Тізбектелген сабақтар топтамасына Бағдарламаның бір модулі қалай және неге енгізілгені туралы бір рефлексивтік есеп

 

Тізбектелген сабақтар топтамасына Бағдарламаның бір модулі қалай және неге енгізілгені туралы бір рефлексивтік есеп

Бүгінгі таңдағы білім беру – өсіп келе жатқан

ұрпақтың ақыл-ойы мен дамуының, мәдениетінің

деңгейін анықтаушы фактор. Экономиканың

қарқынды дамуы үшін қазіргі нарық қатынасы

талаптарына жауап бере  алатын, сыни ойлана

алатын, шығармашыл адамдар қажет.

 

Н.Ә.Назарбаев

 

Ұстаз алдындағы басты мақсат  — шәкірттеріне  сапалы білім мен саналы тәрбие беру, жеке тұлғаның заман талабы мен заман ағымына сай қалыптасуына ықпал ету. Тұлғаны жан-жақты жетілдіруде таным баспалдақтарына жетелейтін дағды қалыптастыруға жол ашатын оқыту технологиясын жете білу, біліктілігін арттыру, әлемдік даму үрдісіне қатыса  алатын   тұлға  даярлау  мұғалім мақсатының басты  қыры  болып  табылады.   Сол  жауапкершілікті  терең  сезіне келе,  жас  ұрпақтың  жаңаша  ойлануына,  олардың  біртұтас дүниетанымының  қалыптасуына сай әлемдік  сапа  деңгейіндегі  білім  мазмұнын  құру — білім  беру  жүйесіндегі  өзекті  мәселенің  бірі.  [1] (4-бет).

Қазақстанда қазіргі кезде білім берудің жаңа үлгісі қалыптасуда. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – оқытудың бұрынғы дәстүрлі түрінен жаңа педагогикалық  технологияға  ауысу. Бағдарламаның негізгі міндеті – қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін бағалауға және жетілдіруге көмектесу. Сондықтан оқыту мен оқудың қазіргі заманғы әдістері мұғалімнің  күнделікті тәжірибесі және кәсіби мәнмәтінмен өзара байланыста қарастырылады. [2] (12-бет). Осындай жаңа педагогикалық технологиялардың жиынтығы болып табылатын, білім берудегі жаңа формат тәсілінің теориялық негіздеріне сүйене отырып, тәжірибеге  енгізіліп жатқан бағдарлама  идеясы жеті модульге  біріктірілген. Осылардың ішінде сыни  тұрғыдан  ойлауға   үйрету модульін  қарастырдым. Неге? Себебі, мектептегі  тәжірибенің 1-аптасында осы уақытқа дейін  дәстүрлі сабақтарды  өткізіп  жүрген мұғалімдердің  сабақтарына қатысып жүрген кезімде  сыныпта оқушылардың ойланбастан аз сөйлеп, көбінесе мұғалімнің сөзін қайта айтып, берілген дайын тапсырмаларды үн-түнсіз тыңдау үдерісі қалыптасқанын түсіндім. Мұндай  кездерде озат немесе  үлгерімі  жақсы оқушылар зерігіп,  ал үлгерімі нашар оқушылар өзінің тілдік қорын дамыта алмай, тек кітапты оқумен  ғана  шектеліп  немесе түсінбегендерін сұрауға дәті бармай, сабақты түсінбестен үйіне қайтады.  Әрине, бұрынғы дәстүрлі сабақтағы әдістерді де жоққа шығаруға болмайды, әр тәсілдің өзіндік  артықшылықтары  болады.  Бірақ та қазіргі  таңда өзгеру, жаңашылдыққа  ұмтылу — заман талабы.

Сыни  тұрғыдан  ойлау  «ойлау  туралы  ойлану»  деп  сипатталған. Ол  маңызды  мәселелерді  талқылау және  тәжірибені ой  елегінен  өткізуді  қамтиды. Сыни тұрғыдан ойлау — бақылаудың,  тәжірибенің, ойлау  мен талқылаудың нәтижесінде  алынған  ақпаратты  ойлауға,  бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған  пәндік  шешім. Ол  болашақта  әрекет  жасауға  негіз  бола  алады. Сыни  тұрғыдан  ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді. [2](49 –бет). Осы тұжырымдарға сүйене отырып мен де  мектептегі тәжірибе кезеңінде  6 — сыныпта  қазақ әдебиеі пәнінен  өткізген  сабақтарыма  сыни  тұрғыдан  ойлауға  үйретуді  кеңінен  пайдаландым.

