Кім болғым келеді? Дауыссыз дыбыстар (ашық сабақ)

68

Сабақтың тақырыбы:  Л.т.: Кім болғым келеді? Дауыссыз дыбыстар (ашық сабақ)

Сабақтың мақсаты.

Білімділік – оқушыларға мамандықтар туралы түсінік бере отырып, оларға мамандықты дұрыс таңдай білуге үйрету, білімдерін тереңдету; дауыссыз дыбыстардың түрлерін ажырата білуге үйрету.

Дамытушылық – оқушының ойлау қабілетін, ой-өрісін кеңейту; сөздік қорын молайту; өзіндік пікір қалыптастыруға дағдыландыру.

Тәрбиелік – білімге қызығушылығын арттыру, әр мамандық иесін қадірлей білуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас сабақ.

Сабақтың әдісі: түсіндіру, талдау, сұрақ-жауап, жаттығу жұмыстары.

Көрнекілігі: интерактивті  тақта, слайдтар, кубик, суреттер, плакат.

Сабақтың барысы.

І. Ұйымдастыру кезеңі.

а)амандасу;

ә) оқушыларды түгелдеу;

б) оқу құралдарын тексеріп, оқушының зейінін сабаққа аудару.

Психологиялық дайындық ( 2-ші слайд ашылады).

Мейірімді жүрекпен,

Ақпейілді тілекпен,

Амандасып алайық,

Бір жадырап қалайық!

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.

3-тапсырма (85-бет). Өлеңді оқу, жаттау.

Мен дәрігер боламын,

Үлкеннің де, баланың

Қиналғанда қасына

Бірінші боп барамын.

( Т.Молдағалиев)

5-тапсырма (85-бет). Сөйлем құрап жаз.

Үлгі: сатушы дүкенде жұмыс істейді.

ІІІ. Өткен сабақты бекіту.

Интерактивті  тақтадан 3-ші слайд ашылады.

«Кубизм» стратегиясы бойынша өткен сабақтың жаңа сөздерін еске түсіру:

  • Молодой, пожилой, дружный – жас, кәрі, тату;
  • Видел, позвал, приду – көрді, шақырды, келемін;
  • Поёт, танцует, шьёт – ән айтады, билейді, тігеді;
  • Жители, профессия, нужно – тұрғындар, мамандық, керек;
  • Зубной врач, пекарь – тіс дәрігері, наубайшы;
  • Жарит, пекут, ценить – қуырады, пісіреді, қадірлеу.

 

ІV. Жаңа сабақ.

Интерактивті тақтадан 4-5-6 слайдтар көрсетіледі.

Жаңа тақырыпты түсіндірместен бұрын, төмендегі сұрақтар қойылады:

  • Осы уақытқа дейін қандай мамандықтармен таныс болдыңдар?
  • Олардың негізгі жұмысы қандай?

-Жарайсыңдар ,балалар! Мамандықтардың біраз түрін танып, білген екенсіңдер! Ендеше бүгін біз қосымша тағы да жаңа мамандықтармен таныс болайық!

Ұшқыш – лётчик

Ғарышкер – космонавт

Ғалым – учёный

7-слайдтан «Артық болмас білгенің…» айдары көрсетіледі.

  1. Жаңа сабақты игерту тапсырмалары.

8-слайд көрсетіледі.

  • 1 – тапсырма. Мәтінді оқы, аудар.

Ең алдымен өзім мәнерлеп оқимын. Содан соң кезекпе – кезек оқушылар оқып, аударады.

Мамандық

Мамандық өте көп. Мен мектепте жақсы оқимын. Математика сабағын өте жақсы көремін. Компьютерде есептер шығарамын. Мұғалім маған көп есеп береді. Менің ғалым болғым келеді.

 

  • Жұптық жұмыс.

Әр партаға 2 оқушыдан әр түрлі мамандық иелерінің суреттері бар парақ таратылады. 1-ші оқушы «Бұл кім?», 2-ші оқушы «Ол не істейді?» деген сұраққа жауап беруі керек (9-слайд ).

Құрылысшы. Құрылысшы  үй салады.

Аспазшы. Аспазшы тамақ пісіреді.

Шаштараз. Шаштараз шаш қияды.

Етікші. Етікші етік тігеді.

Кітапханашы. Кітапханашы кітап береді.

Тігінші. Тігінші киім тігеді.

Дәрігер. Дәрігер  сырқаттанған адамдарды емдейді.

 

  • Дәптермен жұмыс.

10- слайд көрсетіледі.

  • 3-тапсырма. Сөйлемдерді толықтырып жаз.

Менің шеше..М..  – дәрігер.

Сенің шеше..Ң..   – сатушы.

Менің әке..М..  – құрылысшы.

Сенің әке..Ң..  — ұшқыш.

Менің аға..М..  – студент.

Сенің аға..Ң..  – оқушы.

 

 

  1. Сергіту сәті.

11- слайд көрсетіледі.

Ал, балалар, тұрайық

Алақанды ұрайық

Оңға қарай иіліп,

Солға қарай иіліп,

Бір отырып, бір тұрып

Бір  тынығып алайық!

 

  • Тақтамен жұмыс (дауыссыз дыбыстарға арналған тапсырма).

Тақтаға 2 оқушы етікші және балықшы деген сөздеріне фонетикалық талдау жасайды.

Етікші – 3 буын; 1,3 – ашық буын; 2 – бітеу буын.

Е – дауысты, жіңішке,езулік, ашық.

Т – дауыссыз, қатаң.

І – дауысты, жіңішке, езулік, қысаң.

К – дауыссыз, қатаң.

Ш – дауыссыз, қатаң.

І – дауысты, жіңішке, езулік, қысаң.

Сөзде 6 әріп, 6 дыбыс бар.

 

Балықшы – 3 буын; 1,3 – ашық буын; 2 – бітеу буын.

Б  – дауыссыз, ұяң.

А – дауысты, жуан, езулік, ашық.

Л – дауыссыз, үнді.

Ы – дауысты, жуан, езулік, қысаң.

Қ – дауыссыз, қатаң.

Ш – дауыссыз, қатаң.

Ы – дауысты, жуан, езулік, қысаң.

Сөзде 7 әріп, 7 дыбыс бар.

VIІ.  Сабақты қорытындылау.

Сабақты қорытындылау мақсатында төмендегі сөзжұмбақ беріледі. Сұрақтың жауабы әріптерді дұрыс қосу арқылы табады.

  • Дәмді тамақтар пісіретін адамды қалай атаймыз? (аспаз)
  • Азық-түлік дүкенінде сататын адамды қалай атаймыз? (сатушы)
  • Тоқтар Әубәкіров кім? (ұшқыш)
  • Ғылыммен айналысатын адамды қалай атаймыз? (ғалым)
  • Роза Рымбаева кім? (әнші)

 

А С С А Т
Ұ П А З У
Ш А Л Ә Ш
Қ Ғ Ы Н Ы
Ы Ш М Ш І

 

VIII. Үйге тапсырма.

12-слайд көрсетіледі.

  • Сөздік жаттау;
  • «Кім болғым келеді?» тақырыбында шағын шығарма жазу.

ІX.  Бағалау.

Оқушыларды деңгейлеріне қарай бағалау.