) Домбыраның  құрылысын  түсіндіру.

б) Ән  тыңдату.

Сабақта  өткен  тақырыпқа  шолу  жасап,  жаңа  сабақты  мультфильм  көртесуден  бастадым. Оқушыларға  фильмді  мұқият  қарап мазмұнын  айтып  беру  керек  екенін  ескерттім. 2-3  оқушыға  фильм  мазмұнын  айтқызып,  оның  түпкі  мәнін,  яғни,  қара  домбыраның  бір   елді  ханның  қаһарынан  қалай  сақтап  қалғанын  оқушыларға  түсіндіріп,  бұл  ұлттық  аспабымыз  домбыраның  киелі,  қасиетті  аспап  екеніне  оқушылар  назарын  аударып,  оның  құрылысын  түсіндірдім.

Одан  кейін  күйші  қонағымыз  «Ақсақ  құланды»  және  төкпе,  шертпе  күйлерді  орындап  берді.   Өзім   музыкалық  шығарма күй  және  күйлердің  түрлері  туралы  түсінік  беріп,  халық  күйшілері  туралы  әңгімеледім.

Сабақты  беркіту  мақсатында  графопроектор  мен слайдтарды  пайдаландым. Оқушылар  түсінігін   топтастыру  әдісімен және  үлестірмелі  карточкалар  рақылы  тексердім.

Соңында,  бағдарлама  бойынша  «Домбырасыз  ән  қайда?» әнінің  текстісін слайдпен  экранға  шығарып,  домбырамен  үйреттім.

Сабақ  соңында  домбыра  аспабының  әр  үйде  болу  керек  екенін,  әр  қазақ  баласы  оны  үйреніп  алса,  ол  осы  аспапқа  ғана  емес,  еліне  деген  құрмет  екенін  түсіндірдім.

«Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала, уызына жарымаған көтерем қозыдай болады» — деген қазақта сөз бар. «Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да болмайды, жеміс те бермейді», — деген Бауыржан Момышұлы сөзінің мәні тереңде жатқанын  ұғуға болады.

      Балалардың жалпы музыканы қабылдау ерекшелігі, өмірге деген көзқарасы, мінез-құлқы, білімі, жалпы мәдениеті, музыкалық қабілеті, ой-өрісі бірдей болып келе бермейді.  Тәй-тәй басқан баланың жүрісін біртіндеп түзеу,  былдырлап сөйлеген сөздерін қалыпқа келтіру, жаман әдеттерін сол кішкентай сәби кезінен  қадағалау  — ананың парызы болса,  ал  шәкірттің   дұрыс   отыруын және оң  қол, сол  қол  саусақтарының  қойылуын, алғаш домбыра ұстаған сәттен бастап үнемі ескертіп отыру, қадағалау  —  домбырашы-ұстаздың парызы. Келешекте  домбыра үйренуге арналған жаттығулардың түрлерінің ішіндегі әр шәкірттің қабылдау мүмкіншілігіне қарай, дене бітіміне лайықтап, таңдап беру. Саусақтардың қойылымын, дұрыс, түзу, жарасымды отырысын, көрнекті құралдар қолдану, айнаға қарап орындау арқылы байқалған кемшіліктері жойып отыру. Ал енді ән айтуға, ең тиімді және оқушының аспапты оңай игеріп кететін жаттығулар тізбегі  оқу-әдістемелік құрал ретінде дайындау қажет.

Мектепте  дарынды  оқушылармен  домбыра  үйірмесінде  жұмыс  жасаймын.     Ол  үшін  қолданбалы  курс  бағдарламасын  жасадым.

Тақырыбы:  Жас  домбырашылар  үйірмесі.

Домбыра  үйрету  курсы: Үйірме  мүшелерімен.

   

Түсінік хат:

Үйірме  оқушыларды  ұлттық  өнерге  баулу  мақсатында  ұйымдастырылды. Оған  домбыра  аспабына  қызығушылық  танытқан,  оны  үйренуге  ынталы,  3- 5  сыныптардың  оқушылары  тартылды.  Оларға  ұлттық  аспаптар  туралы  мағұлматтар  беріліп,  домбыра  аспабының  құрылысы  түсіндіріледі.  Домбыраны  қалай  ұстау,  домбыра  тартқанда  қалай  отыру  керектігі  үйретіледі.  Домбыраның  құлақ  күйін  келтіру,  домбыра  қағыстарын  үйренуге  назар  аударылады.  Домбыра  аспабын  меңгеруге  байланысты  музыкалық  терминдер  түсіндіріліп,  іс  жүзінде  көрсетіледі.  Домбыра  тарту  техникасына  көп  көңіл  бөлінеді.  Үйірмеде  топтық,  жұптық  және  жеке  оқушылармен  жұмыстар  жүргізіледі.  Оқушылардың  сабақтарда  алған  теориялық  білімдерін  жеке  сабақтарда  қолдану  үйретіледі.

