Морфология

Морфология

Сөз және оның формалары туралы ілім

Морфема

Сөздің лексикалық я грамматикалық мағыналарын білдіретін бөлшек.

Түбір морфема

а) сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең түпкі бөлігі

ә) сөздің өз алдына тұрып мағына  бере алатын, бөлшектенбейтін ең түпкі бөлшегі

б) мофемаларға мүшеленбейтін, нақтылы бір зат я құбылыс  жайындағы  немесе әрекет жайындағы ұғымды білдіретін белгілі бір  дыбыстық құрам

Қосымша морфема

Түбірге қосылып, оған қосымша мағына үстейтін морфема.

Жұрнақ

Жаңа мағына тудыратын, мағына түрлендіретін қосымша морфема.

Жұрнақтың түрлері

Сөз тудырушы, сөз түрлендіруші

Сөз тудырушы

а) жаңа лексикалық мағына жасайды

ә) жаңа мағыналы сөз жасайды

б) сөздің мағынасын өзгертеді

Сөз тудырушы (мысал)

Көзде, саңқыл, бұрғы, байлам, күлкі, сөйлем, талас, өріс

Сөз түрлендіруші

а) сөзге грамматикалық мән береді

ә) сөзге үстеме мағына қосады

б) лексикалық мағына тудырмайды

Сөз түрлендіруші (мысал)

Ағажан, кітапша, көрген, баратын, келсе, барғалы, әдемілеу, ботақан, ақшыл, көлшік.

Жалғау

Сөйлемдегі сөздер арасындағы әр түрлі қатынастарды білдіріп, сол қатынастардың түр-түрінің көрсеткіші  есебінде қызмет ететін қосымша.

Жалғаудың түрлері

Көптік, септік, тәуелдік, жіктік

Жалғаудың түрлері(мысал)

-лар, -лер, -дар, -дер, -тар, — тер

-ның, -нің, — дың, -дің, -тың, -тің

-ға, -ге, -қа, -ке, -ты , -ті, -ды, -ді, -ны, -ні

-да, -де, -та, -те , -нда, -нде, -мен, -бен, -пен

-менен, -бенен, -пенен

-мын,-мін,-бын,-бін,-пын,-пін,-пыз,-піз,-быз,-біз

-ым,-ім,-м,-ың,-ің,-ыңыз,-іңіз

 

Сөздердің түрлері

Атаушы

а) лексика-грамматикалық мағына береді

ә) сөйлемнің белгілі мүшесі болады

б) шындық болмыстағы әр қилы құбылысты, ұғымды білдіреді

Көмекші 

а) белгілі бір сөздің жетегінде жүреді

ә) мағыналық дербестігі жоқ немесе солғындаған

б) сөз бен сөзді,сөйлем мен сөйлемді байланыстырады

Одағай

а) ақиқат ұғымды білдірмейді

ә) басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді

б) әр түрлі көңіл-күймен байланысты айтылады

 

Туынды сөз

а)Түбір сөзге жұрнақ жалғау арқылы жасалған сөз

ә)Жұрнақтар арқылы негізгі түбірлерден өрбіген сөздер

Туынды сөз (мысал)

Ойна, тұзда, суырма, кеспе

 

Жалаң сөз

Құрамында бір ғана негізгі түбір бар сөздер

Жалаң сөз (мысал)

Ауыл, қала, оқушы, кітапхана

 

Күрделі сөз

а) құрамындағы ең кемі екі негізгі түбір бар сөз

ә)ритм, ырғақ жағынан бірұдай, лексика – семантикалық жағынан біртұтас, лексика – грамматикалық жағынан бір бүтін тұлға болып бірлескен тұрақталған құрама сөз

б) кірігіп, бірігіп, қосарланып, тіркесіп, қысқарып жасалған сөздер

Күрделі сөз (мысал)

Жиырма бес, әке-шеше,АҚШ, саңырауқұлақ

 

Кіріккен сөз

а) компоненттердің я біреуі, я екеуі де бірдей әуелгі өз мағыналарынан айрылып, тұтасымен тұрып басқа бір жалпы мағынаны білдіретін сөз

ә) компоненттері фонетикалық жағынан әр қилы өзгерістерге ұшырап, бір-бірімен белгілі дәрежеде әр үндесіп, әрі ықшамдалып құралған күрделі сөз

 

Кіріккен сөз (мысал)

Бүгін(бұл күн), биыл(бұл жыл), әкел(алып кел), әкет(алып кет)

 

Біріккен сөз

Компоненттері мағына жағынан да, форма жағынан да елеулі өзгерістерге ұшырамай – ақ, өзара бірігіп, жинақталған біртұтас лексика-семантикалық мағына білдіретін күрделі сөз.

