Сабақтың тақырыбы: Ежелгі Бактрия

43

№12. Сабақтың тақырыбы:  Ежелгі Бактрия

  • Білімділік: Ежелгі замандарда Орта Азияда шаруашылығы мен саяси құрылысы дамыған ірі мемлекеттің өмір сүргенін оқушыларға түсіндіру.
  • Дамытушылық: Ежелгі Бактрияның дамуына парсылар мен сақтардың әсері болғандығын, отырықшы және көшпелі халықтар бірлесуі арқылы жаңа мемлекеттің қалыптасқанын оқушыларға түсіндіру.
  • Тәрбиелік: Қазақ халқының түп негізі болып саналатын сақтардың ежелгі мемлекетін сипаттай отырып, оқушыларды патриотизмге, өз елін сүюге тәрбиелеу.

Сабақтың әдісі: Баяндау және сұрақ жауап.

Сабақтың түрі: Аралас сабақ.

Сабақтың көрнекілігі:  Оқулықтағы суреттер, пәндік атлас.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі: Оқушылардың сабаққа қатысу дәрежесін айқындау және ынта-зейінін жаңа тақырыпқа бейімдеу.

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау және оқушылардың жауаптарын бағалау.

Жаңа сабақ жоспары:

  1. Бактрия тарихының деректері
  2. Б.з.б. І мыңжылдықтың ортасындағы Бактрия.
  3. Мың қала елінде.

Атластан ежелгі Бактрия мемлекеті орналасқан жерді көрсете отырып, онда Орта Азиядағы ең ежелгі мемлекеттердің бірі өмір сүргенін ерекшелей айтамын.  Бесінші сыныпта археология пәні  туралы алған  мәліметтерін, әсіресе археологиялық деректерді естеріне түсіріп, оқулықтағы суреттер бойынша Бактрия жерінен табылған ескерткіштерге  сипаттама беремін. Мәселен, бактриялық қола мөр де археологиялық қазба жұмыстары  барысында табылған (77-бетте).  Дөңгелек табақша тәріздес қолаға жазылған мөрдің  өзіндік ерекшеліктері бар. Ол ең алдымен сол кездегі діни таным-түсініктер мен дүниетанымдық көзқарастар туралы мәлімет береді. Табақшаның жиегіндегі   дөңгелек шеңбер мен  сызықшалар жай әншейін салынбаған сияқты. Ол бүкіл әлем ұғымын білдірсе керек. Ал оның ортасында қанатты, алып жануар ұшып барады. Оның сырт бейнесі түйеге ұқсайтын тәрізді.  Алқымды алтынмен сәнделген. Алдыңғы жағында бүркітке ұқсас  құс бейнеленген. Мұның бәрі мөрдің иесі мықты да, құдіретті деген мағына беретін еді. «Авеста» туралы айтқанда ежелгі Парсы патшалығы және оның мәдениеті тақырыбындағы мәселелерді еске түсіре отырып түсіндіремін.

Екінші тақырыпшаны түсіндірер алдында ежелгі Бактрияның географиялық орналасу ерекшеліктерін  атап көрсетіп, олардың шаруашылықтың әр саласының қалыптасып, дамуына әсерін кеңірек баяндаймын.

Ірі елді мекен мен қаланың айырмашылығын түсіндірген кезде ертеректе 10-15 шаңырақтан құралған шағын қонысты ауыл деп атағанын, ол негізінен көшпелілерде болғанын, сонымен қатар егіншілікпен, саудамен айналысатындардың балшықтан, тастан, кірпіштен жасалған жүздеген үйлерден құралған ірілеу ауылдарын ірі елді мекен деп атағанын айтып өтемін. Айқынырақ болу үшін кейбір қазіргі аудан орталықтарын мысалға келтіремін. Ал қаланың олардан үлкен, көптеген үйлер, сарай, қолөнер шеберханалыры, базарлары бар әкімшілікәрі мәдени орталық екенін түсіндіріп, қазіргі Қазақстанның Алматы, Астана т.б. қалаларымен салыстырамын.

Тек ежелгі қалалардың негізгі орталық бөлігі кірпіштен, тастан, т.б. жасалған қорғандармен қоршалатынын, олардың сырттан келген жаудан қорғану үшін салынатынын түсіндіре кетемін.

Әшекей, сәндік үшін қолданылатын зазурит атты бағалы көк тас ежелгі Шығыстағы сауданың дамуына да әсер еткен еді. Оның негізінен Бактрия жерінде өндірілгені белгілі. Көптеген алтыннан жасалған сәндік бұйымдар лазуритпен-бағалы көк таспен сәнделген.

Бактриялық жауынгерлерді сипаттағанда ,скиф, сақ жауынгерлері туралы бұған дейінгі  мәліметтерді еске түсіріп, салыстыра баяндаймын.

Бүгінгі таңда кең орын алып отырған еуроцентристік көзқарас  шығыс елін әлі де артта қалған, өзіндік мәдени дамуға бейімділігі төмен, еуропалық өркениеттен үлгі алуға тиістілер қатарына жатқызады. Соңғы екі үш ғасырда  шығыс елдері дамыған қала өнерін білмеді деген ұғымның  кең орын алып келгені рас. Ал тарихи  деректер бұл пікірдің қате , біржақты екенін дәлелдеуде. Біз білетін Ұлы Азия жерінде сонау ежелгі дәуірлерден бастап-ақсәулетті қалалары бар көптеген мемлекеттер болғаны белгілі. Еуропалықтардың солардан үйренгенін, еуроцентристік  пікірдің қате екенін оқушыларға дәлелдеймін. Бактрия жері сол замандардың өзінде «мың қала елі», оның билеушілері «мың қала билеушілері» деп тектен-текке айтылмаған. Сондай билеушілердің  ішінде Евтидем сияқты қабілетті саясатшылар да болған.

ІІІ. Үйге тапсырма: §15.

Тақырыпты оқып, соңындағы сұрақтарға жауап беруге дайындалу. Оқулықтағы суреттерге мән беру