Курстың  екінші  жартысында  оқушылар  жеңіл  этюдтер  ойнауға  дағдыланады.  Халық  күйлері  үйретіледі.  Домбыраны  қосылып  тарту,  аспаптар  ансамблін  құрумен  курс  аяқталады.

 

Курстың мақсаты:

Ұлттық  аспабымыз  домбыраны  тәрбие  құралы  ретінде  пайдаланып,  оқушыларды  өнерсүйгіштікке  баулу,  отансүйгіш,  ұлтжанды,  жан- жақты  дамыған жеке  тұлға  етіп  тәрбиелеу.  Ұлттық  аспаптарымызды,  оның  ішінде  домбыраны  құрметтеуге  үйрету,  сол  арқылы   ұлттық  салт –дәстүрлерімізді  насихаттау.  Ұлтымыздың  болашағының  жарқын  болуына  атсалысу.  Еліміздің  болашағы  жастардың  өздеріне  деген  сенімдерін  нығайту.

 

Курстың міндеттер

— Ұлттық  аспаптарымызды  танып  білуге,  құрметтеуге  уйрету.

—  Домбыра  аспабының  әрбір  үйдің  қастерлі  мүлкіне  айналуына  қол

жеткізу.

— Үйірме  мүшелерінің  музыкалық  сауатын  арттыру,  аспапта  ойнау

шеберліктерін  шыңдау

-Домбырада  жеке  және  топқа  қосылып  ойнауға  дағдыландыру.

 

Пәнаралық кіріктіру:

— Қазақ әдебиеті,  Қазақстан  тарихы,  өнер пәндерімен  байланыстыра  оқыту.

— Мәдениеттану,  өнертану  мамандықтарына  баулу,  ұлттық  өнерімізді  дамыту  бағытындағы  мамандықтарға  бейімдеу.

 

Курстың ұйымдастыру формасы: Лекция, практикалық жұмыс,өзіндік жұмыс.

Курсты оқытуды аяқтау формасы:

—  Берілген  тапсырманы  домбырада  ойнап  көрсету;

— Тест тапсырмасы.

— Оқушы рефераты.

 Күтілетін нәтиже: Оқушылар курста алған білімдерін күнделікті тұрмыста практика жүзінде пайдалана алуға,өз беттерімен домбыра  тартуға ,білім қорларын молайтуға,  музыка оқулықтармен жұмыс жасауға үйренеді.

 

 

 

 

1.

2.

3.

4.

5.

6.

7.

8.

9.

10.

11.

12.

13.

14.

15.

16.

17.

18.

19.

20.

21.

22.

23.

24.

 

Кіріспе

Оқушыларды  қабылдау

Домбыраны  қалай  ұстау  керек?

Домбыра  құрылысымен  танысу

Домбыраның  құлақ  күйін  келтіруді  үйрету.

Домбыра  қағыстары.

Музыка  дыбыстарының  жазылуы.

Такт.  Өлшем.

Пауза (Музыкалық  тыныс)

Нүктелі ноталар

Тон,  жарты  тон  және  альтерация

Интервальдар

Мажорлық  гаммалар

Позициялар  мен  аппликатура

Екпін  белгілері

Динамикалық  шартты  белгілер

Домбыра  тарту  техникасын  өсіретін  жаттығулар

Арпедхиоларды  тарту

Этюдтерду  тарту

« Кеңес»  күйі

« Келіншек»  күйі

«Тепеңкөк»  күйі

А.  Жұбановтың  « Би  күйі»

Қорытынды  сабақ

 

1

1

1

1

1

1

2

1

1

1

1

1

1

1

2

1

2

2

2

2

2

2

2

2

 

 

 Мектептегі  домбыра  үйірмесінің  жұмысында  осы  қағидаларды  басты  назарда  ұстаймын.  Домбыра  үйірмесін  осы  жылы  бастап  қолға  алдым.  5- 7  сыныптарда  оқитын   8  оқушымен  жұмыс  жасаймын.  Аптасына  3  сағаттық  жұмыстың  1  сағатын  теорияға  арнап,  2  сағатын  аспапта  ойнау  дағдысын,  домбырамен  ән  айтуға машықтандыру  жұмыстарына  арнаймын.  Оқушыларымның  қызығушылығы  жаман  емес.  Оларды   күй  орындаушылар  және  дәстүрлі  халық  әндерін  домбырамен  орындаушылар  деп  2 –ге  бөліп  дайындап  жатырмын.  Олардың  ішінде  Мизам Кенесары                                    деген  оқушыны жыр-терме  орындауға  әзірлеп  жатырмын.

