С. Сейфуллин „Сыр сандық” өлеңі

350

САБАҚТЫҢ ТАҚЫРЫБЫ:  С. Сейфуллин „Сыр сандық” өлеңі.

ІІ. САБАҚТЫҢ МАҚСАТЫ:  Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жайлы түсініктерін кеңейту, өлеңнің тақырыбы мен идеясын ашу арқылы сөз өнерінің құпия сырын таныту.
ІІІ. САБАҚТЫҢ МІНДЕТТЕРІ: 1. Мәтінмен жұмыс жасай отырып «Сыр сандық» өлеңінің мазмұнын меңгерту;

  1. Өлең мәтіні арқылы оқушылардың адамгершілік қасиеттерінің көзін аша отырып, рухани бағдар беру;
  2. Оқушының тіл байлығы мен дүниетанымын дамытып, шығармашылық қабілеттерін ұштау.

ІV. САБАҚТЫҢ ТҮРІ: жаңа білім беру.

  1. САБАҚТЫҢ ӘДІСІ: сұрақ- жауап, сын тұрғысынан ойлау технологиясының элементтері, т.б.

VІ. САБАҚТЫҢ ФОРМАСЫ: топпен, жеке оқушымен.

VІІ. САБАҚТЫҢ КӨРНЕКІЛІГІ: АКТ, бейнетаспа, флипчарт,

А. Башлаковтың «My TestX Setup» бағдарламасы.

VІІІ. ПӘНАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС: тарих, музыка.

ІХ. КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕ: Сәкен Сейфуллиннің өмірінен үлгі алады, адал достық пен жалған достықтың ара жігін ажырата алады, сөз өнерінің құдіретін түсінеді.

САБАҚТЫҢ БАРЫСЫ:

І. Ұйымдастыру кезеңі:

а) Сәлемдесу (шаттық шеңбері);

б) Сынып оқушыларын түгелдеу;

в) Оқушылар назарын сабаққа аудару.

ІІ. Үй тапсырмасына шолу

а) Мағжан Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңі;

ә) «Туған жер», «Ана», «Менің Отаным- Қазақстан» тақырыптарына өлеңмен, көркем сөзбен шағын шығарма жазу;

б) Үй тапсырмасын бекіту.

ІІІ. Жаңа сабақ

Иә, тәуелсіздік, еркіндік – ежелден ел тілегі. Тәуелсіздік  халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресі, тарихтың нәтижесі.

Бүгінгі Қазақстан — әлем назарында, өзінің болашағынан үлкен үміт  күттіретін жері бай, халқы бай ел.

 

Бүгінгі тәуелсіздікке халқымыз оңайлықпен жеткен жоқ. Ата – бабамыз өз жерін, Отанын, халқын қорғаймын деп талай тарихи оқиғаларды бастарынан кешірді.

1466 жылы қазақ хандығы құрылды. Хандықтың іргесін қалаған қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек.

1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыда», Жоңғарлармен болған соғыста

бір миллион адамнан, яғни, сол кездегі халықтың 40 пайызынан айрылды. Адамдар мал мүлкін тастап, өлімнен қашты.

1916 жылғы ұлт – азаттық көтеріліс пен 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері кезінде шаруашылық күйзеліске ұшырағандықтан  950 мың қазақ ашаршылыққа ұшырап апат болса, 300 мың қазақ отбасы елден кетуге мәжбүр  болды.

1918 жылы Қазақстанда Кеңес үкіметі құрылды.

1937 жылы қазақ халқының зиялы қауымының өкілдері қуғын-сүргінге  ұшырап, халқым, елім деп жүріп «халық жауы» атанды. Олардың  105 мыңы абақтыға жабылып, 27 мыңнан астамы атылды

Қазақ халқының ең соңғы өліп – тірілуі – біздің халқымыздың қайғы- қасыретіне, сонымен бірге мақтанышына айналған 1986 жылғы  Желтоқсан оқиғасы.

Қарақшы қалт етпес сақ па екен,

Қамығып қалды ғой шат мекен.

Ақ иық ақ сұңқар Сәкенді?

Қай жендет жасқанбай атты екен?- деп ақын жырлағандай бүгінгі сабағымыз дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің рухына арналады.

Бүгінгі сабақта сіздерді үш топқа бөлемін және топ аттарын таңдап аламыз  («Оқжетпес», «Жұмбақтас», «Көкшетау»).

Заманның ағымына қарай ой-пікірді ашық, дәлелді нақты сөйлеу XXI ғасырдың жастарының міндеті.

Олай болса, сабағымызды бастамас бұрын «Алтын ережемізді» қабылдап алайық.

Өмірде жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сия алмайтын.
«Қазағың кәне?»- десе, «Мінеки!»- деп
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын,- деп ақын Сырбай Мәуленов жырлаған Сәкен кім? Құлақ түрейік.

Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы электронды оқулықтан тыңдату.

Сәкеннің тағдыры жайында ел ішінде алыпқашпа әңгімелер өте көп. Ендеше кезекті мектебіміздің тарих пәнінің мұғалімі Алма Сайлауқызына берейік.