Біріккен сөз (мысал)

Аққу, аққұтан, қаламсап, орынбасар, оттегі, Жұмабай.

 

Қос сөз

Компоненттері я бір сөздің өзінің ешқандай өзгеріссіз қайталануынан, я оның бір сыңарының не бір буынының, не бір дыбысының өзгеріліп жамалуынан құралады немесе морфологиялық жағынан біртектес я синоним, я антоним сөздерден салаласып құралады.

Қос сөз түрлері

Қайталама қос сөз

Белгілі бір сөздің я қосымшасыз, я қосымшалы түрінің екі рет қайталануы арқылы, я сол сөздің не бір дыбысының немесе бір буынының өзгеріп қайталануы арқылы жасалған сөз.

Қайталама қос сөз (мысал)

Қора-қора, мая-мая, үлкен-үлкен, ұсақ-ұсақ, бара-бара, үй-үйден, ат-мат, сарт-сұрт, қалт-құлт, ап-ашық.

Қосарлама қос сөз

Лексикалық мағынасы басқа – басқа екі түрлі сөзден құралады

Қосарлама қос сөз (мысал)

Ата-ана, үлкен-кіші, ертелі-кеш , жатса-тұрса, туған-өскен, алды-арты, іші-сырты.

 

Қысқарған сөз

Күрделі атаулардың ықшамдалып, қысқарған түрі

Қысқарған сөз (мысал)

ҚазМҰУ,АҚШ, кеңшар, пединститут, ауатком, кг, мм

 

Зат есім

Заттың атын, табиғаттағы әр алуан құбылыстарды, ұғымдар мен түсініктерді білдіретін сөз табы.

Зат есім (мысал)

Қымыз, түтін, шаш, жаңбыр, таусымақ, Мұқа, қалқатай, апажан, қызылша, төсек орын, жемістер.

Зат есімнің деректі түрі

Көзбен көріп, қолмен ұстап көруге болатын, нақтылы ұғым атаулары.

Деректі (мысал)

Дәптер,кітап, қалам, алма, Нұрахмет

 

Зат есімнің дерексіз түрі

Көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын ұғым атаулары

Дерексіз түрі (мысал)

Арман, қиял, сезім,сенім

 

Жалпы есім

Тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдер

Жалпы есім (мысал)

Ағаш, ат, ас, түсінік, сана, ер, ес, бас, дала, көмір

 

Жалқы есім

Жеке я дара заттарға берілген зат есім

Жалқы есім (мысал)

Сырдария, Іле, Меруерт, «Талапты» ауылы, Отырар ауданы, «Ұлағат» газеті

 

Есімнен болған туынды зат есім

Қойшы, әдебиетші, егіншілік, жаңалық, айлакер, арбакеш, тоқылдақ, Шымкент.

Етістіктен болған туынды зат есім

Кеспе, білім, шалғы, ұрыс, піспек, жазмыш, сүйемел, көрермен, көмір, қарауыл.

 

Ілік жалғаулы сөзі бар тіркес

Қаланың маңы, адамның жаны, ағаштың көлеңкесі, машинаның даусы, жұлдыздың жарығы.

Көмектес септігіндегі  сөзі бар тіркес

Менімен барды, көшемен жүрді, жігітпен таныстым, түнімен қыдырдық, қасықпен іштім.

 

Сын есім

Заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін және басқа сол сияқты  сыр – сипатын білдіретін лексика – грамматикалық сөз табы.

Сын есім (мысал)

Салқын, көк, суық, жарық, жүйрік, терең, қызыл, ауыр, салмақты, ақылды

 

Зат есімнен болған сын  есім

Епті, күлкішіл, білімпаз, рухани

Етістіктен болған сын есім

Жылжымалы, сүріншек, сүзеген

 

Негізгі сын есім

кермек, сараң

Туынды сын есім

Мәдени, бояма, көшпелі, күздік

 

Сапалық сын есім

Ұзын, қызыл, ащы, момын, ашық, жабық, тегіс, қараңғы, кәрі, сынық

Қатыстық сын есім

Бір заттың белгісін басқа бір заттың я іс-амалдың қатысы арқылы білдіретін сөздер

Қатыстық сын есім (мысал)

Түнгі, тоқпақтай, білгіш, нулы, балалы.

