Еліктеу сөздер. Абайдың табиғат лирикасы

109

Сабақтың тақырыбы: Еліктеу сөздер. Абайдың табиғат лирикасы

Сабақтың құзыреттілікке жеткізетін мақсат-міндеттері:

А) ақпараттық құзыреттілік: Ақпарат көздері арқылы еліктеу сөздердің лексико-грамматикалық сипаты туралы базалық білімдеріне сүйене отырып білімдерін толықтыру.

Ә) коммуникативтік құзыреттілік: Еліктеу сөздердің қолданысын ауызша, жазбаша тілде Абай өлеңдерін оқи отырып, мәнерлі сөйлеуде қолдануын  қалыптастыру.

Б) проблеманы шешу құзыреттілігі: Тақырып бойынша берілген жаттығу, тапсырмаларды өз бетімен, топ ішінде орындай  білуге дағдыландыру.

Сабақтың типі: Жаңа материалды хабарлау

Сабақтың түрі: Сайыс сабақ

Сабақтың әдісі: Сөздік,  көрнекілік, практикалық, ақпарат жинақтау, морфологиялық талдау, көркемдеу оқу

Сабақта қолданылатын педагогикалық технологиялар: Білім беруді ізгілендіру.

Пәнаралық байланыс: Қазақ әдебиеті, орыс тілі, орыс әдебиеті, сурет

Қолданылатын көрнекіліктер: Оқулық, дидактикалық материалдар, мультимедия, слайд, перфокарта

 

Сабақтың жүру барысы:

І. Ұйымдастыру бөлімі.

ІІ. Үй жұмысын сұрақтар арқылы тексеру.

ІІІ.Өткен материалды қайталау арқылы жаңа материалды қабылдауға дайындық.

1.Қазақ тілінде неше сөз табы бар?

2.Сөз таптарын қоршаған ортамен байланыстырып, мысалдар келтіру.

3.Ой қозғау: Еліктеу сөз туралы не білеміз?

— Өмір — күрделі құбылыс. Оның күрделілігі сол — таңымыз атқаннан күніміз батқанға дейін қаншама іс — әрекеттердің куәсі боламыз, өзіміз сол іс — әрекеттердің орындаушымыз.

(Оқушылардың назарын аудара отырып,»Дыбыстық еліктеуіш» сөздерді ұқтыру үшін түрлі дыбыстар тыңдалады)

IҮ. Жаңа материалды түсіндіру.

Дәріс жоспары:

1.Еліктеу сөздер және оның түрлері.

— Еліктеу сөздер — табиғат құбылыстары мен жан-жануарларда болатын әр алуан дыбыстарға және олардың сын-сипат, қимыл-әрекеттеріне еліктеуден туған сөздер. Қазақ тілінде еліктеу сөздердің екі түрі бар: еліктеуіш сөздер және бейнелеуіш сөздер

Еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу-соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ, жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есту қабілеті арқылы қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз.

Мысалы: Арс, гүрс, дүрс, мырс, тарс, тырс т. б.  Балалар үйге апыр-топыр жүгіріп кірді.

Еліктеуіш сөздердің қай түріне болмасын түбірге бірден сөз түрлендіретін қосымшаларды (көптік, септік, тәуелдік, жіктік) жалғауға болмайды. Бұларға ең алдымен сөз тудыратын жұрнақтарды жалғап барып, содан кейін басқа қосымшалармен түрленеді. Еліктеуіш сөздер қосарланып та келеді.

Бейнелеуіш сөздер — табиғатта кездесетін белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді. Мысалы: Маң-маң,сылқ,жалт,морт,қисаң-қисаң,ербең-ербең т.б. Еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздер де қосарланып келе береді.

Еліктеу сөздер тұлғасына қарай негізгі және туынды болып бөлінеді:

1)Негізгі еліктеу сөздер — бөлшектеуге келмейтін түбір еліктеу сөз. Мысалы: морт,күрс,селк.

2)Туынды еліктеу сөздер -аң,-ең,-ың,-ің,-ң  сөз тудырушы жұрнақтары жалғануы арқылы жасалады.

Мысалы: ағар-аң, қызар-аң, иір-ең, елп-ең, қиса-ң, домала-ң, жайқа-ң, жылт-ың, ырж-ың кірж- ің

Еліктеу сөздер құрамына қарай дара және күрделі болып бөлінеді:

1) Дара еліктеу сөздер — бір ғана түбірден (негізгі,туынды) жасалған негізгі сөз. Мысалы:тарс,күмп,жымың, тұрс, күрс, жылт, жалт т.б.

2) Күрделі еліктеу сөздер — екі сөздің қосрлануынан және қайталануынан жасалған немесе көмекші етістікпен (ет-) тіркесіп жасалған сөз. Мысалы: тарс-тұрс,қисаң-қисаң т.б Мырс етіп күлді.

  1. Еліктеу сөздердің жасалу жолдары.

Еліктеу сөздерден жұрнақ арқылы басқа сөз таптары да жасалады:

1.Туынды зат есім жасайтын жұрнақтар –ыл, -іл, -л, -ғыр, -гір (ырыл, сырыл, гүріл),

2.Туынды етістік жасайтын жұрнақтар –ыра, -іре, -да, -де (желбіре, салбыра, күркіре, бұраңда),

3.Туынды сын есім жасайтын жұрнақтар –ыр, -ақ, -ек, -іш, -ық (жылтыр).

Еліктеу сөздердің сөйлемдегі негізгі қызметі – пысықтауыш. Мысалы: Қатты желден ағаш бұтақтары шарт-шұрт сынды.