– Осындай сырты сұлу жанның іші де сұлу. Ішкі жан сұлулығынан
шыққан өлеңдерінің бірі – «Сыр сандық».
Балалар, жан сұлулығы дегенді қалай түсінесіңдер?
Өлеңнің тақырыбын ашайық.
«Сыр сандық » сөзінің мағынасын ашайық.
«Сыр» деген не?
«Сандық» деген не? Оған қандай заттар саламыз?

Ал, «адамның сыр сандығы» дегенді қалай түсінесіңдер?
Олай болса, Сәкен ағаның айтайын деген сыр сандығы адамның ішкі құпиясы, жан дүниесі екен (түсіндірме сөздікпен жұмыс).

Өлеңнің негізгі мазмұны туралы мұғалім сөзі:

Бұл «Сыр сандық» өлеңі 1926 жылы жазылған. Ақын өлеңін «Досқа жазылған хат» деп атаған. Өлең ақын өміріндегі 1923 жылы Қызылжар қаласында болған жағдайға байланысты туған. Халық комиссары Сәкенді бір сапарында вокзалдан күткен досы Шәріпжан Тотаев аяғын сындырып алады. Бірақ кейінгі тағы бір кездесуде Сәкенді танымайды,шақыртқанына келмепті.Сонда көңілі қалған Сәкен ақын: «Үлкен шенділерге табынғыш, жарамсақ. Былтыр күтіп, аяғын сындырған доссымағым ұлық болсам шырқ айналар соқыр тауық болғаны ма?» дегенді ойлапты.Әрине,бұл дерек фил.ғыл.докторы Сәйділ Талжановтың Сәкен туралы естеліктерінде осылай сақталынған (электронды оқулықтан тыңдату).

«Сыр сандық» өлеңін мәнерлеп оқу. Сынып оқушылары топпен жұмыс жасайды. Әр топ өлеңді композициялық, сюжеттік құрылымына сәйкес оқып, мазмұндайды. Топ мүшелері толықтырады.  (Өлеңді топтың оқу жүйесі: І топ- 1,2, 3,4;  ІІ топ- 5,6,7,8,9,10,11;  ІІІ топ- 12,13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21 шумақтары).

     І топтың жауабы: Жалған достар қолыңда жемің болса,сені шырқ айналып,қасыңнан кетпейді. Ал қолыңнан билік кетсе, жемің таусылса,ол жалт береді. Ол дос емес, жалған дос. Нағыз достар сырын ақтарып,бірін-бірі ұғынып,сыр түйінін берік сақтайды. Ондай достардың жан сарайы, жүрегі- берік қойма тәрізді. Оны ақтаруға кез- келгеннің қолы жете бермейді. Тек достың досы ғана ақтара алады.

ІІ топтың жауабы: Сәкен де сағына сырласатын нағыз дос іздейді. Шын досының   ішкі сырын мысал етіп жырлайтынын ескертеді. Ақын досының ішкі сырын Сарыарқаның биік шыңдарына ,оның қалың нулы орманы,мұз бұлақтары мен табиғи байлығына теңейді. Меніңше, бұл суреттеме- досының жан дүниесі.

 ІІІ топтың жауабы: Сол тауда биік шың бар, шың басында қойма бар, онда қымбат жасау бар, сол асыл бұйым, ғажап перне, сен оның кілтін тауып аш та,сым пернені басып қара, дұрыс бассаң ғана сырын ақтара аласың. Ақынның суреттеген қоймасы- досының жан дүниесі, жүрегі. Адамның жүрегі- алтын қойма, оның жайын сезе білетіндер ғана кілтін тауып аша алады.  Ол- шынайы досың, жаныңды  ұғатын жан.

Сәкен бұл өлеңінде шынайы адал достықты тілге тиек еткен. Өмір, достық туралы терең толғанған ақынның жаны таза, ешкімге қиянаты жоқ. Адалдық  пен  арамдық, мансап пен ар-ұждан, достық пен қастықтың ара жігін аша жазып,адам үшін құнды  байлық-достықты жырлайды. Дос көңілін шыңдағы қоймаға,алтын сарайға балайды. Лирикалық кейіпкер ақынның өзі достық сезімін құзды шыңға,нулы шатқалға, мөлдір суға, қымбат жасауға ұқсатады. Жанама, жағымсыз достарды қаламайды. Алтын сарай- шын достыққа нағыз дос ие болады дегенді айтады. Сұлу пернелер-адам бойындағы  жақсы, жағымды қасиеттер. Адамдағы асыл қасиеттер шын достыққа  жеткізетінін ақын тебірене жырлайды.

Өлеңді әдебиет теориясы бойынша сатылы кешенді талдау.

Ітоп: Өлеңнің тақырыбын, идеясын, жанрын анықтайды;

ІІ топ: Өлеңді құрылысына қарай талдайды;

ІІІ топ: Өлеңнің тіліне талдау жасап, сөз айшықтарын табады.

«Сыр сандық» өлеңі    СКТ:

 

 

1.Авторы: С. Сейфуллин 1894-1938 жылдары

өмір сүрген ақын, қоғам қайраткері;

2.Тақырыбы: Адал достық пен жанама достық;

  1. Идеясы: Адамгершілік асыл қасиеттерді дәріптеу,

адалдыққа, шынайылыққа үндеу;

  1. Жанр түрі: Лирика (көңіл- күй лирикасы);

Лирикалық кейіпкер: ақынның өзі;

  1. Шумақ саны: 21;
  2. Тармақ саны: 84;
  3. Бунақ саны: 2;
  4. Буын саны: 7- 8 буынды;
  5. Ұйқас түрі: шалыс ұйқас;
  6. Әдеби- теориялық ұғымдар: Троп- сөзді құбылту.

а) Эпитет: Нағыз дос, сымбатты тау, құзды шат, аққан су, сылдыраған

бұлақ, шың басы, алтын жазу, қымбат жасау, асыл сым,алтын сарай, сұлу

сым, мұз бұлақ, берік қойма, т.б.

ә) Омоним, көп мағыналы сөздер: қол, кілті, беті, жасау, т.б.

    б) Еспе қайталау:

Сыр сандықты ашып қара, ашып қара, сырласым,

Сым пернені басып қара, басып қара, жырласын.

в) Түсіндірме сөздік: сыр- әркімнің өзіне тән, өзгеге белгісіз ойы;

сандық- әр түрлі бұйым салуға арналған, ағаштан жасалған үй жиһазы;

зеңгір құз- биік жартас, тұңғиық шыңырау.

ІV. Сергіту сәті.

  1. Тақтамен жұмыс. Тірек- сызба, мақал- мәтелдің жалғасын табу.

VІ. Бекіту. Тест тапсырмасы.

  1. Сәкен басқарған журналдың аты

а) «Әдебиет майданы»   ә) «Айқап»   б) «Абай»

  1. Сәкеннің шын есімі?

а) Ибраһим    ә) Мұхамедханафия   б) Сәдуақас

  1. Сәкен достық туралы қай өлеңінде жазды?

а) «Тұлпарым»     ә) «Сыр сандық»    б) «Далада»

4.Сәкентанушы ғалым кім?

а)Т. Кәкішов           ә) С. Қирабаев        б) А. Байтұрсынов

  1. Сәкеннің туған жерін ата?

а)Жетісу өңірі     ә) Ақмола облысы    б) Павлодар облысы

  1. Сәкен Сейфуллин қашан ақталды?

а) 1917 жылы     ә) 1980 жылы     б) 1956 жылы

  1. Сәкен Сейфуллин кім?

а) Лирик ақын, композитор.

ә) Суретші, ғалым.

б) Күйші, педагог.

  1. Сәкеннің өлеңдер жинағын ата.

а) «Өткен күндер»   ә) «Шолпан»  б) «Оян, қазақ!»

  1. Сәкеннің анасының аты кім?

а) Гүлбаһрам  ә) Жамал    б) Дәмеш

  1. Үш бәйтеректі ата

а) Абай, Шоқан, Ыбырай  ә) Ахмет, Мағжан, Міржақып  б) Сәкен, Ілияс, Бейімбет

  1. «Мен таныған Сәкен Сейфуллин Қазақстанның бір бөлшегі сияқты». Кімнің сөзі?

а) Б. Кенжебаев    ә) С. Қирабаев    б) Г. Серебрякова

 

VІІ. Қорытынды:

«Сыр сандық» өлеңі ой мен сезім терең қабысқан, өмір, достық, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан туған шығарма.
Ақын тек өз жайын, өз басының мұңын, өзінің арманын ғана айтып отырған жоқ, жалпы адамзатты толғандыратын, жалпы адам баласын ойландыратын құндылықтарды жырлап отыр.
«Кімге обалым, айтыңдаршы
Қаным қайда төгілген?
Ат деген кім? Атқан қайсың?
Қабірім қайда өрілген».
Бұл- Сәкен ағаның даусы. Өкінішке орай, бұл сұраққа алдыңғы толқын аға ұрпақ та, кейінгі толқын біз де жауап бере… алмаймыз!…Бірақ, бір нәрсе анық. Нақақтан күйіп кеткен Сәкендей асыл ағаларымыздың обалы – «басыңа бұлт төнсе» іздеп таба алмайтын «көлеңке- доссымақтарда». Олардың бойында оянбай қалған адамдық қасиеттеріне тамызық болып ояту – біздің азаматтық парызымыз. Осы жолда пана болар, алдымызға салар ағамыз бар.
Ол – қалың заңғар, құзды шатқа жарасқан тіп-тік шыңдай тәні де сұлу, жаны да сұлу, Сәкен аға, Сізсіз!

Бүгінгі сабақта Сәкен ақын ғана емес, сазгер екенін де айта келіп, «Тау ішінде», «Көкшетау», «Біздің жақта», «Ақсақ киік» т.б. әндері бар екенін естеріңізге салайын. Сабақ соңын сыршыл ақын Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен аяқтасақ.

    Ән: «Тау ішінде».

VІІ. Үйге тапсырма:

VІІІ. Бағалау. (Үш бағаның қорытындысы бойынша).