Абай күйлері арқылы әсемдікті таныту

Абай күйлері арқылы әсемдікті таныту

Қазіргі кезде музыка мектебінде домбыра сабағын оқытудың жаңаша түрлері қамтылуда. Шығарма ойнау күн сайын жетіліп, түрленіп, шыңдалу үстінде. Осы тұрғыдан қарағанда шәкіртке өскелең үлгіде дәріс беру үшін ұстаз өзі жан-жақты дайындық үстінде болуы қажет.

Ал домбыра тарту өнерінің негізі – күйшілік. Ол құрылымдық негізі мен орындалу мәнеріне қарай төкпе және шертпе деп екі үлкен орындаушылық дәстүрге бөлінеді де, дәстүр өз алдына бірнеше мектептерден тұрады. Осы тұрғыдан қарағанда, әр күйші, сазгердің өзінің орындау , жеке ойнау мектебі болады. Бүгінгі өскелең талаптарға сәйкес, саз мектептерінің оқу бағдарламасына жаңа білім мазмұнының тұжырымдамасына, халық педагогикасына бетбұрыс енгізіледі. Сонымен қатар оқушыларға ұлттық дәстүрді, музыканы, ән-би, күйді, мәдениетті, Қазақстан тарихын — , белгісіз болып келген халық сазгерлерінің шығармаларын насихаттау алға қойылды.

Осы бетбұрысқа сүйене отырып, мен де Абайдың әндері мен күйлерін жинақтап оны оқушыларға үйретуді мақсат етіп отырмын. Қазір Абайдың үш-төрт күйін тауып отырмын. Ерекшелігі, шығу тарихы, штрихы, қағысы тұрғысынан біздің ойнап жүрген күйлерге ұқсамайтын өзіндік сазы, бояуы терең Абай күйлерін үйреніп, насихаттау үстіндемін.

Оқушыға үйретуде оның әр күйін пән аралық байланыс сабақ ретінде әдебиет сабағымен ұштастыра өткіземін. Мысалы, «Май түні» күйінде тірі табиғат бейнесі жақсы көрініс тапқан. Абай атамыздың бұл күйі оның әндерінің стиліне өте жақын. Мәселен, «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Жаз» туралы өлеңдерін оқып беріп, табиғат сұлулығын әдебиетпен байланыстыра отырып күйді үйретемін.

Ал «Торы жорға» күйінде Абайдың талантына бас иген Дәке деген бай, дәулетті адам ақынды құрметтеп ат сыйлайды. Абай жорғаның көз тартар сұлулығына , әсем жүрісіне сүйсініп, бірден оған «Торы жорға» деп күй шығарады. Бұл күйде ат тұяғының алысы, жорғаның сымбатты  сұлулығы, шабысы – желісі, үстіндегі күміс ертоқымымен шашбауларының  сылдыры мен сыңғыры, кісінегені барлығы кербез әуенде бейнеленген «Аттың сыны» деген өлеңін оқимын.

Енді «Абай желдірмесі» ән-күйін алсақ, бұл күйді ақын әнмен байланыстырып шығарған. Айталық, «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Ғылым таппай мақтанба», «Өзгеге көңілім тоярсың» тағы басқа әндері мен жастарға ақыл, қайрат, жігер беріп өзінің балалық шағынан бастап бүкіл өмірін ән-күймен суреттеп бейнелеген. Абайдың күйлерімен қатар әндерін де шәкірттерге үйретудемін. Мысалы, «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін үйретерде оқушыларды тұрақтылыққа, сыпайыгерщілікке, инабаттылыққа баулып Абайдың қыз бен жігіттің әніндегі лирикалық сағынышқа толы ыстық махаббатын, айнымас сезімдерін оқушыларға тәрбие ретінде жеткіземін.

Осы сабақтарымды жоспарлап бірнеше сағатқа бөліп панарама, концерт, лекция сабақ етіп,өткізуді жоспарға алдым. Шәкірттерімнен Абайдың әндерін қара сөздерін білуін қадағалап отырамын.

Тек Абайдың күйлерімен тоқтамай, басқа да сирек  орындалатын күйлерді іздеуді қолға алып, жұмыс істеп келемін. Мысалы, Байжігіттің күйлері, Шәкірдің күйлері, Шәкәрімнің әні мен күйлері тағы басқа халық сазгерлерінің шығармалары бар.