Бірінші сабағым М. Мағауиннің  «Бір  атаның  балалары» повесін   зерттеулерде дәлелденген сыни  тұрғыдан  ойлаудың  дағдылары белсенді жүргізілген жағдайда олардың  оқуы тиімдірек және  зияткерлік жетістіктері  жоғары болатынына  сүйеніп,  сыни  тұрғыдан  ойлауға құрдым.[2] (51–бет). Жаңа сабақты  «Блум  таксономиясына»   салып  жоспарладым. Себебі, Блумның таксономиясы  қарама-қарсылық  туғызу,  шешім  қабылдау, баға  беру  оқушының білімін  дамытудағы ойлаудың жоғары деңгейінде жүретін  жұмыстарды қамтиды. [1] (9-бет). «Білу»  бөлімінде оқушының білім  алуын қолдау мақсатында бейнероликтер  көрсетіп, «Болжау» стратегиясын  пайдаланып, сыни  ойлантатын сұрақтар  қою арқылы  Ұлы  Отан  соғысы,  жетім  балалар    туралы  пікірлерін  білдім. Балалар екі бейнероликтің  арасында  қандай  байланыс бар  екенін  бірлесе  талқылай  отырып  тапты. А. соғыс тақырыбында  жазылған  Б.  Момышұлының «Жауынгер  тұлғасы» әңгімесін еске түсірді.  А.  «Жетімдер»  киносын  көріп,  үйіндегілер  түгел  көзіне  жас  алғанын  айтты. Осылай  топта  және  жұптаса  отырып,  өзара бір-біріне өз  ойын  айту  арқылы  жетістіктерге  жетіп,  жаңа  тақырыптың  да  соғыс  мезгіліндегі  жетім  балалар  тағдыры  туралы  болатындығын өздері  айтты. Сыни тұрғыдан ойлау, өз  бетімен, жеке ойлау болып табылады. Ол – өз алдына сұрақтар қойып, үнемі оларға жауап іздеу, шешімін табуды керек ететін мәселені анықтау, әр мәселеге байланысты өзіндік пікірін айту, оны дәлелдей алу, сонымен қатар басқалардың пікірін дәлірек қарастыруды және сол дәлелдемелердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді. Сыни тұрғыдан ойлау үш бөліктен тұрады:

— сыни тұрғыдан ойлау өзіндік,  жеке ойлау болып табылады.

— сыни тұрғыдан оқыту жаттанды қағидаларды дәлелдеу  емес, керісінше терең ойлау арқылы ескіге жаңаша көзқарас қалыптастыруы, жаңадан тың  идеялар ойлап табуы мүмкін.

— сыни тұрғыдан ойлау сұрақтар қоя  отырып, шешімін табуды қажет ететін мәселені анықтау жұмысынан басталады.

Жалпы адам баласы тумысынан білуге құмар болып келеді. Өмір  бойы  өзінің жеке қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне жауап беруге талпынады. Демек, әр мұғалім өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жаңа сапалы білім беру мақсатында жаңа әдіс-тәсілдер қолдану арқылы инновациялық өзгертулерді еңгізуі тиіс. Осы тұрғыда баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыстанып, оқыту  үдерісінде оқудың белсенді әдістерін  пайдалануы  білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. «Қолдану»  бөлімінде  «Кубизм» әдісі  бойынша   кубик  лақтыру  арқылы  тапсырмалар  таңдаттып, топтық  жұмыс  жасады.

