Қазақтың тыйым сөздері

225

Қазақтың тыйым сөздері

 Мақсаты: Оқушылардың бойына   еліміздің  ата-салтын, адамгершілік асыл  қасиеттерді бойларына сіңіре отырып, үлгі-өнеге  алуға баулу.

 

Мұғалім: Әр ұлттың тарихи дамуында ерте заманнан қалыптасып, келе жатқан рухани асыл мұрасы әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр арқылы халықтың күн көрісі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы ерекшеліктері мен дүниетанымының сыр сипаты айқын көрінеді.  Ата-бабаларымыз өздері тіршілік етіп отырған орта, табиғат, тұрмыс-тіршілік болмысын, ел-жұрт арасындағы  қарым-қатынас, жақсы-жаман кезеңдерді ой елегінен өткізіп, әр кез оған деген өз  көзқарасын білдіріп отырған.  Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жеткіншек ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, жақсылыққа үндеп, олардың сана-сезімін, дүниетанымдық қабілетін дамытуды көздейді. Халқымыздың ғасырлар бойы жасасып, бізге жеткен асыл мұралардың бірі-тыйым сөздер. Олардан халқымыздың әдет-ғұрпы, наным-сенімін ғана біліп қоймай, бойымызға тәлім-тәрбие сіңіреміз. Тыйым сөздер мазмұны мен мақсатына қарай тұрмыстық-шаруашылық, еңбек, мәдени-гигиена, экологиялық тәрбие, әдеп мәдениетіне тәрбиелейді.

 

1.Тұрмыстық- шаруашылыққа байланысты ырым тыйымдар:

  1. Нан үстіне зат қойма.
  2. Нанды бір қолыңмен үзбе.
  3. Нанды лақтырма.
  4. Сүтті төкпе.
  5. Сыпырғышты тік қойма.
  6. Отқа түкірме.
  7. Тұзды баспа.

 

  1. Мәдени-гигиеналық мағынаны қалыптастыратын ырымдар мен тыйымдар:

1.Шелектегі суға аузыңды салма.

  1. Саусағыңды аузыңа салма .
  2. Бас киіммен ойнама.
  3. Таңдайыңды қақпа.

5.Басыңды шайқама.

  1. Екі езуіңді керме.
  2. Шашыңды аяқ астына тастама.
  3. Жағыңды таянба.

 

3.Экологиялық тәрбие беретін тыйым сөздердің түрлері:

1.Жалғыз ағашты жұлма

  1. Көкті жұлма.
  2. Малды теппе.

4.Суға дәрет сындырма.

5.Құстың ұясын бұзба

. 6.Су шашып ойнама.

 

  4.Әдеп мәдениетіне тәрбиелейтін ырымдар мен тыйым сөздер:

  1. Үлкеннің алдын кеспе
  2. Адамды айналма

.3. Кемтар адамға күлме.

  1. Адамға қарап түкірме.
  2. Жаман бұзақы сөзге ерме.

 

 

  1. Кісіге қару кеземе.
  2. Үлкеннің эжолын кеспе.
  3. Жақсыдан тәбәрік ал, жақсылығы тиеді.
  4. Анаға зекіме, азабын тартасың.
  5. Барды жоқ деме, барың жоқ болады.

 

5.Ырымдар мен тыйымдардың баланы қауіптен сақтандыратын түрлері:

1.Отпен ойнама.

  1. Оттан аттама.
  2. Пышақты шалқасынан қойма.
  3. Пышақтың жүзін жалама.
  4. Аяқ-қолыңды жіппен байлама.
  5. Түнде суға барма
  6. Жүгіріп үйге кірме.

 

Мұғалім: Қазақ халқы осындай ырымдар мен тыйым сөздер арқылы ұл-қыздарын оғаш та осал қылықтарын сынап, тыйым, тәртіпке салып, тәрбиелеп отырған. Ырымдар мен тыйым сөздер- халқымыздың айнала қоршаған орта, табиғат, өзара қарым-қатынас туралы өмірдің өзінен түйіндеген пайымдаулары мен қағидалары, философиялық тұжырымдары, әлеуметтік және мәдени тұрмысының  көрсеткіші.

 

6.Ырымдар мен тыйымдар және экология.

