Мұсылман мейрамдары және салт-жоралары мен ұйғарымдары

211

Тақырыбы: Мұсылман мейрамдары және салт-жоралары мен ұйғарымдары.

Білімділік мақсаты: Оқушыларға ислам дінінің ерекшеліктерін, исламның өмірдің әртүрлі салаларымен байланыстылығын түсіндіру.

Сабақ типі: Жаңа білімдерді меңгерту сабағы

Сабақ түрі: Саммиттік-конференциялық сабақ

Сабақ әдісі: Мағынаны ажырату, қызығушылықты ояту, ой-толғаныс, стратегиялар, мазмұндық тәжірибе алмасым.

Күтілетін нәтижелер: Ой-түйін, гуманистік такт, салдарлы тұжырым.

Пән аралық байланыс: Тарих, философия, теология, этика, әлеуметтану.

Сабақ көрнекілігі: Интерактивті құралдар жиынтығы.

Сабақ барысы

І.Ұйымдастыру кезеңі:

Сынып аудиториясын сабақ процесіне бейімдеу.

ІІ. Саммит сабақтың бағдарламасы:

Жүргізушінің кіріспе сөзі: Армысыздар, ойы оралымды оқушылар. Бүгінгі саммит-конференция сабағымызға қош келдіңіздер. Діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сондықтан дін дегеннің не екенін, оның қысқаша тарихын танып, білу әрбір оқушыға мәдени қажеттілік.

1) Қатысушыларға іріктеу жүргізілімі:

Саммитке қатысушыларды іріктеу үшін үстелге «Идуль фитр», «Һижра», «Мың ай», «Никах» терминдері жазылған парақшаларды бетін жасырып, жауып қоямыз. Оқушылар таңдаған парақтарына сай төрт үстелге бөлінеді.

Талданатын тақырыптар құрылымы:

  1. Рамазан айты. Құрбан айт мейрамы (ықпалы, мақсаты, қоғамда атқарар рөлі мен сіңіретін қасиеттері).
  2. Мәуліт мерекесі (маңызы, өнегесі).
  3. Қадір түнінің қасиеттері (артықшылығы).
  4. Мұсылман салт-жоралары (құндылығы, ерекшелігі).

2) «Мағынаны ашу» туры:

         Оқушылар берілген терминдердің мағыналарын ашулары керек, нақтылап кеткенде, оқушылар өздері қандай өзекті тақырыптарды талдайын деп отыр, сол терминдеріне анықтама берулері қажет.

 

3) «Қызығушылығын ояту» туры:

Интерактивті тақта құралын пайдалана отырып,бейнефильм тамашалау. Бейнефильмдер: «Құрбан айт мейрамы», «Мәуліт мерекесі», «Қадір түнінің қасиеттері», «Салт-дәстүрлер»

4) «Ой-толғаныс» туры:

          Әрбір топ бейнефильм материалдарын пайдалана отырып талданатын тақырыптардың мазмұнын ашып береді.

Берілген тапсырмалар бойынша жауап беретін ойларының негізгі нұсқаларын тыңдау барысы.

