Б. Момышұлы мұрасы және қазақтың ұлттық философиясы

Б.  Момышұлы  мұрасы   және  қазақтың  ұлттық  философиясы

Елдік пен ерлік ұғымдары егіз ! Елім деп еңіреген ерлер ешқашан ұмытылмаса керек!

Қазақтың батырлық көрсеткен жігіттері аз болған жоқ,намыскер , қайратты, өжет баласы осындай сұрапыл соғыста сыннан сүрінбей, зор абырой , атақ алып өтті ғой.Ерлік көрсеткен ер азаматтарымыздың ішінен ерекше бөлініп,өзіміздің жақын қамқор тау тұлғамызға-Бауыржан атамызға айрықша баға беруіміз керек.Оның майдандағы ұрыс үстіндегі ерлігі, командирлік басшылық істері,әрине, көпшілікті сүйсіндіреді. Бірақ , ондай қасиет көпшіліктің бойында кездеседі,олай болса басқаларда болмайтын, қайталамайтын өзіндік, даралық қасиет қайсы? Зерттеген , білген замандастардың, жазылған хаттардың бәрі де бір жайды анықтап отырады. Ол қатал  қайрат   иесі деген сияқты. Мен осындай адамдарды әр уақыт өткен тарихымыздан ғана тауып отырғандаймын.Қатал қайрат иесі адамдар деп тек өжет, мықты батырлар емес, ақылы,айласы қайратына сүйеу болып отыратын, қиын –қыстау күндерде,қырғын соғыс үстінде елі –жұртын,әскерін тас қамау ,тар асулардан абыржымай алып шыққан қолбасы -Бауыржан Момышұлы. Ол ел-жұртын басқалардан артықша жан-тәнімен сүйетін,нағыз халқының патриоты болды.Қазақ жауынгерлерінің жаудың қабырғасын қаусатып ,сұрапыл жылдарда ерліктері дүние жүзіне танылып, даңқ- атағы өрлей беруіне басшылық жасап ,өшпес мұра қалдырған Бауыржан екені бәрімізге мәлім. Адамзат бақыты, туған елі үшін ата жаумен жан аямай арпалысқан қаһарман перзенттерін халық шексіз сүйіп , құрмет тұтады,мәңгілік есте сақтайды. Өрліктің, ерліктің ерен үлгісі болған Бауыржан Момышұлы дәл сондай тұлға еді.

Момышұлы Бауыржан (1910-1982) – қазақ халқының аты аңызға айналған атақты ұлы ,екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы.

Туған жері Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені.Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады.

«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде

Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде(2.617-б)»,-деп батырдың өзі жырлағандай, біз оның асыл қазыналарын бүгінгі күнге дейін мәнін ұқпай келеміз.

Бауыржанның асыл еңбектерінің қадірін білу үшін, алдымен батырды танып білуіміз керек.

Бауыржан Момышұлы-құбылыс.Кезінде өзіміздің асылымыздың баға жетпес асыл мұраларының бағасына жете алмадық. ӘуеліБауыржанды танытқан Панфилов, ең ақыры А.Бектің атасы шоқынған қазақ Қойшыбек екен,демек сол шоқынғанның ұрпағы Александр бүйрегі бұрып, қаны тартып Бауыржанды «Волокаламск тас жолы» кітабымен дүние жүзіне танытқан.Адам ең алдымен,кен-Бауыржан , кенші- Панфилов пенА.Бек екенін білу парыз.  Пайдалы қазба оңайлықпен табылмайтынын бұл екеуі де Бауыржанның тегін адам еместігін түсініп, оны таныды. Олар Бауыржанмен даңққа бөленіп,әлемге мәшһүр болды.

1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен, Бауыржан даңқты генерал майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман сау алып шығады. Москва түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А.Бек «Волоколамск тас жолы» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.

      Б.Момышұлы аса зор талантының арқасында И. В.Панфиловтың сенімінен шығып,үмітін ақтап даңқты қолбасыға айналды. Асау даланың дарабозы білімі мен ұшан теңіз тәжірибесінің арқасында маршал , армия генералы И.Х. Баграмянның соғыс жоспарындағы қателіктерді табады. Сол себепті Жоғарғы Командирование Ставкасының өкілі Василевскийдің ұйғарымымен дивизия командирі,яғни түменбасы болып тағайындалады.Бұл қызметті де өте жақсы атқарады.

