Оңтүстік Американың өзендері мен көлдері

245

Сабақтың тақырыбы: Оңтүстік Американың өзендері мен көлдері

 

Сабақтың мақсаты:  1. Оңтүстік Америка материгіндегі  өзен, көлдердің жалпы   ерекшеліктерін ,

орналасуын, мұхит  алаптарына  бөлінуі  туралы  білімдерін қалыптастыру.

  1. Оқушылардың тапқырлығын, алғырлығын анықтау және сұрақ – жауап арқылы

ойлау  дағдыларын арттыру, дүние  танымын  арттыру.

  1. Табиғат ерекшеліктерін таныта отырып,  оқушыларға экологиялық тәрбие беру.

Табиғатты қорғауға, аялауға  тәрбиелеу.

 

Сабақтың түрі: жаңа сабақты меңгерту

 

Өткізу әдісі:       сұрақ жауап, презентация, түсіндіру.

 

Көрнекілігі: Оңтүстік Американың физикалық картасы,  «Оңтүстік Американың өзендері мен көлдерінің

суреттері» слайдтар.

 

Сабақтың барысы:  Ұйымдастыру бөлімі

 

                                      Үй тапсырмасын тексеру

                                Оңтүстік Американың климаты

  1. Материк қандай климаттық белдеулердің арасында орналасқан?
  2. Материктің батысында Анд таулары созылып жатырғандықтан әрбір климаттық белдеу қандай климаттарға ажыратылады?
  3. Материк климатына қандай ауа массаларының ықпалы басым?
  4. Материк климатының ылғалдылығы қай мұхиттың әсеріне байланысты?
  5. Не себептен материктің климатына Тынық мұхитының әсері онша емес?
  6. Не себептен Атакама шөліне кей жылдары мүлде жауын жаумайды?
  7. Материкті неше климаттық белдеулер кесіп өтеді? Оларды ата.
  8. Экваторлық климаттық белдеуге сипаттама бер.
  9. Субэкваторлық климаттық белдеуге сипаттама бер.
  10. Тропиктік климаттық белдеуге сипаттама бер.
  11. Субтропиктік климаттық белдеуге сипаттама бер.
  12. Қоңыржай климаттық белдеуге сипаттама бер.
  13. Биік таулық климатқа сипаттама бер.

 

Жаңа сабақ: Оңтүстік Американың өзендері мен көлдері

 

  • Оңтүстік Америка материгінің өзіне тән ерекшелігі қандай? (ең ылғалды және ең жасыл материк)

          Оңтүстік Америка дүние жүзіндегі ең суы мол құрлық, басқа құрлықтармен салыстырғанда жауын-шашын    2 есе көп жауады. Жер бетіндегі құрлықтың 12%-ын құрайтын оның аумағында дүние жүзіндегі өзендер ағынының 27%-ы тиесілі.

Құрлықтың пішіні, оның климаттық жағдайы, жер бедері мұнда ірі өзен жүйелерінің қалыптасуына мүмкіндік береді.  Дүние жүзіндегі ең суы мол өзен – Амазонка осы Оңтүстік Америкада орналасқан. Мұнда өзендердің гидроэнергетикалық маңызы жоғары.

  • Оңтүстік Американы қандай мұхиттар шайып жатыр? (Тынық және Атлант мұхиттары)

Материктің батысындағы Анд таулары Атлант және Тынық мұхит арасындағы басты суайрық жота болғандықтан, өзендердің көпшілігі Атлант мұхитына құяды.

 

Картамен жұмыс: Атластан Атлант мұхитына және оның Кариб теңізіне құятын өзендерді анықта.

(Амазонка, Парана, Ориноко, Магдалена, Уругвай, Сан-Франсиску т.б.)

Тынық мұхитына Анд тауларының батыс беткейінен басталатын мол сулы қысқа өзендер ғана құяды.  Ал Анд тауларының тау аралық үстіртті бөлігінің өзендері ішкі тұйық алапқа жатады.

Өзендері Анд тауларынан, таулы үстірттерден құлап ағатындықтан бірнеше сарқырамалар қалыптасқан. Мысалы, дүние жүзіндегі ең биік сарқырама – Анхель (ориноко өзенінің саласында) және Игуасу (Парана өзенінде).

Оңтүстік Америка жеріндегі көл қазаншұңқырларының қалыптасу жолына қарай тектоникалық, мұздық, жанартаулық, лагуналық болып бөлінеді. Маракайбо, Титикака тектоникалық көлдер. Буэнос-Айрес мұздық көл, Патус, Лагоа-Мирин лагуналық көлдер, Поопо қалдық көл.