 

Жай шырайлы сын есім

Семіз, домалақ, ауыр, ұзын

Күшейтпелі шырай

Қоп-қоңыр, аппақ, сап-сары, жасыл

Салыстырмалы шырай

Үлкенірек, ақшылтым, сарылау

 

Сан есім

Заттың санын, мөлшерін білдіретін сөз табы

Есептік сан есім

Бір, он екі, бір мың тоғыз жүз тоқсан бес

Реттік сан есім  

Үшінші, он алтыншы, отызыншы

Жинақтық сан есім

Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу

Болжалдық сан есім

Мыңға жуық, жиырмадай, елулеп

Бөлшектік сан есім

Он бүтін жүзден жиырма, бестен екі, оннан бір

Топтық сан есім 

Төрттен, жүз-жүзден, бес-алтыдан

 

 

 

Есімдік

Заттың атын, сынын, санын атамай, солардың орнына жұмсалатын, белгілі бір түсінікті я ойды жалпылама түрде нұсқай отырып білдіретін сөз табы

Есімдік (мысал)

Ол, кім, әлдеқашан, бүкіл, түгел, сол, осынау, өз, ешбір, кейбіреу

Жіктеу есімдігі

Мен, сен, біз, ол, біздер, сендер, олар

Сілтеу есімдігі

Бұл, сол, анау, мынау, осынау, сонау, әне, міне.

Сұрау есімдігі

Кім?, не?, қай?, қандай?, қанша?, қалай?, қашан?

Өздік есімдігі

өз

Белгісіздік есімдігі

Біреу, бірнеше, әркім, әрқалай, әлдеқандай, әлденеше

 

Болымсыздық есімдігі

Еш, ешкім, ешбір, ешқайсысы

Жалпылау есімдігі

Бәрі, күллі, барша, барлық

 

Етістік

Зат пен құбылыстың іс-әрекетін, қимыл – қозғалысын білдіретін сөз табы

Туынды етістіктер

Шегеле, тазала, баста, ойна, молай, ағар, басқар, жарқыра

Негізгі етістік

Жаз, оқы, жүр, күл, айт

 

Етіс

Іс-әрекет істеушінің сол іс-әрекетке қатысы

Ырықсыз етіс жұрнағы бар сөз

Салынды, орылды , ілінді , естілді, айтылды

Өзгелік етіс жұрнағы бар сөз

Айттырды, айтқызды, барғызды, шақыртты

Өздік етіс

Жуын, киін, таран

Ортақ етіс

Алыс, беріс, ұшырас

 

Рай

Іс-әрекеттің объективті шындыққа байланысы

Ашық райлы сөйлем

а) Әркім өз ойымен отыр.

б) Келемін тау ішінде түнделетіп.

Бұйрық райлы сөйлем

а) Ғылым таппай мақтанба.

б) Қызсын еңбек, қайнасын күш майданда!

Шартты райлы сөйлем

а) Жарқырап бір көрінсін дейміз!

б) Барса, жүрсе болғаны.

Қалау райлы сөйлем

а) Шіркін, мен оны көрсем!

б) Айтқым келді . Ол келсе игі еді.

 

Шақ

Амал -әрекеттің мезгілімен байланыстылығы

Өткен шақ түрлері

Жедел, бұрынғы, ауыспалы

Келер шақ

Болжалды, мақсатты, ауыспалы

Осы шақ

Нақ, ауыспалы

 

Үстеу

Іс-әрекет, қимылдың мөлшерін, көлемін, сан түрлі сапасын, бейнесін, орындалу амалын, себебін, орындалуының жай-күйін білдіретін сөз табы

Үстеудің мағыналық топтары мен түрлері

Мезгіл, мекен, сын-қимыл,мөлшер, күшейту, мақсат, себеп-салдар, топтау.

 

Шылау

а) Ішкі мазмұндары жағынан да, сыртқы формалары  жағынан да, сондай-ақ, қызметтері жағынан  да өздерінің бастапқы шыққан төркінінен біржола қол үзіп, дербестігінен айрылған көмекші сөз.

