Мен және менің оқушыларым қалай өзгерді?

Мен және менің оқушыларым қалай өзгерді?

Мен ҚР педагог қызметкерлерінің ІІІ (үшінші) деңгей бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру курсынан  өткеніме  қуаныштымын.  Себебі педагогикалық тәжірибеме қосымша жаңалық енді, өзгеріс, ізденіс пайда болды, оқушыларға деген көзқарасым өзгерді.  Өзім сабақ беріп жүрген сыныптарда Кембридж тәсілі бойынша мектеп ішінде бірнеше ашық сабақтар беріп, педагогикалық кеңесте мұғалімдермен тәжірибе бөлістім. 6 «А», 8 «А», 10 «А» сынып оқушыларымен сабақта топтық жұмыстарды жиі қолданғандықтан олар тақырыпты қалай оқу керектігіне машықтанып қалды. Топқа бөлудегі жаңа әдістер оларға ұнайды, бас кезінде өздері қалағандарымен отырғысы келіп, нашар оқушылардан қашқақтаған еді, қазір оқушылардың белсенділігі артқандығы соншалық олар топта кіммен болатындығын ұмытып, қандай тапсырма орындайтындықтарына мән беретін  болды. «Оқушы — оқушы» қатынасына түсе отырып, негізделген дәлелдерді әзірлеуде және қадағаланатын оқиғаларды сипаттауда түрлі мүмкіндіктерге ие болатындығын түсінді. Сабақты пысықтау негізінде жүргізілетін ментальды карта жасауды шеберлікпен орындай алуға жетісті. Біреулері суретін ойластырып жатса, екіншілері  тапсырманы жүйелеп қалай жазатынын талқылап отырады, аяғында бір шешімге келіп, тапсырманы орындап қорғайды. Мысалы, 8 сыныптағы «Ақмола тарихы» тақырыбында  «Астана-біздің мақтанышымыз» атауымен жасаған ментальды карталарында бірінші топ Қазақстан картасын салып, онда Астананы көрсетіп, өлең жолдарымен мақтаса, екінші топ Бәйтерек арқылы Астананың ірі құрылыстарын көрсетті, т.б.

6 «А» сыныбындағы «Ежелгі Үндістан» тақырыбында топтарға берілген Үндістандағы касталық жүйе және оған сенің көзқарасың? тапсырмасында олар сыни тұрғыдан ойлау арқылы қоғамда адамдардың тапқа, жікке бөлінуіне қарсы екендіктері жайында айта отырып топта өзара пікір алысып, ортақ пікірлерін  жеткізе білді. Мерсер айтқан  құрдастар тобындағы өзара қарым-қатынас оқуда маңызды рөл атқаратындығына көзім жетті.

10 «А» сыныбында «Рухани мәдениеттің ерекшелігі» тақырыбында оқушыларға сұрақ қоюдың ерекшеліктерін қалай қолданғанымды айтқым келеді. «Орта ғасырда қазақ жерінде  жазу болғанын немен дәлелдейсіңдер? Бұл сұрақ толықтыруды қажет етеді. Сондықтан қайта бағыттау сұрағы ретінде «Соғды жазуы тағы қалай аталады, неге?» Сұрақтарды бұрындары да қойып жүрміз ғой, бірақ оның түрлерін білмейтін едім. Қазір сұрақ қойып тұрып қандай мақсатта қойғанымды түсініп тұрамын. Әр сабағымда Марта Бронсон ұсынған өзін-өзі реттеудің  4 аспектісі толық көрініс тапты деп ойлаймын. Өзімді және оқушыларды өзгертетін жұмыстар әлі жетерлік, ол жалғасын табатын болады.