«Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заң шығару негіздері»

119

Сабақтың тақырыбы:  «Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заң шығару негіздері»

Өткізілетін күні: ________________________

Сынып: 11 сынып   

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Оқушыларға Қарулы Күштерді құрудың заңдылық негіздерін және ҚР-ның  әскери доктринасы мен әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекет шешетін міндеттерді ұғындыру.

Дамытушылық: Оқушылардың өз пікірін еркін жеткізу, сараптау, қорытынды шығару дағдыларын қалыптастыру;

Тәрбиелік: Ұлтжандылыққа, жауапкершілікке дәріптеу

Сабақтың типі: аралас сабақ

Өткізілетін орны:  АӘД оқу кабинеті

Көрнекі құралдар: АӘД оқулығы, «ҚР Әскери доктринасы», ҚР Конституциясы

«Қазақстандық патриотизм» папкасы

Күтілетін нәтиже:  Оқушылар ҚР ҚК құрылуының заңдық қағидаларын, әскери докрина мазмұнын ажыратып, негізгі мәліметтерді баяндай алады.

                                                                                   

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі

Взвод командирі оқушыларды сапқа тұрғызады, оқытушыға рапорт береді, амандасу, түгендеу, оқушылардың сырт көрінісін тексеру.

Қызығушылықты ояту

«Ой қозғау»

  • Жастардың саптық дайындығы не үшін қажет?
  • Саптық адым қандай жағдайларда жүзеге асырылады?
  • Саптың қандай элементтерін білесіздер?
  • Бір орында және қозғалыста сәлемдесу және оған жауап беру қалай жүргізіледі?

Мағынаны тану

Негізгі бөлім

(топтық талқылау, мәтінмен жұмыс, қорғау, қарама-қарсы сұрақтар)

Негізгі мәлімет

  • Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 11 қазандағы № 161 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, әскери ұйымды дамытуға, Қарулы Куштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдануға көзқарастар жүйесін білдіреді.
  • ҚК-дің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бейбіт уақыттағы негізгі міндеттері:

1) жауынгерлік әлеуетті, жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін, мемлекеттік шекарадағы немесе Қазақстан Республикасы аумағының шегіндегі төмен қарқынды әскери жанжалдарды, кез келген заңсыз қарулы күш көрсетулерді оқшаулауды және жолын кесуді қамтамасыз ететін деңгейде бейбіт уақыт штатында басқару органдары мен әскерлердің дайындық дәрежесін қолдау;
2) әуе кеңістігін күзету, сондай-ақ мемлекеттік шекараның жедел-стратегиялық тұрғыдан маңызды учаскелерін бүркемелеу;
3) Қазақстан Республикасының аумақтық теңізінде, құрлықтық қайраңдарында және экономикалық аймағында Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау;
4) ерекше маңызды және стратегиялық объектілерді күзету;
5) орташа немесе жоғары қарқынды жанжал қатері туындаған жағдайда Қарулы Күштерді стратегиялық өрістетуге әзірлікті қамтамасыз ету;
6) диверсиялар мен террористік актілерді болдырмау және жолын кесу;
7) елдің кез келген ауданында ішкі саяси жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шешуші іс-қимылдарға әзірлікті көрсету;
8) төтенше жағдайлар режимін қамтамасыз етуге қатысу;
9) авариялардың, экологиялық апаттардың, әртүрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға және олардың зардаптарын жоюға қатысу, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы дүлей зілзаладан зардап шеккен аумақтардың халқына көмек көрсету;
10) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес бітімгершілік, гуманитарлық және өзге де операцияларға қатысу.

  • 2012 жылдың 16 ақпан айындағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңы мен «Азаматтарды әскери қызметке даярлау, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оның оқу-материалдық базасын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 ақпандағы №118 қаулысында елді қарулы агрессиядан қорғау мемлекеттің басты қызметі делінген.
  • Қазақстан тәуелсіз мемлекет болған кезден бастап, оның алдында өзінің дербес ҚК–ін құру міндеті тұрды. 1991 жылы 25 қазанда ҚРП Жарлығы бойынша Қазақ ССР-інің мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылып, кейіннен ҚР Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.
  • ҚР ҚК-не басшылықты ҚРП – Жоғарғы бас қолбасшы жүзеге асырады, ал тікелей басқару – ҚР Қорғаныс министіріне жүктеледі. Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрі болып армия генералы С. Қ. Нұрмағамбетов тағайындалды.
  • ҚР ҚК-нің құрамына 40 – жалпы әскери армия, ӘӘК және ӘШҚҚ әскерлері, сондай-ақ оларға қызмет көрсету және қамтамасыз ету бөлімдері мен құрамалары кірді. Әскерді тікелей басқару және ТМД мемлекеттері Қорғаныс министрлігі ведомстваларымен бірлесе басқару жүйесі құрылды, әскерге медициналық қызмет көрсету, оларды материалдық-техникалық қаражатпен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Осылайша Елбасы Н. Ә. Назарбаев ҚР ҚК –ін құруды заңды түрде бекітті.
  • Бүгінде Қазақстан өз азаматтарының әскери қызметін өтеу шарттары мен тәртібін дербес анықтайды, республика аумағында қару-жарақ пен техниканы, әскерлерді орналастыру мәселелерін шешеді.
  • ҚР-ның Конституциясында «Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскериленген құрамалар құруға тиым салынады» делінген.
  • Қоғам қорғаныштығының тағы бір кепілі — әскери қызметшілердің қандай да бір саяси партияны қолдауына немесе оған қатысуына жол бермеу болып табылады.

 

Ойтолғаныс

Қорытынды бөлім

Пысықтауға арналған сұрақтар мен тапсырмалар:

  • ҚР ҚК-ін құруға не ықпал етті?
  • Қазақстанның ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай заңдылық негіз құрылды?
  • ҚР-ның Әскери доктринасы дегеніміз не?
  • Әскери доктринаның бағыттары қандай?
  • Жаңа доктринаны қабылдауға не себеп болды?
  • Әскери доктринаның басты мақсаты не?

 

Шығу сәті

Нені білемін?                       Нені білдім?                  Нені үйренгім келеді?    

Қорытындылау

Бағалау

Үйге тапсырма беру: тақырыпқы оқып(І тарау, §1-3), «ҚР-ның қазіргі армиясы»,

«Тұңғыш министр – С.Нұрмағамбетов»,

«ҚР-ның Әскери доктринасы» тақырыптарына

баяндама дайындау.