Бұған  дейін  2005-2007  жылдары  үйірмемен  жұмыс  жасағанмын,  арада  2  жыл  бала  күтіміне  байланысты  демалыста  болдым.  Еңбек  жолымда  домбыраға  алғаш  баулыған  шәкіртім   Ақтаев  Бауыржан  Дина  Нұрпейісова  атындағы ұлттық  өнер акдемиясын  үздік  бітіріп,  қазір  Алматыда  Құрманғазы  атындағы  консерваторияда  оқып  жатыр.  Ол –республикалық  «Шабыт»  фестивалінің  дипломанты.  Одан  кейінгі  шәкірттерімнің  жетістіктері  де  мені  қуантады.  2005  жылы аудандық  «Балдәурен»  байқауында   Кәбдікар  Бақыт  III  орын,  Олжағалиев  Алмас  II   орын,  Ғалым  Абзал  жүлделі I орынды  иеленген.  Олардың  ішінде  Ғалым  Абзал  облыстық  байқауға  қатысып, II орын  алды.  2006  жылы  өткен  аудандық  «Махамбет  оқуларында»   күй  номинациясы  бойынша  шәкірттерім  Сабырова  Айдана II орын,  2007 жылы  осы  аттас  байқаудан  Сүлейменова  Нұрсәуле III орын  алса,  Қуанышева  Айнұр  «Алғыс  хатпен»  оралды.  2006  жылы  мектепішілік  «Кішкентай  жұлдыздар»  байқауын  өткізгенмін.  Онда  Құмарғалиева  Нұрғаным I орын  алды. Осындай  байқауларды  жыл  сайын  өткізу    мектебімізде  дәстүрге  айналған.  Мектебіміздің  «Кішкентай  жұлдыздар»  байқауында  2007  жылы  Бержан  Жаңагүл,  2009  жылы  Мысырғали  Іңкар  жеңіске  ие  болды.  2010  жылы  аудандық  байқауда  Отарбай  Индира  жүлделі I орынды  жеңіп  алды.  Жетістіктеріміз  әлі  де  жалғаса  беретініне  сіздерді  сендіремін.

Домбыраның айтар сыры да тарих беттерiнен ойып тұрып орын алғаны, аспаптың қасиетiн ұққан бiздерге, келер ұрпаққа да, қасиеттi дардай домбыра — үнiнiң сан қырлы, ғажайыпқа толы екенiн, келешектегi ата-бабалардың қалдырған өсиетiнiң бiрi десе де болады. Сондықтан да болар, ән жұтамай, жан жұтамайды дегендей, iшiнде әндету, күй, жыр, терме, дастанды осы аспап арқылы асыл арманы өнердiң өрiсiнен кең орын алып, биiктеп көрiнiп жүргенi, тәуелсiздiгiмiздiң көрiнiсi болғаны заңды талап өнерпаздарымыздың үзiлмес өнегесi.
Қара қылды қақ жарған домбыраның да алар жолы, таудай талабы мен шабыттың шыңының жетелейтiнде осы домбыра. Өнерге ұмтылмай өрге баспасы аңық, талаптының адам бойындағы асыл қасиеттердiң көзiн ашуыда осыған байланысты, бойыңа өнердiң исi сiңiп, жан дүниең рухани бай болса ғана, елiңнiң мәдениеттi, бiлiмдi өнерлi азаматы бола алатының анық.  Домбыра демекшi, домбырамен шырқалған өнердiң талайғы өмiрдiң болмыс тұстарын, қуанышқа толы бейнесi тоқтаған емес, керек десеңiз баяғы хан, билердiң тұсында да жақсылықты қолдайтыны сондағы, бай-манаптарды, домбыраның арқасымен жеткiзе бiлген, сондағы хан, билерде өзiмен бiрге домбырашыны ерте жүрген, ол деген сол думандардың көңiлiн көтерiп те, қабақ кiрбiнiңде мойындата бiлген.Өнер бар жерде халық бар, домбыра да алар орыны ерекше, қазiргi заманға сай домбыраның да эстрадаға қосу үрдiсi, күн өткен сайын молаюда, оның орындалу репертуары да қалындай түсуде, оны дүние жүзi мойындауда, теледидардан көрiп жүрген «Ұлытау тобы», Асылбек Еңсепов т. б. алсақ, Құрманғазының «Адайын» тамаша орындайтынын көрiп тыңдап отырғанда арқанды желпiндiруi анық.  Домбыраның әлемдегi мойынсынуы қазақ үшiн үлкен мәртебе.