Еліктеу сөздер анықтауыш қызметін де атқарады. Мысалы: Әкесінің қасына ере келген жалба-жұлба қара баланы көріп, үйдегілер таңырқай қарады.

Еліктеу сөздер көмекші етістіктермен тіркесіп келіп, баяндауыш қызметін атқарады. Мысалы: Сейіт күтпеген сөзге селт етті.

3.Абайдың табиғат лирикасы.

Лирика дегеніміз-ақынның ішкі жан дүниесінің сезім күшімен  тебірене толқуы, өз басының көңіл-күйі,күйініш-сүйініші тән.  Лириканың  4 түрі  бар: философиялық, саяси, махаббат, табиғат

Қазақтың жазба әдебиетінде Ы.Алтынсарин табиғат лирикасын бастады, ал Абай оны тереңдете дамытты. Абай табиғатқа жан бітіре, көркем де әсерлі бейнелеудің теңдесі жоқ шебері және Абайға дейін қазақта табиғаттың белгілі бір сәтін, көрінісін немесе жылдың әр мезгілін арнайы жеке өлең етіп жазу дәстүрі болмаған.Оның жылдың төрт мезгілі жайлы өлеңдері 1886-1890 жылдар аралығында, ақынның әлем поэзиясын тереңлеп оқып, үлгі тұтқан кезінде жазылған.Абайдың бұл тақырыптағы тұңғыш өлеңі- «Жаз» (1886ж.), «Қыс» (1888ж.), «Күз», «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» (1889ж.), «Жазғытұры» (1890ж.). Бұл лирикаларында қазақ даласының жазғы табиғатының көркем көрінісі мен неше алуан қызықты құбылысын, мал баққан қазақтың қысқы тіршілігін, күздегі жүдеу көрінісін, қыстан қысылып шыққан ел қуанышын, жанға жайлы, еңбекке қолайлы сипатын көрсетеді. Сонымен бірге, Абайға дейін әдебиетте қысты жанды адам(шал) бейнесінде суреттеу әдеті болмаған.Бұл Абай жаңалығы.

  1. Жаңа білімді оқытушының көмегімен бекіту.

1.Ой-толғаныс кезеңі.

Әр топ берілген өлеңдерді мәнерлеп оқып,мазмұнына тоқталып:

1)“Жаз”, “Жазғытұры” өлеңдерінен көңілді көтеретін,қуанышты өмір күйін,адамдардың қимыл-қозғалысын білдіретін сөздерді табу;

2)”Күз”өлеңінен адамдардың көңілсіз, жүдеу, жабырқау күйлерін суреттейтін,суықтықтың түсіп келе жатқанын білдіретін сөздерді табу;

3)“Қыс” өлеңінен адам кейпін,қорқыныш бейнесін суреттейтін сөздерді табу;

  1. «Мағынаны ашу» кезеңі: (Сөздікпен жұмыс)

Өлеңдерден еліктеу сөздерді тауып, орыс тіліндегі аудармамен  салыстырып, түріне, мағынасына, құрамына қарай ажырату.

3.Грамматикалық тапсырмалар:

1) Өлеңдерден алынған еліктеу сөздерге дыбыстық талдау жасау: аңқылдап, сықырлап, жабырқаңқы, тарсылдап

2) Өлең шумақтарынан алынған еліктеу сөздерді сөз құрамына талдау және сөйлем ойлау: жарқылдамай, шұрқырап, сылқылдап, күркіреп,

3) Өлшемдік тест немесе «Әріптің сандық мәні»

4) Перфокартамен жұмыс.

5) «Ой шақыру» стратегиясы.

Берілген суреттер бойынша әңгіме құрастыру.

 

 

VІ.Тақырыпты оқушының көмегімен бекіту.

І. Сергіту сәті.

1) «Галереяны шарлау» стратегиясы.

Әр топқа жыл мезгілдері туралы сурет салғызып, сурет атауларын  орыс, ағылшын тілдеріне аударту.

2)Берілген суреттердегі құстар мен аңдардың, жан-жануарлардың дыбыстарына еліктеуден туған сөздерді жазу.

3)Берілген күлкі түрлерін қимылмен көрсету: жымыңдау,сылқ-сылқ, сақ-сақ, қарқ-қарқ, ыржың-

ыржың, жымиып күлу, шиқ-шиқ күлу, ыржақтау.

 

4) «Ойлы болсаң, озып көр»: жұмбақтардағы еліктеу сөздерді атап, жауабын табу, аударма жасау.

1)Қалқиған ұзын құлағы,

Елеңдеп қорқып тұрады. (қоян)

2)Тарпаң-тарпаң тарбиған,

Түрі жаман жарбиған.(тасбақа)

3) Көк көйлекті жеңешем,

Көлбең-көлбең етеді.

Желмен ұшып кетеді,

Жер түбіне жетеді. (түтін)

4) Жылт-жылт еткен,

Жырадан өткен. (су)

5)Аяғы біреу,қолы жоқ,

Шиыр-шиыр жолы көп. (қаламсап)

ІІ. Блиц-турнир сұрақтары:

1.Еліктеуіш сөз бен бейнелеуіш сөздің айырмашылығы неде?

  1. Еліктеу сөздердің сөйлемдегі қызметі?
  2. Еліктеу сөздерге мысалдар келтіріңіз.
  3. Абайдың табиғат лирикасында қандай теңеулер бар?

VІІ. Қорытындылау. Бағалау.

Оқушының сабақтан алған әсері.

VІІІ. Үйге тапсырма.

1.Еліктеу сөздерді қатыстырып,  «Мен жақсы көретін жыл мезгілі» ойтолғау жазу.

  1. Абайдың табиғат лирикасына арналған бір өлеңін жаттау