Қазақ тілі сабағында жүргізілетін өздік жұмыстар

Қазақ тілі сабағында жүргізілетін  өздік жұмыстар

 Шығыс Қазақстан облысы,  Үржар ауданы, Шолпан  ауылы  Ескендирова Назигул Жұмабекқызы «Жүзағаш орта мектеп-бақшасы»КММ  қазақ тілі пәнінің мұғалімі.

Өзіндік жұмыс – оқушының күрделі іс-әрекеттерінің бір түрі немесе оқу жұмыстарының арнайы бір формасы болып табылады. Шағын жинақты бастауыш мектепте оқу-тәрбие жұмыстарының ерекше көңіл аударатын бір саласы – оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстары. Бірнеше сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің негізгі педагогикалық міндеті – жеке сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің алдына қойған міндетпен бірдей. Ол да оқу жоспарын, бағдарлама талаптарын орындауға тиіс
Өзіндік жұмыстардың нәтижелі болуы үшін алдымен «өзіндік жұмыс» деген ұғым нені білдіріп тұрғанын анықтап алу қажеттігі туады: біріншіден, өз бетінше жұмыс балалардың түрлі тапсырмаларды, жаттығуларды ешкімнің көмегінсіз орындаулары, екіншіден, мұндай жұмыстар балаларды ұқыптылыққа, тәртіптілікке, жинақылыққа, бақылай білуге тәрбиелейді.
Өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынандай талаптарды орындау керек:
1.Өздігінен орындайтын жұмыстың мазмұны бағдарлама талаптарына сай болуы керек.

  1. Өзіндік жұмыс оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиіс;
    3  Өзіндік жұмыстың түрі, мазмұны әртүрлі болуы керек;
    4  Әрбір орындалған өзіндік жұмыс тексеріліп, бағалануы керек.
    Өздік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:
    мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;
    жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;
    мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;

Қазір қазақстандағы білім беру саласының алдында оқыту және тәрбие жұмысын жетілдіру, жандандыра түсу міндеті тұр. Анығында, бұл талап қай уақытта да болмасын күн тәртібінен түскен емес. Ал, аталмыш мәселені шешу педагогика ғылымының алдына қойып отырған мақсатының бірі — оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге үйретудің түрлі әдістемелік жолдарын табу. Сол арқылы жаңа білімді игеріп, оны болашақ өңірде қолдануға жағдай жасау.

Көп жылғы тәжірибенің нәтижесінде өздік жұмыстар арқылы оқыту шәкірттерге білімді саналы да терең меңгерудің, әр сабақтың сапасын арттыру тиімді жолы екендігі дәлелденіп келеді. Оқушылардың өздік жұмысы — арнайы бөлінген уақыт ішінде мұғалімнің тапсыруымен, бірақ тікелей көмегінсіз орындалатын жұмыс. Оқушы тапсырмада қойылған мәселеге, ақыл-ой мен күш-жігерін саналы түрде жұмсай отырып шешеді, әр өз жұмысының нәтижесін көрсетеді.

Оқыту процесінде жүргізілетін өздік жұмыстың мазмұны мына талаптарға   сай болуы шарт:

  • тапсырма мазмұны сынып оқушыларының жас және өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып жасалуы керек;
  • оқушының бұған дейін алған біліміне сәйкес құрылуы тиіс; тапсырма түсінікті, мазмұны қызықты болуы қажет; орындау тәртібі мен тапсырма мазмұны бірте-бірте күрделене түседі.

Қазақ тілі сабағында өздік жұмыстарды төмендегідей мақсаттарға байланысты жүргізуге болады.

  • оқушылардың өздігінен білімінен толтыра, жетілдіре отырып, жаңа білім алу;
  • оқушылардың бір-бірімен білім алмасуына дағдылану;
  • берілген білімді пысықтау;
  • оқушының білімін тексеру, бақылау;
  • шығармашылық қабілетін арттыру;
  • сөздік қорын байыту, тіл дамыту.

