Сөйлесе білу де өнер

569

Сөйлесе білу де өнер

Сабақтың тақырыбы: Сөйлесе білу де өнер.

Сабақтың мақсаты: Балалардың «сөз», «сөз құдіреті», «тіл табысу» ұғымдары туралы түсініктерін кеңейту

Сабақтың міндеттері:

  • Сөзді түсіне білу, сөйлесу дағдыларын қалыптастыру.
  • Адамдармен жағымды қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту.
  • Өзара сыйластыққа тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: слайдтар , Ш. Әбілтаевтің «Бір ауыз сөз» әні жазылған үн таспа.

Шаттық шеңбері

Балалар, сендердің бүгінгі күндеріңе сәттілік тілей отырып, сендерді шаттық шеңберіне шақырамын.

— Ал, қазір К. Салықовтың сөзіне жазылған, Ш. Әбілтаевтің «Бір ауыз сөз» әнін үн таспаға қосылып айтайық.

-Балалар, шаттық шеңберіне қатысқандарыңа рахмет.

Әңгімелесу

  • Балалар, біздің бүгінгі сабағымыздың тақырыбы «Сөйлесе білу де өнер»

Бүгін біз сендермен «сөз», «сөз құдіреті», «тіл табысу» ұғымдары туралы айтатын боламыз.

Қазір әңгімелесу әдісі бойынша өз пікірлерімізді білдірейік.

  • Бейтаныс адамдармен жолыққанда сөзді қалай бастап, қалай аяқтаған жөн деп ойлайсыңдар?
  • Адамдармен қалай тез тіл табысуға болады?
  • Жақындарың мен достарың сені түсіне ме?
  • Өзіңді ешкім түсінбеген жағдайда қалай сезінесің?
  • Адами қарым қатынастағы игі әрекеттердің бірі – тіл табысу және өзара түсінісу болып табылады.

Қолдан келгенше кикілжіңді болдырмауға тырысу керек. Кикілжің кезінде қандай шиеленіскен жағдай болса да, ашуға, эмоцияға біріліп іс әрекет жасамау керек.

Ал егер кикілжің бола қалса, тіл табысудың басты кілті – кешірім сұрау.

Адамдардың бір бірімен тіл табысуы, түсінісуі, ортақ шешімге келуі, оларды қуанышқа бөлейді.

Тіл табысу – өркениетті қатынастардың жемісі, мәдениеттіліктің көрсеткіші.

Сондықтан деңгейі биік адамдық қатынастарды қалыптастыра білейік.

Мәтінмен жұмыс

  • Қазір, балалар, М. Жұмабаевтың «Сөз және мағына» мәтінін оқимыз.

Оқушылар мәтінді оқиды.

  • Балалар, қалай ойлайсыңдар, адамның қалдырған бидайын көршілері қалай сақтауы мүмкін?
  • Қай көршісі адамның айтқанын дұрыс түсінді?
  • Сөзді әркез тура мағынасында қабылдау қажет пе?
  • «Сөз астары» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Астарлап сөйлеу кісінің көңіліне тимес үшін, әрі жекіп, ұрсып, дөрекі сөзді қоспау үшін ойды тұспалдап айту.

Мысалы: Ертеде шөп шауып жүрген бір жігіттің қасынан екі аттылы өтіп бара жатады. Біреуі жас қыз, екіншісі мосқал тартқан адам. Оларды көрген әлгі жігіт: «Пай, пай мына қыздың астындағы жорғасын- ай, қасындағы ерткен жолдасын -ай» — дейді.

Сонда қыз: Әй жігіт, аңдысын-ау аңдысын, аңдап сөйле соңғысын, бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі – деген екен. Мұны естіген жігіт қатты ұялыпты.

«Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» деген мақал осыдан қалса керек.

Сонда қасындағы кісі қыздың әкесі екен.

Осы жерде қыз: «Сен неге менің әкемді маған теліп тұрсың» деп жігітке дүрсе қоя бермей, астарлап сөйлеп тұр. Бұл үлкен мәдениеттіліктің белгісі.

Дәйексөз

  • Енді мына нақыл сөзге назар аударайық. Бұл біздің бүгінгі сабақтың дәйексөзі ретінде берілген.

«Сөзді бағалау, сөзге тоқтау, сөзден мағына іздеу адамды мәдениеттендіре түседі».

