«Білім берудің сапасы – мұғалімнің кәсіби шеберлігін, құзырлылығын, бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету кепілі»

Имашева Әлия Қошқарбайқызы

Оңтүстік Қазақстан облысы

Түлкібас ауданы И.Рыбалко атындағы

жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі.

Шығармашыл ұстаз.

Ұстаздық еткен  жылдарында жеткен жетістіктері аз емес. Оқушылары да аудандық, облыстық,республикалық байқаулардың жеңімпаздары.

 

 

1.Имашева Әлия «Білім берудің сапасы – мұғалімнің кәсіби шеберлігін, құзырлылығын, бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету кепілі» тақырыбында өткен облыстық педагокикалық оқуда ІІ  орынға ие болды.

  1. Оқушысы Сәттібаева Ақбота отансүйгіштік, адамгершілік тәрбие аясындағы «Қайырымдылық көмек» атты шығармалардың аймақтық байқауында жүлделі ІІ орынға ие болып Республикалық қосымша білім беру оқу – әдістемелік орталығының ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.
  2. Оқушысы Данаева Нурила VI облыстық «Ақ қауырсын» шығармалар бәйгесінде бас жүлдеге ие болды.
  3. Оқушысы Көлбаева Жайна Х облыстық Абай-Шәкәрім оқуларында ІV орынға ие болды.
  4. Облыстық ғылыми жоба жарысында оқушысы Бұхарбек Назеркенің «Мұқағали шығармаларындағы арнау өлеңдер» тақырыбындағы ғылыми жұмысы «Әдебиеттанушы» номинациясына ие болды.

 

 

 

 

Мұқағалиды аңсау

(Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған дарынды балалармен өткізілген кеш-сабақ)

Сабақтың мақсаты:

А) Білімділігі:

Мұқағали Мақатевтың «қазақ поэзиясының жаңа дәуірін бастаған» тамаша жырларымен оқушыларды таныстыру, оқырман қауымға кеңінен насихаттау.

Ә) Дамытушылығы:

Оқушының ойын батыл да айқын, әрі дәлелді айта білуге үйрету, өз пікірін қолғау арқылы әдеби айтыстарға жетелеу.

Б) Тәрбиелігі:

Сөз құдіретіне терең бойлай білуге, поэзияны жүрегімен, сезімімен түсіне білуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Кеш сабақ.

Көрнекілігі: Ақын портреті, ақын жайлы жазылған қанатты сөздер, буклет, газет, Мұқағали шығармалары.

1-бастаушы:

Кеш жарық, құрметті ұстаздар, қонақтар мен оқушылар!

Бүгінгі біздің «Мұқағалиды аңсау» деп аталатын кеш – сабағымызға қош келіпсіздер.

Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған  өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырап, өркендей өсіп, айшықтала түсуде.

Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық шынымен бақытты.

2-бастаушы:

Ақынмын деп мен қалай айта аламын.

Халқымның өз айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, — деп ақынның өзі айтқандай, өзін өзгелерден ерекше көрмесе де, келешек ұрпақ Мұқағалидың нағыз арқалы ақын екенін танып отыр.

Мұқағали бағы мен соры, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүрген ақын. Оның бағы  — өлмес жыр жаратқаны, өтірік өлең жаза алмағаны, ойлау мен өлең өруді теңдесі жоқ классикалық, әлемдік биікке көтергені. Соры – өз қоғамы мен ортасына сыймай, қасірет шеккені, тапқан-таянғаны отбасын асырауға жетпей, өмірінің қиыншылықта өткені, соны дер кезінде өз замандастарының бағалай қоймағаны.

«Ақыл  толымы – қырық» деген екен бұрынғы даналарымыз.  Сол ақыл тоқтатқан шағында Мұқағали өмірден өтті.

1-бастаушы:

1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының Райымбек ауданындағы  Қарасаз деген жерде Сүлеймен мен Нағиманның отбасында маңдайы жарқыраған Мұқаметқали атты ұл дүниеге келген болатын. Бұл кім? Бұл көзі тірі болса 78 жасқа толатын Мұқағали ақын еді.

Бірнеше жылдар бұрын дәл осы күні Мұқағали ақын «Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай,

Мына адамдар неғып жатыр тойламай

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай» — деп қолының қысқалығына нали отырып, жыр шумақтарын төккен екен.

2-бастаушы:

Ол өмірден молшылықты, әділдікті, шындықты аңсап өтті. Ал, біз бүгін Мұқағалидың туған күні өзімен бірге тойланғанда ғой деп аңсап тұрмыз, бүкіл қазақ Мұқағалиды аңсайды. Сондықтан мен сабағымыздың «Мұқағалиды аңсау» деп аталуы өте орынды деп ойлаймын.

1-бастаушы:

Біздің бүгінгі сабағымыздың І – бөлімі пікір қорғау сабағы болғандықтан, достарымыздың пікірімен де санаса отырайық.

Нәзипа:   Мен бүгінгі сабақтың атын «Менің Мұқағалиым» деп атағым келді.

«Менің Абайым», «Менің Айтматовым». Мен осындай мақалаларды көргенде: — Бұл қалай? Неге өздеріне меншіктейді, ақын көптікі, халықтікі емес пе? – деп ойлаушы едім. Енді оларға қосыламын. Себебі олар сол ақындардан өздеріне бір нәрсе табады екен ғой. Менің де Мұқағали ақыннан тапқан олжам көп.

Раушан: Мен бұл сабақты «Бізде енді поэзия дәуірі басталды» — деп алар едім. Бұл сөз Әбділдә атамыздікі.  Ол кісі «Мұқағали – құдіретті ақын. Оның поэзиясы  —  даналықтың көзі. Бізде енді поэзия дәуірі басталды» — дейді ғой. Иә, Мұқағалидың поэзиядағы орны ерекше, ол-поэзияның шұғылалы шыңы, асқар тауы.

Нұрила: Ал, мен достарым, сабақты «Мұқағалиды жоқтау» деп ұсынар едім. Себебі не? Ойымды былай дәлелдеймін. Өздерің Лашын апайдың естелігін, ақын туралы өлеңдерді оқып жатсыңдар ғой. Кезінде ақын өз бағасын ала алмаған. Оны тіпті бір ғана мысалмен, яғни, «Фаризаға»  деген өлеңіндегі мына үзіндімен дәлелдеймін.

«Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз»

Бірақ ақын архивте қалған жоқ. Оның поэзиясы әр адамның жүрегінде, үйінде.

Оның жоқтаушылары – халқы.

Сәуле: — Нұрила, Мұқағали ақынды, оның мұрасын жоқтаудың өзі дұрыс емес. Себебі, Мұқағали поэзиясы — тірі поэзия. Мен Жайнаның пікіріне қосылам, сабақ «Мұқағалиды аңсау» деп аталуы керек. Неліктен? Ойымды дәлелдеймін. Мен ол ақынды көргем жоқ, шабыттана өлең оқып тұрғанын естігем жоқ. Мен оны көргім келеді. Поэзиясына ғашықпын.

1-бастаушы: Бәрекелді! Олай болса сөзді ақынның сан қырлы поэзиясына ғашық оқушыларға берейік. Сабағымызды ары қарай әр топ жетекшісінің өз тобына жүргізетін шағын сабағымен жалғастырамыз.

І-топ жұмысын оқушы Жанар жүргізеді. Ол өз сабағын былай бастады. Біз сабағымызды

«Айналайын, Атамекен, ақ мекен!

Туған өлке тәтті екен ғой, тәтті екен!» деген айдармен өтеміз. Сабақты бастамас бұрын оның «Қазақ жері» деген өлеңіне назарларыңызды аударғым келеді. (Өлеңді жатқа оқиды)

Апыр-ай, ұлы ақынның сезімінде, еліне деген махаббатында шек бар ма? Ендеше келіңдер, достар ақынмен бірге туған елді, жерді жырлайық.

Есбол: «Қарасаз» өлеңін оқып болған соң өз пікірін былай білдірді. Меніңше, Мұқағали қойнауына талай сыр бүккен сайын далаға, оның сарылып аққан суына, самал желіне, мақпан түніне бала кезден-ақ ғашық болып өскен әсерін өлеңмен бере білген.

«Ақын болу – міндет емес, азамат болу парызың» — деген ғой ұлылар. Мұқағали азамат болуымен қатар ақын бола білді. Оның Отанына, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі көмекейінен күміс жыр боп ақтарылды.

Нәзипа: «Елім барда» өлеңін оқиды.

Иә, осынау қарапайым ғана өлеңде қанша құндылық, қанша ұлылық жатыр десеңізші! Сірә, Мұқаң «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп өмір сүрген сияқты.

Нүрия: «Армысыңдар, адамдар» өлеңін оқиды.

Мен қолымда билігі бар адам болсам, ақынның өлеңінен мына үзіндіні алып, бүкіл әлем адамдарына ұран етіп жазып қояр едім.

Әрбір әрпі қанға шомған

Тарихыңа қараңдар

Отырардай опат болған

Қала жоқ па, жараңдар?!

Армысыңдар, Адамдар!

Міне, достарым, осы өлең, өз пікірімше, достық, татулық, бейбітшілік, тіршілік туралы гимн. Өлеңнің ерекшілігі, ақынның табысы да осы ма деп ойлаймын. Менің ойымша, өлеңнің әлемдік маңызы бар. Олай болса, Мұқағали  —  қазақ топырағының ақыны емес, әлем адамдарының ақыны. Өз қорытындым — осы.

ІІ топ өз жұмыстарын Әбділдә ақынның сөзімен бастайды.

Тәкен: «Махаббат – сезім. Ол адамның ішкі рухы, тозбас қуаты. Шынайы махаббатқа үлкен ерлік, жүректілік керек. Мұқағалиды құдіретті ақын еткен де сол ерлік болатын.

Осы үзіндіден кейін ақынның «Махаббат диалогін» Есқали мен Жадыра мәнерлеп жатқа оқиды.

Сөз тағы Әбділдә ақынға берілді.  «Осы өлеңді  кім жазды деп ойлайсыңдар? Бұл өлеңді жап- жас жігіт Мұқағали жазған. Ол маған бір топ өлеңін жіберіпті. Бәрі де пісіп жетілген, жұлдызды өлеңдер. Қысқасы, қазақ жырына тағы бір ақын қосылуымен құттықтаймын».

Енді осы ІІ топ жұмысының пікірталас тудырған сұрақтарына келейік.

Мысалы, Жазира ақынның «Қилы тағдыр қарсы алдымда тұрғанда» өлеңін оқып былай деді.

«Меніңше, ақын махаббатты көп жырлағанымен, өз басынан шынайы махаббатты өткізбеген сияқты, өйткені тағы бір өлеңінде «Аққуымды таба алмаған сормаңдаймын» дейді ғой.

Жанна: Мен Жазираның  ойын жалғастырайын. «Қаншама жан болғанмен соры қалың» өлеңін оқиды. Бұл өлеңде, ақын өліп-өшкен махаббатты аңсап тұрған жоқ, оның махаббаттан көңілі қалған.

Ұлжан: «Махаббатты аялап, тәңіріндей табынған, өзі де махаббаттан жаралған ақынды қалайша өз басынан  оны өткізген жоқ деп айтасыңдар? Өз басынан махаббат өтпеген адам «Махаббат бүгін және қарамады» (жатқа оқиды) деп жырлар ма еді?

Тәкен: Менің ойымша, Жазира сен бірер өлеңін ғана жеңіл-желпі оқи салғансың, оның жинақтарын түгел оқысаң, бұл пікірге келмес едің. Мен Мұқағалидай ақынды «Махаббатты өз басынан кешпеді» дегенге үзілді кесілді қарсымын.

«Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға,

Мен болмасам болмаймын, сол аман ба?

О, Тәңірім, неткен жан қайырылмайтын

Жүрегі еттен бе, әлде қолдан ба?» — деген жолдар нағыз ғашық адамның айтар сөзі ғой.

«Ал қыздар, арым таза алдарыңда» өлеңін  оқиды.

Жайна: Ал, достар, осындай қызу айтысты былай қорытындылаған жөн болар. «Мұқағали – махаббат жыршысы». Ол махаббатты асқақтата, қиялдата жырлайды. Ол махаббатты сөз емес, жүрекпен жазған. Ең бастысы, оның шығармаларын оқып отырып армандайсың, ақын сөзі өз сөзің, өз сезімің сияқты боласың.

«Жырласам ба екен» өлеңін оқиды.

ІІІ топ ақынның поэзия жайлы өлеңдерін талдады.

Равшан:

Біздің тақырыбымыз: «Сал-сал жырым, сал жырым,

Ағытыл алтын сандығым» деп аталады.

Қуаныш:

«Жырлар жазам» өлеңін жатқа оқиды. Бұл өлеңінде Мұқағали  да Абай сияқты өлең-өнер, ол халыққа қызмет етуі керек деген қағиданы ұстайды.

Мықтыбек:

«Поэзия менімен егіз бе едің» өлеңін жатқа оқиды. Өзі айтқандай Мұқағали ақын поэзиямен егіз болды. Ол қысқа ғұмырында поэзиядан ғана сүйеніш тапты, поэзиясымен қимай қоштасты.

Нұрила: Иә, Мұқағалидың «Жырым көп әлі менің жазылмаған» өлеңін оқи отырып ойға қалам. Ақын өмірден ерте кететінін білген сияқты. Ол небәрі 45 жасқа келді. Егер ақын тірі болса қазір 78-ге келген болар еді. Қаншама жырлары жазылмай қалды десеңші! Дегенмен осы өлеңде түңілу, қамығу жоқ. Оған тек поэзимен қоштасу қиын.

