Фариза Оңғарсынова «Оюлар»

43

Қасабаева Бақытгүл Қизатқызы

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

№26 жалпы орта білім беретін мектеп

Семей қаласы

 

 

 

Сабақтың тақырыбы:  Фариза Оңғарсынова «Оюлар»

Сабақтың мақсаты: Оқушыларға Ф.Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығы жайлы мәлімет беру. Өлеңнің мазмұнын меңгерту арқылы халықтың асыл қасиетін өзіне жинақтаған ұлттық қолөнер бұйымдарын, ою-өрнегін, халықтық дәстүрді, өнерді дәріптеу арқылы оны бағалап, қастерлеуге баулу. Олардың ұшқыр ой, әсемдік талғам және белсенді біліктілік шеберліктерін дамытуға ықпал ету.

Дамытушылығы: Оқушыларды ауызша және жазбаша сөйлеуде өз ойларын әдеби тілмен өрнектей білуге төселдіру, ой өрісін дамыту. Өлеңді түсініп, мәнерлеп, көркем оқи білуге дағдыландыру.

Тәрбиелік мәні: Оқушыларды әсемдікке, шеберлікке, шапшаңдыққа, еңбекке баулу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Сабақтың көрнекілігі: Кітап көрмесі, интерактивті тақта, слайдтар

Сабақтың  барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды түгендеу. Сынып тазалығын, сабаққа дайындықтарын тексеру.

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау

Қ.Жұмаділовтың «Қозыкүрең» шығармасына байланысты «Бәріміз де туыспыз» деген тақырыпта жазып келген шығармаларын оқыту, бағалау.

ІІІ. Жаңа тақырыпты меңгерту

  1. Ф.Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығы жайында түсінік беру. (Интерактивті тақтадан көрсету)
  2. Ассосация құрастыру

«Ою» деген сөзді естігенде ойларыңа не келеді?

  1. Өлеңді мәнерлеп оқу

(Мұғалім мәнерлеп оқиды. Содан кейін оқушылар тізбектей мәнерлеп оқиды. Қысқаша өлеңнің мазмұны сұралады.)

  1. Сөздік жұмыс

БАСҚҰР – киіз үйдің ішін сәндеу үшін керегелерінің басын айналдыра орап (байлайтын) таңатын өрнектелген жалпақ бау.

ЖЕЛБАУ – киіз үйдің шаңырағын қатты жел аударып кетпес үшін шаңырақтан төмен бастыруға пайдаланылатын өрнектелген төгілме шашақты бау.

(Интерактивті тақтадан киіз үйдің суреттері мен жабдықтары арқылы түсіндіру.)

  1. Әдебиет теориясы

Өлеңнің бір шумағын өлең құрылысына қарай талдау

Түрін-ай\\ текеметтің!\\Асыл қандай!

Үңілдім\\ үнсіз ғана\\ басымды алмай.

«Келе ғой,\\ қошақаным,\\ өзіме!» деп,

Әжем кеп\\ сипағандай\\ шашымнан жай.

4 тармақты, 1 шумақ, 3 бунақты, 11 буынды, қара өлең ұйқасы.

  1. Бекіту

Оқулықпен жұмыс

Қошқармүйіз оюын ойдыру. Оны өлең тілімен суреттеп жазу.

(Күй ойнап тұрады, оқушылар ойған оюларына байланысты 1 шумақ өлең шығарады.)

Интерактивті тақтадан әр түрлі оюлар көрсетіліп жатады.

Сабақты қорытындылау:

Міне, балалар, Фариза апаларың:

Шебер көп бұл заманда кілең керім,

Болмайтын ажыратып түр-өңдерін.

Сүрінбей өте алар ма ғасырлардан,

Әжемнің оюындай, жыр-өрнегім,- деген өлең жолдарында әжелеріміздің қолдарынан шыққан сан қилы оюлары, қолөнер бұйымдары жұртты таң қалдырса, Фариза апамыз өзінің өлеңдерімен жұртты сүйсіндіріп, халқының аяулы қызына айналып отыр.

Сонымен «Оюлар» өлеңінен оюлардың шығу тарихынан көптеген мағлұматтар алдық. Айтайын деген ойын оюмен жеткізген бабаларымыз қандай ойшыл, шебер болған десеңші. Бабалардан қалған осындай өнерді қастерлеп, өзіміз үйреніп, әрі дамыту біздің міндетіміз.

Үйге тапсырма:

  1. Өлеңді жаттау.
  2. Ф.Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығы жайында қосымша деректер жинап келу.