1.Зертте.         Ауыл  адамдарының тұрмыс –тіршілігі, өмірге  көзқарасы

2.Суретте.      Ауылға  келген  алты  бала

3.Салыстыр.  Ауыл  адамдары  мен  алты  жетім  бала

4.Қолдан.       Шығарманың  мазмұнына  жоспар  құр —  деген  тапсырмалар  бойынша  өз  топтарына  берілген  тапсырма  бойынша  топта  талқылап,  ойларын  постерге  түсірді, білімдерін  жинақтап постер қорғады. Г. ауыл адамдарының  немен айналысқанын, нені жек  көріп,  нені  ұнатқанын  дөп  басып  айтып  берсе,  С.  ауылға  әкелінген  алты  баланы  суреттеп  берді. Бұл  оқушылардың  алғашқы  сабақта-ақ  бедсенділік  танытуы   мені  қуантып  тастады. Себебі, Г. аздап тұтығатындықтан  көп  ашыла  бермейтін,  ал  С. орташа  оқитын  оқушы  болатын. Берілген тапсырманы орындап,  қорғау  барысында, оқушылар метатану үдерісі арқылы түсіну, бақылау және оқу тәжірибесіне қадағалау жүргізу  сияқты қабілеттерін дамытты. Сыни тұрғыдан ойлау  — қазіргі таңда еліміздегі білім беруді дамыту үшін өте маңызды болып табылатын педагогикалық тәсіл. Бұл әдіс оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауын дамытуды саналы және оймен қабылдауына мүмкіншілік береді. Ол негізінен ашық пікір айтуға, түрлі шешімдер қабылдауға, басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретуді білдіреді. Алғашқы кездері сыни тұрғыдан ойлау тәсілдерін жоғары сынып оқушыларына байланысты қолданған. Бірақ уақыт өте келе кішкентай жастағы балаларды осыған дағдыландыруға болатындығы дәлелденген. Бағдарламаның  осы  модульін  пайдалана  отырып,  өздіктерінен  ойлана  алатын, болжамдары  мен  ұсыныстарын  білдіре  алатын  тұлғаны  тәрбиелейміз. Оқушылардың  ой  еркіндігін  жетілдіру — білім  беру  ісінің  негізі  болып табылады. Ойлаудың  арқасында  оқушылар  қабылдаған  мәліметтерін  мәселелерді  шешуде  қолдана  алады. Дегенмен, кез  келген  әрекетті  жасау  алдында  ойлану  немесе  орындалған  соң  ол  туралы  толғану, ой  қорыту  дұрыс  па?  Әлде  алдымен  пайымдап  алып,  содан  соң  іске  асыру  тиімді  ме?  деген  сұрақтар  туындауы  сөзсіз.  Менің  ойымша,  ойлану  әрекеттің  барлық  кезеңдерінде жүзеге  асырылуы   тиіс. “Талдау” бөлімінде   повестің  мазмұнын басшылыққа ала отырып «Екі  жақты  түсіндірме  күнделігі»  арқылы  берілген  үзінділерге  өз  пікірлерін  жазды.  Ойларын бір арнаға тоғыстырып, ойларын жинақтап  жаңа сабаққа деген қызығушылықтары артты.

1-топқа  тапсырма.

  • Сіздерден жасыратын  несі   бар,  тегі жаман неміс. Бұл  баланың  орны детдом  емес  еді, әке-шешеден  бірдей  айырылып,  панасыз  қалған  соң  алынған  екен.
  • Шал тізгінді   тартып солға  қарай  бұрды  да, қатты  тебініп  қап, бұрын  өзінде  жоқ,  тіпті  қазақта  болмаған  әдетпен  ауылды  қақ  жарып  шаба  жөнелді.

2-топқа тапсырма.

  • Балаларды тартқан Зекен бе, Зекеннің апасы  алдарына  қоятын        тостаған  толы  май, бидай ма, әлде  тұлпар  даңқы  бар  жирен  қасқа  ат па,  тек  осы  арасын  ажырату  қиындау  еді.
  • Аттан жығылмаған  қазақ  жоқ,  аттан жығылып өлген  қазақ  тағы        жоқ. Әйткенмен  айылын  берік  тартып,  таралғыға  аяқ  салмауын қатты  тапсыратын.

3 — топқа тапсырма.

  • …Апарып қайта  өткіз.  Көзін  құрт.  Әйтпесе  сен де жаусың.  Халық

жауысың!..

  • Әлдекім  Ахмет  шалды  сыртынан  көрсетіпті. Ұлттар  достығына 

      қайшы  келетін  сөздер  айтып,  еңбекшілердің  арасына  іріткі  салып

жүр депті, — деген  үзінділерге  өз  пікір — пайымдарын  білдіріп,  алдымен  жұптасып,  кейіннен  тапсырмалар  реті  бойынша топтасып жұмыс  жасауда сыни  тұрғыдан  ойлана  отырып  жақсы   нәтиже  көрсетті. Оқыту  мен оқуды сыни  тұрғыдан  ойлау  сияқты  күрделі  міндеттермен  қатар,  қарастырылмаған  болжамдар  мен  құндылықтарды,  мәселелерді  мойындау  және оларды шешудің тиімді құралдарын  табуды   қарастырады.[2] ( 49-бет). Сабақтың  соңғы  «Бағалау»  бөлімінде  оқушыларға:

-Шығарманы  сен  қалай атаған  болар  едің?

-Авторға  шығарманың  қай  жерін  өзгертуді  ұсынар  едің?

-Шығарма  мазмұнына  сәйкес  мақал — мәтел айт, — деген  тапсырмалар  беріліп, авторға  өз  ойларын  білдіріп  хат  жазды. Бұл  тәсілдің  тиімділігі  оқушылар  ойларын еркін, сыни  ойлану арқылы дәптерге  түсірді. Тіпті  үлгерімі  төмен  оқушы  С.  те барынша  ойланып,  жазып бергеніне  риза  болдым.  Ол  автордан   Дәуренбекті  мейірімдірек  етіп  суреттеуін  сұрапты.  А. Нартай мен Ертайға жанашырлық  білдіріп, «әкелеріне  аман табыстыру  ойыңызға неге келмеді?» деген  кері  сұрақ  қойған  екен. Ал «Жетім  көрсең,  жебей  жүр», «Атаңның  баласы  болма, адамның  баласы  бол», «Сыртқы  түр — перде, ішін  айт» деген мақал — мәтелдер шығарма мазмұны бойынша тауып  айтылған  сыни  қорытынды  пікір  болды.

Орта мерзімді жоспарлаудағы екінші сабағым «Ахмет қамқорлығы» тақырыбында алдымен, сыни тұрғыдан қызығушылықтарын ояту мақсатында  «Ұшатын сұрақтар» әдісін жоспарладым. Себебі, үзіліс уақытында балалардың қағаздан  ұшақ  жасап  ойнап  жүргендерін  байқап  қалғанмын,  сондықтан  түрлі-тісті  қағаздан ұшақ  жасап, қанатына сұрақ жазып  ұшырдым.  Біріншіден, түрлі  ұшаққа  қызықса,  екіншіден  «Бұны  неге беріп  жатыр  екен?»  деп  қызығады,  сыни  ойлана  бастайды. Тіпті  сабақ бойы  бір  ауыз  сөз  айтпайтын, орнынан  да  қозғалмайтын Ж.  да  ортаға  ұмтылып  жатты. Үдеріске  оқушылар  түгел  қатысып, шығарма  мазмұны  бойынша  жауап берді. Жеке берілген кестемен жұмыста портреті арқылы  кейіпкерлерді табуы  керек  болатын. Бұл  тапсырманы  әркім  өз  бетімен жақсы  орындап шықты, сол  арқылы  басты  кейіпкерлерді  шығарып, жалпы  олардың  шығарма  мазмұнында  алатын  орны,  ерекшеліктері  жағынан   талдап  кластер  құрды. «Үш   қадамнан   тұратын сұхбат»  әдісі  арқылы жүргізілген  тапсырмада  бір — біріне  сұрақ  қою  барысында Б. «Ахмет  секілді  адамдар  қазір  кездесе ме?»  деген  сыни   ойлауға  құрылған  сұрақ  қойса, оған Ш. «Ондай адамдар сирек  кездеседі», десе  Ф. «Ахмет  секілді  адамдар  өмірде  көп»  деп  жауап  беріп,  өз ой — пікірлерін  білдірді. Бұл жерде оқушылардың пікірлері Мерсердің үш  дәлелінің  бірі зерттеушілік әңгімеге  ұласып, қарсы  дау  айтылып, негізделген  дәлел  мен сыни тұрғыдан  ойлау арқылы  жалғасын  тапты. Г. «Зекен әке үмітін  ақтай  ала  ма?»  деген  сұрақ  қойды.  С. пен С. «Әрине,  ақтайды.  Себебі,  ол  жақсы  тәрбие  алып өсті» деп  жауап  беріп,  ойлары  бір  жерден  шыққанын  көрсетті. Б. «Ахметтің  үстінен  ауданға  шағым  жазған  кім  деп  ойлайсындар?»  деген  сұраққа  Ә. тек  Дәуренбек деп ойлайтынын  айтып,  жалаң  жауап  берсе, Ә. неге олай  ойлайтынын  толық  айтып  берді. «Топтастыруда» үш  кейіпкерге  мінездеме  берілді. Бұл стратегия  оқушылардың   ой — өрісін  дамытып, проблеманы  шешуде  бірлесе  жұмыстанып,  ой  ұшқырлықтарын  танытуына әсерін  тигізді. Үйден  оқып  келгендері  және  сабақ  барысында  орындаған тапсырмалары  бойынша  білгендерін  қорытындылай  келе, кейіпкерге мінездемені постерге  түсірді. Оқушылардың  білетін  ақпараттарын  саралауға, басқаның  іскерлік қабілеттерін байқап, өздерімен  салыстыра білуге, сөйлеу мәдениетін  қалыптастыруға, өз пікірін дәлелдеуге ықыластары артты. Сабақтың қорытынды бөлімінде озат оқушы А. Ахмет бейнесінде «Ыстық  орындыққа»  отырып,  сұрақтарға  жауап  берді. Әр топтан  сыни  ойландыратын сұрақтар  қойылды.

— Зекен  өскен   соң  Германияға  кетіп  қалса  не  істейсіз?

— Қазақтың  ырымын  неге  бұздыңыз?

— Күндіз — түні жұмыс  жасайсыз  шаршамайсыз ба? деген сұрақтарға   сыни тұрғыдан ойлана отырып  жауап  берді. Оқушы  әрекеттерінен  байқағаным,  олар  ойларын  еркін  айтып, жүйелеп  жеткізе  бастады.

Үшінші  «Балалар  тағдыры»  тақырыбында сабақты үй тапсырмасына  берілген «Зекеннің  Ахметке  алғысы» тақырыбындағы  эсселерін  оқытудан бастадым. Т., Д., А., Ә., сияқты  оқушылар  тамаша жазып  келген. Олардың  ішіндегі Ә. анасынан айырылған оқушы  болатын, өз өмірімен  байланыстыра  отырып, Ахмет қартты  жеңгесімен   салыстырып  оған  ризашылығын  жеткізіпті. Дәптеріне смайлик жапсырып, формативті бағаладым. Келесі  «Болжау»  стратегиясы  бойынша

-Қай  кейіпкердің  тағдыры  сені  қатты  толғандырды?

-Балалар  тағдырының  осылай  қиын  болуының  себебі  неде?

-Заман кінәлі  ме, адам кінәлі ме?

-Біз  қандай  заманда  өмір  сүріп  жатырмыз?  сияқты  сұрақтардың  негізінде «Соғыс», «Бейбітшілік»  сөздерін қандай  бейнеде, қандай  ұғымда  елестететіндерін  постерге  түсірді. Оң қанаттағы  топ танк мен көгершінді  бейнелеп, сол  тұрғыда  өз  ойларын,  пікірлерін, дәлелдерін  жеткізді. С. соғыстың қайғы әкелетінін, бейбіт  өмірде қуаныш  пен  күлкі  мол  болатынын тебірене  толғады. Сол қанаттағы  топ  самолет  пен күн, гүл, көбелекті  салып, өзіндік түсінік  — танымдарын  айтып  берді. Д. соғыс пен  қасірет, өлім-  бір   ұғым, ал  бейбітшілік, шаттық, тыныштық — егіз   ұғымдар  екенін  түсіндіріп  өтті.

— Екі ұғымға да ортақ  ұғымды  атайықшы.

-Соғыс кезіндегі жетімдіктің себебі неде?                                                                           — Бейбіт  өмірдегі жетімдіктің  себебі қандай? – деген  ойларын  қозғайтын  сұрақтар  беріп, қазіргі  өмірдегі  жетім  балалардың  неліктен  көбейіп жатқанын, олардың тағдыры  туралы  білетіндерін  серпілген сауалдар  арқылы біліп  алғаннан кейін, «Шетелдегі  қазақ балалары» бағдарламасынан  үзінді  көрсетіп, Де Бононың  алты қалпағы  бойынша  сыни  тұрғыдан  ойлау  тапсырмасын  бердім. Шетелге  кетіп  жатқан  қазақ  балалары  туралы  ой — толғаныстарын  сыни тұрғыдан  жеткізуге  тырысты. Төртінші «Шығарманың  тілі  мен  көркемдік  ерекшелігі»  тақырыбындағы  сабағымда  үйге  берілген  шығарма  мазмұны   бойынша  қандай  сурет  салып  келгендерін бақыладым.  Сыныпта  нашар  оқитын  зертеуге алған  оқушым  Н. суретті  жақсы  салатын   қабілеті  бар екенін тағы  да байқатты. Ахмет  қарттың  егін  даласын  күзетіп отырған  бейнесін  салып  келіпті. Оқыту  үшін  бағалап, мадақтап  өттім.  Сабақтың  қорытындысында  шығарманы  қорытындылай  отырып,  қандай  сезімдерді  сезінгенін  байқау  мақсатында  «Ассоциация»  әдісімен  үш  топқы  бірдей тапсырма  ұсындым.  Бұл  сабақта  А оқушыларды,  В оқушыларды  және  С оқушыларды  бөлек  топтастырған  болатынмын.  Орташа  оқитын  оқушылардың  біршама  ашылып,  пәнге  қызығушылығы  артып,  топтық  жұмысқа  үйренгенін,  сыни  ойлауға  да  машықтанып қалғандарын  байқадым. «Қазір бой  жарыстыратын емес,  ой  жарыстыратын  заман» деп Елбасымыз  айтқандай, нұсқаулықты басшылыққа ала отырып, сабақ өткізу барысында жеті модульді ықпалдастыра отырып, көбінесе сабақта «сыни  тұрғыдан  ойлау»  модульін қолдандым. Мақсатым: оқушылардың логикасын, дүниетанымын, сыни ойын, пікірін еркін жеткізе білу қабілеттерін дамыту.  Себебім, сыни  тұрғыдан  ойлауды балалардың  қызығушылығын   оятып, олардың  сыни  тұрғыдан  ойлау дағдыларын  дамыту  үшін қолдануға  болатындығы. Сыни  тұрғыдан  ойлау  мәнмәтінді  есепке  ала  отырып,  бақылау  мен  тыңдау арқылы дәлелдер  жинастыру және  шешім  қабылдау  үшін талапқа  сай  өлшемдерді  қолдану  сияқты  дағдыларды  дамытуды  қарастырады.

Мектептегі  тәжірибе  кезінде  сыни  тұрғыдан  ойлау  модульін  тізбектелген  төрт  сабағыма  ықпалдастыруда балалардан байқаған өзгерісім: топ мүшелерінің арасында тың пікірлер туындап, балалар бір-бірінің айтқандарына  сыни  көзқараспен  қарай  бастады. Балалар  бір-бірінің пікіріне көңіл аударып, демеп отыруға дағдыланды. Үлгерімі орташа балалар тапсырмаларды орындауда достарына арқа сүйей  отырып ойлана білуді, еркін жауап беруді үйренді. Жалпы сыни  тұрғыдан  ойлайтын  оқушылар  белсенді  болады,  олар  сұрақ  қойып,  дәлелдерді  талдайтынына көзім  жетті. [2] (54-б). Осы модуль шеңберіне қатысты болашақтағы жоспарым:  сыныпта  талқылауда  Мерсер  анықтаған  дәлелдің  үш  түрінің  бірі зерттеушілік  әңгімеге  қатысуға үйрету.  [2] (54-б) Жаңаша ізденіспен, жаңаша көзқараспен жұмыс жасау. Оқушыны ойлану  үшін  ойлауға  үйрету. Еліміздің  болашағы, өскелең ұрпақтың  білім алуында, жетістікке жету жолында  нәтижелі еңбек ететініме сенімдімін.

 

 

 

 

 

 

 

 

Cілтеме:

  1. К. Қылышбаева «Әдебиет пәнін шығармашылықпен оқыту»

Астана-2012

  1. Мұғалімге арналған  нұсқаулық

«НЗМ» ДББҰ   2012