Мен Ғанимын мәңгілік тірі жүрген

43

Тақырыбы: Мен Ғанимын мәңгілік тірі жүрген
Мақсаты:   Оқушыларға Шығыстың жарық жұлдызы Ғанидың өмірі мен қызметі туралы мағлұмат жинай отырып,  Ғани бойындағы ізгі қасиеттерді, еңбекқорлықты оқушылардың бойына ұялату, сабырлыққа, әдептілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Ғанидың суреті, нақыл сөздер жазылған плакаттар, /слайд шоу/

Өту барысы:  Жүргізушілер: АҢСАР, НҰРЖАН

Мен – Ғанимын!
Жетіскен Мәкенәлі
1 – жүргізуші:
Мен Ғанимын —
Ұлымын Қазалының,
Ел-жұртыма жетеді азалы үнім.
Қыршын кеттім өмірден жазамын деп,
Қасіретін қырсыққан қазағымның.
2 – жүргізуші:
Мен Ғанимын –
Жалынмын лапылдаған,
Қалды артымда таңдарым атырмаған.
Халқым үшін қаңтарда мұз жамылдым,
Мәселе жоқ басымды қатырмаған.
1 – жүргізуші:
Мен Ғанимын –
Мертіккен арыстанмын,
Қаса жауымен халқымның алысқанмын.
Жеткізем деп бақытқа ұрпағымды,
Заманыммен жармасып, жарысқанмын.

2 – жүргізуші:
Мен Ғанимын –
Шығыстың шынарымын,
Ұлы істерге бастаған Ұларымын.
Арман-мұңын халқымның іліп алып,
Шарықтаған қияда қыранымын.
1 – жүргізуші:
Мен Ғанимын –
Шын сөздің ұстасымын,
Әлихан, Міржақыптың тұстасымын.
Мағжан мен Ахметтің бауырымын,
Жалын жүрек жастардың ұстазымын.
2 – жүргізуші:
«Жас Алашпын» —
Ана тіл – ғаламатым,
Сүйемін күллі Түрік қағанатын.
Мен Ғанимын мәңгілік тірі жүрген,
Алашымның арқалап аманатын!

1 – жүргізуші:
Шығыстың жарық жұлдызы атанған Ғани Мұратбаев – ХХ ғасырда қазақ жастары арасынан шыққан ұлтымыздың ұлы тұлғасы.

2 – жүргізуші:
Жиырма үш –ақ жыл өмір сүріп, осынша қысқа мезгілде өзін қалың халыққа танытып үлгірген талантты перзентін туған елі ешқашан ұмытқан емес.
1 – жүргізуші:
Жарқын іске бастап Шығыс ұл-қызын,
Қараңғыда жарық берген жұлдызым!
Сен аңсаған азат ашық аспанда,
Ұшырамын өзіңе арнап жыр-құсын.
2 – жүргізуші:
Ғани едің жас ғұмырға гүл еккен,
Мәпелеген, аялаған, түлеткен.
Бір ғасырлық тойыңызға торқалы,
Жыр арнадық өзіңе шын жүректен.
1 – жүргізуші:
Ендеше, құрметті ұстаздар,  және оқушылар!» «Мен Ғанимын мәңгілік тірі жүрген» атты ашық тәрбие сағатын бастауға рұқсат етіңіздер!
2 –жүргізуші:
Ғанидың  революцияның от – жалынына оранған қиын – қыстау кезеңде заман көшіне еріп, жастар үшін жасаған жанқиярлық еңбегі ел тарихында мәңгілікке қалды.
1 – жүргізуші:
Сыр бойында, қасиетті Қазалының киелі топырағында дүниеге келіп, 15 жасында – ақ қызметке араласқан ол, қып – қысқа ғұмырында соңына өшпес із қалдырып кетті. Олай болса, алдымен Ғани ағамыздың өмір жолына тоқталып өтейік.

Ғани Мұратбаев 1902 жылы 3 маусым күні Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы қазіргі өз атымен аталатын ауылда дүниеге келді.
1911 жылы анасы Бәтима Ғаниды Қазалыдағы орыс-түзем мектебіне оқуға берді.
1917-1918 жылдары Қазалыда тұңғыш рет Кеңес өкіметі құрылғанда революциялық комитеттің құрамына мүше болды.
1918 жылы Ғани Ташкентке оқуға келді. Ташкенттегі педучилщені және Финкельштейн атындағы мемлекеттік мектепті бітірді.
1919 жылы жастар ұйымына мүшелікке қабылданды. Осы күннен бастап Ғанидың жалындаған өмірі жастар ұйымымен тығыз байланыста өтті. Сол кезеңде саяси сана сезімі де, өмірге көзқарасы да  көп жастардан озық Ғ.Мұратбаев комсомолдың алдыңғы қатарлы  белсенді мүшесі, жастар жұмысының үлгілі ұйымдастырушысы болды.
2 – жүргізуші:
Мен де аға атыңды мақтан етем,
Өзімнен кейінгіге мақтап өтем.
Қолымнан келіп жатса, ой орамды,
Жырымды жалғастырып дастан етем.                                                                                          Ғани
Балтабай Тәжімбетов  (Оқушылардың орындауында)
1-оқушы:
Жиырмасыншы ғасырға еміренем,
Қазақтың маңдайына сені берген.
Көмілген қуаныштың көзін ашып,
Жұбаттың жетім көрсең еңіреген.
2-оқушы:
Айғақтап асыл дәуір мұраттарын,
Кедейдің кемел ойын қуаттадың.
Білдің сен Октябрьдің дауылының,
Соңында мамыражай шуақ барын.
3-оқушы:
Сыр тартып ақыл-дария тереңінен,
Толғадың топ алдыңда келер күннен.
Танылдың Орта Азия өлкесіне,
Жалаңқат жауынгерлік шинеліңмен.
4-оқушы:
Тайсалмай Тура салып тасқа терең,
Жонынан жауыздықтың таспа тілген
Ардақтап әділідктің әліппесін,
Қақ жарған қара қылды қас батыр ең!
5-оқушы:
Қыран ең көкжиектен бір көрінген,
Жарқырап жанарынан кұ көрінген.
Жастықтың жасмайтын үлгісі едің.
Ильичке ықыласы шын берілген.
Барлығы:
Қайтейін, қайран Ғани қыршын кеткен,
Жүрегін жұмыр жердің дүрсілдеткен.
Қазақы қараша үйден көтеріліп
Жарқырап жұлдыз болып тұрсын көктен.

Еңбек жолы мен таныстыру.(мұғалім)

1921 жылы В.И. Лениннің РКСМ-нің ІІІ съезінде сөйлеген «Коммунистік жастардың мақсаттары» атты сөзін қазақшаға аударды.
1921 жылдың наурыз айынан бастап, оқуынан қол үзбей жүріп, Түркістан Комсомолы Орталық Комитетінің қазақ-қырғыз жастары арасында жұмыс ұйымдастыратын Бюросының төрағасы болып сайланды.
1921 жылы 22 наурызыда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен  Ташкент қаласында Түркістан Республикасы  Комсомолының үні  – «жаса Алаш» газетінің тұңғыш нөмірі жарыққа шықты. Ғанидың газетке қойған ұраны: «Заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті – бірігіп ұйымдасуда. Ояныңдар, ұйымдастырыңдар, езілген Күншығыс жастары!»
1921 жылы тамыз айының соңы мен қыркүйек айының алғашқы күндерінде өткізілген Түркістан комсомолының ІІІ съезінде Ғани Мұратбаев Орталық Комитетке мүше және ұйымдастыру пленумында Түркістан Комсомолы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы болып сайланды.
1922 жылы Орта Азияда еңбекші жастар арасындағы қозғалыста дамытудағы зор еңбегі үшін Хорезм Республикасының «Қызыл Еңбек» орденімен марапатталды.
1922 жылы қыркүйекте Түркістан Республикасы Комсомолының ІҮ съезін өткізуге атсалысты.
1923 жылы Түркістан Комсомолы Орталық Комитетінің пленумында Ғани Мұратбаевтың «Көп ұлтты КСРО жағдайында комсомолдың алдында тұрған мақсат: жастар арасында интернационалдық тәрбиені іс жүзінде асыру, ұлтшылдық қалдықтарды жою, КСРО-ның еңбекші жастарын тәрбиелеу жөніндегі» Тезисі жарияланды.
1923 жылы  Ғани сырқатына байланысты жолдамамен Сухумиде емделді.                                  1 – жүргізуші: Жарқынбек Шынтаев «Ұлы тұлға»     (Оқушылар орындайды.)                         1-оқушы:
Ғани ағам қазақтың қайраткері,
Қайраткері тумысынан қайратты еді.
Халқына патриоттық сезім берген,                                                                                 Арыстандай айбынды айбатты еді.
2-оқушы:
Жүз он бір жыл туғаныңа міне бүгін,
Болмайды ешқашанда көңілде мұң.
Ұмытпаймыз біз сізді әрқашанда,
Ұрпақпен жалғасады өмірлерің.
3-оқушы:
Халықтың күн туғанда бастарына,
Сөзімнің құлақ қойып астарына.
Ғани ағам жетекші боп шыққан жоқпа,
Қазақстан, Орта Азия жастарына.
4-оқушы:
Өмірден қыршын кеткен қыраным,
Сенбейді мәңгі, өлмейді мәңгі ұраның.
Амалым бар ма ісіңе бірақ Алланың,
Өзіңе арнап бағышталды Құраным.
5-оқушы:
Орындалды арман еткен тілегі,
Жалын атқан Қазалының түлегі.
Жүз онда да тоқтамастан соғып тұр.
Жиырма үштегі жас Ғанидың жүрегі.
6-оқушы:
Ғани ағам қазаққа ұлы тұлға,
Айтқам жоқ жүректерді жылытуға.
Осындай ойлы туған кемеңгерді
Айтыңдаршы, бола ма ұмытуға!