 

Материктің ірі өзендері мен көлдеріне, сарқырамаларына сипаттама берейік(Презентация).

  • Амазонка
  • Парана
  • Ориноко
  • Игуасу сарқырамасы
  • Анхель сарқырамасы
  • Титикака көлі

 

Амазонка — Бұл Оңтүстік Америкадағы ең үлкен, ал Жер шарындағы ең мол сулы өзен. Дүние жүзінде ұзындығы жөнінен Нілден кейін екінші орын алады. Амазонканың су жинау алабының ауданы Аустралия материгімен бірдей – 7000 км3.

Төменгі ағысында өзен арнасы арқылы бір секундта 220 мың м3 су Атлант мұхитына ағып өтеді.

Амазонка суының молдығы жөнінен Конго, Миссисипи, Янцзы, Обь өзендерін қосқандағымен парапар.

Амазонка Анд тауынан басталады.  Өзеннің ұзындығы 6280 км. Амазонкаға  500-ден астам салалар келіп қосылады. Оларды суының түсіне қарай «ақ өзендер» (суында сазды жыныстар көп) және «қара өзендер» (суында шіріген өсімдік қалдықтары көп) деп атайды.

Амазонканың деңгейі ірі және мол сулы оң жақ салаларының есебінен науыз-сәуір айларында айрықша көтеріледі. Атлант мұхитындағы толысудың әсерінен өзен суы 1,5-5 м-ге дейін көтеріліп, сағасынан 1400 км-ден астам қашықтыққа кері ағады. Жағалауды бұзып, өте жылдам қозғалатын бұл кері ағысты жергілікті үндістер амазуну (пороруку) деп атайды. Өзен атауы осыдан шыққан.

Амазонкада тұщы судағы ең ірі балық – ұзындығы 4 м, салмағы 200 кг болатын алып арапайма тіршілік етеді.      Мұнда Жер шарындағы ең ұсақ “аквариум” балықтары тіршілік етеді.

 

         Парана – Оңтүстік Америка материгіндегі ұзындығы жөнінен Амазонкадан кейінгі екінші өзен. Бразилия, Парагвай, Аргентина жерлерімен өтіп континенттің оңтүстік бөлігінде Атлант мұхитына құяды.

Ұзындығы 4380 км. Бастауын Бразилия таулы үстіртінен ағып шығатын Риу-Гранди және Паранаиба өзендерінен алады. Сол жағынан   Игуасу, Уругвай, оң жағынан Парагвай  салалары қосылады. Парана лавалық үстіртінен ағып өткенде шоңғалдар мен су құламаларын  құрайды. Ла-Плата ойпатына шыққаннан кейін нағыз жазықтық өзенге айналады. Сағасында Уругвай өзенімен қосылып Ла-Плата эстуарий-шығанағын түзеді.

Парана мен Ориноко да мол сулы өзендер қатарына жатады, олардың Амазонкадан басты айырмашылығы  — су деңгейі маусымға байланысты өзгереді. Парана жаңбыр суымен толығып, жылына екі рет тасиды (қаңтар — мамырда және маусым — шілдеде). Сағасынан Посадас қаласына дейін кеме қатынайды. Су құламаларының бойында бірнеше қуатты электр станциялары салынған. Басты қалалары: Посадас, Корриентес т.б. (Аргентина); Ла-Плата жағалауында Буэнос-Айрес (Аргентинаның астанасы) және Монтевидео (Уругвай астанасы) орналасқан.

 

         Ориноко – Оңтүстік Америкадағы Венесуэла мен Колумбия жеріндегі өзен. Ұзындығы 2730 км. Алабының аумағы 1086 мың км2.

Негізгі салалары: Вентуари, Каура, Карони (оң), Гуавьяре, Вичада, Мета, Араука, Апуре (сол)

Мета өзенінің сағасына дейін Ориноко таулы-төбелі жермен ағып, шоңғалдар мен су құламалар түзеді. Орта және төменгі ағысындағы аңғары кең жекелеген жерлерде арнасы тарылады. Барранкас қаласынан төмен атырау жасап, өзен 36 тармаққа бөлінеді. Ориноко алабында көптеген СЭС салынған.