«Идуль фитр» тобы

Рамазан айы

Рамазан айын құрметтеуіміз керек. Құрметтеу үшін Аллаһу тағаланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтануымыз қажет. Ораза тұтып, ғайбат жасаған, жалған сөйлеген, ренжіткен, харамдардан сақтанбаған адам рамазан айын құрметтемеген болып саналады. Хадис шәрифтерде былай бұйырылды: «Мұқият болыңдар. Рамазан айындағы сауап пен күнәлар еселеніп жазылады. Рамазанда көп намаз оқыңдар. Көп Құран оқыңдар. Өйткені, рамазанда оқылған Құран Кәрімнің әр әрпі үшін Хақ тағала жәннат бақшаларынан бір бақша береді». «Рамазанды құрметтеу керек. Оның рақымдылығы мүміндерді қуантады. Оның алғашқы күндері рақымдылық, ортасы кешірім және соңы тозақ отынан құтылу». «Егер құлдар рамазан айындағы ізгілік пен жақсылықтарды білсе, бүкіл бір жылдың рамазан болғанын қалар еді. Өйткені, онда көп сауап бар». «Рамазан айында бір күнә істеген адам екі азап алады. Рамазанда бір жақсылық жасаған адам екі сауап алады». «Рамазан айының күндізі мен түнінде Құран Кәрімнен бір аят оқыған адамға әр әрпі үшін бір шәйіт сауабы беріледі». «Рамазанды құрметтеген адам Аллаһу тағаланы құрметтеген болады». «Аллаһу тағала рамазан айында күнә істемеген адамның он бір айлық күнәсін кешіреді». «Рамазан айты күні періштелер жолдың шетінде тұрып, айт намазына бара жатқандарға мынаны сүйіншілейді: «Ей, мүміндер қауымы! Сендерге жақсылықтар, мол ниғметтер беретін рақымды Раббыларыңнан тілеңдер. Өйткені, Ол сендерге түнді ғибадатпен өткізуді бұйырды, сендер орындадыңдар. Ол сендерге күндіз ораза тұтуды бұйырды, сендер тұттыңдар. Ол сендерге Раббыларыңа бағынуды бұйырды, сендер бағындыңдар. Олай болса, олардың қайтарымын алыңдар». Намаздан кейін бір періште былай дейді: «Біліңдер, ей, мүміндер. Бүгін күмәнсіз сый тарату күні, күнәлардан құтылу күні және айыптардан тазару күні».

 

«Һижра» тобы

Мәуліт тарихы

Ислам тарихшылары Мәуліт мерекесін дәстүрлі түрде тойлау Селжұқ түріктерінің көшбасшысы Мұзаферуддин Көкбөрінің кезінен басталғанын айтады. Мұзаферуддин Көкбөрі Селжұқ түріктерінің Әрбил тайпасының Байтік руының биі болатын. Ол Хақ-Тағаланың дініне ынты-шынтымен берілген шынайы бір мұсылман еді. Алла Елшісі (с.а.у)-ды жан-тәнімен жақсы көретін. Хақ Елшісі (с.а.у)-ның сұлу сүннетінен үлгі алып, Мұзаферуддин қайырлы-сауапты істер жасайтын. Оның салдырған керуен-сарайларында жарлы-жақыбайлар мен міскін-ғаріптер қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып ас-су ішіп, құтты мейман болатын. Ол сырқат жандар үшін емхана, жесір-жетім мен кембағалдарға арнап қамқорлық үйлерін салдырды. Шешесінен шақалақ кезінен айырылған тұл жетімдерге сүт аналар тауып беретін. Мүгедектер мен зағип жандарға қамқорлық жасайтын қайырымдылық үйлерін ашып, әсіресе, қайыршыларға күндік ас-ауқатын беретін. Жас жеткіншектер біліммен көзін ашсын деп медреселер ашып, оларға сауатты мамандардан мұғалімдер тағайындап, қаражатпен қамтамасыз ететін. Ғылыми пікірталас пен рухани сұхбаттарға көп көңіл бөлетін. Әрдайым өз жерінен өтетін мұсылмандардың қауіпсіздігіне кепіл болып, бейбіт өмір сүруге құмбыл тұратын. Мәуліт мерекесінде Көкбөрі қолынан келген бар қайырымды істерін жасайтын. Ол мәуліт мерекесі кезінде іс-шараларды өзі атқарып, сырқаттардың көңілін сұрап, олардың құлан-таза айығып кетуі үшін ақысыз емдететін. Мұқтаж һәм міскін адамдарға ұдайы қол ұшын беретін. Балаларды қуанышқа бөлеу үшін арнайы оларға арнап ойындар өткізетін. Ақындарға жүлде беріп, елге еңбегі сіңген атпал азаматтарға шүлен тарататын. Таңды таңға асырып, Алла Елшісі (с.а.у) туралы уағыз-насихат айтып, көңілдерін бір тасытып, жұртты арқа-жарқа ететін.

Мәуліт мерекесінде бүлдіршіннен бастап, жастар мен егде тартқан азаматтар, кәрі құлақ қариялар мен кембағал жандар, сауда-саттық жасаушылар мен білім адамдары, діни қызметкерлер мен ел басшылары т.б. түрлі саланың өкілдері бір жерде бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп, көңілдері тұтасып, бір-бірімен тонның ішкі бауындай біте қайнасатын. Осылайша Мұзаферуддин Көкбөрінің Хақ Елшісіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде жыл сайын Мәуліт мерекесін тойлау үрдісі қалыптасқан еді.

 

«Мың ай» тобы

Қадір түнінің қасиеттері

Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Мың ай қарапайым арифметикалық жолмен есептегеннің өзінде сексен үш жылдық мерзімді қамтиды. Ал кейбір ғалымдар мың деген санды араб халқы негізінен «өте көп» деген мағынада қолданады. Сондықтан Құранның: «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятындағы «мың» сөзі де «өте көп» деген мағынаны береді деп есептейді. Бұл жағдайда ол сан одан да өсуі мүмкін.

Түннің «Қадір түні» деп аталуын ғалымдар бұл түнде Алла тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, рызық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазатындығымен байланыстырады. «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады.

Бізден бұрынғы үмметтердің бізге қарағанда әлдеқайда көбірек өмір сүргендігі анық. Мәселен, Зұл-Қарнайн патшаның дәуірінде адамдар бес жүз жыл шамасында өмір сүрген. Сол дәуірлердегі адамдардың арасында мың айды ғибадатпен өткізбесе, өзін құлшылық етуші деп санамайтын кісілер болған. Олар осы мақсатқа жету үшін уақыттарын барынша ғибадат жасаумен өткізген. Ал енді жүз жыл шамасында ғана өмірі бар біздің үммет үшін мынадай мың жылға татырлық түннің нәсіп етілуі Алла тағаланың мұсылман үмметіне берген үлкен нығметі. Түннің «Қадір» деп аталуының өзінде терең мән бар. Бұл түнде қадірлі үмметке қадірлі Кітабымыз түскен. Үмметтің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мәңгі сапарға аттанарда, Жәбірейіл періштеден өз үмметі туралы сұрағанда, ол Алла елшісін (с.а.с) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Жәбірейіл періште: «Алла Тағаланың жәннатына Сен кірмейінше ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кірмейінше ешбір үммет жұмаққа кірмейді» деп сүйіншілеген еді. Олай болса, бұл түнде қадірлі үмметтің қадірлі пайғамбарына қасиетті Құран түсті.

«Никах» тобы

Ат қою. Балаға ат қою қазақта аса салтанатты жағдай. Әдемі, атақты, құрметті адамдардың атын қоюға тырысады. Сол атқа лайықты болуын қалайды. Атты сыйлы құрметті адамға қойғызады. Ат қойған адам сәбиге батасын береді. Ат қою кейде қандай жағдайда, жылдың қай мезгілінде келгеніне байланысты қойылады. Мысалы, наурыз айы болса Наурызбай, ораза уақыты болса – Ораз, Оразалы, айтта туса Айтбай, Айтгүл, шөп шабу кезеңі болса — Шөптібай. Қыздар бірінен бірі келсе өмірге — Ұлтуған, Ұлболсын, Ұлмекен, Ұлжан артынан ұл келеді деген үмітте болады. Ылғый ұлдар болса – көз тимес үшін Башай, Қосқұлан, Кептер, Күшік т.б. Бүгін де құрметті адамдардың аттарын қояды: Бауыржан, Абай, Сәкен, Абылай, Фариза, Олжас т.б. Қазақта «ат қою» мен «ат тергеу» бар. Келін күйеу әкесін — «ата», інісін — «қайны», қарындасын — «қайны сіңілім», үлкен ағасы – «ағеке», «мырза қайнаға», «би атам», «еркем» т.б. деп атайды. «Ат тергеу» үлкен кішіге де құрмет. Үлкендердің атын атау – құрметтің жоқтығы, әдепсіздік болады.