І.Омаров

  • Нақыл сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?
  • Ертеден бері жасалып, қордаланып келе жатқан ақыл – ой жәдігерлері: нақыл сөздер, мақалдар, мәтелдер, бұл данылықтың қызынасы.

Сондықтан сөзді шашпа төк тегін дүние көріп, оңды солды талғаусыз айта берсең, жұғымы, қадірі болмайды. «Сөз қадірі адамның өз қадірі» деп даналарымыз айтқандай сөзді бағалай білуге үйренейік.

Сөздің бағасы– бес белгімен айқындалады.

Ол:

  1. Дұрыстық
  2. Айқындық
  3. Қысқалық
  4. Орындылық
  5. Әрлеу

Дұрыстық дегеніміз – айтылған сөздің қатесіздігі.                                                                                    Айқындық дегеніміз – сөздің мазмұнын дұрыс беру.                                                                   Қысқалық  — ойды жеткізуге керек сөзді ғана пайдалану.                                                                               Орындылық – сөздің айтар жері мен мерзімін абайлау.                                                                                    Әрлеу дегеніміз – жасандылықтан аулақ бола тұрып әсем сөйлеу.

Сөйлеуге қатысты әдептіліктің тағы бір түрі – орынды, әділ сөзге тоқтау.                                                            Қазақтағы әйгілі айтыстарды таратушылар, әдетте жеңілген жағы болып келеді.                                        Демек, сөз қадірін танып, мойындау, сөзге тоқтау да ірілікті ,   кісілікті білдіреді.

Жағдаятты талдау

Оқушылардың сабақ барысында алған білімдерін күнделікті өмірмен ұштастыру мақсатында жағдаятты талдау.

  • Бейбіт пен Майраның орында болсаңдар не істер едіңдер?
  • Майра мамасының сөзін дұрыс түсінді ме?
  • Бейбіттің сұрағына сен қалай жауап берер едің?
  • Адамның үлкендермен, құрбыларымен, жасы кішілерімен, сөйлесу мәнері оның мәдениеттілігін танытады.

Қоғамда адамның жүріс тұрысына, сөйлесуіне байланысты әдеп нормалары бар. Әрбір адамның сол әдеп нормаларын ұстануына қарай оның инабаттылығы, мәдениеттілігі бағаланады.

Тапсырма

Үйге тапсырма ұлы адамдардың нақыл сөздерін оқып, мағынасын түсіндіріңдер.

  • Иә, балалар

«Аталар сөзі – ақылдың көзі» дейді, «Сөздің көркі — мақал» деген ұғым бар. Осылардың қайсысын алсақ та, тәрбиелік мәні зор.

Ата – бабамыз сөздің нәрі мен мәні, ұрпағына айтар өсиетінің мазмұны, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» осы мақалдарда, нақыл сөздерде жатыр.

Ендеше, балалар, «Сөз мәйегі — мақал» демекші, даналардың осы сөздерін қолдана отырып, ойларыңды нақты, дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге, ақылды, салмақты ой айтуға үйренейік.

Тапсырма

Ғ. Мүсіреповтың қазақ халқының сәлемдесу салты туралы пікірін оқып, сұрақтарға жауап беру.

  • «Сәлем – сөздің анасы» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Сәлемдесу кезінде адамдардың бір біріне деген ықыластары қалай өзгереді?
  • Адами қарым-қатынастағы ең басты әдептілік – бұл сәлемдесу болып табылады. Қазақ халқынды сәлемдесудің түрлері көп.

Ол:

  1. Бір -бірінің саулығын сұрасу
  2. Өздерінің аман-есен кездесіп тұрғанына қуаныш білдіру\
  3. Ниеттері ақ, адал екенін сездіру.

Мысалы: «Сәлеметсіз бе?» деген бір ауыз сөздің өзінде үлкен мән, мағына жатыр.                                                Мұнда, «Мен сені аман – есен көріп тұрғаныма қуаныштымын. Пейілің ақ, жүзің жарқын болсын. Мен сені сыйлаймын, сені де сыйластық танытады деп білемін.Өз басым саған саулық, амандық, бақыт тілеймін» деген ойларды меңзейді.

Сәлемдескен кезде орнынан тұрып, ізет білдіру  — сыпайылықтың белгісі.

