Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы

90

Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы

         а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і, э әріптері жалаң дауыстылардың,ал ё (йо), и, у, ю, я, әріптері йо, ый, ій, ұу, үу, йұу, йүу, йа деген қосынды дауыстыларды да (мысалы: заём, қи, ки, қиын, жиі, су, шумақ, күлу, келу, аю, кею, ядро, саясат), кірме сөздерде жалаң дауыстылардың да таңбасы ретінде (мысалы: слёт, кино, бюджет, отряд) жұмсалады.

а, е, ы, і әріптері сөздің барлық буындарында жазылады. Мысалы: ал, қала, шағала, ер, ересек, ыс, бақытты, айыр, қатысты, қорыту, құмырсқа, жапырақ, іс, білімді, көкірек,үкімет, әсіресе, мәжіліс.

Ескерту: а) Сөз басындағы ж,ш дыбыстары мен й дыбысының ортасында келген а дыбысы көбінесе жіңішке ә болып айтылады,бірақ а әрпі жазылады. Мысалы:барлық мағынадағы жай сөзі және оның туынды тұлғалары (жай сөйлем, жайыңа жүр, жай түсті, дастархан жайды, жайғызу, жайбарақат, жайдан-жай, жай-жапсар, жай-күй, жайлы орын, жайсыз тию, жайлап айту), шай(шай іш,шайға кел), шайы(шайы орамал);

ә) Сөздің алғашқы буынындағы не алдыңғы буындарындағы жіңішке дауыстылардың  әуенімен келесі буында жіңішке айтылатын(естілетін)ә дыбысының орнына а әрпі жазылады: ләззат(айтылуы-ләзәт), рәсуа(айтылуы-рәсуә),Жәмила(айтылуы-Жәмилә),Фәрида(айтылуы-Фәридә),  тәкаппар(айтылуы-тәкәппар).

ә, о, ө, ұ, ү әріптері жалаң сөздердің екінші буындарында жазылады.  Мысалы; ән, әнші, сән, дәлел, дәрігер, орын, жолаушы, өлең, көлем, көбелек, төртеу, ұлы, құлын, үндеу, үтік. 

        Бұл әріптер біріккен сөздер мен қос сөздердің екінші сыңарларының басқы буындарында да жазылады. Мысалы: Есенәлі, дәрі-дәрмек, тәлім-тәрбие; Қызылорда, Талдықорған, жөн-жосық, өте-мөте, басқұр, қаламұш, жазғытұрым, кешқұрым, тарс-тұрс, бүрсігүні, еңбеккүн, сайгүлік.

Ескерту: ә,ұ,ү әріптері  мына сияқты сөздердің, мысалы, мәжбүр, әңгүдік, дүлдүл сірә, кінә, күнә, күмән, шүбә, зәмзәм, мүсәпір, дүдәмал, Күләш, Күләнда, Мүтән, Күләй; мағлұм, бұлбұл, мақұл, байғұс, екінші буындарында жазылады.

                         и әрпі мынадай орындарда жазылады:

а) орыс тілінен енген түбір сөзде де, туынды сөзде де жіңішке естілетін жалаң и дыбысының және қазақ тілінде қосарлы ый, ій дыбыстарының таңбасы ретіне и әрпі қолданылады Мысалы: иіс, иін, ине, имек, илеу, тиын, тиін, қиын, киін, сирек, сирақ, ти, тиімді, тиіс, жиналыс, тарихи, саяси, яғни, ылғи, қағида, ақиқат, Иса, Иманбай, Қали,  Әли, Сағира, Қалима, Кәлима, кино, кредит, комиссия, идея, иероглиф.

Ескерту:  Қосарлы  ый әріптері тек сый, тый сздерінде (оларға қосымша жалғанғанда да ) жазылады. Мысалы: сыйлық, сыйлау, сыйымды, сыю, сыяды, тыйым, тыйылу, тыю, тыяды.

б) йы, йі дыбыстар тіркесі мен ы,і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің –и жұрнағы жалғанғанда соңғы ый,ій әріптерінің орнына бір ғана и әрпі жазылады. Мысалы: байы+й+ды – байиды (байыйды, байыды емес), ірі+й+ді – іриді (ірійді емес), оқы+й+ды – оқиды (оқыйды емес), суы+й+ды – суиды (суыйды емес), шірі+й+ді – шіриді (шірійді емес), құры+й+ды – құриды (құрыйды емес). 

в) и дыбысына бітетін етістіктерге жалғанатын тұйық райдың –у жұрнағы –ю түрінде, көсемшенің –а жұрнағы – я түрінде жазылады. Мысалы: и- ию (иу емес), ки-кию (киу емес) қи- қию (қиу емес), жи – жию (жиу емес); қи – қияды (қиады емес), жи- жияды (жиады емес).

                                        у әрпі  мынадай орындарда жазылады:

а) орыс тілінен енген түбір сөздерде бірде жуан, бірде жіңішке естілетін дауысты у дыбысының, сондай-ақ ұу, үу дыбыс тіркесінің және дауысты дыбыстан бұрын және кейін келетін үнді у дауыссыз дыбысының таңбасы ретінде қолданылады. Мысалы: су, гуіл, у, руль, университет, жуа, қуат, уыз, қалаулы, селеу, тіреу, түйреуіш, уақыт, уәде, дәулет, шу-шуледі, гу-гуледі, тулады.

ә) ы,і дыбыстарына бітетін етістіктерге тұйық райдың –у жұрнағы жалғанғанда ы,і әріптері түсіріліп жазылады. Мысалы: оқы- оқу, тоқы-тоқу, жібі-жібу, ірі-іру, суы-суу;

б) у дыбысына бітетін етістіктерге тұйық райдың –у жұрнағы жалғанғанда, оның түбірі өзгертілмей жазылады. Мысалы: сау-сауу, бу-буу, ту-туу, қу-қуу, ау-ауу, жу-жуу.

      э,е (йо) әріптері орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздерде ғана жазылады. Мысалы: экономика, этика, дуэт, эволюция, этнография, экспорт, электр, пулемет, Петр.

Ескерту. Жазу тәжірибесінде  е (йо) таңбасының орнына көбінесе е әрпі қолданылады, бірақ сөзді е (йо) дыбысымен айту қажет: заем(айтылуы — зайом),Петр (айтылуы — Пиотр), пулемет(айтылуы – пулемьйот)

                          ю әрпі мынадай орындарда жазылады:

а) сөз құрамындағы дауысты дыбыстан кейін қосынды й+ұ+у, й+ү+у дыбыстарының орнына қолданылады. Мысалы: аю, ою, үюлі, кею, көркею;

ә) орыс тілінен енген сөздерде сөз басында және дауыссыз дыбыстан кейін де жазылады. Мысалы: бюджет, полюс, люкс, адьютант.

Ескерту. Айуан, айуанат, хайуан, хайуанат, кейуана, миуа, диуана, қиуа, қиуаз деген сөздер осында таңбаланғандай жазылады.

я әрпі мынадай сөздерде жазылады:

а) сөз басында және дауысты дыбыстардан кейін қосынды й+а дыбыстарының орнына қолданылады. Мысалы: яки, яғни, қоян, таяқ, ая, мая, сая, мия, қияқ, тұяқ, саяқ;

ә) орыс тілінен енген кейбір сөздерде дауыссыз дыбыстардан кейін де жазылады. Мысалы: отряд, снаряд, аккумулятор.