Жанғали: Балалар, Нұрилаға қосылуға бола ма? Нағыз ақынға міндетті түрде көп өмір сүру керек пе? Лермонтов пен Сұлтанмахмұт небәрі 27 жасқа келді, ал Шоқан ше? Меніңше, олардың бәрі  сол жаста берерін беріп кетті,  Мұқағали да 45 жасында артына өшпес мұра қалдырып кетті.

Талдау жұмысымыздың қорытындысы ретінде Әбділдә  ақын мен Мұқағалидың мына мына бір диалогін тыңдайық. Әбділдә мен Мұқағалидың диалогі оқылады.

Жанар: Міне, біз Мұқағали ақынды шамамыздың келгенінше өз өлеңдерімен бірге қарастырдық деп ойлаймыз.

Нәзипа:

Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам жұртым оған елеңдестің,

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, — деп ақынның өзі айтқандай, оның поэзиясын бірінен-бірін бөліп қарауға болмайтынын Мұқағали да, халқы да  білді.

Сабағымыздың ІІ бөлімінде сөз мектебіміздің жас ақындарына беріледі:

Таңшолпан:

Жалғасы бар, жырымның жалғасы бар,

Жырларым жырларыммен жалғасыңдар.

Сел жырым ақтарылса арнасынан,

Жалғасы бар, жырымның жалғасы бар, — деп жырлаған ақын жырының жалғасындай болып жыр жазып жүрген талапты  құрбыларымыз бар. Қазір сол жас ақындар сіздердің алдарыңызда өз өлеңдерін оқиды.

Т.Имашев «Мұқағалимен сырласу»

Н.Данаева «Сен мәңгі тірісің, ақын аға»

Г.Нұрлан «Мұқағалиға»

Н.Бухарбек «Ақын ағаға»

Ә.Тіленова «Ақынмен сырласу».

Жас ақындар аталған өлеңдерін оқыды.

Сәуле: — Қымбатты бүгінгі кешке жиналып отырған жыр сүйер қауым. Енді сіздермен де Мұқағали поэзиясы жайлы кішкене сыр бөліссек дейміз. Қазір мен ортаға үш кісіні шақырғым келіп тұр.

  1. Орынбаева Мария – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
  2. Қожабергенова Жанерке – 11г сынып оқушысы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиада жүлдегері.
  3. Ибаділдаева Назерке – 6б сынып оқушысы. Аудандық, облыстық Мұқағали оқулары байқауының жүлдегері. Осы үш кісі бүгінгі кеш, жалпы ақын поэзиясы жайлы сыр шертіп, өлеңдерін оқыды.

ІІІ  бөлімде М.Мақатаев сөзіне жазылған әндерге кезек берілді.

Ұлжан: Қарасаздың қыран ұлы, жыр дүлдүлі Мұқағали ақынның өлеңдері ән  әлемінде қалықтағалы қашан. Ендігі кезекті сол әсем әндерге берейік.

Жанна: Мұқағалидың махаббат тақырыбына молынан қалам тартқаны белгілі. Сол тақырыптағы мұңнан тізілген моншақты  жырларының бірі – «Ұнатамын мен сені». Әнін жазған: Т.Досымов. Орындайтындар Тәкен мен Жадыра.

Мықтыбек:

Ана – өмір сыйлаушы, бала – бағбаншысы.

Арулар – асыл  жарлар, ер-азамат тағдырының иегерлері, тәрбиешісі. Оларға деген махаббат, сүйіспеншілік сезімі – ақын жырларының алтын арқауына айналды.

«Арулар» әні. Орындайтын – Жадыра.

Жайна: Мұқағали жырларына  барлау жасап, балдай тәтті саз шәрбатын сіңірген ұлылардың бірі – Қазақстан Республикасының халық әртісі, халық қаһарманы – Н.Тілендиев.

М.Мақатавтың сөзіне жазылған Н.Тілендиевтің әні – «Саржайлау». Орындайтын дарынды әнші – Ж.Шыналиева.

М.Мақатаевтың сөздеріне жазылған «Сенің көзің», «Қарасаз», «Бақытыңды жырлайды» әндері орындалады.

 

Нұрила:

Білемін керемет бір күн келеді,

Жайнайды, жасыл бағым гүлденеді

Көремін керемет бір күн кешемін,

Болашағым, сенімен бірге өсемін,-деп өз заманымен ғана емес, болашақпен бірге өмір сүретінін  ақын білді, ол жырларының болашағына сенді.

Жылдар өтер… Әлі небір ақындар дүниеге келер. Бірақ қара өлеңнің құдіретін аспанға бір-ақ көтерген Мұқағали  есімі қашан да биіктен көрінер. Мұқағали моэзиясы әрбір мезгілмен бірге, әр ұрпақпен бірге мәңщгілік жасай бермек деп бүгінгі сабағымызды аяқтаймыз.