Сөздердің тасымалдануы

Сөздердің тасымалдануы

Жазып келе жатқанда, жолға сыймаған сөз буын жігіне қарай тасымалданады. Мысалы: ала-қан, ор-на-лас-ты-ру.

Екі дауысты дыбыстың ортасында келген й мен у дыбыстары бар сөздерді буындағанда, бұл дыбыстар келесі буынның басында келеді және солай тасымалданады. Мысалы: да-уыс (дау-ыс емес), са-уат (сау-атемес), да-йындық (дай-ындық емес), құ-йын (құй-ын емес). Ал үу, ұу, ый, ій дыбыстар тіркесінің орнына жазылған у, и әріптері бар сөздер тасымалданғанда, тасымал жігі дауыстыдан басталады және солай тасымалданады. Мысалы: бу-ын, су-ық,  қи-ын, ти-ын, жи-ын (тасымалданудың бұл түрі қазақ сөздері буындалуының табиғатына қарай емес, қос дыбысты и, у деген жалаң таңбалармен жазуға байланысты қолданылатын шартты ереже).

Ескерту: Сөз ішінде үш дауыссыз дыбыс қатар келгенде, алдыңғы жолда екі дауыссызды қалдырып, келесі жолға үшінші дауыссыз дыбыс әрпін шығарып тасымалдау керек. Мысалы: құмырс-қа (құмыр-сқа емес), күңгірт-теу (күңгір-ттеу емес), жаңғырт-ты (жаңғы-ртты емес).

Жазып келе жатқанда жолға сыймаса, мынадай орындарда тасымал жасауға болмайды:

а) екі, үш не одан да көп әріптерден құралған бір буынды сөздер жеке тұрғанда тасымалданбайды. Мысалы: ай, күн, вольт, кварц, пункт;

ә) сөздің жеке әрпін сол жолдың өзінде  қалдыруға да, келесі жолға тасымалдауға да болмайды. Мысалы: ара (а-ра, ар-а емес), аяқ (а-яқ емес), алақан (а-лақан емес);

б) бас әріптен қысқарған сөздерді бөліп тасымалдауға болмайды. Мысалы; БҰҰ (Б-ҰҰ немесе БҰ-Ұ емес)