Ж.Аймауытов. «Әнші» әңгімесіндегі Әмірқан бейнесі.

636

Қазақ әдебиеті          7-сынып

Сабақтың тақырыбы:

            Ж.Аймауытов. «Әнші» әңгімесіндегі Әмірқан бейнесі.

Сабақтың мақсаты:

білімділік: әңгіменің тақырыбы мен идеясын ашу, тілі мен мазмұнына талдау жасату,  әңгіме мазмұнын терең меңгерту арқылы әншінің азаматтық, адамдық бейнесін жан- жақты таныту;

тәрбиелік: Әңгіменің мазмұны арқылы оқушыларды адалдыққа, шынайылыққа, әнді, өнерді сүюге, тәрбиелеу, әсемдікті сезіне білуге үйрету, өнерге деген құштарлықтарын арттыру, халықтың біртуар перзенттерін құрметтеуге тәрбиелеу

дамытушылық: Оқушыларды дербес жұмыс жасауға, өз ойларын еркін жеткізуге дағдыландыру, танымдық ой-өрістерін, шығармашылық ойлауын дамыту.

Сабақтың түрі: жаңа сабақ. Ізденіс-танымдық сабақ.

Сабақтың әдісі: сұрақ – жауап, сын тұрғысынан ойлау, топтастыру стратегиясы, деңгейлік тапсырмалар, талдау-жинақтау, пікір дәлелдеу

Сабақтың көрнекілігі:  Ж.Аймауытов пен Ә.Қашаубаев портреттері, слайдтар, видеофильмдер.

Пәнаралық байланыс: тарих, қазақ тілі, музыка.

Сабақтың барысы:

Сабақтың ұраны:

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің екі жақтап

І.Ұйымдастыру кезеңі:

(музыка баяу ойнап тұрады)

1-слайд

Ақпейілді жүрекпен

Мейірімді тілекпен.

Амандасып алайық.

Бір жадырап қалайық

Сәлеметсіңдер ме, балалар. Естеріңде болса І тоқсанда шешендік сөздермен танысқанда Әз Жәнібек хан өзінің 61 биіне «Дүниеде не өлмейді?» деген сауал қойған еді ғой, сондағы Жиреншенің берген жауабы естеріңде ме? (Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді)

-Сендердің ойларыңша «жақсы» деп кімдерді айта аламыз?

Ия, демек қазақ елінің қалыптасуына ерен еңбек сіңірген бес арысымыздың бірі Жүсіпбек Аймауытовты да осындай игі жақсылардың қатарына қоса аламыз. Ол туралы не білеміз, Жүсіпбек кім?

-ақын (Сарыарқаның сәлемі, Ұршығым, Нұр күйі поэмасы, т.б.)
-ағартушы – ұстаз , педагог
-драматург (Шернияз,Қанапия мен Шәрбану,Ел қорғаны, т.б.)
-сыншы(Абайдан соңғы ақындар;Мағжанның ақындығы;Аударма туралы,                        т.б)
-публицист
-аудармашы (Гоголь «Ревизор», А.С. Пушкин «Тас мейман», т.б.)
-жазушы («Қартқожа», ;«Ақбілек», , « Күнекейдің жазығы», т.б.)

-ғалым (Тәрбие жетекші, Психология,Жан жүйесі және өнер таңдау,т.б)

«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Жүсіпбек өнерінің көп қырының бірі – әншілік,  сахнагерлік. Жүсіпбек халқының әншілік өнерін аса қадірлеп, өзі  де ән салған. Қазақтың ұлы әншісі жайлы «Әнші» деген классикалық әңгімесінен аңғарарымыз ән халықтың тарихын, өткен өмірін көрсетеді.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру

Зымыран сұрақтар

  1. Әншімен алғашқы кездесу қай жерде өтті?
  2. Әмірқан Шәкет үйінде қандай аспаппен ән шырқады?
  3. Жастар сауықты қандай мерекеге орай ұйымдастырды?
  4. Әңгіме кейіпкерлерін ата
  5. Әмірқанның ұстазы кім?
  6. «Үріп ауызға салғандай» деп жазушы кімді сипаттады, ол туралы айт.
  7. Әмірқан мен Ақтамақ қандай ойында тіл табысып кетті?
  8. Қарақшылардан Әмірқан қалай құтылды?
  9. Әнші неге жылады?
  10. «Әңгіме» жанрының ерекшеліктері?
  11. Шығармада өзімізге белгілі қандай композитордың аты аталады? Оның қандай әні туралы айтылады.
  12. «Бержабай», «қашаба» сөздерінің мағынасын түсіндір.

ІІІ. Жаңа сабақ

«Мен Жүсіпбектей шебер жазушыны көрген емеспін, Ол шағын әңгіменің шебері» (Б.Майлин)

Бүгінгі сабағымызда әңгімедегі  жазушының тілі, кейіпкердің мінезі мен сырт келбетін берудегі ерекшеліктеріне талдау жасай отырып, әңгімені қорытындылаймыз.  «Әнші» әңгімесін талдау. Кейіпкерлерге мінездеме беру.