1 –жүргізуші:
Ақ алмастай жарқылдаған жас жаның,
Ұлы жолға бастап Шығыс жастарын.
Жаңа өмірге жаңа қадам бастың сен,
Жарқыратып қараңғылық аспанын.
2 –жүргізуші:
Езіп-жаншып ескіліктің елесін,
Алға тартың келешектің кемесін.
Бізбен бірге жетекші боп жастарға,
Ортамызда өмір сүріп келесің.

Көрініс: «Қамқор аға» Балтабай Тәжімбетов

1924 жылы РКЖО –ның ҮІ съезіне делелат болып қатысты.
1924 жылы шілдеде  жер жүзілік Коммунистік Жастар Интернационалы ІҮ конгресінде Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланды.
1924 жылы қазан айында Қазалының қызы Бақытжан Танауоваға үйленді.
1924 жылдың қыркүйек айынан өмірінің соңына дейін Коммунистік жастар Интернационалының Шығыс Жастары бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1925 жылы 15 сәуірде Ғани Мұратбаев Мәскеудегі «Биік тау» санаторийінде ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды.
1925 жылы 16 сәуірде Ғанидың денесі салынған табыт қоштасу үшін Мәскеу қаласындағы Шығыс Еңбекшілері Коммунистік Университетінің залына қойылды.
1925 жылы 18 сәуірде 15 мың Мәскеулік Ғаниды ақтық сапарға шығарып салды. .
1 – жүргізуші: Міне, Ғани ағамыз 23-ақ жыл өмір сүрсе де осындай жастарға үлгі болатындай  жұмыс жасап кетті.
Қазіргі таңда Ғани ағамыздың атында көптеген мекемелер бар.
Атап айтар болсақ, Қызылорда қаласындағы орталық стадион, Қазалы ауданында өзінің атымен аталатын ауыл, және Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың атымен аталатын №17 мектеп және  Ғани Мұратбаевтың мұражайы.
2-жүргізуші:  1968 жылы 7 қарашада Қазалы аудандық Кеңес атқару комитетінің шешімімен кітапханадағы мүйіс негізінде Ғани Мұратбавтың өмірі мен қызметне арналған революциялық мемориалдық музейі ашылған болатын.
1 – жүргізуші:  «Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жұйелеп, құнды дүниелерімізді зерттеп, зерделеп, жинақтап сақтайтын да, оны халыққа жеткізіп, келер ұрпаққа аманаттайтын да музей» деп Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі айтқан болатын.
2-жүргізуші:  1968 жылы музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, 3 зал болса, бүгінде музей қоры 5631 жәдігерге жетті. Музейде қазіргі таңда сегіз экспозициялық, бір көрме залы бар. Ғанидың балалық шағынан бастап, ақтық сапарға аттанғанға дейінгі өмір жолы осы залдарға кезең-кезеңімен орналастырылған.
1 – жүргізуші:  Міне сол жылдан бері музей өз жұмысын жылдан жылға жаңғыртып, атқарып келуде.  Қазалыға жолы түскен адамның Ғани музейіне соқпайтыны кемде-кем. Музей ұжымы 40 жылдан бері Ғанидың қоғамдық – саяси қызметін үзбей насихаттап келеді. Ғанидан үлгі алған біздің ұрпақтың өз Отанының нағыз патриоты болып өсетініне сөз жоқ.
2-жүргізуші:  Ғани музейі – жастардың, батырлықтың бас қосқан  ұясы сияқты.  Ғани  жастардың бетке ұстар беделді  тұлғасы болса, музейдегі ел қорғаған ерлер мен би-шешендер ұрпаққа ұлылықты ұқтырғандай
1 – жүргізуші:
Ғани деп басталады әңгімеміз,
Ғани деп отырамыз мәңгігі біз.
Ғани деп күйін тартсақ Құрманғазы,
Ғани деп шырқатамыз әнді де біз.