б) Сөз бен сөздің немесе сөйлем мен сөйлемнің араларын байланыстыру, құрастыру үшін қолданылатын, өздері тіркескен сөздерінің ұғымдарына әр қилы реңктер үстеп, оларға ортақтасып, тұлға жағынан тиянақталған, лексика-грамматикалық мағынасы бар сөздер.

 

 

Түрлері

Жалғаулықтар

Өзара тең, бірыңғай сөздердің, сөз тіркестерінің және бірыңғай сөйлемдердің аралығындағы әр қилы қатынастарды білдіретін көмекші сөз (мен, бен, және, тағы, әрі, да,әлде, біресе, бірде, немесе, мейлі, әйткенмен, сонда да, себебі, демек, яғни, ендеше)

 

Септеуліктер

Объекті мен объектінің не предикаттың арасындағы түрлі грамматикалық қатынастарды білдіру үшін қолданылып, белгілі бір септік  жалғауын меңгеріп тұратын көмекші сөз (үшін, сайын, туралы, бойы, шамалы, шақты, жайлы, жайында, арқылы, қаралы, ғұрлы, шейін, қарай, таман, бері, кейін, соң, бұрын, бетер) 4 септікті меңгереді:атау, барыс,шығыс,көмектес.

 

 

Демеуліктер

Өздері тіркесетін сөздерге әр қилы қосымша реңктер жамайтын көмекші сөздер(ма, ме, ба, бе, па, пе, ше, ау, ай, ақ, қой, ғой, ды, ді, ты, ті, қана, ғана, мыс, түгіл, тұрмақ, екеш )

 

Еліктеуіш

Табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу – соқтығысуларынан  туатын дыбыстарды, сондай-ақ, жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есту қабілеті арқылы белгілі бір түсініктер  ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздер.

 

Қимылдық мағынаны білдіретін еліктеуіш сөз

Қалт-құлт, арбаң-ербең

Бейнелеуіш еліктеуіш

Жымың-жымың, далаң-далаң, жалп

Дыбыстық еліктеуіш

Тарс-тұрс, сырт, саңқ

 

Одағай 

Адамның әр түрлі сезімімен байланысты шығатын дыбыстық ишаратты, мағыналары құбылмалы, ауыспалы, яғни көпмағыналы болатын сөйлемнің басқа мүшелерімен грамматикалық байланысқа түспейтін өзіндік ерекшелігі бар сөз табы.

Көңіл-күй одағайы

Әттеген-ай, бәрекелді, ойпырмай, түу, әй.

Жекіру, шақыру одағайы

Тәйт, тек, жә, құрау-құрау, шөре-шөре, моһ-моһ, сап-сап, айда.

Тұрмыс – салт одағайы

Қош, қайыр, рахмет, құп, кеш жарық, ассалаумағалейкүм .

 

Сөз тіркесінің түрлері

Есімді тіркес(мысал)

Алтын қасық, сұлу қыз, ақ орамал

 

Етістікті тіркес(мысал)

Жақсы сөйлейді,  жоғары көтерілді

 

Сөздердің байланысу тәсілдері

Жалғау арқылы, шылау арқылы, сөздердің орын тәртібі арқылы, интонация арқылы

Сөйлем мүшелері

Бастауыш

Сөйлемдегі негізгі ойдың иесі болып тұрған мүше

Баяндауыш

Сөйлемдегі негізгі ойды іс-әрекет, қимыл тұрғысынан баяндап тұратын мүше

Анықтауыш

а) Заттық ұғымды, ойды сын-сапа, сан-мөлшер жағынан сипаттайтын мүше

ә) Сөз таптарынан болған мүшені сындық, сандық, иелік, қатыстық жағынан сипаттайтын мүше

Толықтауыш

а) Септік жалғауларының бірінде келіп, онымен заттық ұғымда байланысатын мүше.

ә) Сөйлемде іс-оқиғаны заттық мағынасы жағынан сипаттайтын мүше

Пысықтауыш

а) Іс-қимылдың мезгіл, мекенін, т.б сипатын білдіретін мүше.

ә) Сөйлемде іс-оқиғаны  себеп, мақсат жағынан сипаттайтын мүше

Жай сөйлем

Белгілі бір тиянақты ойды білдіретін, бір ғана предикаттық орталығы болатын сөйлем түрі

Түрлері

Жақты сөйлем

Грамматикалық бастауышы бар, не бастауыш ерекше айтылмай, оның қай сөз екенін баяндауышпен ұластыра, атау арқылы білуге болатын жай сөйлем.

