Қазақстан Республикасының Конституциясы: құрылымы мен мазмұны.

857

Сабақтың тақырыбы:§ 34. Қазақстан Республикасының Конституциясы: құрылымы мен мазмұны.

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: оқушыларға Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі бөлімдері мен мазмұның баяндау.

Тәрбиелік: ҚР Конституциясын құрметтеуге, оны мүлтіксіз орындауға, заңға қайшы іс-әрекеттер жасамауға тәрбиелеу.

Дамытушылық:, өз құқықтары мен міндеттерін айта отырып, оқушы бойына жауапкершілік принципін қалыптастыру.

Көрнекілігі: ҚР Конституциясы

Әдісі: баяндау, өзара белсенділікті арттыру.

Түрі: аралас сабақ

Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезең

а) сәлемдесу

б) сабаққа дайындығын тексеру

в) оқушылар назарын сабаққа аудару

  1. Үй тапсырмасын тексеру
  2. Білімдерін жан- жақты тексеру
  3. Оқушыларды жаңа сабаққа дайындау

Сабақтың тақырыбын, мақсатын баяндау.

Оқушылар назарын сабаққа аудару.

  1. Жаңа сабақты түсіндіру

Сабақ жоспары:

  1. Конституция – негізгі заң.
  2. 1993 жылғы Конституцияның қабылдануы және оның мәні.
  3. Конституцияның құрылымы мен мазмұны.
  4. Конституцияның жоғары заңдық күші бар.

Адам қоғамының заңсыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Ал қоғамның барлық өмір аяларында болып жататын құбылыстардың бәрін заңмен басқару үшін қажетті нормативті актілердің саны қанша болуы керектігін ешкім де дәл тауып айталмас еді. Дамыған демократиялы елдерде әрекет ететін заңдар мыңдап саналады. Сол заңдарлың бәрінің бастау алар негізі – Конституция болып табылады.

Мемлекет пен қоғамның негізгі заңы ретінде Конституция бүкіл заң шығару ісінің қайнар көзі болып табылады. Өзге нормативтік актілердің бәрі Конституцияның ережелеріне негізделіп қабылданады. Сондықтан оның басқа нормативтік-құқықтық актілерде кездеспейтін өзіне тән белгілері болады.

Конституция (лат. Constituto-құрылу, өкім) – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттің негізгі заңы. Конституцияның мәні мемлекеттің негізгі заңдылық мүдделеріне, халықтың шын мәніндегі еркіне сай келуімен және құзіреттілігімен айқындалады.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдап, Қазақстанның халықаралық құқықтық субъект ретінде жария етілуі елдің тәуелсіздік мәртебесіне сай заңнын – Конституциясын қабылдау қажеттігін туғызды. 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізгі заңы – Конституция қабылданды.

Жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтуда, мемлекеттің халыққа қызмет ететін жаңа билік органдарын құруда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындауда және оларды кеңейтуде үлкен рөл атқарады.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы өтпелі кезеңнің негізгі заңы ретінде екі жыл өзінің миссиясын атқарып, ел тарихында қалды.

1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдады.  Онда мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың ұйымдастырылуы және болашаққа бағдар ұстай отырып қызмет ету ұстанымдары белгіленген. Адамның және азаматтың конституциялық мәртебесі, бүкіл халықтың мәртебесі, мемлекеттік билік пен мемлекеттің әлеуметтік базасының қайнар көзі ретіндегі адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері баян етілген.

Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдум арқылы енгізілуі мүмкін. 1998 жылы және 2007 жылы Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізілді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы тоғыз бөлімнен, 98 баптан тұрады. «Жалпы ережелер» деп аталған I бөлімде Қазақстан Республикасының саяси сипаттамасы, қызметінің түбегейлі ұстанымдары көрсетілген; президенттік басқару нысаны, құқықтың қолданылуы айқындалған; идеологиялық және саяси алуандылық, меншікке қатысты қағидалар тұжырымдалған. Қазақстан Республикасы Конституциясында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жарияланған.

Адамның құқықтары, бостандықтары мен міндеттері, азамат және азаматтыққа байланысты ережелер «Адам және азамат» деп аталған II бөлімде жинақталып берілген.

III бөлімде Президенттің, IV бөлімде Парламенттің, V бөлімде Үкімет құрамдарының жасақталуы, сайлану және тағайындалу мерзімдері мен заңдары, өкілеттіліктері, атқаратын қызметтері, түрлі саяси ахуалдағы әрекеттерінің бағыттары, өзге органдармен байланыстары, ел экономикасын дамыту бағытында атқаратын жұмыстары, ішкі сыртқы саясатты айқындап жүргізуі, т.б. баяндалған.

VI бөлімде Конституциялық Кеңестің құрылуы мен қызметінің бағыттары, VII бөлімде соттар мен сот төрелігінің жасақталуы, атқаратын қызметінің мазмұны мен реттілігі туралы айтылған. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару ережелері VIII бөлімде тұжырымдалған. Соңғы IX бөлімде қорытынды және өтпелі ережелер берілген.

Конституцияның маңызды ерекшелігі – ол бір жағынан, мемлекеттің, ал екінші жағынан, қоғамның Негізгі заңы болып табылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар. Мұның мәні – мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер Конституцияға қайшы келмейтін болуға тиіс дегенді білдіреді. Мемлекеттік органның қандайы болса да – жергілікті органдар да, орталық органдар да, кез келген лауазымды тұлға, барлық азаматтар, олардың бірлестіктері Конституция қағидаларын сақтауы керек.

Конституцияда оның ережелері, нормалары тікелей қолданылады деген нұсқау бар. Мұның мәні — әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін мемлекеттік органдарға, әсіресе сотқа өтініш білдіргенде, Конституцияны, оның нормаларын пайдалануға құқықты.

  1. Жаңа сабақты меңгергендігін тексеру:
  2. Қазақстанның қазіргі Конституциясы қандай бөлімдерден тұратынын, ал бөлімдерде не тұжырымдалған?
  3. Консттитуция неліктен мемлекеттің Негізгі заңы деп атайтынын түсіндіріңдер.
  4. Неге Конституцияның жоғары заңдық күші бар деп атайды?
  5. Жаңа материалды бекіту:
  6. Конституцияға өзгертулер мен түзетулер қай жылы енгізілді?
  7. ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар қалай енгізілуі мүмкін?
  8. ҚР 1995 жылғы Конституциясы несімен ерекшеленеді?
  9. Үйге тапсырма: 34. Қазақстан Республикасының Конституциясы.
  10. Бағалау: