Арайлап атсын әр таңым

Өзін- өзі тану . 1 сынып

Тақырыбы:     Арайлап  атсын әр таңым

Мақсаты: « Бақыт», «махаббат» ұғымдарының

адамгершілік құндылықтары ретіндегі мәнін

ашу.

Міндеттері:

Әр түрлі көңіл күйді  сезінуге және мәдениетті  қарым- қатынас жасауды үйрету.

-Сыныптастарымен , үлкендермен,жақын  адамдармен жағымды қарым- қатынастарын дамыту.

-Өзін және айналасындағы адамдарды сыйлай және қуанта  білуге тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар: күн, суреттер, кестелер, мақал- мәтелдер.

 

Шаттық шеңбері:

 

Жарқырап күн де ашылды,

Айналаға нұр шашылды,

Қайырлы күн! Біз көңілді баламыз.

Қайырлы күн!Біз сәлемдесіп аламыз,

Мақсатымыз- білім алу,

Міндетіміз- еңбектену

Еңбектену арқылы

«5»- ке қолды жеткізу!

Әңгімелесу.

Мұғалім оқушыларға «Таңертеңгі көңіл күй» мәнін  түсіндіруді әңгімелесу  арқылы  ұйымдастырады?

-Сендерді кім оятады?

-Ненің дыбысынан оянасыңдар?

-Таңартеңгі  қуануыңа  не  себеп болды ?

-Таңертеңгі жабырқауыңа не себеп болды?

-Балалардың жауаптары тыңдалып, дәйексөздің түсіндірілуімен қорытындыланады.

Дәйексөз.

Әрбір таңғы қуаныш- өмірге шаттық сыйлайды

                                                                                 Халық даналығы

 

Тапсырма.

Адамдардың  әр түрлі көңіл күйде болатынын түсіндіру мақсатында оқушыларға  оқулықта    берілген тапсырма  ұсынылады:

1-сурет: Ұл баланы таңғы ұйқыдан оятып  жатқан  ананың суреті.

Анасы қандай сөздер айтып оятты ?

«Құлыным, тұра ғой»

«Қайырлы таң, ұлым!»

 

2-сурет Ұл мен қыздың отбасындағы  суреті.

Оларға ата- анасы  қандай тілек  айтты?

«Сабақтарыңды жақсы оқыңдар» т/б

-Сендер таңертең ұйқыдан тұрғанда , ата- аналарың  қандай сөзбен оятады?

 

  Шығармашылық жұмыс.   Ойын.

Балаларды жақсы көңіл күйде жүруге дағдыландыруды   ойын арқылы ұйымдастыру.

«Көңіл күйімді тап» атты бұл ойында әр түрлі көңіл күйді білдіретін сөздер жазылған кеспе қағаздарын құрастыра отырып,сөздерді  оқып, қимылмен көрсету.

Кеспе қағазға жазылған көңіл  күй  қимылдарының  үлгісі: күлімдеу,жымию,күлу,қуанғаннан секіру, бас бармағымен «бәрі жақсы» деп көрсету

Қабағын түю, төмен қарау, желкесін қасу,теріс қарау.

-Ненің суреті шықты?

-Күннің суреті.

«Әрбір таңғы қуаныш өмірге шаттық сыйлайды» дегендей, әрбір атқан таңға , жаңа күнге қуанғандарың- өзіңе,айналаңа шаттық сыйлағандарың.Сол себепті таңертең қандай көңіл күйде болсаңдар да ,айналаңдағы адамдарға  жақсы сөздер айтып, жылы шырай таныта алсаңдар — өздеріңе қуаныш сыйлағандарың.

Мұғалім «Ізгі сөз» өлеңін мәнерлеп оқиды,ал балалар өлең шумақтарының соңында кездесетін сұрақтарға жауап айтады.

Мектебімізге барғанда

Жолыққан бар жандарға,

Ертемен, ақ пейілмен,

Не деймін мен ?

Қайырлы …..   (таң!)-деймін мен.

Күндіз де елді елеймін,

Не деймін мен?

Қайырлы …..   (күн!)- тілеймін

Үйге кешке келемін,

Не дерімді білемін,

Не деймін мен?

Кеш …. ( жарық!)- деп кіремін.

Дәптермен жұмыс.

Мұғалім дәптерде берілген суреттегі адамдардың көңіл күйі туралы әңгіме құрастыруды тапсырады.

Қорытындылау:

-Балалар , арайлап  атқан таңға шаттанып, өзімізге арнап айтылған  жақсы сөздерді  естіп , қуанып, айналамыздағыларға да жақсылық тілеп жүрейік. Сонда өзгенің де, өзіңнің де көңіл күйің көтеріңкі болады! Әрбір күндерің арайлы болсын!

Жүректен жүрекке.

 

Балалар  жұптасып дөңгелене тұрады .Бәрі қол ұстасып, қолдарын жоғары көтеріп, күннің шуағын құрайды.Бәрі қосылып, өлең жолдарын айтады.

Біз қандаймыз, қандаймыз,

Шұғылалы таңдаймыз.

Күлімдеген күндейміз

Ән саламыз күнде біз,

Шаттық толы іргеміз.

Біз мәңгілік достармыз.

Біз мәңгілік біргеміз.