Жақсыз сөйлем

Бастауышы жоқ, оның орны жоқталмайтын, айтылған іс-әрекет баяндауыш арқылы үш жаққа бірдей ортақ ұғымда жұмсалатын сөйлем.

Толымды сөйлем

Ойға қатысты мүшелері түгел айтылған сөйлем.

Толымсыз сөйлем

Ойға қатысты мүшелері толық айтылмаған сөйлем.

Атаулы

Сараланған бастауыш пен баяндауыштан құралмай, тек бастауыш ыңғайындағы сөзден, сөз тіркестерінен құралған сөйлем.

 

Құрмалас сөйлем

а) екі немесе бірнеше жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлем

ә) екі я одан да көп жай сөйлемдерден болып, күрделі ойды білдіретін сөйлем

б) екі жай сөйлем, не бірнеше жай сөйлемнен тұрып күрделі ойды білдіретін күрделі сөйлем

 

Құрмалас сөйлемнің түрлері

Сабақтас, салалас, аралас

 

Салалас

Ыңғайлас, қарсылықты, себеп-салдар, талғаулы, кезектес,түсіндірмелі.

Салалас құрмалас сөйлем

а) құрамындағы жай сөйлемдердің баяндауыштары тиянақты болып, өзара тең дәрежеде  байланысқан құрмалас сөйлем түрі

ә) құрамындағы екі,не одан да көп жай сөйлемдердің баяндауыштары тиянақты болып байланысқан құрмалас сөйлем түрі

 

Салалас құрмалас сөйлем (мысал)

а) Айгүл аттан түсіп еді, су қайта таязданып қалғандай екен.

ә) Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.

б) Оның бұл халіне өзгеден гөрі Гүлнардың тынышы кетті, сондықтан ол Қызылордадан Алмалыққа  біржола көшіп келді.

 

Ыңғайлас салалас құрмалас сөйлем  

а) құрамындағы жай сөйлемдердің бірінде айтылған ойдың екіншіге мезгілдес, бағыттас, ыңғайлас қарым-қатынаста болатын салалас түрі.

ә) құрамындағы жай сөйлемдердің біріндегі ойға екіншісіндегі  ой мезгілдес, бағыттас, ыңғайлас қарым-қатынаста болып келетін салалас

Ыңғайлас салалас құрмалас сөйлем (мысал) 

а) Қостың ар жағынан қара кер аттың басындағы жүген  сылдырады, шөп суылдады.

ә) Көмірден май да шығады, темір қорытатын кокс те шығады.

б) Мен бұл арада үндемедім және үндеуді қажет те көрмедім.

 

Қарсылықты салалас

а) құрамындағы жай сөйлемдері бір-біріне қарама–қарсы мәнде айтылғандықты білдіретін салаластың түрі

ә) салалас  құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдері бір-біріне  қарама-қарсы мәнде айтылған түрі

Қарсылықты салалас (мысал)

а) Ән басылып қалды, бірақ гитара сазы тоқталған жоқ-ты

ә)Күн сайын бір жаңалық болады, алайда бұл жаңалық бұрынғыдай мазасыздандырмайды

б) Бас болмақ оңай,- бастамақ қиын.

 

Түсіндірмелі салалас құрмалас

а) құрамындағы жай сөйлемдердің алдыңғысы соңғысына нұсқап, ал соңғысы алдыңғы сөйлемнің мазмұнын ашатындай қарым-қатынаста болатын салалас түрі

ә) құрамындағы жай сөйлемдердің бастапқысы соңғысына меңзеп, ал соңғысы бастапқы сөйлем мазмұнын ашатындай қатынаста болатын салаластың түрі

Түсіндірмелі  салалас құрмалас сөйлем (мысал)

а) Байжанның әлі дағдылана алмай жүрген бір ғана нәрсесі бар еді:

ол-Сырдария бойының маса-сонасы мен құрт-құмырсқа, бақа-шаян деген сияқты шақпалы жәндіктері

ә) Оның өлеңінің балаларға әсер еткендігі сонша – олар әлгі партизан шалды көз алдарында шын көріп тұрғандай болды

б) Көпшілік екі мәселеге көбірек тоқтады: бірі-жеміс отырғызу мәселесі, бірі- ағаш қондыру мәселесі