 

Назар аударыңдар

Ақботаның қоржынынан Данышпан ата жіберген әдептілікке тәрбиелейтін ырымдар мен тиым салу сөздерімен танысайық.

Оқушылар ырымдар мен тиым салу сөздерін оқиды.

  • Данышпандар айтыпты:

«Даналардың ақыл насихаты көңілдің көзін ашып, жан-дүниеңді раушан етеді, өйткені ақыл, насихат данышпандық көзінің ағы мен қарасы».

  • Олай болса, балалар,даналар сөзін ұғып алайық. Даналар сөзінде ізгі ниет, үлгі өсиет мол екен.

Сын тұрғысынан ойлау элементін пайдалану арқылы синквейн( бес тармақ ) жазайық.

  1. Зат есім ( 1сөз)
  2. Сын есім ( 2сөз)
  3. Етістік (3сөз)
  4. Сөз тіркесі ( 4 сөзден тұратын сөйлем )
  5. Негізгі түйін сөз ( 1сөз )

 

  1. Сөз
  2. Әділ, өтірік
  3. Өлтіреді, жігерлендіреді, қанаттандырады
  4. Сөз өмірдің ұлы қаруы. (В.Г. Короленко)
  5. Өмір

 

  1. Сөз
  2. Қасиетті,мағыналы
  3. Қуаттандырады, ойландырады, тәрбиелейді
  4. Өтірік сөз өрге баспайды. (мақал)
  5. Өтірік

 

  1. Сөз
  2. Есті, киелі
  3. Шабыттандырады, қуантады, ренжітеді
  4. Жақсы сөз жан сүйсіндіреді.
  5. Сүйсіндіреді

 

Бұл жерде, балалар, Ғ. Мұстафиннің «Мұралардың ең қымбаты – сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас суық көңілді жылытады, әсілі адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды.» деген сөзімен түйіндегім келеді.

 Жаңа ақпарат

«Жаңа ақпарат» айдарымен берілген мәтінді  оқу

  • Тыңдай білетін және өзіңді түсіне алатын адаммен сөйлесу адам жанына қуат береді, жағымды әсер етеді.

Адам сөзді есту, тыңдау арқылы шешен болады.

Сөйлеген кезде шындыққа сүйеніп, туралықты айту адам жанының тазалығын   көрсетеді.Мәдениетті адам не айту керектігін алдын ала ойланып алады.

  • Қазақта мынадай мақал бар:

«Сөйлей -сөйлей шешен боласың,

Көре- көре көсем боласың» дегендей сөйлеген кезде шындыққа сүйеніп, туралықты айту адам жанының тазалығын көрсетеді екен.

Ал, «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген мақалдың түп-тамырын қарасақ, адам қашанда болсын мәдениетті сөйлеп, не айту керектігін алдын – ала ойланып сөйлегені дұрыс деп ойлаймын.

Шығармашылық жұмыс

Қазір мен сендерге гүлдер таратып беремін, сол гүлдерге дұрыс сөйлеу ережелерін жазыңдар.

Оқушылар дұрыс сөйлеу ережелерін гүлдерге жазып,тақтадағы жүрекке жапсырады.

  • Орыс жазушысы Л.Н. Толстой

«Құнды сөз құнарлы ойдан шығады» деген екен.

Сондықтан дұрыс сөйлеп, құнды сөз айта білейік.

Жүректен жүрекке

Асан Қайғының өлеңін оқу

Таза мінсіз асыл тас

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас

Жел толқытса шығады

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады.

  • Бүгінгі сабақтан не ой түйдіңдер,не үйрендіңдер?
  • Үйге тапсырма

«Сөз құдіреті» туралы эссе жазыңдар.

  • Ал мен сендерді жүректен жүрекке айдары бойынша шеңберге шақырамын. Бір- бірімізге жақсы сөз жақсы тілек айтайық.
  • Рахмет балалар!

«Жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді», «жақсы сөз жарым ырыс» — дейді халқымыз.

Жақсы сөз, жақсы тілек әр адамның көңілін көтеріп, олардың жүрегіне жылу береді, көңіліне қуаныш сыйлайды. Жақсы сөз адамды достастырады, татуластырады, сыйластыққа жеткізеді.

Сондықтан жақсы сөз ғана айтайық балалар.  Бүгінгі сабағымыз аяқталды.

САУ БОЛЫҢДАР.