Қос нүкте белгісі, оның қойылатын орындары

33

Сабақтың тақырыбы: Қос нүкте  белгісі, оның  қойылатын   орындары

Сабақтың мақсаты: 

Білімділік: Қос нүктенің қандай орындарда, не үшін қойылатыны, оны сауатты қою үшін қандай тілдік бірліктерді білу қажеттілігін, басқа тыныс белгілерінен айырмашылығын меңгерту.

Дамытушылық: Оқушылардың  қосымша әдебиеттермен жұмыс жасай білу дағдыларын қалыптастыру.

  Тәрбиелік: Оқушыларды достықты қадірлей білуге тәрбиелеу,  адал дос таба білуге баулу.

 

Сабақтың түрі: аралас сабақ.

Сабақтың әдіс-тәсілдері: түсіндіру, сұрақ-жауап, тәжірибе жұмыстары,

топтық жұмыс.

Сабақтың көрнекілігі: тірек-сызба, кітаптар, суреттер, слайд

 

Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру.

  1. Үй тапсырмасын тексеру
  2. Жаңа сабақ.

Сабақтың мақсатын айту

  • Балалар, бүгінгі біздің ашық сабағымыздың тақырыбы «Қос нүкте белгісі, оның қойылатын орындары». Сөйлем ішіне қойылатын тыныс белгілерімен танысуды жалғастыра отырып, сабағымыздың нәтижелі болуы үшін мына мақсатты көздейміз: қос нүктенің қойылатын орындарын айқындап, жаттығу орындау барысында тақырыпты қай дәрежеде меңгергенімізді көрсету.

 

Тірек-сызба арқылы жаңа сабақ түсіндіріледі.

Жаттығу жұмысы.

184-жаттығу.

Оқулықта берілген тапсырма: Даналар сөзіндегі қос нүктенің мәнін ашыңдар. Қарамен берілген сөйлемдерді сөйлем мүшесіне талдаңдар.

 

Шығармашылық тапсырма

а) Оқушыларды екі топқа бөле отырып, әрбір топқа даналардың бір сөзін ұсыну арқылы пікіралысу.

 

І –топ ІІ топ
Бауырласың болмаса, жолдас ізде: жақсы жолдас – бауырлас. (Ж.Баласағұни) Өзіңе қарай дос ізде: тең-теңімен жарасады.

(Ж.Баласағұни)

 

ә) Екі топ бір-бірімен достық жайлы мақал-мәтел айтып жарысады.

 

б) «Дос», «Достық»  тақырыптарында өлең құрастыру.

 

Мұғалім: «Ақылсыз достан, ақылды дұшпан артық» халық мақалы немесе «Дос досқа айна», «Досы жақсының өзі жақсы». Ал енді бір көрініске назар аударалық.

 

Көрініс:

Екі достың мектеп бітіргендеріне де бір жыл болыпты. Көптен кездескен жоқ еді. Екеуі кездескенін арақпен жуып, арты екеуінің төбелесіне айналды.

 

Мұғалім: Түркі ғалымы Махмуд Қашқари «Дос көзден кетсе де, көңілден кетпейді» дегендей, ескі екі дос кездесуін арақпен жууы дұрыс па? (Оқушылар өз пікірлерін ортаға салады).

 

Сабақты бекіту:

 

Шығармашылық тапсырма

Мақсаты: мақал-мәтелдерді пайдалана отырып, әр түрлі жабайы құстардың, жануарлардың суреттері арқылы, достық жайлы ертегі құрастыру. Бұлар ертегі кейіпкерлері болатынын ескертіліп, әр жануардың қасына төмендегі мақал-мәтелдер көрсетіледі, әрі ертегі жазуда қос нүктем тәрізді тыныс белгілерді сөйлем құрауда пайдалану.

 

Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.

 

Отансыз адам, ормансыз бұлбұл.

 

Қорқақ мың өледі, ер бір өледі.

 

Көп ақшаң болғанша, көп досың болсын

 

 

Алтын берген дос емес, ақыл берген дос

 

Бірлік түбі береке

 

 

Сабақты қорытындылау.

—  Міне, балалар, бүгін біз қос нүкте жайлы түсінігімізді кеңейттік, оның қойылатын орындарын анықтай отыра, даналарымыздың «достық» жайлы ұлы сөздерін кәдемізге жараттық. Әртүрлі тапсырмалар орындау барысында теориялық білімді практика жүзінде көрсете білдік.

Достық — адамдардың бір-бірін жаны қалап, шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес, мұраттас болуы. Достық туралы ұлы философтар мен ақын-жазушыларға  қоса, ұстаздар мен педогог-психолог ғалымдардың ой толғамағаны, оның мәнін, сырын білуге талпынбаған адам кемде-кем. Мұның өзі достықтың адам өмірінде алатын келелі орнына, зор маңызына байланысты екені даусыз.

Осымен сабағымызды да аяқтаймыз.

 

Үй тапсырмасы:

186-жаттығу. Мақал-мәтел, дәйексөздерді пайдалана отырып, «Жақсы дос – асыл қазына» тақырыбында шағын шығарма жазып, өздерің қолданған тыныс белгілерін қою себептеріңді түсіндіріңдер.

 

Бағалау