БОЛГАРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ.

87

БОЛГАРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ.

Сабақ мақсаты:

 А) білімділік: Болгария Республикасының географиялық орны, мемлекеттік құрылымы, табиғат жағдайлары, экономикасы туралы білім қалыптастыру;

Ә) тәрбиелік: саяси саналылыққа, экономикалық-экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу;

Б) дамытушылық: дүниетаным, ой-өрісін, картамен жұмыс және өздік жұмыс жасау дағдыларын арттыру;

Сабақ түрі: лекция

Құрал-жабдықтар: Дүние жүзінің саяси картасы, Дүние жүзінің физикалық картасы, атластар, кескін карталар

Жаңа сабақ:                       Болгария Республи­касы

БОЛГАРИЯ (България), Болгария Республи­касы — Балкан түбегінің шығыс бөлігіндегі мемлекет.

Жер аумағы — 110 мың км2.

Халқы – 7,8 млн адам (2005-ж)

Халқының орналасу тығыздығы 1км2-ге 70, 3 адамнан келеді.

Негізгі халқы болгарлар (85%), буған қоса түрік, сыған, ар­мян, грек, т.б. ұлттар өкіл­дері тұрады.

Астанасы — Со­фия қ. (1,5 млн.).

Мемл. тілі — болгар тілі.

Халқының көп­шілігі православие дінін ұс­танады, 13%-ы мұсылмандар (1995).

Болгария — парламенттік республика. Мемлекет бас­шысы — президент.

Жоғар­ғы заң шығару органы — бір палаталы Халық жиналысы.

Атқарушы билікті Министр­лер Кеңесінің төрағасы жүр­гізеді.

Табиғаты. Жерінің солт-н Дунай жазығы, шығысын Добруд­жа үстірті және оңт-н Ста­ра-Планина тауы (Балкан) алып жатыр. Климаты көп жерінде қоңыржай конти­ненттік, тек оңт-нде ғана ­жерортатеңіздік. Жауын — ша­шынның жылдық мөлш.: жа­зықта 450 — 600 мм, тауда 850 — 1300 мм. Болгария жерінде өзен көп. Басты өзендері: Дунай, Искыр, Марица, Струма,т.б. Көлдердің ба­сым көпшілігі Рила, Пирин тауларында. Жерінің 30%-ы орманды. Қара теңіз жағалауында көптеген демалыс орындары орналасқан.