Ежелгі халықтардың туған топырақ, атамекен, табиғат, жан-жануарлар туралы ұғым-түсініктері, таным-талғамдары ырымдар мен тыйым сөздерден ерекше орын алған. Қазіргі мекен тұрағымыз, жеріміз экологиялық апат аймағына айналып, экологиялық сырқатымыз асқынып, дағдарып отырған кезеңде де ата-бабаларымыздың мың жылдық тәжрибесінен үйренеріміз көп. Қазақ халқының ұрпағына экологиялық білім мен тәрбие беретін ырымдары мен тыйым сөздерінің мән-мағынасына ой жүгіртіп көрейік.  Олар негізінен жер мен суды, өсімдіктерді, құстар мен жануарларды, аңдар мен жәндіктерді қорғауға, оларға рақымшылық етуге, обал, сауап дегенді сезінуге тәрбиелейді.

 

7.Халқымыз «Көкті жұлма» деген, «Көкті жұлсаң көктей соларсың» деп жаман ырымға жорып, жұлғызбаған. «Нанды бір қолыңмен үзбе», «Нанның үгіндісін аяққа баспа» деген сөздерде дәмге, оны дастарханға келтіретін еңбекке деген құрмет сезімінің ізі бар. Сондай-ақ ата- бабамыз «Тал кескенше, қолыңды кес», «Қарағай кессең, қаңғырып қал» деп өсіп тұрған ағашқа тигізбейді. От жағуға тек қарағай мен шыршаның кеуіп кеткенін, малдың қиы мен тезегін пайдалануда күнкөріс қамынан да басқа себеп болса керек.

 

  1. 8. Халқымыздың тобылғылы сайға қой түсіртпей, ши атаулыны қорық қылып, күзет қоюының өзі күнкөріс қамы ғана емес, табиғатты қорғау, аялау әрекетінен туындаса керек. Қазіргі кездегі орындалып жүрген халық әндерінің бірі «Тобылғы сай» аталуы тегін емес.

 

  1. 9. Қазақ халқының жер,су туралы ұғым-түсініктеріне назар аударалық «Обал болады» деп егінді, шалғынды жерді бет алды бастырмаған, «Ағын судың арамы жоқ» деп суға дәрет сындырмаған, «Судың да сұрауы бар» деп ағынды суды бұрғызбаған.

 

  1. 10. Құстар мен аңдарға жасаған рақымшылығын мынадай ұғымдардан білеміз: «Құстың қарғысына ұшырайсың» деп құстардың ұясын бұздырмаған, «Бетіңе шұбар түседі» деп жұмыртқасын жарғызбаған.Халқымыз қыран құсты атқызбаған, «Аққу құс киелі» деп оған құс салуға, оны атуға тиым салған. Сондай-ақ қарлығашты киелі деп ұққан. Егер қарлығаш киіз үйдің шаңырағының шандуында ұя салса, балапандары ұшып кеткенше көшпей отырған.

 

  1. 11. Ата-бабаларымыз малды тепкізбеген.. «Қойдың сүті қорғасын, қойды тепкен оңбайды» деген, «Құты қашады» деп малды басқа ұрғызбаған, балағаттамаған. «Сиыр мен қойдың желіні ісіп кетеді» деп төгілген сүтті аяққа басқызбаған.

 

  1. 12. Біздің халқымыз аңдарға да рақымшыл болған. Аң аулаудың жөні осы екен деп оларды бейберекет өлтіре бермеген. Қажетіне қарай үнемдеп аулап, қалғандарының өніп- өсуіне жағдай жасаған.

Мұғалім: Сол сияқты жәндіктерге де рақымшылық жасағанын мынадай ұғымдар арқылы сезінеміз. «Бақаны өлтірсең жаңбыр жауады» деп өлтіртпеген, абайсызда жылан үйге кіріп кетсе оны өлтірмей,  басына ақ құйып, ептеп шығарған. Халықтың педагогикалық тәрбие құралдары мен тыйымдарын жүйелі түрде пайдаланып, сөзіміздің қадірін арттыру өз қадірімізді арттырумен бірдей. Ертеде дүниеден өткен көнекөз аталарымыз бен әжелеріміз айтып керкен ескертпелерін әр кезде  есімізде сақтап жүрейік.

Соңында: Назарларыңызға рахмет. Қош аман болыңыздар.