Соғыс біткеннен кейін 125 адамды Жоғарғы әскери академияға оқуға өзге ұлт өкілдерінің ішінде исі түркі халықтарынан жалғыз Б. Момышұлы қабылданып, үздік оқып, 1948 жылы «жақсы» деген бағамен Б №256421 дипломын алып бітіреді . Соғыстан кейін Бауыржан Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери педагогикалық жұмыспен айналысып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.

    Әлем халықтары Бауыржан мұраларын ,еңбектерін, көркем әдеби шығармаларын және батырдан қалған өсиетнамаларын , философиясын жоғары бағалайды.Міне осындай еңбектері мен соғыс кезіндегі теңдесі жоқ ерліктері Бауыржан атамызды

ХХ ғасырда нағыз сауатты әскери маман , даңқты қолбасшы етті.

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде әскери тақырыптың негізін қалаған жазушылардың бірі де бірегейі –Б. Момышұлы.

Б. Момышұлы өзінің әскери өмірге арнаған қызмет жолдарында сол кездегі өкімет басшыларының көпшілігінен еш алғыс та, қолдау да көрмейді. Оның көзінің тірісінде  Совет Одағының Батыры атағын ала алмауы осының дәлелі. Оның ұстазы И.М. Чистяковқа жазған хатында «… Вы меня знаете –дело не в карьере, а в справедливом и достойном отношении ко мне как советскому офицеру..» (2) дей келіп,  Ресейден , Қазақстандағы     әскери   комиссарлықтан     үміт    үзіп,   соғыстан  кейінгі уақытта өкіметке пайдасыз, қажеті жоқ  тұлға болып шыққанына налиды. Оның үстіне  1956 жылы оқытушылық қызметтен босауы қайсар рухты Бауыржанға өте ауыр тиеді.

Сындарлы сұрапыл жылдары қол бастаған батыр өмірден түңілмей, шаршы топта сөз бастаған жазушыға айналады.

Бауыржан Момышұлы өзінің жазушылыққа бет бұруына  түрткі болған себеп адамгершілік парызды  сезіну  болғандығын айтады. «Өзім көрген асыл азаматтар  өнегесі, өз тәжірибемді өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі етіп қалдыруды адамгершілік парызым деп білдім»- дейді батыр ағамыз.

Қатардағы жауынгерлермен бірге майданның ыстық суығына бірге төзген Бауыржан Момышұлы: «Ұрыс-соғыста адамға тән барлық: жоғарғы және төменгі қасиеттер барынша ашылып  көрінеді. Жоғарғы сезімдер: парыз, адамгершілік, ерлік, батырлық, қаһармандық, адалдық, т.б. Ал төменгі сезімдер: опасыздық, ұждансыздық, үрей, қорқыныш, шошу, т.б.» дейді. Бауыржан шығармалары  адамдардың соғыс үстіндегі, қиын, сын сағатты кезінде әрекет-қимылдарын суреттейді. Жаңа заманның жаңалықтары  арқасында шолжаң өскен ұрпақ үшін бұл шығармалармен таныс болудың  маңызы зор болар еді. Мұндағы,  жеке тұлғалардың (типтік бейне ретінде алынған), жұмыла әрекет еткен адамдардың ерлік іс-қимылдарының өнегелік мәні айрықша. Бауыржан өзінің шығармаларында батыр жандардың көп иірімді мінез-құлқын көрсетуде мінездеудің алуан түрлі жолдарын, диалог, монолог, портрет, психологизмді кеңінен қолданған. Осы тәсілдер арқылы жазушы кейіпкерлерінің ішкі әлеміне ене отырып, адамның жан дүниесінің сипатын көрсетеді.

Б. Момышұлы өзі жазып қалдырғандай , соғыс біткенен  кейін қолжазбаларына, күнделіктеріне қайта үңіліп, сарғайған сырлы ,шежірелі тарихилығымен қатар пәлсапалық, тәрбиелік мәні зор шығармаларын өндіре жазады

1941 жылғы соғыстың басталуымен тығыз байланысты  Москва қаласының түбінде болған ұрыстарды суреттейтін шығармасы-«Москва үшін шайқас» романы еді. Роман оқиғасы  қою , тілі орамды , оқырманды өзіне тартатын бірнеше әңгімелердің жиынтығынан тұрады.

Қалың оқырман қауымының көңілінен шыққан туынды бізге несімен құнды ?-деген сұрақ туындары орынды. Меніңше, дүниені дүр сілкіндірген қанқұйлы соғыс жылдарын өз көзімен көріп,басынан өткізген жауынгер — жазушы  соғыстан соң еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан елге тарихи шындықты сол қалпында жайып салуында.Міне ,шындықты ту еткен Бауыржан өз мақсатына жетті. Шығарма кейіпкерлері – осы соғыста қаза тапқандар мен соғыстан кейін елге оралғандар, яғии қан майданды көзімен көргендер. Туындының құндылығы- шығарманың авторы мен кейіпкелерінің халық арасында жүруі оқырманды өзіне тартты. Келесі бір ерекшелік кешегі, бүгінгі жас буын өкілдері романдағы Отанды қорғау жолында қасық қаны қалғанша күресіп, ерлікпен қаза тапқан кейіпкелердей болуға ұмтылды. Халқымыздың қаһарман перзенті Б.Момышұлының қос томдығында «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Моква үшін шайқас» деп аталатын туындылары қамтылған. Бұл шығармалар  өскелең жас ұрпақты ерлікке , адалдыққа , батырлыққа баулуда тәрбие құралы болған қайталанбас асыл мұралар.Қазақстан өз алдына тәуелсіздік алып, қазақ тілі мемлекеттік тіл болды. Баба тіліміз , яғни ана тіліміздің мәртебесі биіктеді . Осы орайда даңқты батыр, әскери жазушы Б.Момышұлының 1944 жылдың басында ҚазКП Орталық комитетінің идеология хатшысы М.Әбдіхалықовқа жазған «Қазақ тілі туралы пікір» деп аталатын хаты ойға оралады.

Б.Момышұлын осынша толғандырған не нәрсе десеңіз, ол ана тілінің сол кездегі жайы мен болашақ тағдыры екені анық болып шықты. Б.Момышұлы қазақ тілінің қолданылу аясының тарыла бастағанына  өмірден өзі көрген 8 түрлі дәлел келтіріп, бұл кемшілікті дұрыстау бағытында өз тарапынан 9 түрлі ұсыныс енгізеді.

Сыншы ана тілінің мәртебесін лайықты орнына қоя алмауда бірінші кінәлі- ұлттың оқымыстылары деп мінейді. Өйткені мәдениетті елдердің бәрінде де ұлт зиялылары ана тілінің тазалығы мен тағдырын қолында ұстап келеді.

«Қазақ тілі туралы пікір» дейтін мақала хатында кемшіліктерді түзету бағытында 8түрлі ұсыныс айтады:

1)«қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналып, өз орнына , төрге шығарылып отырғызылуы»(1.106) керек;

2)ақпарат құралдарын басып кеткен , тіпті әдебиетті де бүлдіре бастаған шұбар тілдерге тыйым салу;

3)қазақ тілін үкімет, кеңсе,оқу мен білім,өндіріс,өнеркәсіп тіліне айналдыру;

4)газет,радио,әсіресе,«Социалистік Қазақстан» газеті «Правда» газетіне ұқсап,тіл тазалығы жағынан басқаларға үлгі болу керек;

5) барлық оқу орындарында қазақ тілі , қазақ әдебиеті,қазақ тарихы міндетті сабақ болуы тиіс;

6) «барлық қазақ балалары,қыз балалары әкімшілік ретінде қазақ мектептеріне көшіріліп, алдымн ана тілінде ғылым алатын болу керек.Он шақты жылдардан кейін жас қазақтарға, қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы масқаралық болады» (1.107);

7) «барлық қазақ тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта шығарылып, шүршіттіктен тазаланып, елгезермен елегендей , қоқсық-құрымнан мүлде арылу керек» (1.107);

8)шет тілдерден енген сөздердің тілдік қорымызда бар баламалары айналымға түсіріліп, жоқтары жүйеге келтірілуі керек.

ХХ ғасырда өзінің есімін қазақ тілінің  тағдырымен байланыстырған екі адам болса , соның біріншісі- А.Байтұрсынұлы , екіншісі- Б. Момышұлы, қазіргі жанашырлары- Н.Ә.Назарбаев, М.Шаханұлы т.б. зиялы қауым өкілдері десек ақиқат шындық болары сөзсіз.

Б.Момышұлының қазақ тілінің хал-жағдайына, болашағына алаңдап, елдің басшы азаматтарына хат жазуы- аса көрегендік әрі бүгінде маңызын жоймаған өткір пікір. Бұл асыл мұрасына қарап, оны ұлт жанашыры,әдебиет сыншысы,ұлт тілін ұлықтаған ғалым деуге болады.

Қазақ сан қырлы санаткері, даңқты қолбасшысы , патриот жазушысы Б. Момышұлы шабандоз, ат бапкері болғандығын бүгінгі ұрпақ біле бермейді.

Қазақ халқының салт- дәстүрінен сусындап өскен Бауыржан Қамбар атаның  тұлпарын қалай жан жүрегімен түсінді десеңші! «Батареяға берілген көп жылқының ішінен мен өзіме сүттей аппақ, сүліктей жіңішке, екі құлағы тас төбесіне шаншылған, қаракөз атты таңдап алдым» («Ақиқат пен аңыз»роман-диалог, 201-бет, Ә.Нұршайықов ).

Бауыржанның «Әскер аты»(«Бауыржан — батыр»,1991ж, 15-б.) өлеңінен аттың сынын өте жақсы білетіндігін көреміз.  Бұл өлең Абайдың «Аттың сыны»өлеңіне анықтама іспетті.

Тік аяқ, бура санды, құйма тұяқ ,

Кең маңдай , етсіз жақты, қамыс құлақ.

Омыраулы, жібек жалды, сағақ мойын,

Бұлшық етті, сауырсын, артық талмақ.

Абайда:

Шоқпардай кекілі бар , қамыс құлақ,

Қой мойынды , қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды.

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

Абай аттың сынына сегіз шумақ арнайды. Бауыржан әрбір екі  шумаққа бір-бір шумақпен анықтама береді.

Бауыржан аттың тек сыртынан қиялмен қызықтамайды,ол ат үстіндегі ойындардың шебері және ат баптаудың да үлкен маманы болған.

Осы қасиетіне қарап, халқымыздың және Қызыл армияның ат спортының шабандозы, Толыбай мен Абайдай ат сыншысы және нағыз хас ат бапкері болғандығын аңғарамыз.

Бауыржан — өз ортасының жемісі. Оның өмір сүрген,  тәрбиеленген кезі сан қырлы болса, Бауыржан да сан қырлы адам болып қалыптасқан. Ол кезде орта бірыңғай жақсылыққа тола болды деп айту қиын. Онда да  қайшылықтары мен қиыншылықтары көп болды.  Бауыржан оны да естеліктерінде назардан тыс қалдырмайды.    Оның мірдің оғындай қанатты сөздері де халық аузында жүр.

Өзінің майдандас достарының ерлігін мақтан етеді. Ерлікке шақыру идеясы бейнеленген Бауыржан шығармалары аз емес.  Отан соғысының атағы жер жарған қаһарманы әрі әйгілі қолбасшысы, қазақ халқының дана да батыр перзенті Б. Момышұлының даналық ойлары:

«Отан үшін отқа түс ,- күймейсің! Соғыс ұзақ жылдарға Оанның тағдырын , соғысып  жатқан халықтың тағдырын шешеді. Халық өлмейді.  Соғыс –халықтың күш қуатын,ерлік- жігерін сынайтын ұлы емтихан.Соғыстың мәңгілік тақырыбы қасиетті төгілген қан болып қала береді. Ерлік –тәрбие жемісі.Опасызда Отан жоқ. Отанда опасызға орын жоқ.Ұлттық мақтаныш- сол ұлттың адамы үшін қасиетті әрі бұзылмас заң. Тәуекелсіз-жеңіс жоқ. »           Бауыржан ерлікті мысал етіп қоймай, сонымен қатар, сол ерлікті жасаған жауынгерлер мен офицерлердің әрекеттерін суреттеп, дәріптейді. «Өмірдің рахатын надан ғана көреді, азабы болса ердің сыбағасы» — деп ата бабаларымыз айтып кеткендей соғыс кезінде, Отан үшін азап көріп, борыштарын қанмен жуып, майдан алаңында жантәсілім еткен, ананың ақ сүтін ақтаған адал жолдастарымыз да көп – ақ еді. Олардың істері, төккен қандары болашаққа игілікті, нұрлы жауындай төгіледі. «Бүгінгі гүлдер солар болмаса өсер ме еді?» — деп соғыс кезінде жанын аямастан жаумен арпалысқандар алдында бас иеді.

