Жүсіп Баласағұни. «Құтты Білік» дастанының тәрбиелік маңызы мен мәні

865

Сабақтың тақырыбы: Жүсіп Баласағұни. «Құтты Білік»  дастанының тәрбиелік маңызы мен мәні

       Жалпы дидактикалық мақсат:

Адам баласын ғасырлар бойы толғандырып келген ізгі мұраттар, оқу, білім, тіл өнері, ел басқару, моральдық-эстетикалық, тұрмыстық мәселелердің мәнін ашу арқылы  поэманың бүгінгі таңдағы өміршеңдігін, тәрбиелік ғажап қуатын түсіндіру.

  Үш бірыңғай дидактикалық мақсат:

Білімділік:  «Құтты білік» дастанының жазылу тарихы мен  қазақ тіліне аударылып баяндалу тарихынан мағлұматтар беру. Шығарманың құндылық мазмұндарын айқындау, идеясын ашу.

Дамытушылық: Дастанның мән-маңызын, өзіндік ерекшеліктерін ұғындыру. Мағына мен идеяны ажырата алуға үйрету, ойлау, есте сақтау қабілеттерін арттыру.

Тәрбиелілік: Тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық рухты оқушы бойына сіңіру арқылы мейірімділікке, имандылыққа, ерлікке, батырлыққа тәрбиелеу. Туған жерін, елін сүюге, адамгершілікке, ізгілікке баулу.

Сабақтың көрнекілігі: оқулық, көркем әдебиет, тірек кесте,  слайдтар, суреттер, интерактивті тақта, on –Iine жүйесі бойынша сабақ өткізу.

Сабақтың типі: аралас сабақ.

Сабақтың түрі: зерттеуіздену сабағы.

     Сабақтың әдісі: баяндау, иллюстрациялық түсіндіру, сипаттау, салыстыру, сұрыптау, жинақтау, талдау, интерактивті, тірек белгілері, топтау стратегиясы,ойын элементтерін пайдалану,сұрақ-жауап, қызығушылықты ояту стратегиясы.

Пәнаралық байланыс: тіл, тарих,география,әдеп.

Сабақтың барысы:

Мұғалімнің кіріспе сөзі:  Құрметті оқушылар, ұстаздар!

Біздің бүгінгі сабағымыз – ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері,   энциклопедиялық ілім иесі Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастанының тәрбиелік мәнін ашуға  арналған зерттеу-іздену сабағы. Сондықтан, ең әуелі оқушылардың өз беттерімен іздену нәтижесінде тапқан материалдарымен танысып көрелік.

  1. Жүсіп Баласағұнидің өмірінен қандай мәлімет бере аласыңдар? (Ардақ)

Көне дәуірдегі түркі халықтары мәдениетінің тербеліп өскен бесігі Шу мен Іле өзені аралығында ұлан байтақ өлкеде ХІ ғасырда аты әлемге әйгілі ақын, философ, қоғам қайраткері Жүсіп Хас хажиб Баласағұн музыкант отбасында дүниеге келген. Жүсіп жыл қайыру дәстүрі бойынша санағанда барыс жылы, яғни, 1021 жылы туған. Жүсіп Баласағұни — өз кезінің көрнекті ғалымы ретінде математика, астрономия, табиғат тану, тарих және араб, парсы тілдері сияқты білім салаларын зерттеуге айрықша үлес қосқан ғалым.
Жүсіп туралы жазба деректер көзін ақынның өз шығармасы »Құтты біліктен» ғана табамыз. (Карта, слаид)

  1. «Құтты білік» дастанының жазылу тарихы жайлы не айтар едіңдер? (Мирас)

Ж. Баласағұни «Құтты білік» дастанын 1069 жылы Қашқар қаласында жазған. Ақын дастанын жасы елуге келгенде он сегіз ай ішінде жазып бітіргенін айтады. Поэма 85 тараудан тұрады. Поэманың тақырыбы – адамгершілік, ізгілік. Ақын Грек ойшылдары сияқты дүниенің негізі — жер, су, ауа, от,-дейді. «Құтты біліктегі» кейіпкерлер саны — төртеу. «Құтгы білік» дастанының үш қолжазбасы сақталған. Қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы Ферғана, Мысыр қолжазбаларының басылымынан алынған.

