Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және олардың қорғалуы

1021

Тақырыбы: Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және олардың қорғалуы

Оқыту мен тәрбиелеудің міндеттері:

Білімділік: Оқушыларға Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және олардың қорғалуы туралы жүйелі білім беру    

Дамытушылық: Сабақ барысында оқушылардың тарихи танымдық ойлау, талдау, салыстырып, қорытынды жасау және қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік: Оқушыларды өздігімен жұмыс істеуге және жауапкерлікке тәрбиелеу

 Сабақтың түрі:1)жаңа материалды меңгеру;2) біліктерін,іскерлік пен дағдыларын жетілдіру және пысықтау;3) Алған білімдерін тиімді пайдалану;4)меңгерілген материалдарды жүйелеу,қорытындылау;5)аралас;6)іздену,ой-қорытындылау

Сабақтың әдісі:  1)сұрақ — жауап;2)баяндау;3)әңгімелесу;4)ізденіс;5)топпен  жұмыс; 6)проблемалық;7 )ойын сабағы;

Құрал – жабдықтар:  оқулық

Сабақтың барысы:І. Ұйымдастыру кезеңі:1)Амандасу;2)Оқушылардың сабаққа қатысу деңгейін анықтау;3)Ынта-зейіндерін сабаққа аудару;

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау: өткен тақырып бойынша үй тапсырмасын тексеру

ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру және сабақ жоспары:

Адамның құқықтары мен бостандықтары туралы халық-аралық-құқықтық құжаттар жекелеген мемлекеттердің заңдарына ықпалын тигізіп отырады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарына мүше болып кірген ел халықаралық құқық нормаларын өз аумағында бұлжыт-пай орындап отыруға міндетті. Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты сақтау ұйымына мүше болып кіргендіктен, осы ұйымдардың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау хақындағы құжаттарын мойындайды және оларда қойылатын талаптарды орындап отырады.

Қазақстан Республикасында адам құқыктары мен бостандықтарын айқындайтын құқықтық нормалар мен ережелер халықаралық құқыктың құрамдас бөлігі болып табылады. БҰҰ-ның Жарғысында «Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сөзсіз сақтау және тану әрбір мемлекеттің қүұметті борышы мен міндеті болып табылады» деп жарияланған. Осы Жарғыға сәйкес әрбір мемлекет өз аумағында тұратын барлық адамдардың құқықтары мен бостандыктарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге, адамды кемсітушілікке жол бермеуге тиіс.

Халықаралық құқықтың актілер Қазақстан Республикасындағы заң шығарудың қайнар көзі болып табылады. Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидалары мен нормаларын құрметтейді және олардың негізгі қағидаларын іс жүзінде басшылыққа алады. Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің мемлекетіміздің құқықтық жүйесін алықаралық құқыктық жүйенің құрамдас бөлігі деп таниды.

«Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы». БҰҰ-ның Бас ассамблеясы 1948 жылы «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын» қабылдаған болатын. Қазір бұл құжат өркениетті адамзат түгел мойындаған, адам атаулының бәріне бірдей, дүние жүзінің прогресшіл күштері түгел таныған, адам құқықтары туралы негізгі құжат болып табылады.

Декларация мәтінінен орын алған адам құқықтарын сипатына қарай үш топка жіктеуге болады. Бірінші топка адамдардың табиғи және тумысынан жазылған құқықтары жатады. Адамның өмір сүру құқығы, оның жеке басының бостандығы, құлдықтан азат болу құқықтары осының мысалдары. Әр адамның туылғаннан пешенесіне жазылған, қасиетті және қастерлі құқыктарына ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Адамды азапқа салуға, оған өрескел қаталдық көрсетуге немесе оның намысын қорлайтын шаралар қолдануға, оның жеке өміріне қол сұғуға тыйым салынады. Адамның арына, абыройына тиетін әрекеттерге, оның тұрғын орнына басып кіруге, мүлкіне қол сұғуға жол берілмеуі тиіс.

Екінші топқа азаматтыққа байланысты құқықтар мен бостандықтар жатады. Бұлар — адамның азаматтық алу, еркін жүру, тұрғылықты жерін таңдап алу, некеге отыру, отбасын құру, баспана иесі болу, ұждан бостандығы; шерулерге қатысу; мемлекет істерін басқаруға қатысу құқықтары.

Үшінші топка — экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жатады. Бұлар — адамның еңбек ету, өз қалауы бойынша жұмыс таңдау, еңбегіне сай ақы алу, меншік иесі болу, кәсіптік одақтарға бірігу, қоғамдық бірлестіктердің жұмысына қатысу, демалу, білім алу, адамға лайық тұрмыс құру  құқықтары.

1966 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы экономикалық, саяси және мәдени құқықтар туралы шарттар қабылдады. Бұл шарттар «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының» ережелері негізінде қабылданды. Оларды жүзеге асырудың кепілдіктерін қарастыратын, адам құқықтарының сақталуын бақылап отыратын арнайы комитет құрылды. Бұл комитетке шартқа қосылған мемлекеттердің өкілдері сайланатын болды. Оған қатысушылар мемлекет ішінде адам құқықтарының қорғалуы жайында комитетке ұдайы баяндап отырады. Сонымен бірге комитет шартқа қосылған мемлекеттердегі адам құқығының қорғалу жайын өз тарапынан тексеріп отырады.

Адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы.

Конституцияда, басқа да заңдарда аталған азаматтардың құқықтары мен бостандықтары оларға заңды мүмкіндіктер береді. Ол мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін кепілдіктер қажет. Кепілдіктер мемлекет тарапынан жасалып, оның қадағалауында, бақылауында болады. Соның негізінде әр азамат заңда көрсетілген құқықтарын өзінің, халқының игілігіне пайдалана алады.

Азаматтарда сот арқылы қорғайтын құқық пен бостандықтан басқа да құқық пен бостандықтар бар. Оларға еңбек ету, білім алу, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау құқығы мен бостандығы жатады.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалу кепілдіктері. Азаматтардың құқықтары мен бостандыктарына ең негізгі кепілдік — оның құқықтары мен бостандықтарына шек қоюшылықты болдырмау. Құқық пен бостандыққа шек қою немесе олардан айыру жағдайлары тек қана конституцияда көрсетіледі. Конституция бойынша адамды құқығы мен бостандығынан айыру немесе шектеу төтенше жағдайда және уақытша ғана қолданылады.

Азаматтардың құқығы мен бостандығына негізгі кепілдік беретіндер — өздеріне осындай міндеттер жүктелген және оны іс жүзіне асыратын мемлекеттік органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар болып табылады. Барлық мемлекеттік органдар азаматтардың құқығы мен бостандығын пайдалануына жағдай жасау үшін құрылған. Олардың негізгі мұратының өзі сол — азаматтардың заңды құқыктарын қорғау үшін қызмет ету.

Бекіту кезеңі:

  1. Қандай халықаралық құқық қорғау ұйымдарын білесіздер?
  2. Адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалу тетіктерін қалай жетілдіруге болады?
  3. Қазақстанда адам  құқықтарының  қорғалуын  қамтамасыз ететін органдарды атаңыздар.

Сабақты қорытындылау: тақырып бойынша пысықтау

Оқушыларды бағалау:

Үйге тапсырма беру: §31