Неке салтттары

         Ислам дініндегі негізгі ғұрыптар қатарына неке қию дәстүрі жатады. Мұсылман халықтарының арасында неке кию және той жасау рәсімдері маңызды дәстүр болып саналады.

5) «Репликалар тасқыны» туры:

І топ  қатысушыларының ой-толғауына сәйкес репликалар тасқыны:

«Идуль фитр» тобы

Басты ерекшелігі жақсы тілек тілеу, сырқат адамдардың көңілін сұрау, жетім-жесірлерге, жарлы адамдарға жәрдем беріп, мұқтаж жандарға қайыр-садақа үлестіу. Рухани құндылықтары. Ата-ананы, үлкенді сыйлау, ата-баба салтына құрметпен қарау.

ІІтоп  қатысушыларының ой-толғауына сәйкес репликалар тасқыны:

«Һижра» тобы

Мұхаммед пайғамбардың өнегелі өмір жолын дәріптеу, жан-жақты насихаттау. Мұхаммед пайғамбар туралы мадақ өлең, жырлар мен салауаттар айту. Мұсылман үммбетінің Мұхаммед пайғамбарға деген сүйіспеншілігін одан әрі күшейту.

ІІІ топ  қатысушыларының ой-толғауына сәйкес репликалар тасқыны:

«Мың ай» тобы

Қадір түнінің артықшылығын сезіну. Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылық ету. Бұл түні рухани дүниені байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылықты арттыратын бейнефильмдер көру сауапты іс болады.

ІVтоп  қатысушыларының ой-толғауына сәйкес репликалар тасқыны:

«Никах» тобы

Исламды жалпы алып қарағанда, оның көптеген принциптерінің өмірмен тығыз байланыста екендігін аңғарамыз. Мысалы: адамдар арасындағы тепе-теңдік принципі, адамдар арасындағы мейірімділік, адамгершілік, махаббат, сүйіспеншілік, толеранттылық сияқты тағы да басқа гуманистік қасиеттер. Мақсаты болашақ ұрпаққа жақсы рухани тәрбие беріп, адамдарға сабырлылық, түсіністік, адалдық, парыз, міндет деген түсініктерді бойына дарыту болып табылады.

 

Жалпы, осы тақырыпта біз айтқан сұрақтар мен мәселелерге байланысты қатысушылар тиісті СТРАТЕГИЯЛАР топтамасын ұсынады:

  1. Мұсылмандар мерекесіне арналған бағдарлама жасалып таратылуы ұсынылсын.
  2. Мұсылман салт-жораларына оқушылар арасында арнайы сабақ , лекция, конференциялар өткізілсін.
  3. Мұсылман мейрамдары және салт-жоралары оқушылар арасында кеңіне тарату мақсатында насихатшылар тобы құрылсын.
  4. Қазақ халқының рухани құндылықтарын оқушы бойларына сіңіретін іс-шаралар жүйелі жүргізілсін.

 

Қорытынды: Құрметті саммитке қатысушылар сөзімізді қорытындылай келе Мұсылман мейрамдары және салт-жоралары мен ұйғарымдары тақырыбы бойынша талқыланған мәселелер жалпы адамзат баласын қайырымдылыққа, төзімділікке, толеранттылыққа және Мұхаммед пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолын жан-жақты насихатталуына сонымен қатар ислам әлемін танып білуге сәтті қадамдардың бірі болды деп есептеймін.