  1. «Құтты білік» еңбегінің аудармасы, А.Егеубаев туралы (Алдияр)

Қазақ ақыны, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубаев «Құтты білік» дастанының қазақ әдебиетінің дамуына идеялық-көркемдік әсері» атты тақырыпта ғылыми диссертация қорғады. Сондай-ақ жырды қазақ тіліне аударып, 1986-жылы «Жазушы» баспасынан жинақ етіп шығарды.
Оның Жүсіп Баласағұнды, Махмұт Қашқариді қазіргі қазақ тілінде сөйлетуі – орасан зор еңбектің жемісі еді. Асқар Құрмашұлы – нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Ол – шебер журналист, шешен публицист, ғибратты ғалым, танымал қайраткер, белгілі әдебиет сыншысы, тәжірибелі баспагер, ұлағатты ұстаз, су төгілмес үстінен сұлу жорға – ақын еді.

 (Суреттер, А.Егеубаев фотосы  слаид)

  1. «Құтты білік» дастанында айтылған ойларға тоқталсақ. (Күнсұлу)

»Құтты білік» дастаны түркі тілді туысқан халықтардың бізге келіп жеткен дүниежүзілік мәнге ие бірден-бір жазба әдеби ескерткіші, ХІ ғасырға дейінгі жазба әдеби тілдің даму жолдарын білдіре алатын асыл мұраларының бірі.

Жүсіп өз заманындағы ғылым саласымен толық танысып кемелденген шағында »Құтты білік» тәрізді классикалық шығармасын жазуға бет бұрды. Араб, парсы тілдерін жақсы білумен бірге өз ана тілін де терең меңгеріп, бар байлығын бойына дарытқан Жүсіп ана тілінің көркемдік қуатын әлемге таныту бағытын ұстады. өз тілін менсінбей араб, парсы тілінде сөйлеу, шығарма жазу сияқты сырттан таңылған қорлық салты үстем кезде өз ана тілінде көркем шығарма жазу дәстүрін қалыптастырып кетуі — соның тарихи айғағы.

»Құтты білік» — ХІ ғасырға дейінгі түркі тілді халықтардың қоғамдық ой санасында орын алған рухани құбылыстарды тұтас қамтыған энциклопедиялық қуатқа ие көркем туынды.

Ендігі кезекте шығармадан үзінділер оқып, талдап көрейік.

  1. Ақыл, білім, тіл жайында    Самал:

Тәңірі адамдарды жаратты, үздік етті,

Оған өнер, білім, ақыл, ой берді.

Білім берді: адам бұл күндері шырқау биікке көтерілді.

Ақыл берді: осының арқасында шешілмейтін түйін шешілді.

Білімді — биік, ақылды — ұлық деп есепте

Бұл екеуі таңдаулы құлдарын биікке шығарады.

Білімсіз кісілердің барлығы — ауру,

Ауруды емдемесе, адам тез өледі.

Көрікті істердің барлығы да ақылменен істелген,

Бектер бұл дүниеде біліммен ерекше.

Ақыл мен білімнің тілмашы — тіл,

Ердің мерейін көтеретін жүйрік тілді біл.

  1. Сөз әдебі мен тыңдау әдебі туралы Нұржан:

Сөз сөйлеуші жанын қинап тынады,

Тыңдаған жан сергіп, семіріп шығады.

Деген екен көңілі ашық, көрікті ер,

Тіліңді тый, ақылыңа ерік бер.

Көп тыңдаған ой саралар көп біліп,

Көп сөйлеген басын берер көпіріп,

Есті сөзден ғибраттанар құлағың,

Көп мылжыңнан лайланар ой-бұлағың.

Көңіліңдегі айтылмаған сөз алтын,

Шықса, қола болар, нарқын жоғалтып.

3.Білімді мен біліксізді салыстыруы жайлы   Аида:

Біліксіздің тілін тыйған жөн болар,

Білімдінің сөзін жиған жөн болар.

Білімдінің нұрлы сөзі сарқылмас,

Бастауы кең бұлақ көзі тартылмас.

Білімділік – шым бүркеген бір теңіз,

Бұрқырар су аяқ басып жүрсеңіз.

Білімсіздің көңілі – құм, құнсыз шөл,

Тойып бермес, күні-түні құйсын көл.

Бұл ұшқыр, ілгерішіл ойларды  Жүсіп Баласағұни бабамыз осыдан он ғасыр бұрын айтты.

 

І. Кестені толтырыңыз

«Құтты білікте» Қазіргі қолданылып жүрген мақал-мәтелдер
1 Ақыл қайда болса, ұлылық толады,

Білім кімде болса, сол білікті болады.

Білекті бірді жығар,   Ержан

Білімді мыңды жығар.

2 Тірі — өлер, ақыры жер жастанар,

Жақсы кісі өлсе, жақсы ат қалар

Жақсының аты өлмейді,   Ақнұр

Ғалымның хаты өлмейді.

3 Тіліңді бақ, басың аман қалады,

Сөзіңді қысқарт, жасың ұзақ болады.

Басқа пәле – тілден.   Сұлтанбек
4 Есік баққан тіл – арыстан, ашулы,

Сақ болмасаң, жұтар, ерім, басыңды.

Аңдамай сөйлеген ауырмай өлер.

Алдияр

5 Сабыр етсе, кісі өз тілегін табар,

Сабырмен тұрған ер ақ құс тұтар.

Сабыр түбі – сары алтын. Самал
6 Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді,

Сөз қалады, таяқ табы кетеді.

Таяқ еттен өтеді.    Күнсұлу

Сөз сүйектен өтеді,

 

 

ІІ. Үш тағанды нәрсенің беріктігі хақында Күнтуды мен Айтолдының арасындағы әңгімені тыңдап көрелік.

Қасым: -Таң қалғаным бәрінен,

Күміс таққа мінуіңнің мәні не?

Бұл не отырыс? Тағың не? Енді сұрайын.

Бұл не жұмбақ, айтқын, мен де ұғайын.

Екіншіден, пышағы не Еліктің?

Түгел білсем,түгі қалмас, сезіктің.

Үшіншіден, оң жақтағы балың не?

Солыңда – у, білсем деймін бәрін де.

Нұржан: Мен отырған тағым, міне, төрімде,

Үш аяғын көр де тоқы көңілге.

Үш тағанды нәрсе берік, мызғымас,

Үш аяғы тұрғанда ұстап, жылжымас.

Бұл пышақты кім нық тұтса қолына,

Өнер ол да. Сілтер кесел жолына.

Пышақтай мен кесем аршып әр істі,

Кінәліні тауып, білем мәністі.

Бал-шекерді татқан кісі жадырар,

Жаны шат боп, уайым, мұңнан арылар,

У бұйырар қара жүрек кісіге,

Заңнан қашқан зәрін түйіп ішіне.

 

Сұрақ: Үш тағанды нәрсенің беріктігі жайлы ой ел бірлігі, ел бектерінің қасиеттерін саралайтын тарауда қалай көрінеді?

Нұрғұлан:  Тиетін бектерге анық шарапаты,

Үш кісі бар, қызметі – марапаты.

Бірі – дана ғалымдар, зейінділер,

Бірі – хатшы, білсін дер кейінгілер.

Үшіншісі – жүректі ер, батырларың,

Жау десе, жайдай жайпар жасындарың.

Бұл үш түрлі ер бір жеңнен қол шығарса,

Қалған жұртты үйіріп, қоңсыға алса,

Төтен келген жауың да шаба алмайды,

Жазылған тарихыңды ала алмайды.-деп ғұлама халық бірлігінің  беріктігі – ғалымдар, хатшылар, батырлардың қолында екендігін нақтылап жеткізеді.

 

ІІІ. Сұрақ. 1.Шығармада аталған кейіпкерлер атынан нені аңғарамыз?

Меруерт:  Бұл әзіз кітап төрт ұлы ұғым, төрт қымбат қасиеттердің сұхбатынан құралған. Бірі — Әділдік, екіншісі – Дәулет, Үшіншісі – Ақыл, төртіншісі – Қанағат. Олардың әрқайсысына жеке-жеке түркіше ат берген. Әділдікке «Күнтуды Елік» атын беріп, хан орнына қойған. Дәулетке «Айтолды» деген ат беріп, уәзір орнына қойған. Ақылға «Өгдүлмүш» атын беріп, уәзірдің ұлына балаған. Қанағатқа «Одғұрмыш» деп ат беріп, уәзірдің туыс, ағасы деп санаған. Ғұлама өз пікірлерін, ой толғаныстарын солардың арасындағы пікірлесу, сауал-жауап сөздер арқылы әңгімелеп, желілеп жеткізген.

 

ІҮ-1. Басқа мектептерге тапсырма:        (№76-мектеп)

  1. «Құтты біліктің» бауырлас түркі халықтарына ортақ мұра екендігін дәлелдеңіз.

 

Ү. «Құтты білік» түркі халықтары ғана емес, жалпы шығыс әдебиеті үлгілерімен де төркіндес. Осы жайлы кім айтып берер екен?

«Кабуснама», «Құтты білік» еңбектеріндегі үндестік жайлы Бикенсұлу

 

 

ҮІ. Авторларын анықтап, Венн диаграммасын толтырыңыз.   Күнсұлу, Ержан

  1. Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім,

Ер жеткен соң түспеді уысыма

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

  1. Білік біліп, төрден орын аларсың,

Білік білсең, күшті, берік адамсың.

Біліксіз тіл, жүрек неге жарасын,

Жанды судай біліктен кұш табасың.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҮІІ: Сәйкестіру тестісі     Алдияр, Перизат

  1. Кісі көңілі түпсіз терең, ойласаң,

Қорқыт                                          Білім – інжу, түбінде – анық қойма сан.

Кісі інжуді шығармаса теңізден,

Тас не, інжу не, пайдасы не тегінде?!

Әл Фараби                                2.    Таза, мінсіз асыл тас, су түбінде жатады.

Таза, мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас, жел толқытса, шығады.

Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса, шығады.

Жүсіп                                          3. Өрге жүзген өнегелі ісімен,

Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.

Жүргендер көп достық атын малданып,

Алайда тек қалма оған алданып.

Асанқайғы                        4.  Қара есек басына жүген кигізсең де, тұлпар болмас,

Күңге қамқа тон жапсаң да, ханым болмас.

Жапалақ-жапалақ қар жауса, жазға қалмас,

Ескі қамыс біз болмас.

 

 

ҮІІ.Күнтудының Айтолдыға қойған сұрақтарына жауап беру.

 

  1. Қолбасы қандай болу керек? Ардақ

Сөзсіз, бекке қажет мықты қолбасы,

Ұйқы қашып, сассын жаудың ордасы.

     Қолбасыға жігіт керек құрыштай,

Жарқылдаған жалаң өткір қылыштай.

 

  1. Елдің тізгінін кім ұстау керек? Ділда

 

Бірі – уәзір, екіншісі – қолбасы,

Қалам, қылыш екеуінің жолдасы.

Екеуі елді түзеп, қуар наласын,

Біріксе олар, кім үзеді арасын.

 

 

  1. Хажыб қандай болу керек? Аяулым

 

Хажыб ісі – қонақтарды қарсы алу,

Хажыб ісі – заң ісі үшін жан салу.

Кедей, жетім, жесірлерді елесіп,

Бәрін тыңдап, берсін ақыл-кеңесін.

 

  1. Шежіреші қандай болу керек? Рустам

 

Жылнамашы бар сырды білгені жөн,

Бәрін түйіп ішіне жүргені жөн.

Шықпау үшін құпия жиған дерек,

Адал пейіл, қасиет, иман керек.

 

  1. Қызметшілердің хақы қандай болу керек? Бикенсұлу

 

Қызметшімен бектердің қол ұзарар,

Қызметшімен елге билік құра алар.

Бектер ұлық болып туар тегінен,

Қызметші озық боп шығар елінен.

 

ІҮ-2. Басқа мектептерге тапсырма:

  1. «Құтты білік» еңбегін қазақтың жазба әдебиетімен байланыстырыңыз

 

ҮІІІ. Жүсіп Баласағұни мен  мен Абай Құнанбаевтың ұқсастығы   Жәмиля, Самал

  Жүсіп Баласағұни Абай Құнанбаев
1    
2    
3    
4    
5    

 

 

ІХ.      Мұғалім:

¥л-қызыңа үйрет білген білімді

Қолыңа ұстат кеудеңдегі күніңді.

Сонда ұл-қызың адамдықтан таймайды

Көңілі — таза, көзі шоқтай жайнайды».

Балам білім жолын қусын десеңіз,

Бесігіңде-ақ ілім шоғын көсеңіз…

Білім үйрет сәбиіңе сарыла,

Уыздай ұйып, сүттей сіңір қанына!-деген үзіндінің мәнін түсіндіріңдер.

 

 

Жауап:    Нұрғұлан:

»Құтты білік» дастанында үйленудің, ұл-қыз өсірудің қиыншылығы көркем суреттелген. Автордың ойынша, егер ұл-қызың жаман болса, төрдегі басыңды көрге сүйрейді. Ал, өзіңе ұқсап туған жетелі бала сенің түріңді, бет-бейнеңді жоғалтпаумен қатар, туған тіліңді де болашаққа жоғалтпай апарады дегенді айтады.

 

Х. Тест тапсырмасы 

  1. Ежелгі дәуір әдебиетіне тән шығарма.

А. «Құтты білік»

В.* «Алып ерТоңа»

С. «Хикметтер»

  1. Білгенің кім екенін анықта.

А.* Хан

В. Батыр

С. Қолбасшы

  1. Көп нүктенің орнына сәйкес келетін сөзді тап.

… қамқа тон жапсаң да, ханым болмас.

А.  Қызға

В.  Жалшыға

С.* Күңге

  1. Қайдан алынған үзінді екенін анықта.

Есік баққан тіл – арыстан, ашулы,

Сақ болмасаң, жұтар ерім асыңды.

А. Қорқыт ата

В. Жүсіп Баласағұни

С. Ахмет Яссауи

  1. Жүсіп Баласағұнидің өмірге келген жылы.

А. 1021ж

В. 1022ж

С. 1023ж

  1. Жүсіп Баласғұни «Құтты білік» дастанын кімге арнап жазды?

А. Боғра ханға

В. Білге қағанға

С. Оғыз қағанға

  1. Толықтыр.

«Құтты білік»   …  тілінде жазылған.

А. Араб

В. Парсы

С. Түркі

 

ХІ. Мұғалімнің қорытынды сөзі: «Құтты білік» еңбегі  оқу-тәрбие ісінде балғын жастың табиғатын түсінуге жетелейді. Баланың ақыл-есінің, мінез-құлқының ерекшеліктерін еске алмайтын, олардың бәрін бір қалыпқа сыйғызу тәжірибесінен аулақ болуға шақырады. Ұлы ойшылдың салихалы педагогикалық пайымдаулары ұрпақ тәрбиелеуде әркез есте ұстайтын тағылымдар екендігі сөзсіз.

«Қанша білсең, ізден тағы, тағы да,
Білікті адам жетер тілек, бағына»,-
деп өзі айтқандай, ғұлама Баласағұни сіз бен бізді ойландырар небір даналық тұжырымдары мен сөз маржандарын соңына қалдырып кетті. Кейінгі ұрпақ керегінше өз қоғамдарында қолдансын, пайдаларына жаратсын деп аманат етіп кетті.

 

Назарларыңызға рахмет!