«Жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру»

«Жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру»

 

 

Өңіріміздегі бірқатар проблемаларды шешу көп жағдайда жоғары патриоттық сананың қалыптасуына, өз еліне деген мақтаныш сезімге, Отанының мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борышты орындауға дайындығын тәрбиелеуге байланысты.

Еліміздің барлық азаматтары ұлтына, нәсіліне қарамастан тең құқылы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі де ортақ екенін ерекше атап өтуге болады. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Отаныңның бостандығы мен Тәуелсіздігін қорғау, ата-бабаларың мен Отаныңның тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ, өзіңнің табанақы, маңдай теріңді туған еліңнің гүлденуіне арнау – бұлардың барлығы да Қазақстандық патриотизм деген ұғымның ішіне сияды.

Жастардың бойына жоғары патриоттық сезімді және Отанына деген адалдықты қалыптастыру қажет. Ол үшін әр адам өз Отанының мүддесін қорғауда азаматтық борыштары мен конституциялық міндеттерін атқаруға әрқашан дайын болуы тиіс.   Әрине, ешкімге де елін, жерін, Отанын зорлықпен немесе жалынып-жалбарынып сүйгізе алмайсың. Елжандылық, туған жерге деген құрмет-әркімнің дербес парызы, ар-ұятының ісі. Ол дүниеге шыр етіп келгеннен пенденің пешенесіне бірден ұялай қалмайтыны ақиқат. Ол санаға біртіндеп қалыптасып, тынымсыз тәрбиенің нәтижесінде орнығатын ұлы сезім. Патриотизм, отаншылдық сезімі ананың құрсағынан даритын биологиялық құбылыс емес, бұл психологиялық құбылыс.

Отанын адамның өзі тануы тиіс. Оны жете біліп, қадір- қасиетін ұққанда, тарихын, өткен жолын көз алдынан өткізіп, жанымен сезе білгенде ғана соған деген мақтаныш сезімі оянады.
Көпшілік адамдардың санасында өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру тек әскери борышын орындау деп ұғынылуы патриоттық тәрбие түсінігінің мазмұн аясын тарылта түседі. Сондықтан өскелең ұрпақтың отанына деген адалдығы  мен негізгі конституциялық  міндеттерді орындауға деген  дайындық талаптарын арттыра отырып, патриоттық сананы қалыптастыру  жөнінде стратегиялық міндеттерді толықтай кешенді шешуді қамтамасыз етуіміз қажет  деп ойлаймын.
Ұлттық нышандарымыз  — Ту, Елтаңба, Әнұранға, ұлттық мерекелерге патриоттық сезімді, оларға құрметпен қарауды мақсатты түрде қалыптастыруымыз қажет. Өйткені мемлекеттік нышандардың көмегімен азаматтар бойында еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезімі қалыптасады..Себебі , оларда халқымыздың өткен өмір тарихы, бүгінгі игіліктеріміз, болашақ мақсаттарымыз айшықталған.
Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелеріндегі қазіргі проблемаларды шешу үшін, патриоттық тәрбие білім беру арқылы қалыптастырылуы керек. Жас жеткіншектерді Отанын сүюге тәрбиелеуде ақын, жыраулардың тағылымдарын оқытудың мәні зор .  Қорқыт ата жасөспірімдердің жаны мен қоса тәнінің шынығуын, елі мен жерін қасықтай қаны қалғанша жаудан қорғайтын жаужүрек батыр болғанын аңсайды. Махамбет Өтемісұлы мен оның жерлесі Исатай Таймановтың ерліктері елі үшін күресуде және туған халқына қызмет етуде интернационалдық және патриоттық тәрбиенің жарқын үлесі болса, Әбу Насыр Әл- Фараби еңбектері де теңдесі жоқ өнеге. Ол өзінің туған жұртын, кір жуып кіндік кескен кең даласын жанындай жақсы көріп, барынша қастерлеп өткен нағыз патриот ғалым . Сонымен қатар әлемдік озық мәдениеттің шоқ жұлдыздары Ш.Уалиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаев еңбектерінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі мол.
Осыған орай, білім алушыларды Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, елдің мемлекеттік нышандарын танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа білім беру мекемелері мен ұйымдарын белсенді түрде тарту қажет. Қазақстандық патриотизм  туралы мазмұны жағынан тиімді ақпараттық-дидактикалық материалдар мен жасөспірімдердің санасына патриоттық сезімді қалыптастыру,  Отанына деген сүйіспеншілікті ояту, өз Отанына пайда келтіру ұмтылысын тудыру бағытындағы  кітаптарды көбірек шығарып, тегін тарату қажет.

Әскери-патриоттық тәрбие — азаматтардың, әсіресе, жоғарғы сынып оқушыларының, студенттердің, әскерге шақырылғанға дейінгі және әскердегі жастардың бойында жоғары патриоттық сезімді, өз Отанына деген адалдық сезімдерін тәрбиелеуді қалыптастыру жөніндегі маңызды бағыттардың бірі. Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі жұмыстың пәрменділігін арттыру үшін әскери бөлімдерге саяхатқа бару,  Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ауған соғысының ардагерлері, патриоттық бағыттағы қоғамдық бірлестіктермен кездесулер, әскерге шақырушыларды шығарып салу кеші, әскер қатарында болған сарбаздармен кездесу, әскери бөлім жауынгерлерінің білім беру ұйымдарында қару-жарақ көрмесін ұйымдастыруы сынды шаралар жиі өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Оқушыларға патриоттық тәрбие беру тек  Алғашқы әскери дайындық пәнінің ғана үлесі емес  барлық пәндердің  де  үлесіне жатады. Сондықтан оқушылардың  пәнге деген ынта- ықыласын, қызығушылығын арттыру  мақсатында  түрлі  әдістемелік технология элементтерін  қолдана отырып сабақ өткізу тиімді. Білім беру мекемелерінде оқушыларға әс­ке­ри-патриоттық тәрбие беру тек қана 10-11-сыныптарда өтілетін алғашқы әскери-дайындық саба­ғын­да ғана емес, сонымен қатар бар­лық сынып оқушыларына сы­ныпта және сыныптан тыс өтілетін іс-шаралар арқылы берілуі тиіс.

Егемен ел атанып, Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан күннен бастап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа баулу ісі күн тәртібіне қойылды. Жас ұрпақтың бойында  Қазақстандық патриотизмді дарыту өте-мөте маңызды дүние.

Кеудесіне “бұл менің елім, менің жерім” дейтін сенім ұялата білген жас қана өз елінің шынайы патриоты бола білмек. Ол үшін “баланы жастан” дейтін халық даналығын естен шығармасақ болғаны.
Жас ұрпақтың көкейіне жоғарыда айтқандай іс-әрекеттермен ой сала білсек, үлгі көрсетсек,  заманға сай, қоғамға қажет отансүйгіш патриот, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелейміз.