Солтүстік Американың табиғат зоналары

Сыныбы: 7

Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы

Тақырыбы: Табиғат зоналары

Сабақтың мақсаттары:

  1. Білімділік:             Оқушыларды Солтүстік Американың табиғат зоналарымен таныстыра  отырып, олардың маңызы мен  ерекшеліктеріне тоқталу.

            2.Дамытушылық:      Оқушылардың ойлау қабілеті мен икемдігін дамыту, пәнге деген қызығушылығын арттыру, алған білімдерін күнделікті пайдалана білуге үйрету.

  1. Тәрбиелік: Оқушыларды ұқыптылыққа, ұжымдылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндірмелі

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы:  Солтүстік Американың табиғат картасы, атлас карта, оқулық, суреттер, қосымша материалдар.

Сабақтың барысы:   Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен  амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Жаңа сабақты түсіндіру:      

Солтүстік Америка табиғат зоналарының орналасуының өзіндік ерекшелігі бар. Солтүстігінде табиғат зоналары дәл Еуразиядағы сияқты тәртіппен батыстан шығысқа қарай тұтас белдеулер құрап, ендік бағытта таралады. Ал материктің орталығы мен оңтүстігінде табиғат зоналарының орналасуы меридиан бағытында жүреді. Бұл ең алдымен жер бедері мен климаттық жағдайларға байланысты. Сондықтан өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің түр құрамы солтүстігінде Еуразияға көбірек ұқсайды. Бұл материктердің көршілес орналасуы мен геологиялық даму тарихының ортақтығына байланысты.

Арктикалық шөл зонасы материктің солтүстігіндегі Гренландия аралы мен Канаданың Арктикалық архипелагын алып жатыр. Қысқа, әрі суық жаз мезгілінде мұз бен қардан бос батпақты, тасты жерлерде сирек мүк пен қына өседі. Бұл зонада мұз дәірінен бері сақталып қалған қойөгіз тіршілік етеді. Оның қалың, әрі ұзын қара-қоңыр жүні суықтан жақсы қорғайды. Қой-өгіз ерекше қорғауға алынып, Дүниежүзілік Қызыл Кітапқа енгізілген.

Тундра зонасы материктің солтүстік жағалық бөлігі мен Гудзон шығанағының оңтүстігін, Лабрадор түбегін қамтиды. Табиғат жағдайлары Еуразиядағы тундра зонасымен ұқсас. Солтүстік Американың тундра зонасына солтүстік бұғыларының айрықша түрі – карибу тән. Тундра зонасы батысында Кордильераға қарай таулы тундраға, ал оңтүстігінде ағаштар араласып, орманды тундраға, одан біртіндеп тайгаға ұласады.

Тайга зонасы Кордильераның шығыс беткейінен басталып, Атлант мұхитына дейінгі кең алапты алып жатыр. Топырағы күлгін. Қылқан жапырақты ағаштардан қара және ақ шырша, көгілдір шырша, бальзамды май қарағай, америка бал қарағайы және қарағайлардың бірнеше түрі кездеседі. Жануарлардан қара аю – барибал, гризли аюы, канада сілеусін, америка қара күзені, бұлан, вапити бұғысы мекендейді, қорықтарда орман бизоны сақталған.

Негізінен биік ағаштардан тұратын мұндай ну орман Жер шарының басқа ешбір жерінде кездеспейді. 1500 м биіктікте ормандар сиреп, таулы тундраға ауысады. Қылқан жапырақты ормандар 40ºс.е.-тен оңтүстікке қарай таулы субтропиктік ормандарға ұласады. Мұнда жасы төрт мыңға деін жеткен мәңгі жасыл секвоя, мамонт ағашы деп аталатын алып секвоя және қантты қарағай, мәңгі жасыл емендер өседі.

Аралас және жалпақ жапырақты, ауыспалы ылғалды ормандар материктің климаты анағұрлым ылғалды, жұмсақ болып келетін шығыс бөлігін бойлай, оңтүстікте Мексика шығанағы жағалауына дейін таралған. Аралас ормандарға орманның сұр топырағы, жалпақ жапырақты ормандарға орманның қоңыр топырағы, ал ауыспалы ылғалды ормандарға сары және қызыл топырақтар тән болады. Аралас ормандарға сары қайың, қант үйеңкісі, шамшат, жөке, ақ және қызыл қарағай басым өседі.

Жалпақ жапырақты ормандарда емендердің ондаған түрі, каштан, платан, қызғалдақ ағашы, орман жаңғағы, жапырағын түсіретін магнолия, жабайы жеміс ағаштары өседі. Бұл ормандар Аппалач тауының биік бөліктерінде ғана сақталып қалған. Ауыспалы ылғалды ормандар субтропиктік белдеуде таралған. Мұнда қарағайдың субтропиктік түрлері мәңгі жасыл және жапырағын түсіретін ағаштар: шамшат, емен, магнолия, орман жаңғағы мен аралас өседі. Құрғақ жерлерде қарағай мен ергежейлі сабаль пальмасы, өзен бойларындағы батпақтарда осы жерге ғана тән батпақ кипарисі таралған. Флорида түбегінің оңтүстігінде арнайы қорғауға алынған Эверглейдс батпағы орналасқан.

Шығыстағы ормандардан Кордильераға жүрген сайын ылғалдың біртіндеп кеми беру салдарынан меридиан бағытында орналасқан орманды дала, дала зоналарын қалыптастырады. Солтүстік Америкадағы биік шөптерден тұратын далаларды прерий деп атайды. «Прерий» француз тілінен аударғанда «шалғын» деген сөз. Прерийде жылу мен ылғал жеткілікті болғандықтан қара және қара қоңыр топырақтарда биіктігі 1,5 метрге жететін селеу, боз шалғын, бидайық, бизон шөбі және т.б. астық тұқымдасты өсімдіктер қалың болып өседі.

Кордильераның ішкі аудандарындағы қара жусан мен алабота басым өсетін шөлейттер Мексика таулы қыратында субтропиктік шөлдерге ауысады. Субтропиктік шөлдерде құрғақшылыққа бейімделген ағаш тәрізді катус, алоэ, сүттіген, опунция, юкка сияқты ылғалды бойына жинайтын өсімдіктер – суккуленттер (латынша «шырынды») көп таралған.

Орталық Америка мен Кариб теңізі аралдарында қызыл топырақта саванна және ылғалды мәңгі жасыл ормандар таралған. Бұл аймақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің түр құрамы жөнінен Оңтүстік Америкаға ұқсас. Ормандар негізінен пальмалардан тұрады, орхидеялар, ағаш тәрізді папортниктер кең таралған. Жануарлар дүниесі кең танаулы маймылдар, ягуар, сауыттылырдан, әр түрлі әдемі құстардан, қан сорғыш жарқанаттардан, скунс, қалталы егеуқұйрық – опоссумдардан, баурымен жорғалаушылардан тұрады.

Адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде табиғат жағдайлары күшті өзгеріске ұшыраған. Мұнда табиғи өсімдіктер орнын әр түрлі тропиктік дақылдар: қант құрағы, цитрустар, банан және мақта, күріш, темекі плантациялары алып жатыр.

Жаңа сабақты бекіту:

  1. Материкте қандай табиғат зоналары бар, олар қалай орналасқан?
  2. Ендік бағытта орналасқан зоналарды атаңдар.
  3. Прерий дегеніміз не, оның Еуразияның дала зонасынан қандай айырмашылығы бар?

 

Қорытынды: Қорытындылай келе, қазіргі кезде адамдардың қарқынды шаруашылық әрекеті табиғи апаттың жиілігін күшейтетіні белгілі болып отыр. Сондықтан Солтүстік Америка елдерінде табиғатты қорғау бағытында ортақ заңдар қабылданып, елдер арасында өзара келісімдер жасалған. Ұлттық парктер мен қорықтар санының көбеюі осыны дәлелдейді.

 

Үйге тапсырма: §33-оқу, мазмұндау. Кескін картаға табиғат зонасын салып келу.