 

Себеп-салдар салалас  құрмалас 

а) құрамындағы жай сөйлемдердің  алдыңғысы соңғысының  немесе соңғысы алдыңғысының себебін білдіретін салаластың түрі

ә)құрамындағы жай сөйлемдердің бастапқысы кейінгісінің, не кейінгісі бастапқысының себебін білдіретін салалас түрі

Себеп-салдар салалас (мысал)   

а) Жүрген жерін білетін шығар, өйткені ол да жақында Жайық бетінен келді

ә) Бұл егіннің  дәнін қолымнан мен септім ғой, өзгеңнен гөрі менің жаным қаттырақ ауырар еді

Талғаулы салалас құрмалас 

а) құрамындағы жай сөйлемдердің тек біреуіндегі іс-оқиғаның жүзеге асатындығына болжам жасауды білдіретін салаластың үрі

ә) құрамындағы жай сөйлемдердің тек біреуіндегі іс-оқиғаның орындалуын болжайтын түрі

Талғаулы салалас (мысал)

а) Бұл істің шындығын не көзімен көрген айтар, немесе құлағымен естіген айтар

ә) Бұл жерде я сен тұрарсың, я мен тұрармын

б) Ауылдан тура келесің бе, әлде жолдағы ауылдарға соқтың ба?

в) Дәулеткелді бұның не сөзінен қызық күтеді, не бір мінінен әлдеқандай қызық күтеді

 

Кезектес салалас құрмалас

а) құрамындағы жай сөйлемдері арқылы берілген істің, оқиғаның кезектесіп келуін білдіретін салалас түрі

ә) құрамындағы жай сөйлемдердегі іс-оқиғалар кезектесіп келетін іс салалас түрі

Кезектес салалас құрмалас (мысал)

а) Клубта кейде кино болады, кейде қызықты баяндамалар оқылады

ә) Машина жүрісін шапшаңдатады, бірде баяулатып әндетеді

б) Біржан біресе бұлбұл нақысты көп ырғақты «Жиырма бесті»

созады, біресе назды қоңыр  кең тынысты «Жанбота» шығады

 

Сабақтас құрмалас сөйлем

а) құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдердің алғашқысы тиянақсыз болып, соңғысына бағына байланысқан түрі.

ә) құрмалас ішіндегі жай сөлемдердің бастапқысы тиянақсыз болып,  кейінгісіне бағына байланысқан түрі

Сабақтас

Шартты бағыныңқылы, қарсылықты бағыныңқылы , себеп бағыныңқылы, мезгіл бағыныңқылы, қимыл-сын бағыныңқылы, мақсат бағыныңқылы.

 

Шартты бағыныңқы сабақтас құрмалас 

а) бағыныңқы сөйлемі басыңқы сөйлемдегі істің шарты болып келетін сабақтастың түрі

ә) сабақтастың бағыныңқы бөлігі басыңқы бөлігіндегі істің шарты болып келетін түрі

Шартты бағыныңқы (мысал) 

а) Жақсы ұстаздық етсең, болашақтан тірек табасың

ә) Көмір неғұрлым көбейсе, өнеркәсіп соғұрлым күшейеді

б) Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай

 

Қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас

а) басыңқыдағы іске бағыныңқыдағы айтылған іс немесе бағыныңқыдағы айтылған іске басыңқыдағы іске қарсы қойыла айтылған сабақтастың түрі

ә) сабақтас құрмалас сөйлемнің басыңқы бөлігіндегі іске бағыныңқы бөліктегі айтылған іс немесе бағыныңқы бөліктегі іске басыңқы бөліктегі іс қарсы қойыла айтылған сабақтас түрі

Қарсылықты бағыныңқы сабақтас (мысал)

а) Абай Дәндібай сөзінен жақсы пейілді аңғарса да, ол кезде көмектерін алмаған-ды

ә) Ұлберген кедей болғанмен, киім – кешектерін таза ұстайтын

б) Жастар білім жағынан артық бола тұра, тәжірибелі жұмысшылардың жәрдеміне мұқтаж болады екен

 

Себеп бағыныңқы сабақтас құрмалас  

а) Бағыныңқысы  басыңқыда айтылған ойдың себебін білдіретін түрі

ә) Сөйлемнің бағыныңқы бөлігі басыңқы бөлігінде айтылған ойдың себебін білдіретін түрі