Білімді меңгеру — тек қана оқу материалын, ережелерді, заңдылықтарды, грамматикалық ұғымдарды есте сақтау арқылы емес, оны оқушылардың өзі логикалық талдау жасай отырып, орынды пайдалана білу арқылы жүзеге асырады. Қазақ тілі сабағында оқушыларға өздігінен орындалуына берілетін жұмыстар ойлау қабілетін арттыруға, берілген тапсырмалар бойынша өз бетімен шешім қабылдауға талпындыратындай болуы тиіс.

Тәжірибеден байқағанымыздай, оқушылардың жұмыстарының деңгейлік тапсырмалар арқылы жүзеге асыру оңтайлы нәтиже беріп жүр. Деңгейлік тапсырмалар жалпыға бірдей міндетті стандарт білімді негізге ала отырып құрастырылады. Академик В. П. Беспалко оқушылардың оқу материалын меңгеру төрт деңгейге бөліп қарастырады.

1-деңгей — оқулық деңгей. Мұнда оқушыға аса ойлануды қажет етпей, тез жауап бере алатын сұрақтар мен тапсырмалар беріледі, яғни оқулықта бар мәселелер қамтылуы керек. В. П. Беспалько бұл-деңгейдегі тапсырмалардың мақсаты, орындалу жолдары айқын болуы қажет екенін ескертеді. Қазақ тілі сабағында бұл-деңгейге лингвистикалық ережелер, анықтамалар, оқушы жадында қалу үшін берілетін тапсырмалар, сөйлем ішінен көрнекті грамматикалық көрсеткіштерді тану, мысал келтіре алу т.б. сияқты тапсырмалар мен сұрақтарды жатқызуға болады.

2-деңгей — алгоритмдік-деңгей. Бұл-деңгейде берілетін тапсырмалардың мақсаты айқын болып, ал ол мақсатқа жету үшін тапсырмалардың орындалу жолдарын табу оқушыдан талап етіледі. Оқушы бұл кезде мұғалімнің түсіндіруімен қабылданған, ақпаратты пайдаланады. Мысалы: таблица толтыру, схема сызу, т.б.

3-деңгей — эвристикалық деңгей. Мұндағы тапсырмалар оқушыдан ізденуді қажет етеді. Оқушы бұрын алған білімінің негізінде және қосымшаәдебиеттердің көмегімен тапсырманы ой еңбегін іске қосу арқылы шеше алады.

4-деңгей — шығармашылық деңгей. Мұнда әр оқушы өзіндік шығармашылық жұмыспен айналысады. Қазақ тілі сабағында тіл дамыту жұмыстарымен —шығарма, әңгіме, ертегі құрастырып жазу, белгілі бір тілдік ұғымға байланысты реферат жазу, бір-бірінің шығармашылық жұмысына рецензия жазу сияқты тапсырмаларды жүргізу болады.

Қазіргі заманда оқушының білімін, өздік жұмысын тексеруде тест қолданылуда.     Тест әдісі уақытты үнемдейді, әрбір тарауды немесе бір тоқсандағы, болмаса бір жартыжылдықта алған білімі сарапталады, әрі оқушы қызығушылығы мен белсенділігін көтереді  Оқушының білімін тереңдете түсуде, білімін репродуктивтік деңгейден шығармашылық деңгейге көтеруде өз бетімен жұмыс істеуді ұйымдастырудың маңызы зор. Әр сыныпта өткізілетін сабаққа тиісінше уақыт бөлінуі оқушылардың өзіндік тапсырмаларды ұқыпты орындауына көмектеседі. Оқушыларға өздіктерінен жұмыс істету тек білімді бекіту үшін ғана емес, жаңа материалды түсіндіруде де қолданылады. Мысалы, мұғалім оқулықтан тиісті материалды оқытады, онда не айтылғанын, қалай қорытылуға болатынын ойлануды тапсырады немесе белгілі бір ережені оқытып, мысалдарды талдауға осы ережені қолдануды тапсырады. Ал, оқушылардың тапсырманы сыныпта, үйде өздігінен орындай білуі – оның бойында қалыптасқан білім, білік пен дағдылар сапасының сенімді көрсеткіші.