 

          Игуасу – Оңтүстік Америкадағы Парана өзенінің сол жақ саласы – Игуасу өзеніндегі сарқырама. Өзеннің Аргентина мен Бразилия мемлекеттерінің шекарасымен өтетін бөлігінде, Паранаға құятын жерінен 26 км жоғары орналасқан. Ені 2700 м, биіктігі 72 м, жылдық орташа су ағыны 1725 м3/с. Су базальттан түзілген екі тік жардан асып, шатқалға құлайды. Сарқырама тармақтарының аралығы жартастармен бөлінген. Сарқыраманың буырқанған суының сарылы 20 – 25 км жерден естіледі. Игуасу өзенінің каньоны мен сарқырамасы ұлттық саябақ болып жарияланған

          Анхель — Материктің солтүстігінде Ориноко өзенінде дүние жүзіндегі ең биік сарқырама. 1935 жылы сарқырамадан ұшып өткен  Эйнджел Джеймс (ағылш. Angel) ұшқыш атымен аталған.

Сарқырама Венесуэланың оңтүстік шығысындағы тропикалық ормандарында, Канаима ұлттық саябағында орналасқан. Судың құлау биіктігі сонша, жерге жеткенше, су ұсақ бөлшектерге айналып тұман болады. Тұманды бірнеше шақырымнан сезуге болады .

 

         Титикака  – Оңтүстік Америкадағы Орталық Анд тауында орналасқан тұзды көл. Жер шарының биік таулы өңірінде орналасқан көлдердің ең үлкені (3812 м биіктікте). Перу мен Боливия мемлекеттерінің шекарасында орналасқан. Аудан 8,3 мың км², суының көлемі 710 км3. Ұзындығы 150 км, ені 70 км, орташа тереңдігі 304 м.

Көл қазаншұңқыры тектоникалық жолмен қалыптасқан, жағалауы қатты тілімделген, солтүстік-шығыс  жағалауы тік беткейлі. Титикакаға 45 өзен  құйып, Десагуадеро өзен ағып шығады. Десагуадеро өзені Поопо көліне құйып, оны Титикакамен жалғастырады.

Титикака – ежелгі көлемді суқойманың қалдығы; суының химиялық құрамы мұхит суына жақын. Суының орташа температурасы 11°С. Көл суы балық аулау, кеме қатынасы, жер суару үшін пайдаланылады. Жағалауында ірі портты қала – Пуно орналасқан. Көлдің оңтүстік-шығысы мен аралдарда ежелгі үндіс мәдениетінің ескерткіштері бар. Көл атауы аймара  үндістерінің тілінде «қалайы алаңы» дегенді білдіреді.Бұл атау судың ерекше түсіне байланысты қойылған. Мұнда су бетіндегі қамыстан жасалған салдарда үндістердің үйлері орналасқан.

  • Кескін картамен жұмыс: Амазонка, Парана, Уругвай, Ориноко, Магдалена, Сан-Франсиску;

2.Титикака, Маракайбо, Поопо

3.Анхель, Игуасу

Қорытынды

Бекіту                                                             Салыстыру : Венн диаграммасы

Солтүстік Америка                                                              Оңтүстік Америка

  1. Солтүстік Мұзды мұхит Ірі өзен жүйелері                                 1. Дж-не әйгілі Амазонка өзені бар

алабына құятын өзендер бар                             Атлант мұхитына құяды                    2. Дж-не әйгілі Анхель сарқырамасы бар

  1. Дж-не әйгілі Колорадо каньоны бар 2.Ішкі өзен алаптары тау аралық            3. Көлдер онша көп емес
  2. Көлдер көп тараған                                      жоталардың арасында орналасқан

3.Тынық мұхитына таудың батысынан

басталатын қысқа өзендер жатады.

 

 

 

Жұмбақ                                                       Бұл қай өзен ?

  1. Ұзындығы жөнінен дүние жүзінде ІІ орын алатын, су жинау алабы жөнінен І орын алатын өзен (Амазонка).
  2. Солтүстіктен оңтүстікке қарай ағып жатырған, Бразилия таулы үстіртінен су жинайтын, су деңгейі маусым бойынша өзгеріп тұратын өзен (Парана).
  3. Оңтүстіктен солтүстікке қарай ағып жатырған Гвиана таулы қыратынан және Ориноко ойпатынан су жинайтын өзен (Ориноко).

Үйге тапсырма:       1. § 40. Оңтүстік Американың өзендері  мен көлдері.

  1. Өзендерге 239 беттегі жоспар бойынша сипаттама бер. (Жұмбақты қай қатардың

оқушысы бірінші шешсе, сол қатар оқушылары сол өзенге сипаттама береді)

Бағалау.