Сөйткен, домбырамыз  әр қазақ үйiнiң төрiнде тұрса мақтаныш емес пе. Кейбiр кiсiлер бар, домбыраны тарта алмаймыз деп, төрге iлмейдi, оны бiл, бiлме, ол мiндеттi емес, бұл қазақ екенсiң домбыра жоғарда тұруы тиiс, ол киелi, үйiңiзге қонақ келсе де домбыра артық болмайды, өйткенi, қонақ аз отырып көп сынайды, аспапты көрсе көңiлi хош болады, ол дегенiң ұлттың  қаймағының белгiсi болатыны айдан анық. Ахмет  Байтұрсынұлы: «Ұлы туып ұлы жолда қызмет етсе, онан зор ұлтқа бар ма ырыс» — деген?  сөзді бекер айтпаса керек. Тәуекелдiң кемесi суға кетпесiне шүбә жоқ, домбыра киесiн түсiрiп алмайық халайық!

Домбыра  аспабын ұлттық   тәрбие  құралы  ретінде кеңінен  пайдаланып,  әр  қазақ  баласын  аспапта  еркін ойнауға үйрету үшін   төмендегідей  мәселелерді  ұсынамын:

  • Мектептегі музыка  пәні  сабағының  сағатын көбейту.
  • Аптасына бір  сағат  домбыра үйрену   сабағын  өткізу.
  • Мектептегі музыка кабинетін  жаңа  ақпараттық  технологиялармен  жабдықтау.
  • Үйірме жұмыстарын тиімді  жоспарлап,  ұйымдастыру.
  • Музыка аспаптарын  көбейту

 

Жұмыстың  нәтижесі  төменде  схемамен  берілген.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер:

 

1.Қазақ ССР энциклопедиясы.  IV том  Алматы,  1979  ж.«Кітап» баспасы.

2.Б. Тоғысбаев.  Тарихи  тұлғалар. Алматы, «Алматыкітап»  2005 ж.

3.Т. Жаубасова .  Ән-күй  аспаптары   Алматы, «Алматыкітап»2001 ж.

  1. Т. Жаубасова . Қазақтың күйшілері   Алматы, «Алматыкітап»2003 ж.
  2. А. Жайымов, Б. Ысқақов . Музыка әдістемесі. Алматы, «Атамұра»2005 ж.
  3. Қазақ музыкасы:  Антология, 5 томдық  2- том  «Орта  ғасырдағы  қазақ музыкасы»  Алматы ;   «Қазақпарат» -2005 жыл
  4. А.  Жұбанов  «Құрманғазы  өмірі мен шығармашылығы»  Алматы «Жалын»

баспасы 1978 жыл

  1. Қ. Ахмедяров  «Құрманғазы»  Алматы  «Өнер»  баспасы  2005 жыл.
  2. Ә. Кекілбаев  «  Саз  әлемінің  сардары»   Алматы   «Алматыкітап»  1993  жыл.
  3. С. Бегалин «Күй  күмбезі»  Алматы.     «Өнер»  баспасы  1981 жыл
  4. Ә. Кекілбаев « Күй  құдіреті»  « Егемен Қазақстан»  2003 жыл

12 . «Күй  аңыздарының  құрылымы»  Музыка  әлемі.  2006 жыл  № 3

  1. А. Жұбанов  «Құрманғазы»  Алматы  «Өлке»  баспасы  2006 жыл.

14.А.  Жұбанов  «Құрманғазы  күйлері  қалай  шыққан?»  Алматы  «Өнер»

1993 жыл.

  1. Т:  Түсіпбеков  «Шертпе  күйдің  атасы»  Алматы  «Жалын»  баспасы  2-1991 жыл
  2. Н. Төкешов  «Кемел  күйші»   Алматы   «Жалын»  баспасы  1992 жыл
  3. Ю.  Попов   «Ұлы  күйші  мұрасы»  Алматы  « Жалын»  1991  жыл.
  4. Қ.  Жүзбасов  «Күй  ғұмыр»  Алматы  «Өнер»  2001 жыл
  5. Ж.  Бектұров  «Домбыра  мұңы»  Алматы  «Өлке»  1998 ж.

20  У.  Бекенов  «Ұлы  күйшінің  мұрагерлері»  Алматы   «Жалын»  баспасы  2001 ж.

  1. С.  М.  Омарбеков  «Ұлы  даланың  ұлы  күйшісі»  Алматы  «Алматыкітап»  1995
  2. А. Е. «Қазіргі  заманғы сабақ»   Алматы  «Алматыкітап»  2004 ж.

23.А.Бекенов  «Қазақ  халқының тұрмысы мен  мәдениеті» Алматы  «Алматыкітап»

Баспасы  2006  ж.

  1. Д. Мақсотов   « Домбыра  үйрету  әдістері»  Музыка  әлемі.  2008  ж
  2. З. Баетова   Жаңа  педагогикалық  технология»    Қазақстан мектебі  журналы  2002 жыл