 

Әмірқанның мінездемелік сипаты Әңгімеден алынған үзінділер арқылы дәлелдеу Суреттеу үшін қолданылған көркемдегіш құралдар
1.Түр — түсі, сыртқы бейнесі Шәулі қаршығадай шап етер, киіктің асығындай тап етер” жігіт. /46/

Өзге шығарушылардан Әмірқанның киімі де, түрі де, жүріс- тұрысы да жат еді, қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді. /47/

теңеу
2. Орындаушылық шеберлігі     Ұшатын құстай қымтанып, қомданып алды. Отырғандар аузын ашып аңырды. Әнші жіберді. Бір- бір ауыздан ән салды. Аз да болса бірегей болды. /45/

Сүмірейте, қылмита соқты; желдете, құтырта соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді; бойыңды шымырлатты.

… Көңіл бір жадырап, шайдай ашылды.

Топ көргенде Әмірқан аруақтанып, көтеріліп кетеді екен. /48/

Тағы да ескектете, желпіндіре, желіктіре, ышқындыра, құлшындыра соғып, тыңдаушының айызын әбден қандырды. /

 

 

эпитет

3. Өнерге сүйіспеншілігі Ән салса, ол өзін- өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса, рақаттанып, гүл- гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың. /49/ теңеу

 

 

 

____________

 

 

 

теңеу

4. Ән мен әншіге деген көзқарасы Әншілердің көбі түр шығарам деп, әуре болады.Жақсы әнді бұзып жібереді. Қиқылдай ма,шиқылдай ма, аупылдай ма мазарат… Есіл әнді бей- береке қылады. Бет- аузын тыржитып, зорланып, күшеніп отырып салған соң ән бола ма? Әнді еркіне жіберіп, қысылмай салған ғой қызығы. Әншілердің көбі не мақтан үшін, не мал табу үшін айтады. Зорланып айтқан ән дұрыс шыға ма? Ән салу көңілден ғой… Мен өзім көңілденбесем, жақсы айта алмаймын, айтқым келмейді. /50/  

 

 

 

эпитет

5. Қарапайымдылығы, сыпайылығы

 

 

Әмірқан қол ұстасып, сыпайы амандасып отырды. Әнеугі Шәкеттікінде көрген Әмірқан емес, бұйығы,момақан жігіт. /46  

эпитет

 

эпитет

6. Адамға үйірсектігі,бауырмалдығы Әмірқан кісіге тез үйір болатынжолдасқа жанын қиятын жігіт. Наурыздан кейін бізбен дос болып кетті. Бер жаққа шықса, бізге соқпай кетпейді. /49/ эпитет
7.Қонақжайлылығы — Менің құжырамды да бір көріңдер,- деп қайта- қайта шақырып, үйіне қонаққа апарды.

Қымыз, ет алып, тыраштанып, шабылып қалыпты.

 
8. Махаббатқа адалдығы Сөйткен Ақтамақпен бір- ақ жұмадай дәурен сүрдім. Ой, дүние- ай!- деп, Әмірқан ауыр күрсінді де, дыбыссыз қалды. Бетіне қарасам, көзінің жасы парлап тұр екен. Жұбатайын деп:

  • Ой, саған не болды?!- дедім.
  • Әншейін… Көңілім бұзылып…
  • Бала болдың ба? Өткен іске өкіне ме екен…
  • Ақтамақтың қылығы бетер еді…- деп солқылдап келіп жылады. /52/
 
9. Азаматтық тұлғасы

(мәрттігі)

 

Ол “барды баламайды, жоқты санамайды”, өзінің бірдемесін сұрасаң, бере салады, кісінің нәрсесін, киімін өзі де киіп жүре береді. Ұят екен- ау демейді. Ол кісі алдауды, арын сатуды білмейді. Кім көрінгенге сенеді.  Өзін әркім талай алдап кетсе де, сенуін қоймайды. /50/  

 

Жазушының тіл шеберлігі. Деңгейлік тапсырмалар/ 3 түсті карточка түрінде беріледі, тапсырма 2-3 балаға ортақ болғандықтан 1-ші орындап келген бала смайлик алады./

І Оқушы деңгейі

1) Әнші» әңгімесі не жайлы?

Әңгіме Әмірқан атты әнші жігіт туралы, әңгімеде оның өнері, өмірі жайлы сөз қозғалады.

2) «Жетішатыр»қаласы қазір қалай аталады? Шығармада қала тіршілігі қалай бейнеленген?

Жетішатыр-жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысы қымыз, ойын-сауық. Айт, той, құдалық, ат жарыс, күрес. Жаз шықса пароход, паром желқайық, жасыл Арал, қалың орман… Сырнай-керней, Қызық думан, Қайткенмен сергек қала

3) Әмірқан ұрылардың қолына түскенде кімдердің әндерін орындады?

Исақ-Ермектің, Иманжүсіптің, Балуан Шолақтың, Мәдидің.

ІІ деңгей Алгоритмдік деңгей

І . Әңгімеде қазақ халқының қандай әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері суреттелген?

        Наурыз тойы, орамал тастау ойыны, наурыз көже пісіріп, ет асу, қыз алып қашу дәстүрі, шілдехана. Төс қағысу, ат жарыс, той, құдалық, күрес, айт.

ІІ . Шығармадағы тұрақты тіркестерді тауып, мағынасын түсіңдіріңіз

  Иісі кеудеңді жарады, шайдай ашылды,жандырып жүреді, көңіл көкке серпу,аяғы жерге тимей, берсе қолынан, бермесе жолынан;үріп ауызға салғандай, төбем көкке жетті,қас қарая; қалпақтай түстім, есім ауып қалды, өңім екенін, түсім екенін білмей., жанымен салу, қабағынан қар жауған.т.б.

ІІІ .Әңгімедегі теңеулерді табыңыз

Әмірқанды суреттеуі  Ұшатын құстай, «Шеулі қаршығадай шап етер, киіктің асығындай тап етер»; «Сұңқылдаған көмейі, Сыбызғының үніндей; Ескектеген толқыны  «Бозайғырдың» күйіндей; Аспандап соққан айқайы Алтайдың асқар тауындай;Желпілдеткен түндікті Күздігүні дауылдай; Төмендет сорғалап, Тас бұлақтың суындай»…..

ІІІ деңгей Шығармашылық деңгей

1) Әңгіменің тақырыбын ашып беріңіз

Жазушы  Әмірқанның талантын, өнер құдіретін ғана беріп қоймай, әнші тағдыры, жан-дүние, сезім, көңіл-күйін де ашқан. Әмірқан әнші жай қатардағы адамдардың бірі емес, өнердің, ән мен сәннің жаны ретінде бейнеленген.

2) «Прототип» дегеніміз не?

Әмірқанның прототипі кім, ол туралы не білесің?

Ә. Қашаубаев— қазақ музыкасын халықаралық деңгейде танытқан дарынды жезтаңдай әнші. (видео көрсетіледі) Ол 1925 жылы Парижде дүниежүзілік көрменің этонографиялық концертіне қатысып, «Дудар-ай», «Қараторғай», «Қызыл бидай», «Үш дос» әндерін орындаған. 1927 ж. Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен көрмеге қатысқан. Семейдегі обл.драма театры қазір Әміре Қашаубаев атында, сонымен қатар жыл сайын Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән байқауы өткізіліп тұрады.

3) Өнерді дәріптеген басқа ақын-жазушылардың қандай шығармасын білесіз?

  І.Жансүгіровтің «Күй», «Күйші» поэмасы. Өнер қуаты, құдіреті, өнерінің ішкі жан-дүниесі, психологиясы, оқиғаға құрылған поэмада көркем бейнеленген. Абай «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» (өлеңнен үзінді оқытуға болады.), «Әсемпаз болма әрнеге»

ІV.Сабақты бекіту:

Сәттік тест.

  1. Әмірқан өнер үшін жаралған жан.
  2. Ән айту Әмірқан үшін ақша табудың көзі болды.
  3. Әмірқан жүрген жерін жандырып жүретін қызық жігіт.
  4. Ол қақ-соқпен ісі жоқ қарапайым адам
  5. Әмірқан шаруаға пысық жігіт
  6. Әмірқан досы үшін жанын береді.
  7. Әмірқан Ақтамақпен қосыла алмады.
  8. Әмірқанның мінезі тік, бетің бар, жүзің бар демейді.
  9. «Әнші» әңгімесі ұлттық өнерді дәріптейді.

0-1 қате – «5»

2-3 қате—«4»

V.Қорытынды бөлім

Жүсіпбек осы бір шағын әңгімесінде Әмірқан образы арқылы әнші Әміренің әншілік өнерін, азаматтық тұлғасын тамаша бейнелеген, шынайы өнерге табындырған. Ұлы әншіге тамаша ескерткіш орнатып кеткендей. Әңгімеден Жүсіпбектің үздік сөз шебері екенін байқау қиын емес. Ол прозада да ақынша сөйлеп кетеді. Әміре әнге жүйрік, Жүсіпбек сөзге жүйрік. Маған осы шығармада екеуі жарыса тіл қатқандайболды, ал сендер осы шығарманы оқи отырып, қандай ой түйдіңдер?

Ия, дұрыс айтасыңдар «Өнер  өлімді де жеңеді» деген жазушы ойын жақсы аңғарған екенсіңдер. Осы орайда Абайдың  «Әсемпаз болма әрнеге » өлеңі ойға оралады.Осы өлең кімнің есінде (алғашқы шумағын айтқызу) Сендер де өз бойларыңдағы ұлттық өнер мен өлеңге деген сүйіспеншіліктеріңді жоғалтпай, өмірден өз үлестеріңді алыңдар.

а/ Оқушыларды жинаған смайликтеріне қарай бағалау

ә/ Үй тапсырмасы:

1.Әңгімені толық мазмұндау

2.Өз қалауларың бойынша «Ақтамақ хикаясының» жалғасын құрастыру   немесе «Өнерліге өлім жоқ» атты тақырыпта ой толғау жазу