2 – жүргізуші:
Ендеше, 6 сынып оқушыларының Ғани ағаға арнап жазған жыр – шумақтарын қабыл алыңыздар!      «Ғани аға»        «Шығысымның шамшырағы»                                                        1 – жүргізуші:
Ғани ағамен сырласу  «Көркем сөз» Оқитын: Диана

Жиырма бес жасап та үлгермедің,
Арзан қызық қуумен сенделмедің.
Білім қудың, жастардың аштың көзін,
«Жастар – ұлы болашақ – сендер» – дедің.

Ғани аға, маржан сөз жаза білдің,
Топырағынан нәр алып Қазалымның.
Өзі Ғани, игі ісі ғанибет жан,
Маңдайына сыймады –ау, қазағымның.

Сені үлгі етіп барлық жас жалындасын,
Ой-санасы уланып, тарылмасын.
Мен тудым, Сіз туған ұлы жерден,
Болам енді ізбасар қарындасың.

 

Тұлғасын ел сйылаған анық дарын,
Көгінде Азияның шарықтадың.
Өзіңе ұқсап, сүйемін мен де ұлтымды,
Мақсатым – ойлап өту халық қамын.

Композиция:  Бір топ қыздар
(Қыздар шырақты Ғанидың суретінің алдына апарып қояды, 2 ұл гүлді апарады)
1 –оқушы:
Сен бүгін арамыздан кеттің алыс,
Артыңда қалды сенен басталған іс.
Бар істі сенен қалған апарамыз,
Болаттай күресшіл жас, ұйықта тыныш.
2 – оқушы:
Қош, Ғани мәңгі үйіңде деміңді ал,
Ісіңді орындайтын біз жастар бар.
Орныңды неше мыңмен толтырамыз,
Серт бердік, қабіріңде, сертімізді ал

1 – жүргізуші: Иә, замандастарынан  озық туған Ғани Мұратбаев өзінің қарапайым тұлғасымен, іскерлігімен соңына сөнбейтін өшпес із қалдырды. Бүгін біз Ғани ағамыздың әр жас жеткіншек,  әрі болашақ ұрпақ үлгі  аларлық мынадай қасиеттерді ұғындық:
(Оқушылар айтады)
1.Білімге, білуге құштарлық
2.Адамдармен ортақ тіл табысу
3.Шешендік
4.Ұйымдастырушылық
6.Табандылық
7.Әділдік
8.Адалдық
9.Шыншылдық
10.Әлсіздерге қамқорлық
11.Ішкі сырды құпия сақтау
12.Мойынына алған жұмысты аяғына жеткізу
13.Жалған уәде бермеу
14.Болашақты болжау
1 – жүргізуші:
Биік ұстап жас алаштың тұлғасын,
Әр кеуде де мәңгі жас боп тұрасың.
Құтты болсын бір ғасырлық тойыңыз.
Әр жүректе мәңгілікке соғасың.
2 – жүргізуші:
Нар тұлғалы  – өшпес мәңгі үнің бар,
Мұра болып бізге қалған жырың бар.
Биік шыңға талаптанған жастардың,
Жүрегінде жатталатын сырың бар.

Бәрі бірге:
Тарих бетін толғай ашып бүгін біз,
Шумақтарын сертке айтамыз жырының
— Ей, Жас Ұрпақ! Жарқын іспен жалғастыр,
Жасын – жігер, Ғанидың жас ғұмырын!
1 – жүргізуші:
Осымен 6 сынып оқушыларының ұйымдастыруымен өткен «Мен Ғанимын мәңгілік тірі жүрген!» атты тәрбие сағаты аяқталды. Тамашалағандарыңызға көп – көп рахмет!