Себеп бағыныңқы (мысал)

а) Қастарында көлденең кісілер болғандықтан, Оспан Абайға айтам деген оқшау сөзін бастаған жоқ

б) Аяғын баса алмаған соң, еңбектеп есікке келді

в) Мұғалімнің сөйлегеніне Кәрім шыдап отыра алмай, біресе орнынан ұшып тұрады, біресе отырады

 

Мезгіл бағыныңқы сабақтас құрмалас 

а) Бағыныңқысы басыңқыдағы істің мезгілін білдіретін түрі

ә) Бағыныңқы бөлігі басыңқы бөлігіндегі істің мезгілін білдіретін түрі

 

Қимыл-сын бағыныңқы сабақтас құрмалас

Бағыныңқысы басыңқыдағы  істің, амалдың қалай  орындалғанын білдіреті түрі

Қимыл – сын бағыныңқы (мысал)

а) Сұрғылт тұман дым бүркіп, барқыт бешпет сулайды .

ә) Жалтыр мұзда ешбір салмақ түсірмей, шана өзі сырғанап келе жатқан тәрізді

б) Мезгілсіз үркіп кеткен ұйқының қайта оралуын тоспай-ақ, жол аушылар тағы да жолға шықты

 

Мақсат бағыныңқы сабақтас

а) Бағыныңқысы басыңқыдағы істің мақсатын білдіретін түрі

ә) бағыныңқы бөлік басыңқы бөліктегі істің мақсатын білдіретін түрі

Мақсат бағыныңқы сабақтас (мысал)

а) Ана мен балның бақытты сәттеріне бөгет болғысы келмей, жүріс-тұрысының сыбдырын сездірмеуге тырысты

ә) Тұрмыс жақсы болу үшін, еңбеккүн көп болуға тиісті

б) Білмегенін білсем деп, оқушылар ынтығар

 

Көп бағыныңқы сабақтас

а) құрамында екі, не одан да көп бағыныңқы сөйлем бар сабақтас түрі

ә) Құрамындағы екіден көп бағыныңқы сөйлемі бар сабақтас түрі

б) Бағыныңқы сөйлемдердің әрқайсысы басыңқы сөйлеммен тікелей байланысқан түрі

в) Бағыныңқы сөйлемдері  басыңқымен тікелей байланыспай, өзара біріне –бірі  бағынып барып байланысқан

 

 

Аралас құрмалас 

Құрамындағы жай сөйлемдері бір-бірімен салаласып та, сабақтасып та байланысқан құрмалас түрі

Аралас құрмалас  (мысал)

а)Кү шығып, ел тұра бастады, Нұрлан жоқ

ә) Қорған кезінде топырақ араластыра тастан алған екен де, бұл кезде қорғанның үстінде жыңғыл мен шеңгел аралас шығып өзінше ол да бір сән беріп тұр

б) Ақбоз алдыңғы екі аяғын ербитіп, көзі шатынан тұра бергенде, Шолақ құлағын төмен қарай тұқырта басып қалып еді ат етпетінен түсті

 

Төл сөз

а) Біреудің сөзі ешбір өзгеріссіз, дәл сол айтылған күйінде жеткізілуі

ә) Пікір айтушының ойының еш өзгеріссіз жеткізілуі

б) Сөйлеуші өз сөзінің ішінде біреудің айтқан сөзін ешбір өзгертпей, сол айтылған күйінде берілген сөз

 

Төл сөз (мысал)

а) –Бұл қыз менің қарындасым ,-деді Кенжетай, Асқардың сұрағысы келгенін біліп

ә) –Бұл үйдің жаны нешеу? – деді Итбай, сөз бастау ұшін

б) –Жақа, біздің балалар қолға алса, іс осылай тез бітеді – деді ол

 

Төлеу сөз

а) Сөйлеуші тарапынан өзгеріске ұшырап, біреудің сөзінің тек мазмұнын сақтап қана жазылуы.

ә) Біреу пікірінің өзгеріске ұшырап, тек мазмұны ғана сақталып жазылуы

б) Біреудің сөзінің автор тарапынан өзгеріске ұшырап берілетін сөз

 

Төлеу сөз (мысал)

а) Кенжетай Асқардың сұрағысы келгенін біліп, бұл қыз өзінің қарындасы екенін айтты

ә) Итбай сөз бастау үшін, бұл үйдің жанының нешеу екендігін сұрады