Тәртіп –адамдардың қоғамдағы келісімді іс-қимылын реттейтін тетік. Тәртіп- әдептің бір түрі. Бауыржан атамыздың тәрбие туралы ұлағат сөздері.: «Тәрбиелі – тәртіптің құлы. Тәртіпті – елдің ұлы.  Тәртіпке бас иген құл болмайды, Тәртіпсіз ер болмайды. Тәртіп-тән үшін, ынтымақ- жан үшін керек. Тәртіп – жауынгердің бірінші қаруы. Тәрбие адам бойында жақсы мінез-құлық қалыптастырады. Парызды түсіну ар-ұят деп айтылады. Ар-парыздың бақылаушысы, адам қызметін реттеп отырушы. Шындық ақиқатты түсіндіруші.Өтірік- барып тұрған зиянды у» Тәртіпсіздік ұрығы көктеп, тамыр жайса, одан жеке адам да ,ұжым мен қоғам да, мемлекет те ел де қатты зардап шегетінін атап көрсеткен.

Батырдан қалған  өсетнамада ұлттық рух туралы: « Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм-бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті. Ұлтшылдықтың негізінде басқа халықтарға өзін қарсы қоюшылық , антогонизм жатады, ал ұлттық рухтың табиғатына өз халқына деген сүйіспеншілік арқылы басқа халықтарды сүю мен құрметтеу тән. Ұлттық рух ұлы адамның және тұтастай алғанда ұлттың асыл қасиеті. »т.б сөздерінің мәні зор.

Білім, өнер салаларына байланысты философиялық ойлары: «Әдебиет, музыка,живопись-барлық ұлы да тамаша нәрселерді нақты бейнелейді, ол ата-бабаларымыздың даналық сөздері мен олардың еңбектері-өмірді танудағы нақты, күшті, мықты құрал, күрестің қаруы болып табылады. Тіл байлығы, тілтазалығы-ұлт қасиетінің ,салт- санасының негізгі өнеге,нағыз басты белгісі. Ана тілін сүймегендік , білмегендік ,ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудырады.  Сауатсыз жазушының кейіпкері надан болып шығады.»

Менің ұсынысым төмендегідей:

Бауыржантанудың өзекті мәселелері көп. Ол ұзақ мерзімге бағытталған , әрдайым жаңарып отыратын ғылым .Әр ұрпақтың Бауыржан жөнінде айтқан пәлсапалық ойларын естелік жинақ етіп шығарылса;

Әр облыс аумағында Б.Момышұлы мұражайы ашылса;

Қызылорда облысында  Үлкен алея ашылып , ескерткіш мүсіні қойылса.

Ерлік ісі қалың жұртпен дәріптелетін Баукеңнің өмір жолы бейнеленген бұл шығармалар кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етерлік нәрсеге толы. Сондықтан, Момышұлы шығармаларының қазақ әдебиетінен, жалпы қазақ халқы тарихынан алатын орны ерекше болып табылады. Б.Момышұлының мұрасы және қазақтың ұлттық философиясын жинақтаса , халқымыздың батыр ұлының абыздық қырын аша түседі. Бауыржан бірнеше орден, медальдермен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алды. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Б.Момышұлы. Екі томдық шығармалар жинағы.Алматы, 2003.
    1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. Алматы, 1999.
    2. «Бауыржан батыр».Құрастырған М.Мырзахметов.Алматы, 1991.
    3. «Ақиқат пен аңыз»роман – диалог . Авторы :Ә.Нұршайықов.
    4. «Қазақ әдебиеті» газеті.  1993ж 23. 04.