Тарихы.  Болгария жерін адамдар палеолит дәуі­рінде қоныстана бастаған. Б.з.б. 8 — 6 ғасырлардағы грек ті­ліндегі деректерге қарағанда, бұл жерлерді фракийлер қоныстанған. 1 ғ-да фракий­лерді Рим империясы бағын­дырып, мұнда Мезия мен Фракия провинцияларын құрады. 395 ж. Болгария жері Ви­зантия империясының құра­мына кірді. 7 ғ-дың 70-жыл­дарында Аспарух (Исперих) хан бастаған бұлғарлар (түр­кі тайпалары) Азов т. маңы мен Солт. Кавказ өңірінен көшіп келіп, 680 ж. Балкан таулары мен Дунайдың төм. ағысында славян-бұлғар тайпалары мемлекетінің негізін қалады. 9 ғ-да Сердиканы, Адрианопольді және т.б. аймақтарды қосып алу нәти­жесінде бұл мемлекет шека­расы кеңейді. Бірінші Бол­гар патшалығы (1018 — 1186) Византияға бағынған. 1187 — 1396 жылдардағы Екінші Болгар патшалығы алғашқы­да Батуға салық төлесе, 13 ғ-дың аяғы мен 14 ғ-дың басында Ноғай ордасына тә­уелді болды. Бытыраңқылық­тағы Болгария жерлерін 14 ғ-дың аяғында Осман сұлтандығы өзінде бағындырады. 15 ғ-­дан бастап қалалар көркейіп, елдің әл-ауқаты артты, бол­гар шонжарларының бір бөлігі ислам дінін қабылдады. Өндірістік қатынастар, сауда дамып, ірі жәрмеңкелерде тауар айналымы артты. Орыс­-түрік соғыстары (18 — 19 ғ-­лар) болгарларды тәуелсіздік үшін күреске жұмылдырды. «Ізгілікті жасақ» (1862), «Ор­талық астыртын болгар коми­теті» (1866), «Болғар қоға­мы» (1868) секілді Бухаресте құрылған ұлттық ұйымдар Осман сұлтандығы шеңбе­рінде Болгарияға автономия беруді талап етті. 1877 — 78 жыл­дардағы орыс-түрік соғысы­на болгар жасақтары Ресей жағында соғысады. Сан-Сте­фан бітім шарты (1878) бойынша, Болгария дербес мемлекет құруға қол жеткізді. Бірақ, Берлин конгресінің шешімі­мен (1878) солт. бөлігінде Түркияға тәуелді Болгария князьдігі (1879 жылдан аста­насы София), оңт. бөлігінде Осман сұлтандығы құрамын­да автономиялық Шығыс Румелия (басты қ-сы Плов­див) провинциясы құрыла­ды. 1885 ж. 6 қыркүйекте болған көтеріліс нәтижесін­де Шығыс Румелия Болгария князь­дігіне қосылды да 1908 ж. 22 қыркүйекте Болгария өзін толық тәуелсіз ел деп жариялады. 1-­Балкан соғысында (1912 ­13) Болгария Түркияның біраз бөлігін өзіне қаратқанмен, 2­-Балкан соғысында (1913) қай­та айырылып қалды. Болгария l-дү­ние жүз. соғыс кезінде Герма­ния мен Австрия-Венгрия жағында болды.

2-дүние жүз. соғыс қарсаңында Болгария бейтарап саясат ұстанғанмен, 1941 ж. наурызда Германия, Италия және Жапония арасындағы үштік одақ пактісіне қосыл­ды. 1944 ж. 9 қыркүйекте Болгария жеріне Кеңес Армиясы кір­ген соң, мемлекеттік монар­хиялық құрылымы жойылды. 1946 ж. 15 қыркүйектен 1989 жылға дейін Болгария социалистік даму жолын тандаған елдер қатарында Варшава шарты­на, экономикалық өзара кө­мек кеңесіне мүше болды. 1989 жылдан елде саяси өз­герістер, демократиялық жаң­ғыру, экон. нарықтық қатынастарға көшу басталды. 1991 жылға дейін үкіметті басқа­рып келген Болгария ком­партиясы биліктен кетті. 1996 ж. қарашада Демократиялық күштер одағының өкілі П.Стоянов президент болып сайланды. Болгария БҰҰ-на, Еуро­па Кеңесіне, т.б. халықар. ұйымдарға мүше. 1992 ж. Қазақстанмен дипломатия­лық қарым-қатынас орнатты. Екі ел арасында сауда және достық туралы келісімдер жа­салынды.

   Экономикасы. Болгария 1947 жыл­ға дейін аграрлы ел болатын. 1947 — 90 ж. индустриялды­-аграрлы мемлекетке айналды. 1996 ж. жан басына шаққандағы орташа жылдық табыс 1160 АҚШ долларын құра­ды. Экономикасының негізі машина жасау, тамақ өнер­кәсібі, қара және түсті метал­лургия, химия және мұнай­-химия өнімдерін шығару, ағаш өңдеу салаларынан тұ­рады. Ауыл шаруашылығында дәнді дақыл­дар (бидай, жүгері), темекі, көкөніс, жеміс өсіріледі. Рай­хан майын экспортқа шыға­руда дүние жүзінде 1- ші орын алады. Экспортқа ма­шина, пластмасса өнімдерін, темекі, шарап шығарылады. Қара теңіз жағалауында ту­ризм дамыған. 1994 ж. елдің ішкі жиынтық өнімі 10 млрд. долларды құрады.